Қарайған қанмен қараойым
Бассыздар егер көп болса
Басыңа қауiп төнедi...
Бүгін Ер Махамбет ақынның қаскөй қанішерлер қолынан қапыда қаза тапқан күні.
Осыдан 177 жыл бұрын, 1846 жылғы 20 қазан - қазақтың ұлы ақыны, Азаттық жыршысы, Исатай батыр бастаған патшаға қарсы көтерілістің рухани көсемі, батыр Махамбеттің қаралы қазаға ұшыраған күні.
Ресей патшасынан шен дәметкен Орынбор қазақтарының Батыс бөлігін билеген Баймағамбет Айшуақов сұлтанның жұмсаған баскесерлері Қараойда Махамбетке қастандық жасайды.
Махамбеттің туысы Ықылас бастаған қанішерлер ақынның ақ дастарханы басында отырып, қапыда ту сыртынан қылыш сілтеп, бәрі жабылып өлтіреді.
Қаскөйлер Махамбеттің басын кесіп, Баймағамбет сұлтанға апарып тарту еткен. Баймағанбет сұлтан осы қылмысы үшін Санк-Петербургке барып, патшадан генерал-майор шенін алады.
Бірақ, қайтып келе жатқанда Махамбеттің досы Асаубай бастаған кек алушылар қолынан қаза табады.
Солай, ел билеуші Баймағамбет сұлтан ел ақыны Махамбеттің басын аламын деп, өз басын жұтқан…
Тарих таразысына қарап отырсақ, шен мен шекпен үшін-ақ шетімізден бір-бірімізді, өз асылдарымызды өзіміз қыра берген екенбіз.
Тәуелсіздік үшін күрескен соңғы ханымыз Кенесары қазасында да өз қазағымыздың үлесі бар. Елге, ерге жасаған опасыздықтардан опық жеп, тарихтың сүйекке қара таңба қаралы беттерінен қай кезде сабақ алар екенбіз?!.
Мен бүгін Ер Махамбет қаза тапқан күні ақынның суреттерін жариялап отырмын. Біріншісі, біз бала кезімізде мектеп оқулықтарында жарияланған әйгілі сурет. Оның авторы кім екені маған белгісіз. Былтыр, белгілі әдебиетші-ғалым Бауыржан Омарұлы досымыз мен туралы жазған “Сөз бен сурет” атты мақаласында Махамбеттің осы белгілі суретіне арнайы тоқталған.
“Жалпы, біздің дәуірімізде қылқаламға құмартқан бала түрліше мінез танытатын. Бірі қарындашты қолға алып, баршаға белгілі «Ну, погоди!» мультфильміндегі қасқыр мен қоянның бейнесінен бастайды. Екіншісі ауылында мүлде жоқ, бірақ, өзі әлдебір суреттен көрген тау-тасты, өзен-көлді, сай-саланы акварельмен кейіптейді. Ал, үшіншісі аяқ астынан саяси сезімі оянып, пролетариат көсемі Лениннің портретін оқушы дәптеріне тушьпен таңбалайды. Мұндай талпыныстар болашақ қылқалам шеберінің өнердегі тақырыптық бағыт-бағдарынан хабар беруі де мүмкін...
Ал, біздің кейіпкеріміз бұл үш жолдың ешқайсысына да түскен жоқ. Ол бір күні толғанып отырып, Махамбеттің суретін салды. Кәдімгі Жәңгірге қасқая қарап тұрып: «Хан емессің, қасқырсың, Қас албасты басқырсың» деп тепсініп толғап, ақырып теңдік сұрайтын Махамбет Өтемісұлының өзі. Әрине, бұл Махаңды бұрыннан оқулықта бар суретінен көшірді. Әйтпесе, ақынның түпбейнесін қапелімде қайдан алмақ?! Бәрібір оның Махамбетті таңдауында белгілі бір заңдылық бар секілді көрінеді. Көзсіз батырлығына, өршіл өткірлігіне, оған қоса асқақ ақындығына тәнті болған шығар. Кейін өзінің де ел Парламентінің мінберіне шығатын кезде:
«Маңдайын күнге күйдірген,
Табанын жерге тілдірген.
Қайран ел, қазақ ақысын,
Қайтару үшін жүрмін мен...» деп өршелене ұмтылып, датын айтып, сөз сұрайтынына көрінген де...
Әйтеуір Махамбет образы оған салғаннан қатты ұнады. Арқалы ақын. Қайтпас күрескер. Қайсар қайраткер. Байрақты батыр. Адал дос. «Желп-желп еткен ала ту, Жиырып алар күн қайда?» деп шамырқанып, шабуылға шығатын жалынды жорық жыршысы. Ақиық ақынның осы қасиеттерінің бәрі бала Қазыбекті алаң күйге түсірді. Оны Махамбеттің ішкі әлеміне терең бойлатты. Егер бүгін ол: «Ұстаған найза үкілі, Ұлтымның қайда бітімі?» – деп ой толғаса, бұл байламның түп-негізі қайда жатқанын аңғару әсте қиын емес.”-деп толғайды қара сөзден қаймақ айырған қаламгер Баукең.
Иә, сол бала кезде жата қалып, бейнесін салатын Махамбеттің осы көзімізге ерекше ыстық суретін жарияладым.
Екінші сурет қазақтың көрнекті суретшісі Мақұм Қиссамединовтың Махамбетке арналған әйгілі линографюралық серияларынан. Мақұм Махамбеттің, ел азаттығы үшін айқасқан жалынды ақын, ержүрек батырдың бейнесін күшті бейнелеген.
45 жасында өмірден өтіп кеткен, Ресейде туған Мақұмның Махамбетінде қазақы азаттық рух бар! Соған риза боласың!
Мақұм осы Махамбетке арналған графикалық туындылары үшін 1973 жылы болуы керек, ол кезде дүрілдеп тұрған Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығына ие болған.
Сөзімнің соңында, бүгін осыдан 19 жыл бұрын, 2004 жылы Махамбет Өтемісұлының туғанына 200 жыл толғанда жазылған жырды оқырмандарға ұсынып отырмын!
Ел үшін құрбан болған Ер Махамбеттің пейіште рухы шалқи бергей!
Алла Алашқа жар болсын!
ҚАРАЙҒАН ҚАНМЕН ҚАРАОЙЫМ
Махамбетке
Жебесi жерге түспеген,
Найзасы босқа қайтпаған.
Қылыштан өткiр күштi өлең
Желге бiр сөзiн айтпаған...
Намысы найза ұшында,
Дабысы асқан даладан.
Мұңдасы Қызғыш құсын да,
Жанына жамау санаған...
Адыра қалған адырда,
Арыған едi қабырға.
Айналмай ашу сабырға
Айналып кеткен сағымға...
Сұсымен даңқын асырған,
Сұлтандар сұрқын қашырған.
Артық бiр туып асылдан,
Ақиқат үшiн бас ұрған.
Дүбiрлi елдi оятқан –
Тыңайса тыңдап жұрт өлең,
Ағайын шалып аяқтан,
Басына қылыш сiлтеген...
Туысты бөтен санай ма,
Айла ғой алған ақынды...
Қара оймен келiп Қараойға,
Қапыда басқан батырды...
Алдына ханның жығылып,
Аярлар iстеп бар ойын.
Құм Нарын қалды құмығып,
Жамылып қанға Қараойым...
Шындықты ақын жалау қып,
Шаңғытқан ханның сарайын.
Қарайтып қанды қараулық,
Қарайып кеткен Қараойым.
Тiлiңе жетпей шамасы,
Бассыздар алды басыңды.
Жырыңды жаттап баласы
Жауыздың құтын қашырды.
Тас атар көп қой тасадан,
Кисең де көбе сауытты.
Өзгенiң ойын жасаған –
Өзiңнiң қолың қауiптi!..
Опасыз неме оқталса,
Опығы неткен зор едi.
Бассыздар егер көп болса
Басыңа қауiп төнедi...
Ақбозды аймен тағалап,
Жүрсең де тартып түрлi азап.
Қасыңды жетiк бағалап,
Басыңды сақтай бiл, Қазақ!
Өзгелер жерге ие кiл,
Толды ғой шерге тостаған.
Тiкенек өтпес түйе тiл –
Төзiмiң болды төстабан.
Ақыры жеттi күн бүгiн,
Ақырып Теңдiк сұраған.
Түнектiң түрiп түндiгiн,
Ат мiндiң сұлу құладан...
Парызың бүгiн өтелген,
Әр iзiң жатыр жаңғырып.
Азаттық туын көтерген
Ақынның жыры мәңгiлiк!
2004 жыл.
Қазыбек Иса
Abai.kz