Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3546 0 пікір 9 Қыркүйек, 2009 сағат 07:10

Таласбек ӘСЕМҚҰЛОВ. АШТЫҚ ЖӘНЕ СОҒЫС (жалғасы)

ҚАЗАҚ САНАСЫНДАҒЫ ПАЛИМПСЕСТ

Адам санасы палимпсесттің бір түрі болып саналады. Палимпсест дегеніміз түрлі текстердің немесе суреттердің бір-бірінің үстінен қабаттасып түсуі. Адамзаттың тарихи тағдыр барысында кешкен қорлығы, кіріптарлығы, бүкіл ауыртпашылығы белгілі бір рефлекстер түрінде санада бекіп қалады. Уақыт өте бұл негативтік рефлекстер одан ары түпсанаға таңбаланып, санадан тыс реакцияларға айналады. Сананың мертігуі салдарынан пайда болған психикалық беріш ешқашан өшпейді, ұрпақ санасында мәңгі-бақи тұра береді.

Дала менен Қытайдың арасындағы күрес Қытайдың жеңісімен, ғұндардың Европаға қоныс аударуымен аяқталды. Осы жеңілістен болған рухани мертігу бүтінгі қазақ санасында әлі күнге дейін бар. Көшпендінің түпсанасында Қытай мәдениетінен имену дағдысы қалыптасты. Осыдан кейінгі Шыңғыс ханның жеңістері, түрік қағанатының қалыпқа келуі, бұрынғы даңққа жету мен Қытайды бағындыру, бәрібір көшпендінің жанының тереңіндегі бұл үрейді жоя алмады: көшпенді үшін Қытай жұмбақ, бұлыңғыр және қатерлі, қанды өлке болып қалды. Түрік қағандарының бірі «Табғаштардан алыс қонып, елу жылда бір рет ойсыратып шауып отыру керек» деп тасқа бекер жазбаса керек.

ҚАЗАҚ САНАСЫНДАҒЫ ПАЛИМПСЕСТ

Адам санасы палимпсесттің бір түрі болып саналады. Палимпсест дегеніміз түрлі текстердің немесе суреттердің бір-бірінің үстінен қабаттасып түсуі. Адамзаттың тарихи тағдыр барысында кешкен қорлығы, кіріптарлығы, бүкіл ауыртпашылығы белгілі бір рефлекстер түрінде санада бекіп қалады. Уақыт өте бұл негативтік рефлекстер одан ары түпсанаға таңбаланып, санадан тыс реакцияларға айналады. Сананың мертігуі салдарынан пайда болған психикалық беріш ешқашан өшпейді, ұрпақ санасында мәңгі-бақи тұра береді.

Дала менен Қытайдың арасындағы күрес Қытайдың жеңісімен, ғұндардың Европаға қоныс аударуымен аяқталды. Осы жеңілістен болған рухани мертігу бүтінгі қазақ санасында әлі күнге дейін бар. Көшпендінің түпсанасында Қытай мәдениетінен имену дағдысы қалыптасты. Осыдан кейінгі Шыңғыс ханның жеңістері, түрік қағанатының қалыпқа келуі, бұрынғы даңққа жету мен Қытайды бағындыру, бәрібір көшпендінің жанының тереңіндегі бұл үрейді жоя алмады: көшпенді үшін Қытай жұмбақ, бұлыңғыр және қатерлі, қанды өлке болып қалды. Түрік қағандарының бірі «Табғаштардан алыс қонып, елу жылда бір рет ойсыратып шауып отыру керек» деп тасқа бекер жазбаса керек.

Шыңғыс хан Қытайдай ел барда өз ұрпағының, жалпы сахараның, түрік дүниесінің қашанда кемді күнде болатынын, қорғансыз болатынын анық сезінген. Қытай отырған орнымен жойылғанда ғана қара бұлт қатер аспанымыздан кетер еді. Міне, осыны ойға алып, Қытайға соңғы жорыққа дайындалған Шыңғыс ханды оның канцлері, данышпан Елю-Чю Цай тоқтатқан еді. Қағаз-қаламын алып есептеген уәзір Қытай құрыса, Шыңғыс хан империясының да күйрейтінін дөлелдеп берген. «Сенің соғысыңның бар шығынын кім көтеріп отыр? Кытайдың салық төлеушілері. Сенің Батыстағы жеңістерің, дәргейіңдегі жұртыңның есендігі Қытайдың алтын-күмісінің арқасы. Қытай жоқ болса, сенің де мемлекетің жоқ болады», - деп түсіндірген еді ол Қағанға.

Елю-Чю Цайдың есебіне көнгені, оның айтқанына жүргені, Шыңғыс ханның көңілінің түкпіріндегі үрейдің құбылған, өзгерген түрі емес пе екен? Шыңғыс ханның геосаяси қатесінің салдарынан ұлы түрік жаугершілігінің түпкі мақсаты - Қытайды тыныштандыру ісі аяқасты болды. Қаған өлгеннен кейін Алтын Ордаға ауыр нәубет келді. Билеушілер, әміршілердің арасындағы бітпейтін күрес, төренің өз әулеті ішіндегі бітпейтін бақастық пен қырқыс. Алайда Алтын Ордаға келген ең үлкен зобалаң - миллиондаған адамның өмірін қиған обаның індеті еді. Бүтінде ғалымдар бұл ауруды кім, қайдан, қашан алып келді деп бас қатыруда. Батыс  ғалымдары  обаны  Европаға Алтын Ордамен сауда жасаған венециялық көпестер алып келді дегенді айтады. Европада оба жер-дүниені жайлады. /Айта кетейік, Боккачо өзінің «Декамерон» атты куақы романында осы оба жайында жазған/. Шығыстың ғалымдары обаның шығуын Батыстан көреді. Сұмдық індет Алтын Орданың халқын түгелге дерлік жалмады. Ұлы мемлекет осылайша күйреді.

1456 жылы Алтын Орданың сол қанатынан қазақ намындағы тайпалар бөлініп шықты. Осы жыл жаңа мемлекет - Қазақ Ордасының жыл санауының басы болып есептеледі.

Қазақ халқының жолы оңай болған жоқ. 1456 жылы ту тіккенінен бастап 1821 жылы толықтай жойылғанға дейінгі аралықтағы үш жүз алпыс жылдық тарих - сансыз соғыстардың қанды жолы. Туыстас тайпаларды біріктіру жолындағы соғыс, моғолмен, бұхармен, Қытаймен, өзбек хандықтарымен екі арадағы соғыс, Ташкенттің ханымен болған соғыс, қазақ халқының жарымына жуығын жалмаған қатаған қырғыны. Бірақ қазақ санасының ең үлкен мертігуі қалмақ соғысынан болды.

Бұл соғыстың тарихы әлі жазылған жоқ. Аталған тақырыпқа арналған жекелеген романдар, зерттеулер бар, алайда бұл соғыстың салдарынан болған заттық, моральдық, ізгілік шығындарымызды әлі ешкім түбегейлі зерделеп есептеген жоқ. Екі көшпелі халықтың екі жарым ғасыр бойы бір-бірін қырып бітіруді ғана көздеген кезек шабысуы, тізеден қан кешіп, аяспай соғысуы - тарихтағы жалғыз ғана оқиға, ерекше прецедент болса керек. Есі кірмеген бала мен әжетке жараған қыз, өңі бүтін әйелді ғана олжалап, қалғанын қылышқа шалған қатыгез соғыс, әрине, өзінің логикалық күрмеуіне, екі халықтың кіріптар күй, құлдық кепке түсуіне әкеліп соқты. Соғыстың өзі қорқынышты емес, оның айнымас серігі - аштық қорқынышты. Қазақ-қалмақ соғысында малы мен жаны талауға түскен, құла медиен далада тігерге тұяғы қалмай, өзегі талған қанша адам аштан өлді, ол адамдар тірі болса дүниеге қанша ұрпақ шашар еді, ал ол үрпақ өз кезегінде дүниеге тағы қанша ұрпақ келтірер еді, ақырында біздің санымыз қанша болар еді, мына кең даланы лықа толтырып отырар ма едік... ойлаудың өзі қасірет.

Ісі қазақпен ғана болған, осы кең дүниеде қазақтан басқа жау көрмеген, қазақты ғана қырсам мұратыма жетем деген қалмақ халқы жер бетінен көшті.

Айтпақшы, Еділдің жағасындағы Россия империясының әлдебір облысының құрамында Хошоут губерниясы деген шағын әкімшілік аймақ болған. /Бүгінгі Қалмақстанның жері/. Ол аймақты бір кездегі Ұлы Ойрат мемлекетінің ұйтқысы болған хошоуттар мен торғауыттар мекендеп жатса керек. Қалмақ ағайынның бұдан кейінгі тағдыры да белгілі. Орыстың әскері болды. Москваның түбінде Наполеонмен соғысты, Кавказды Россияға жаулап алып берді. Әйтеуір құрып біткенше қан жалдаумен болды, қаннан көз ашпады. Мінекей, қалмақ тарихы осылай болған.

Ал Қазақ Ордасы орыс құлдығымен аяқталған өзінің қасіретті жолын жалғастырды. Қалмақ соғысының салдарын біз бүгін ғана пайымдап отырмыз. Қазақ халқы өзінің базарлы қалаларының барлығынан айрылды. Қала мәдениеті жойылған себепті жазба мәдениеті де кесілді. Сауда керуендері күлі ғана қалған Отырар, Сауран, Сығнақты айналып жүретін болды.

Сол себепті сахарада бір ғана шаруашылық-малшылық қалды. Қазақ мал сүмесімен ғана күн көрді, қала өнімдеріне жете алмай тарықты. Сол себепті өзбек, тәжік сияқты көршілес отырықшы елдер сауда ісінде қазақты барынша кіріптар қылғысы келді. Шетелдің саудагерлері қазақпен сауда жасағанда папуаспен саудаласқан ағылшын көпесі сияқты болды, асыл текті малды арзан моншаққа сатып алды. Қалмақ соғысында кітапханалар, ондағы бай жазба мұралар жойылды. Енді біз көлденең деректерден бізде ұлттық ғылым болғанын, адамзаттың екінші ұстазы Әбунасыр әл-Фараби өзіміздің бабамыз екенін естіп қайран қаламыз. Өзінің иманына жаңа ат тауып мұсылман атанған халық қалалардан, мешіттерден ұзап кетті, қол үзді. Кейіннен Қазаннан және басқа жерлерден жіберілген татардың указной моллалары қазақтың соншалықты дәрежедегі діни сауатсыздығына қайран қалған.

Міне, қазақ халқы осындай күйде Россия империясының құрамына кірді. Алайда бір ғасыр өтпей-ақ, метрополия келісім-шарттарды бұзып, қазақ жерін жаулай бастады, жергілікті халықты атамекенінен бездірмекке ниет етті. /Кавказ соғысының бір ардагері айтқандай, орыстың келісім-шарты сол келісім жазылған қағаздан да арзан болып шықты/. Жердің тарылуы, жайылымның азаюы - мал басының азаюы, яғни аштық деген сөз. Сахарада ұлт-азаттық қозғалысы басталды. Алайда қазақтың ардагерлері бастаған қол темір қүрсанған империяның қарулы күштеріне қарсы тұра алмады. Қазақ даласындағы барлық көтеріліс қанға батырылды.

Орыстың либералдық дворян әулеті, империя идеологтары тиянақтап шығарған жоспар іске асырылып жатыр еді. Россиядағы мың жылдық аштықтың мәселесін шешу үшін бұл жоспарға сәйкес қазақ жерінің қолқа-жүрегін ойып тұрып орыс қамалдары салынады.

Қазақ халқы резервацияларға, Мойынқұм, Қызылқұм, Бетпақдала сияқты шөлейт аймақтарға ығыстырып шығарылады, кейіннен жаппай жойылады. Босаған жерлерді аштық жайлаған Россия губернияларынан көшіп келген қарашекпен мұжықтар жайлайды. Армия жетіспеген жерлерде мұжықтарды винтовкамен қаруландырды. /Бұндай үрдіс Қытай Халық Армиясында да болған. Кытай әскері егін егіп, мал бағып, өзін-өзі асырайды, үйленіп, балалы  болады.   Бірақ қару-жарағы  сай,   кез-келген сәтте жорыққа аттануга дайын отырады/. Империялық саясаттың жын-пері ұясында тиянақталған, кейіннен Столыпин «кемелдендірген», одан кейін Хрущев іске асырған бұл жоспардың сырын, құпиясын шатып-бұтып жүріп Солженицын өзінің «Как нам обустроить Россию?» атты мақаласында байқамай жариялап қойған. /Аталмыш мақаланы Солженицын орыс әлеуметінің, тіпті десеңіз, Мемлекеттік Думаның талқылауына ұсыныпты/.

Көп ұзамай Октябрь революциясы басталды... Құдайдың өзі қазақ халқын ажал шегінен кейін шегіндіргендей еді. Бірақ көп ұзамай большевик үкіметі империяның бұрынғы жерін түгендей бастады. 1932 жылдың аштығы бұрынғы патша саясатының жалғасы болатын. Бұл жолы большевиктер американдық тәжірибені алды. «Бизон болмаса, үндіс те болмайды» дейді американ мақалы. Миллиондаған бас мал кәмпескеленгеннен кейін қазақ даласына екінші «Ақтабан шұбырынды» келді десе де болғандай еді.

Аштықтан есі кеткен адамдар бір үзім нан іздеп темір жолды жағалады, қалаларға ұмтылды. Ал қалаға кіре берісте оларды пулеметтің жаңбырдай жауған оғы қарсы алды. Барнауылдан Саратовқа дейінгі аралықтағы бүкіл Турксиб және басқа темір жолдардың бойы самсаған өлік болды. 1933-35 жылдары мындаған адамнан құрастырылған командалар тек жартылай шіріген адамның өлексесін көмумен айналысты. Совет үкіметі Сахарадағы каннибализм фактілерін мұқият жасырды. Ферғананың қалаларында қазақтардың өз балаларын астыққа немесе бір үзім нанға айырбастағандары әредік болса да баспасөзде айтылатын, бірақ қазақ даласында адамның етін жеу дағдысының елес бергендігі жайындағы деректер барынша жасырылып отыратын. Көптеген адам өздеріне қол салды. Алайда бұл қалай десеңіз де, сол қасіретті     оқиғалардың арасындағы ізгі құбылыстар еді. «Тозақта да періштелер бар» деген ғой. Суицид жоғарыда айтқанымыздай гомицидтің қарсы құбылысы болып табылады, ізгілікті адам күнәға батпас үшін өзін-өзі өлтіреді, осылайша көңіліндегі күнәһар ойды өзімен бірге көрге алып кетеді.

Содан кейін 37-ші жыл келді. Ең соңғы қазақ ұлтшылдары репрессияланды, интеллигенция түгелге жуық жойылды. Осыдан кейін қазақ сахарасы қанды түнекке батты. Халықта күресуге деген ешқандай ынта қалмады. Бәрі тапталған, жаншылған, жойылған. Адамдар қандай жарлық болса да орындайтын тірі өлікке, роботқа айналған. Қайран қалатын несі бар? Большевиктер жоспарлаған «нұрлы болашаққа» жету үшін қазақ халқы ғана емес, бүкіл совет халқы құрбандыққа кесілген еді ғой. Алайда Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда /біз бұл жерде «Отан соғысы» дегенді әдейі айтпай отырмыз, себебі Екінші дүниежүзілік соғыс әлемдік олжа бөліс, әлемдік үстемдік үшін ұлы державалардың жүргізген соғысы еді, Отанынан баяғыда айырылған қазақ халқына ол соғыстың ешқандай қатысы жоқ болатын/ Кремльдің көсемдері өздеріне түрпідей тиген бір ақиқатқа жетті. КСРО-ның бұратана халықтары әлі де керек екен. Себебі Германия, АҚШ, Жапония сияқты социалистік идеяның жаулары әлі жеңілген жоқ, «нұрлы болашақ» үшін күрес әлі аяқталған жоқ. Және ең масқарасы - қазақ та керек екен. Соғыс кезінде отқа-суға айдайтын әскер ретінде, бейбіт кезде қара жұмысқа салатын құл ретінде. Міне, біз осылай аман қалыппыз. Дәлірек айтқанда, бізге аман қалуға рұқсат етіпті.

 

ПОСТСКРИПТУМ

Әлеуметтік организмнің қалыпты жүмыс істеуі, оның тарихи тағдыры сол әлеумет мүшелерінің қабілеті мен қасиетіне тікелей тәуелді. Қандай да болмасын үлкен қоғам мүшелері өздерінің ата-тегі және тіршілік барысында жетілген қабілеттері тұрғысынан алғанда бір-біріне ешқашан да тең келмейді. Қандай қоғамда болса да әйел мен еркек жыныстылар, қария мен бала, ауру мен сау, адал мен арам, қылмыскер, гений мен нақұрыс, ынжық пен жалқау адам бар. Қоғамның қандай болмағы, осы аталғандардың қайсысы өліп, қайсысы тірі қалуына байланысты.

Биологияда «кері селекция» деген ұғым бар. Ол бойынша түрлі апат, катаклизм, індеттің кезінде тіршіліктің ең қарапайым түрлері аман қалады да, керісінше тіршіліктің күрделі түрлері жойылып кетеді. Бұл ұғымның адамзат тарихына да қатысы бар.

Соғыс әлеуметтік катаклизм ретінде әлеуметтік организмге кері әсерін тигізеді. Оның құрамындағы ең жақсы, тандаулы элементтерді шайып алып кетеді. Озған заманда жаугершілік жолын ұстанған барлық ұлы халықтар кесімді күні жеткенде бұ дүниеден көшкен. Себебі ол халықтардың о бастағы этникалық ұйтқысы, таза қаны майдан даласында судай шашылып, орны толмас шығынға ұшыраған. Эллада деген жұрт болған. Тоқтаусыз жаугершілікпен Үнді мен Парсыға дейін жеткен. Ақырында сол жауынгер жұрттан Греция деген шағын ел қалды. Бүгінгі гректер көне грек мәдениетін қалыптастырған аталарына мүлдем ұқсамайды. Рим деген жұрт болған. Бірнеше ғасырға созылған үздіксіз соғыстан кейін республика, цезаризмге өтті, преториан гвардиясы императорларды күнде ауыстырып отырды. Ақырында ғұндар мен германдықтардың соққысына шыдамай ұлы өркениет құлады. Орнында Италия деп аталатын жұрнақ қалды. Қазіргі итальяндықтардың тамырында бұрынғы, байырғы римдіктердің қаны жоқ. Бүгінгі итальяндықтар - Рим деңгейіндегі барлық халықтардың қаны араласқан күрделі этногенездің жемісі.

Ұлы даланы мекендеген көшпенділер де осылардың аяғын құшты. Хұн халқының о бастағы нәсілдік құрамы тамаша еді. Оңдаған ғасырға созылған тарих барысында қисапсыз соғыстардағы даусыз жеңістер хұн рухының басқа халықтардан өлшеусіз биік тұрғандығын көрсетеді. Алайда «кері селекция» өзінің қирату жұмысын бастаған. Қағанаттардың заманындағы Білге Қаған, Кұла Шора, Мойын Шора, Күлтегін сияқты тұлғалар Еділ патшамен /Атилла/ салыстырғанда бір мысқал болса да төмен тұр. Түрік генофондының белгілі дәрежеде күшейгенін Шыңғыс хан заманынан көреміз. Бұл түсінікті де. Қағанат құлағаннан кейін ұрыс-соғыс бұрынғыдан аздау, тіпті бейбіт деуге болатын төрт ғасырлық заман өтті. Түрік генофонды «демалып», оңалды. Осылайша Атиллаға пара-пар тұлға Шыңғыс хан дүниеге келді. Содан кейін... қайтадан соғыс басталды. Бүкіл Евразия - майдан даласы. Шыңғыс ханның «Мәңгі елі» азын-аулақ жалдамалы әскерді есептемегенде толықтай, кейіннен Қазақ Ордасын құрайтын рулардан тұрған. Тағы да майдан даласында қазақтың ең ғазизлеген қаны төгілді. Тарих сахнасында декорациялар ауысты. Сүйегі саудыраған Алтын Орда құлады.

Көк Ордадан қазақ тайпалары бөлініп шықты да, Моғолстанның іргесінен Қазақ Ордасының туын тікті. Тағы да соғыс. Бұл соғыстардың ең қорқыныштысы екі жарым ғасырға созылған қалмақ соғысы еді. Енді генофондқа ешқандай дамыл жоқ. Қазақтың ең үлкен биологиялық шығыны да осы қалмақ соғысынан болды.

Соғыс пен аштық халықтың құрамы мен қабілет-қасиеттеріне қандай әсер етеді?

1. Соғыс өрті ең алдымен халықтың еңбекші бөлігін жалмайды. Соғысқа әдетте 16-18 жастан бастап 50-60   жас аралығындағы ер адамдар, яғни бала-шағаны асырап отырған азаматтар алынады.

2. Соғыс он екі мүшесі бүтін адамды әкетеді. Ақсақ-тоқсақ, ауру, қаңқасы биологиялық тұрғыдан кеміс адамдар соғысқа алынбайды.

3. Соғыс негізінен еркектерді жояды, яғни халықтың
жыныстық құрамы өзгереді. Көшпенді қоғамда бұл ауытқу полигамия, яғни көп некелілік заңы арқылы қалпына келеді. Ұлы әмеңгерлік заңының арқасында қазақ халқы жойылмай аман қалды десек, артық айтқандық болмас.

4. Соғыс моральдық тұлғасы биік, кісілікті, ізгілікті адамдарды әкетеді. Сатқындар, қорқақтар, мүскін мен еңкіштер соғысқа алынбайды, себебі ұрыс кезінде ондай адамдарға ештеңені сеніп тапсыруға болмайды.  Соғыста Отан алдындағы парызын терең
сезінген адам алдымен өледі. Ондай адамдар тәуекелден бас тартпайды, керек болса тайсалмай өлімге де барады.

5. Соғыс, әсіресе жеңіліске  ұшыраған, аяғы құлдыққа
жетелеген соғыс болса, рухани кемел тұлғаларды  жалмайды. Дұшпанның қаупін туғызатын басы биік ерлер, өнерлі, рухы мен сағы сынбайтын азаматтар соғыстан кейін жаудың қолынан қаза табады. Екінші қатардағы еңкіш тұлғалар ғана тірі қалдырылады. Сонымен соғыс ақыл-есі түзу, дені-қарны сау, он екі мүшесі бүтін, моральдық тұлғасы биік, өнерлі, білімділерді бәрінен бұрын жалмайды, ұлттық орасан  шығын осылардың өлуімен басталады. Ажал осы аталған  асылдарды әкетіп, ауру-сырқау, кеміс, қылмыскер, алаяқ пен қорқақ, өнерсіз, білімсіз, енжар ездерді қалдырады.

Алайда бұл пәлекеттің басы ғана. Бенджамин Франклиннің айтқаны бар: «Соғыстың вексельдері /кепіл қағаздары/ бойынша, төлем соғыстың өз кезінде емес, төлемнің ең үлкені соғыстан кейін болмақ» деп.

Соғыстан кейінгі жалпы шығынмен салыстырғанда соғыстың өз кезіндегі сапалық шығын теңіздің жанындағы тамшыдай-ақ. Бұл шығын тұқым қуалаушылық заңына, адамдық тектілікке қатысты. Тұқымдық дән қандай болса, болашақ өнім де сондай болмақ. Өлген ардагерлер дүниеге ұрпақ келтірмейтіні белгілі. Соғыс жаман мен нашарды тірі қалдырып, осы арқылы тексіздердің жетіліп, көркеюіне жол ашады. Тұқым қуалау заңына сәйкес, тұтастай ұрпақ нашар, тексіз болып шығады. Соғыстың «кері сұрыптауы» салдарынан, бейбіт кезде бірінші қатарда болуға тиіс жақсылар өлген себепті нашарлар, тексіздер алға шығады. Халықтың тамырында енді солардың қаны ағады. Ал тектілердің қаны сол майдан даласында төгілген күйі қала береді.

Бақшадағы жақсы өсімдіктерді отап алып тастап, шырмауық пен зиянкес шөптерді қалдырып «еңбек етіп» жүрген бағбанды көзіңізге елестетіңізші. Енді бір егістік ауысқанда бүкіл бақшаны арамшөп баспақ. Абсурд дерсіз. Иә. Егістікте ғана абсурд.

Ал соғыста, майдан даласында күнде болып жататын әдепкі құбылыс, тіпті десеңіз, соғыстың жалғыз ғана заңы - осы.

Соғыс қашанда аздырушы күш болып табылады. Халық неғұрлым көп соғысқан сайын тұқымы мен тегі соғұрлым көбірек азады. «Соғыс ерлерді тудырады» деген қанатты сөз бар. Жаңсақ айтылған сөз. Соғыс ерлердің, қаһармандардың басын жұтады. Соғыстың бұл шығынының орны ештеңемен толмайды.

Наполеонға майдан даласында самсап жатқан өліктерді көрсеткенде ол «Париждің бір түні барлығын қалыпқа келтіреді» деген екен. Шынында да солай болса ғой. Жоқ, қалыпқа келтіре алмайды. Әрине, қаптаған тексіз тобыр ойсыраған адам шығынының орнын толтыра алады, халықтың санын қалыпқа келтіре алады. Алайда тексіз тобыр халық санын толтырғанмен, сапаның орнын толтыра алмайды. Себебі бұл - адам-пенденің қолынан келмейтін іс. Жойылып кеткен жақсы тұқымның орнын ештеңе де баса алмайды. Себебі әр адам - құдайдың ерекше жаратындысы, маңдайына құдайдың ешкімге ұқсамайтын, бір соған ғана арналған мөрі соғылған бірегей жаратындысы. Сондықтан дүниеге бір-ақ рет келген сол адам артына тұяқ қалдыра алмай өліп кеткен болса, онда сонымен бірге тұтас бір әлем өлді деп есептей беріңіз. Тіршілігінде тұқым туралы түсінігі өте биік қазақ бұл жайтты жақсы білген, қолдан келгенше баласын ертерек үйлендіруге тырысқан, әлдебір жойылып кеткен аталықтың соңғы тұяғын аялап құшағына алған, қойнына қыз салып, тұқымын үзбей жалғастыруға тырысқан. Бірақ соғыс кезінде, әскердің жаппай қырылатын кезінде бұл көбіне-көп қолдан келмейтін іс еді /аталмыш жайт американдық заңдарда да бар, «Қатардағы Райанды құтқару» фильмі осы идеяға құрылған. Әлбетте, Совет үкіметі мұндай мәселелерге назар аудармайтын, әсіресе әңгіме ешкімге керегі жоқ, ақ нәсілдің есебінде жоқ бұратана ұлттар жайында болғанда/.

Ал енді соғыстан кейінгі «вексельдер» мен «төлемдер», яғни соғыстың тірі қалған адамдардың мінез-құлқына, дағдысына ететін әсері жайыңда.

Соғыс бір-бірімен кескілескен армиялардың ғана емес, бейбіт халықтың да адамдық тұлғасын күйретеді. Бейбіт кезде адамдардың бір-біріне қиянат етпеуіне - конституция кепіл. Ал соғыс керісінше қанға құмарлық, зорлық-зомбылық дағдыларды қолпаштап, адамды кісі өлтіруге, алдап-арбауға, жансыз болуға итермелейді. Бейбіт өмір адам бойындағы еселі еңбекке деген ынтаны, кісілік, ізгілік басқаның мүлкіне, игілігіне, адамдық намысына деген құрмет пен пейілді оятса, соғыс керісінше адамды зорлыққа, басқаның құқығымен санаспауға, басқаның намысын таптап, қорлауға үйретеді. Соғыс - адамды өштікке, жыртқыштыққа баулитын аппарат.

Соғыс халық өміріне ешқандай әсер етпей ізсіз кетсе, адам нанбас ғажайып болар еді. Кісі өлтіруді кәсіп қылған, қанға деген жерігі оянған адам соғыс аяқталғаннан соң бір-ақ сәтте заң мен низамды ұстанған тәртіпті азамат бола қалса, соғыс өмір салтына айналдырған зорлық пен зомбылық, адамның құқығы мен намысын таптау дағдысы соғыстан соң бір-ақ күнде жойылса, әрине, бұл да кісі нанбас ғажайып болар еді. Бірақ шын өмірде олай болмайды. Ұзаққа созылған соғыстан кейін ел ішінде қылмыс, зорлық-зомбылық көбейсе, адамның құқықтық санасы кіреукеленіп иманнан безсе, адал еңбектен бой тартып талау мен тонаудың жолына түссе, халық азып, ел ішін надандық жайласа, оның таң қалатын ештеңесі жоқ. Осының бәрінің себебін соғыстан іздеңіз. Соғысты тудырған - осының бәрін тудырды.

Қазақ-қалмақ соғысы аяқталғаннан кейін сақарада жаппай барымта басталды. Ол барымта Октябрь революциясына дейін жалғасты. Патша үкіметі қырғыз-қайсақ өлкесінде тәртіп орнатпақ болып қанша әуреленді. Орыс шенеуніктері қандай шараларға бармады дейсіз. Барымташыларды линиялық бекіністерде тұратын казактардан құралған командалар аулады. Қазақ байлары болыс съездерінде барымташыларды ұстап беріп, өздері пәлекеттен аман-есен құтылып отырған. Барымташыларды Итжеккенге, Сібірге айдады, дүреледі, дарға асты. Бірақ одан түзеліп кеткен ұры-қары жоқ. Біздің кейбір замандастарымыз барымтаны рулық-тайпалық жүйеден өрістеген құбылыс деп есептейді. Барымташылық ұлт мінезінің кездейсоқ сипаты екен. Әлбетте, олай емес. Тонау мен талау, бандитизм - барлық соғыстарға және барлық халықтарға тән мінез. Ұры-қарылық - ұлт мінезінің кездейсоқ, уақытша белгісі емес, ХҮШ-ХІХ ғасырлардағы  қазақ даласында етек алған  барымта рулық-тайпалық жүйенің жемісі емес. Бұл қазақ санасында әлі жалғасып жатқан қалмақ соғысы еді.

Абай - XIX ғасырдағы ұлттың интеллектуалдық элитасының ең көрнекті өкілі, ол да қазақты, қазақ жұртын, қазақ санасын жайлаған бұл жұмбақ дерттің табиғатын түсіне алмай-ақ кетті. «Масғұт» поэмасы- осы қалжыратқан ауыр толғаныстың, әлеуметтік қайғының көрінісі. Патшаның уәзірі Масғұт түс көреді. Түсінде аруақтар «аспаннан жаман жауын жауады, өзен-көл уланады, адамдар жынданып кетеді, сондықтан таза су жинап алыңдар» деп аян береді. Масғұт хабарды патшаға жеткізіп, сарайдың қоймасына көп тұщы су жинап алады. Айтылған күні жауын жауып, бүкіл халық жынды суды ішіп құтырып кетеді. Алаңға жиналып, даурығып сөйлеп, заңға бағынбайтын болады. Патша мен Масғұт жұртты ақылға келтірмек болады, уағыз айтады. Алайда есірген жұрт «біздің патшамыз бен уәзіріміз жынданған екен, екеуін де өлтіру керек» деп шешеді. Ақырсоңында тобырдан қорыққан патша мен Масғұт та жынды суды ішіп, топтың аддына құтырып жетіп барады. Тобыр екеуін данышпан деп тауып, төбелеріне көтереді. Абай әлеуметтанушы болмаса да оның трактаттарында /қара сөздерінде/ тамаша әлеуметтік ойлар жиі кездесіп отырады. Бірақ ол себептерін білмесе де, салдарын дәл анықтады, қоғамды жайлаған ессіздікке анық диагноз қоя білді.

1991 жылы біз егемендікке қол жеткіздік. Россия империясынан іргемізді аулақ салып, халықаралық құқық субъектіне айналдық. Біздің аспан түспес көк байрағымыз Біріккен Ұлттар Ұйымы штаб-пәтерінің жанында желбіреп тұр.

Әнұранға сенсек, біз аман қалыппыз. Біз көп екенбіз. Демограф Мақаш Тәтімов бірде қазақтың санын 13 миллионға жеткізді.

Бірақ біз қандай халықпыз? Кімдер едік, кімдер болдық? 1456 жылдан бастап бес ғасыр кескілес барысында біз биологиялық ең текті, таза, ғазизлеген қанымыздан айрылдық. Бес ғасырға созылған соғыстың, бес жүз жылдық «кері селекцияның» шығынына ешбір генофонд төтеп бере алмайды. Керей мен Жәнібек, Еңсегей бойлы ер Есім, Салқам Жәңгір мен Абылай заманының қазақтарын былай қойып қойыңыз, біз тіпті Абай заманындағы қазақтармен қай жағынан болса да шендесе алмаймыз. Иә, иә, таң қалмаңыз, себебі қандай тайғақ кешуден өтсе де, қазақтың қаны өшіп бара жатқан инерция бойынша Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатов, Мұхтар Әуезов, Әлкей Марғұлан сияқты тұлғаларды жаратты.

Кері селекцияның нәтижесінен болған биологиялық апат ұлттың бүкіл рухани әлемін күйретті. Егемендік біздің көзіміздегі кіреукені сейілтті. Он төрт жылдың егемендік өмірі барысында біз «асқаралы тұлғамыздың» ішінің кеуек екеніне, мәдениетіміздің «показуха», сырт көрініс қана екеніне, ал надандығымыздың шетсіз-шексіз екеніне көз жеткіздік. Ешбір жұрт надан, ақылсыз болып жаратылмайды. Халық ақылынан жүре айырылады. Біз ақылынан айырылған ақымақ тобырға айналдық. Біздің бұл интеллектуалдық банкроттығымыз қаншаға созылмақ? Біздің «ғылым» деп жүрген нәрсемізге көз салсаңыз, сонда бұл ахуалдың қанша ғасырға созылатынын шамаларсыз.

Біз бір-бірімізді алдап, алаяқ атандық. /Абай атам айтқан «Теп-тегіс жұрттың бәрі болды аларман»/. Бірақ бір күнде емес. ХҮІІІ-ХІХ ғасырлардағы кенеусіз барымта патшалық Россия кезіндегі алғашқы-ақ қазақ шенеуніктерінің парақорлығына, содан соң социализм кезіндегі жемқорлыққа, жебірлікке ұласты. Бүгінгі алаяқтық осы социалистік жемқорлықтың аясында, арнасында жетілген, «көркейген». Біз бұрынғы метрополияның барлық жаман қасиеттерін, барлық азғын дағдыларын мұраландық.

Эмиграцияда өлген орыстың бір ғалымы былай деп жазған еді: «Шайтандар үшін ең тамаша Конституцияны жазып шығуға болады, алайда ол Конституция қағаз жүзінде ғана қалады. Бейкүнә періштелер қоғамының Конституциясы өте нашар болуы, тіпті оларда ешқандай Конституция болмауы да мүмкін, алайда сол қоғам мүшелерінің арасындағы қатынас ең таза, ең ізгі қатынас болмақ. Ем қонбайтын, алаяқтар мен нақұрыстардан тұратын қоғам ешқандай реформаға қарамастан бір-бірін алдап өмір сүре береді және мүшелері аталған «қасиеттерінен» арылмайынша, ол қоғам ешқандай кісілік пен ізгілік туғыза алмайтын рухани бедеу күйінде қалмақ».

Біздің халқымыздың болашағы бар ма? Бар. Ең бастысы, біз тарихтың ең ауыр өткелектерінен жүгіміз ауса да аман өттік. Содан соң біздің санымыз көп, болашақ биологиялық комбинацияларға, болашақ селекцияға жетерліктей көп. Алайда, аяқ астынан керемет болады дегенге сеніп керегі жоқ. Қоғамның алдында сан ғасырлық ауыр еңбек күтіп тұр. Адам - оның қайталанбас тіршілігі, кұқығы, игілігі, кісілігі мен намысы басты қазынаға, басты құндылыққа айналуға тиіс. «Адам, адам - ең бастысы адам. Адам ақшадан қымбат. Адамды ешбір базардан сатып ала алмайсың, себебі олар сатылмайды да, сатып алынбайды да. Адам ғасырлар бойы тәрбиеленіп қана адам болып шығады, бірақ ол ғасырларға уақыт керек», - деген еді Достоевский.

Содан кейінгі басты шарттың бірі - бейбітшілік болуы керек. Ұлы әлеуметтанушы Ле Пле бейбітшілікті адамзаттың басты Конституциясы деп есептеген. Өз заманының дегдар деген білімділерінің бірі «бейбітшілік, бейбітшілік» дегеннен танбаған. Әрине, біздің егемендігіміздің тарихынан  талай  әнтек  басқан қадам, талай қатені табуға болады. Алайда біздің Президентіміздің саясатының қашанда болсын айнымас, озық бір сипаты бар. Ол - оның бейбітшілікті қамтамасыз ету жолындағы түбегейлі, жүйелі күресі. Және бұл Қазақстан шегіндегі ғана емес, бүкіл аймақ шегіндегі бейбітшілік үшін күрес. Міне, біздің болашақ туралы үмітіміздің тиянағы осы.

 

Соңы

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3240
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5382