Сатыбалды да мерзімінен бұрын бостандыққа шыға ма?
Бизнесмен Қайрат Боранбаев сияқты Қайрат Сатыбалды да мерзімінен бұрын бостандыққа шыға ма? Бүгін Сенат кулуарында журналистер осы сұрақты Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиевке қойған. Шындалиев түрмеде жазасын өтеп жатқан әр азаматтың өтініш беру өз еркінде екенін айтады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Егер теориялық тұрғыда қарайтын болсақ, заң ережелерінде мерзімінен бұрын босап шығу немесе жазасын жеңілдету тетіктері қарастырылған. Алайда заңның белгілі бір талаптары болады. Мерзімінен бұрын босап шыққысы келетін азамат өзіне кесілген жазаның бір бөлігін өтеп, өз әрекеті салдарынан келтірілген қандай да бір шығынды өтеуі тиіс. Сотталған адамға берілетін жеке мінездемеге қарайды», - дейді Әсет Шындалиев.
Шындалиевтің сөзінше, мерзімінен бұрын босап шығуға өтініш беру – сотталған адамның еркінде болады. Алайда сотталған адамның өтініштері талапқа бәрі сай болып тұрса да, сот одан бас тартуы мүмкін. Журналистер осы ретте Бас прокурордың орынбасарынан «біздің мемлекет не себепті жемқорларға жазаны жеңілдетеді?» деп сұраған. Алайда ол БАҚ-та танымал адамдардың мерзімінен босап шығуынан қоғамда теріс пікір қалыптасуы мүмкін екенін, шын мәнінде көп адам өтініш беріп босап шыққанын айтады.
Еске сала кетейік, Әсет Шындалиев бұған дейін кәсіпкер Қайрат Боранбаевтың қашан босатылатынын айтқан еді. Мемлекетке шығынды өтегеннен кейін 20 қарашада Боранбаевтың түрмедегі жазасы бас бостандығын шектеуге алмастырылғаны белгілі болды. Сотталушы пробациялық бақылауда болады.
Фото: ашық дереккөзден
Abai.kz