Сейсенбі, 26 Қараша 2024
Қоғам 4052 0 пікір 30 Қазан, 2023 сағат 18:25

«Отанды сүю – жәй ғана сөз емес, балалардың жүрегінің үні»

Өткен айда «ҚазақАкадемиясы» орталығы Республика күніне орай «Мен –  өзіңмін, Отаным...» атты I республикалық онлайн байқау жариялаған еді. Өскелең ұрпақты патриотизмге тәрбиелеу, жасөспірімдер мен жастардың шығармашылық қабілетін шыңдау мақсатында ұйымдастырылған эсселер байқауы бүгін мәресіне жетті.

Сонымен, «Мен – өзіңмін, Отаным...» онлайн-байқауының қорытындысы төмендегідей.

Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің студенті Аружан Шинибай үздік деп танылды. Екінші орынды осы университеттің студенті Жәукен Боранбай иеленсе, жүлделі үшінші орынды Павлодар қаласындағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы инновациялық үлгідегі жалпы орта білім беру мектебінің оқушы Ырысалды Кинжикова алды. Бұдан бөлек,  Шығыс Қазақстан облысы, Өскемен қаласындағы Шығыс техникалық гуманитарлық колледжінің студенті Айғаным Айдосқызы мен Жетісу облысы, Панфилов ауданы, Жаркент қаласы, Жаркент жоғары педагогикалық колледжінің студенті Гулнарам Магаметова ынталандыру сыйлығына ие болды.

Біз осы орайда «Қазақ Академиясы» орталығының басшысы Айнұр Рәпілбекқызымен шағын сұхбат құрған едік.

– Айнұр Рәпілбекқызы, қазіргі таңда эсселер байқауы жоқ емес. Ал сіздер ұйымдастырған байқау басқаларынан несімен ерекшеленеді?

– Дұрыс айтасыз, бұл күндері эсселер байқауы жоқ деп айтуға болмайды. Алайда олардың саны көп те емес. Жалпы, патриоттық тақырыптарды өзек еткен мұндай байқаулар қанша өткізілсе де көптік етпейді. Өйткені жаһандану үдерісі біз ойламаған дәрежеде қарқын алып кеткелі қай заман! Ал осындай бәйгелер балалардың шығармашылық қабілетін шыңдап қана қоймай, олардың еліне, жеріне деген сүйіспеншілік сезімінің артуына ықпал етеді деп ойлаймын. Сіз бен біздің көксегеніміз де осы болса керек. Енді «Мен – өзіңмін, Отаным...» онлайн-байқауының өзіне тоқтала кетейін.  Байқауға 10-11 сынып оқушылары, колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттері қатыстырылды. Эссе жазуға бес тақырып («Мен – өзіңмін, Отаным...»; «Азаттығым – ғажап күнім»; «...Нұрлы жұлдыз, бабам тілі, сен қалдың!»; «Қазақы қалыбым: дәстүрім – тамырым»; «Елімнің ертеңі – менің ертеңім») ұсындық. Отызға жуық өтініш келіп түсті.

– Осынша шығарманың ішінен үздігін анықтау қиынға соққан болар?

– Әрине, қазылар алқасы да осыны айтты. Елім деген жасөспірімдер мен жастардың бәріне бірдей жүлде беруге болар еді. Бірақ жарыс болған соң санаулы шығармалар ғана жеңіс тұғырынан көрінеді ғой. Осы ретте назарға алатын жәйт бар: келіп түскен эсселер – жәй айтыла салған сөз емес, балалардың жүрегінің үні. Олардың әрқайсысының жазғандарынан осыны аңғаруға болады.

Тағы бір дүниені ескертейін, кей эсселер бір-бірімен қатты ұқсас болды. Мұның себебі таңдаған тақырыптарының бірдей екенінде емес. Айтпаса сөздің атасы өледі, кей балалар эсселерінің көп бөлігін ғаламтордан көшіріп жазған. Бұған қоса, қазылар алқасы тіл тазалығына, ой жүйелілігіне, құрылымына мән берді. Ал қазылар алқасының құрамында ҚР Жазушылар одағының мүшелері мен педогогтар, тіл мамандары болды.

– Шағын сұхбатымызды мына бір сұрақпен түйіндегім келіп отыр. Жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу ісі қалай жүзеге асырылып жатыр деп санайсыз?

– Бұл орайда аузымызды құр шөппен сүртіп, қара аспанды төндірудің реті жоқ. Мемлекет тарапынан да, түрлі-түрлі ұйымдар мен жекелеген адамдар да осы мәселені өзек еткен шаруаларды, іс-шараларды атқарып келеді. Бұған «ҚазақАкадемиясы» орталығы ұйымдастырған аталмыш онлайн-байқау да дәлел.

Сұхбаттасқан Б.Бердіхан

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1535
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3315
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6019