Тоқаев «Түркі әлемі» брендін дәріптеу керектігін айтты
«Түркі әлемі» атты жаңа брендті дәріптеуіміз керек. Бұл туралы Ақордада өтіп жатқан Түркі мемлекеттері ұйымының Х саммитінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
«Түркі жұрты Байкалдан Балқанға дейінгі ұлан-ғайыр аумақты жайлап жатыр. Түркі әлемінің өркениеті Ұлы даладан бастау алатыны баршаға мәлім. Осы ортақ құндылықтарымыздың мұрагері — Түркі мемлекеттері ұйымы. Қазақстан Түркі мемлекеттері ұйымын одан әрі дамытуға мүдделі. Түркі ықпалдастығын тереңдету — ортақ мұрат. Біз „Түркі әлемі“ атты жаңа брендті дәріптеуіміз керек. Сонда ғана түркі халықтарының ынтымағы барынша нығайып, әлеуеті арта түседі», — деді Президент.
Мемлекет басшысы Қазақстан ұйымға төраға ретінде өзара іс-қимылды жандандыруға баса мән беріп отырғанын баса айтты.
«Сондай-ақ біз түрлі саладағы байланысты орнықтыруға, халықаралық беделімізді көтеруге күш саламыз. Түркі бірлігін таныту үшін біздің төрағалығымыз „ТҮРКІ ДӘУІРІ!“, яғни „TURKTIME!“ ұранымен өтеді. Осыған орай, салт-дәстүр (Traditions), біріздендіру (Unification), реформалар (Reforms), ғылым (Knowledge), сенім (Trust), инвестиция (Investments), медиация (Mediation) және энергия (Energy) атты сегіз мәселеге басымдық береміз. Бұл басымдықтар ұйымның 20-шы саммитіне дейінгі он жылды қамтитын қысқа және орта мерзімге арналған», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Abai.kz