Арбаға таңылып жан сауғалау тактикасы өз жемісін бере ме?
6 қыркүйек ҰҚК Солтүстік Кипрден Елдос Қоспаевты тұтқындап, елге жеткізді. Елімізде бұл марқасқа Болат Назарбаевтың оң қолы болып табылады. Әрі талай кәсіпкерді зарлатып, рейдерлікпен бизнесін тартып алудың небір сорақысын істегендердің серкесі елге қолы кісенделіп оралды. Қазір темір тордың ар жағында 11 адамдық «Қоспаевтар бандасы» қылмыстық тобының мүшелері Елдос Қоспаев, Айдос Қоспаев, Айбек Қоспаев, Оксана Кудряшева, Алексей Кузнецов, Руслан Шалин және Ерлан Имашевтар тергеліп жатыр.
Осы тергеуден қылмыстық топтың өкіл әкесін «өтірік ауру» құтқарып қала ала ма деген сауал қазақ жұртшылығын толғандыра бастады.
2022 жылдың жазында отандық БАҚ экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі Болат Назарбаевтың «ұзақ жылдан бері науқас екенін» айтып, арбаға таңылған бейнебаянын жариялап елді дүр сілкіндіргентін. Бұл бейнебаян Болат Назарбаевтың имиджіне айналып үлгерді. Тап сол кезден бастап кейбір сарапшылар «туыстары науқас Болатты көрсету арқылы қоғамның аянышын туғызғысы келеді, өйткені оның үстінен іс қозғалуы мүмкін» деп болжам жасады.
Бәрімізге белгілі Қасіретті Қаңтар» оқиғасынан кейін бұрынғы президент пен оның туыстарының ықпалы әлсіреген соң, қоғамда Назарбаевтың туыстары, олардың байлығы төңірегінде сөз қозғала бастады. Кезінде Болат Назарбаевтан бірқатар кәсіпкерлер қысым көріп, рейдерлік шабуылға ұшырағанын БАҚ ашық мәлімдей бастады. Тықыр таянған сәтте арбаға таңылған Болат образы қылаң берді. Болат Назарбаев және басқалардың кезіндегі бизнес жалмауыздығына қатысты соттар өте бастады. Басты айыпкер Болат Назарбаев адвокаттан емес, арбадан қолдау тапты.
Әлі өледі, міне өледімен Болекең еліміздегі ең қастерлі науқасқа айналды.
Қазақстандық бірқатар ақпарат құралдары экс-президенттің інісі Болат Назарбаев бүйрек жетіспеушілігі белгілері де байқалып, ауыр халде ауруханаға түскенін жазды. Алматы қалалық клиникасы кейін ақпаратты растады. Аталған мекеме “медициналық құпияны” алға тартып, науқастың жағдайы мен диагнозын айтудан бас тартып, жағдайы туралы ақпарат бермеді.
ҚазТАГ агенттігі де, 365info сайты да Болат Назарбаев 3 қарашада кешке миокард инфаркті күдігімен Алматы клиникалық ауруханасына жатқызылғанын жазды.
Orda.kz сайты арнайы жіберген тілшісін Алматы клиникалық ауруханасының аумағына кіргізбегенін, бірақ ол аурухана ауласынан бронды джипті көргенін хабарлады.
Болаттың бұл ауруы «Қоспаевтар бандасына» қатысты пәленің алдын алу дейді кейбір сарапшылар.
Abai.kz