Сенбі, 22 Тамыз 2026
Әдебиет 602 0 пікір 21 Тамыз, 2026 сағат 13:27

Абайдың «Тасдиғы» тәпсірленді

Сурет: adebiportal.kz сайтынан алынды.

Бүгін белгілі абайтанушы ғалым Асан Омаров 75 жасқа толып отыр. Мерейтой иесін туған күнімен құттықтап оған зор денсаулық, шығармашылық табыс тілей отырып, Асан Омаровтың «Абайдың «Тасдиқ» трактатын тәпсірлеу» кітабын талдаған әдебиет сыншысы Нұрғали Маханның «Абайдың «Тасдиғы» тәпсірленді» зерттеу еңбегін оқырман назарына ұсынып отырмыз.

«Abai.kz» редакциясы

Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханнан бастау алып, ірге тасын ғұлама ғалым Мұхтар Әуезов қалаған қазақ әдебиетіндегі «Абайтану» ғылымы үшін өткен 2025 жыл мен үстіміздегі 2026 жылдар аса табысты жылдар болды деп есептейміз. Бұлай айтуымыздың себебі: 2025 жылы «Абайтану» ғылымына сүбелі екі үлес қосылды. Оның біріншісі М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің доценті Ақжол Қалшабек пен PHD докторант Әзімхан Исабектің құрастыруымен демеушілер қаражатына жарық көріп, жарияға шыққан «Абай. Мүрсейіт Бікіұлының қолжазбаларына сүйеніп жасалған транскрипция» атты еңбек болса, екіншісі; 2025 жылдың 4-қыркүйегінде «Егемен Қазақстан» газетіне жарияланған Саят Баймұратұлының «Тұлға туралы тың дерек» атты Абай Құнанбайұлы хақындағы ақпаратты-зерттеу мақала.

Ең өкініштісі сол: бұл аталмыш еңбектер туралы Асан Омаровтан өзге бірде-бір «белгілі абайтанушылар» жұмған аузын әлі аша қойған жоқ. Ауыр сезімге жетелер трагедиялық жағдай...

Дәл осындай жаңалықтар біздің Абай секілді «ұлт ұстазы» дәрежесіндегі қытайдың Конфуциі, немесе ағылшынның Шекспирі, болмаса немістің Гетесі туралы болсыншы, олар жарияға жар салып, ол еңбектерді бүге-шігесіне дейін талдап, әлемдік деңгейдегі ақпаратқа айналдырар еді. Бізге күйіс-түйісі жоқ болса да, дүниежүзілік көлемдегі «интеллектуалды мүмкіншіліктерімізді» көрсету үшін, біздің көбіміз мұндай дүрмекке қосылып та кетер ме едік, кім білсін...

Өзгені зор, өзіңді қор санайтын отарлық санадан әлі арыла алмай келе жатқан біздің зиялы қауым, ұлы данышпанымыз Абай өмірі мен шығармашылығына байланысты «Абайтану» ғылымына жаңа қосылған үлес-жаңалықтарға «мәу» деп басын көтеруге де жарамады. Шарасыздықтан өткен ғасырдағы ұлт зиялыларымыздың ізімен «ай-қап», «ай-қап», «Айқап» деп, мұз шайнап, тұз жалаудан өзге шара болмай тұр...

Ал, «Абайтануға» қосылған үшінші үлес – Абай шығармашылығына байланысты кез-келген мәселеге өзіндік көзқарасы мен пікірін ашық айтатын, Абай Құнанбайұлы шығармашылығына қатысты «Бүгінгі абайтану», (2011) «Абай: ашылмай келген қырлары», (2015) «Абай шығармаларының хронологиясы», (2017) «Цензурасыз Абай», (2020) «Абай руханияты», (2025) зерттеу еңбектерінің авторы, бар саналы ғұмырын ұлтымызға Абайды танытуға бағыштап, бұл күнде Абай рухани әлемінің «шырақшысына» айналып отырған философ-ғалым Асан Омаров ағамызға тиесілі.

Міне, осы Асан Омаровтың «Абайдың «Тасдиқ» трактатын тәпсірлеу» деп аталатын, 2026 жылы Алматы қаласы «ADAL кітап» баспасынан жарық көрген ғылыми монографиялық еңбегі – біздің ойымызша, соңғы екі жылдағы «Абайтану» ғылымына қосылған үшінші үлес.

Тәпсір (тафсир) – тереңнен түсіндіріп, талдау деген мағына беретін араб сөзі. «Абайтану» ғылымы тарихынан хабары бар оқырман ретінде айтарым: Арнайы дайындығы жоқ, қарапайым оқырманның түсінуіне ауыр, біз қазір 38-қарасөз деп атап жүрген Абайдың «Ғақлият Тасдиқат» деп аталатын ғылыми трактатын әлі ешкім де қалың оқырман қауымға түсіндіріп, тәпсірлеген жоқ-ты. Сондықтан да, Абай «Тасдиғының» тәпсірленуі, қарапайым оқырманға – қуаныш, ал, «Абайтану» ғылымына – жаңалық, һәм табыс. Себебі, Ғылым – ғылым үшін емес, Ғылым – халық руханияты үшін.

Алланы тану, өзін тану және жаратылыс дүниені тани отырып, пенденің жан-жақты жетілген кемел адамға жету жолдарының мәселелері қарастырылған Абайдың «Ғақлият Тасдиқат» еңбегі – тілге жеңіл болса да, түсінуге ауыр, күрделі еңбек екенін жоғарыда айтып өттік. Бұл еңбекті түсіну үшін философия, теология, әлеуметтану ғылымдарынан ғана емес, адамзатқа көктен түскен қасиетті төрт кітап, Таурат, Забур, Інжіл, Құран Кәрімнен де хабары бар, интеллектуалдық мүмкіндігі жоғарғы деңгейдегі оқырман болу шарт.

Абайдың «Тасдиқаты» сөз болғанда, жан-жақты білім иесі академик Рымғали Нұрғали ағамыздың әдебиетші ғалымдар арасында тарап кеткен: – Үш академик отырып, мына қара шалдың, – деп айтады дейді, қабырғадағы Абайдың суретін нұсқап: – 38-қарасөзін талдап, түбіне жете алмай әбден болдырдық. Бір қара шал үш академикті есінен тандырды, – деген сөзі еске түсіп отыр. Академик ағамыздың 38-қарасөз деп отырғаны – Абайдың «Ғақлиат Тасдиқаты».

Абайдың «Ғақлиат Тасдиқатының» 38-қарасөз аталу себебін Асан Омаров: «Тасдиқ – атеистік идеологияға қарама-қарсы шығарма. Соған қарамастан Абайдың 1933 жылғы тұңғыш толық жинағына енді. Бұл – сталиндік түрменің ажал тырнағынан енді босанған Мұхтар Әуезовтің азаматтық ерлігі. Бірақ, ұлы жазушы трактатқа «38-қарасөз» деген жаңаша ат қойып, оны өзге қарасөздердің арасына жасыруға мәжбүр болды», – деп түсіндіреді. (А.Омаров. 4-5-бет. Абайдың «Тасдиқ» трактатын тәпсірлеу. Алматы, «ADAL кітап» 2026)

Философ ғалым Асан Омаровтың «Абайдың «Тасдиқ» трактатын тәпсірлеу» монографиясы: 1. «Алланы танымақ», 2. «Өзін танымақ», 3. «Дүниені танымақ»,4. «Пайдалы мен залалды айырмақ», 5. «Тасдиқ» пен «Үш анық» сабақтастығы атты бес бөлімнен тұрады һәм «Ғылым», «Ілім», «Мақсат», «Мақсұт» және «Ғалам бірлігі теориясы» атты ұғымдарға түсінік берілген.

Бүгінгі біздің ұғымымыздағы Ғылым – құбылыстар мен әрекеттердің заңдары мен қағидаларын, тәртібі мен құрылымын, тәжірибе мен бақылауға нақты есептеулерді қолданып, қоршаған орта туралы жүйелі түсінік қалыптастыратын таным саласы.

Бір сөзбен айтқанда, тәжірибе мен бақылау, нақты есептеулерге сүйенген ғылым – қоршаған ортаны зерттейді. Ғылым турасындағы бұл анықтама – батыс жүйесі бойынша білім алған бәрімізге түсінікті ортақ тұжырым.

Ал, Ежелгі Шығыстағы ислам әлемінде ғылым – Алланың ғылымы және Адамның ғылымы деп екіге бөлінген.

Алланың ғылымы – ғажайып шеберлікпен Алла жаратқан ғалам яғни, бізге көрініп тұрған жаратылыс.

Адамның ғылымы – әрнәрсенің түбін, хикметін білмекке ынтықпенен табылатын жан азығы мәселесін қарастыратын рухани әлем. Бір сөзбен айтқанда, адамның ғылымы – Алла ғылымының зәредей бір бөлшегі. Адамның ішкі рухани әлемі мен жаратылыс сырын бірге, бір үйлесімділікте (гармонияда) қарастыратын ғылым – Алланың бір сипаты деп түсіндіріледі Ислам әлемінде.

Ғылым турасындағы батыстық және шығыстық көзқарастарды салыстыра зерттеген А.Омаров: «Еуропаның қайта өрлеу дәуірі ғылымға деген көзқарасты өзгертті. Мәселен, атақты неміс ойшылы И.Кант (1724-1804): «Метафизика» деген – транссенттік, яғни, оны танып, білу мүмкін емес нәрсе. Оған бес сезім мүшесі дәріменсіз, демек, ғылым бола алмайды», – деген байламға келеді. Осылайша, «ғылым» ұғымының шеңбері тарылды. Жан сыры сырт қалып, жаратылыс сырын тану ғана «ғылым» делінді. Біз батыс ықпалындағы елміз. Ғылым – тек материалдық әлемді танып-білу құралы деп білетініміз сондықтан.

Қайталап айтайық, шынтуайтында ғылым – дүниенің көрінген (физика) және көрінбеген (метафизика) сырын, яки ғаламды тұтас қамтитын термин. Абай: «Ғылым – Алланың бір сипаты, ол – хақиқат» деп нақты анықтама береді. Ғылымның әлеуетін: «Ғылымсыз ақирет те, дүние де жоқ. Ғылымсыз оқыған намаз, тұтқан ораза, қылған қаж ешбір ғибадат  орнына бармайды» (10-сөз)  деп ұқтырған, – дейді. (А.Омаров. 7-8-бет. Абайдың «Тасдиқ» трактатын тәпсірлеу. Алматы, «ADAL кітап» 2026)

Күллі ғалам Алланың ғылым-құдіретімен жаратылған. Адамның ғылымы оның зәредей ғана бөлшегі. «Адамның ғылымы, білімі, хақиқатқа, растыққа құмар болып, әр нәрсенің түбін, хикметін білмекке ынтықпенен табылады», – деген автор, өз ойын Абай сөзімен тұжырымдапты. Келіспеске негіз жоқ.

Еуропаның ағартушылық дәуірінің аса ықпалды ойшылдарының бірі, неміс философы И.Канттың «Ғылым» туралы тұжырымына Абайдың «Ғақлиат Тасдиқат» трактатындағы айтылған ғылым туралы ойларын қарсы қойған автор тәсілі – Абайдың ғылым туралы ойларының әлемдік деңгейдегі көрінісін нақтылап, айшықтап берген.

Еңбекте келтірілген шығыс ойшылы Абай мен неміс философы Канттың ғылым туралы тұжырымдары – батыс пен шығыстың ғылым туралы ойларының шынайы көрінісі. Қос ойшылдың ғылым туралы көзқарастарын ой елегінен өткізер болсақ, Абайдың ғылым туралы ойы – күрделі де нәрлі һәм ой өзегінің ұстыны тым тереңде жатыр.

Ғылым туралы Абай тұжырымы – түрлі діни ғылымдар ықпалымен жаратушы бір Алланы ғылымнан бөліп тастап, ғылым мен дінді бір-біріне қарама-қайшы ұғым ретінде қарастырып, ғылымды қажет етпей отырған бүгінгі қазақ қоғамы үшін ауадай қажет, өзекті ой екендігінде дау жоқ.

Абай тұжырымына сүйеніп «ғылым» сөзін шығыстық және батыстық көзқарастар арқылы жан-жақты талдаған автор: «Ғылым тамыры – теория, ал, білім – тамырын практикадан тартады. Өмір тәжірибесінен білгендердің бәрі – білім. Білім – білу, оқу, үйрену арқылы келеді», – дей отырып, «Ілім» сөзі туралы: «Ілім – ғылымға туыс ұғым. Ерекшелігі: ілім – жекеге тиесілі; Оның ашқан заңы, қосқан үлесі. Оның нақты авторы бар. Мәселен: Конфуци ілімі, Фараби ілімі, Кант,Гегель, Дарвин ілімдері деген секілді. Қорыта айтқанда, «Абай ғылымы» – тіркесі қателік емес, алайда, «Абай ілімі» деу дұрысырақ. Өйткені, ғылым – жалпыға, ілім – жекеге қатысты термин», – дейді. . (А.Омаров. 8-10-бет. Абайдың «Тасдиқ» трактатын тәпсірлеу. Алматы, «ADAL кітап» 2026)

Абайдың аса күрделі «Ғақлиат Тасдиқат» трактатын түсініп оқуға оқушысын алдын-ала даярлаған автор, Абайдың дүниені жан құмары және тән құмары арқылы түсіндіруін талдай келе, Абай шығармашылығында молынан кездесетін «Мақсат» және сирек кездесетін «Мақсұт» ұғымдарының мағыналық мәнін Абай шығармашылығынан мысалдар келтіре отырып, түсінікті де жеңіл тілмен өз оқушысына ұғындырып өткен.

Асан Омаровтың пайымдауынша: «Мақсат» – өзгермелі. Ол күнделікті өмір – тіршілік талабынан туындаса, «Мақсұт» – жан тілегінен туындайды. Оның сипаты – тұрақтылық.

Тілші-лингвист ғалымдардың өз тіліндегі кейбір сөздердің мағынасын анық түсіну үшін, сол сөздердің баламасын шет тілінен іздейтін тәсілдері бар. Міне, осы тәсіл арқылы Асан Омаровтың «мақсат», «мақсұт» ұғымдары туралы ойын тұжырымдар болсақ: «Мақсат-цель», «Мақсұт-миссия». Сондықтан, «Мақсұт – алыс, өмір – шақ», – деген данышпан Абай: «Мақсұтым – тіл ұстартып, өнер шашпақ», – деп, жан тілегінен туындаған өзінің өзгермейтін өмірлік мақсатын сөз еткен.

Абайдың «Ғалам бірлігі теориясы» хақындағы: «...Ол «бір» деген ғаламның ішінде, ғалам Алла Тағаланың ішінде», – деген сөздерін: «Ғаламды жаратқан бір Алла. Онан тыс ештеңе жоқ. Не нәрсе бар болса, сол Оныкі. Құдай жалғыз. Ол – Абсолют. Құдай арабтікі, қытай, орыс не ағылшындікі бола алмайды. Діни сенім бойынша жақ-жақ болып бөлініп, қырқысу – білімсіздік», – деп ой қорытқан Асан Омаров: «Саяз жүзер сайқалдар, ғапыл қалар, Хақиқат та дін-дағы тереңінде», – деген Абай сөздерімен, Абайдың «Ғалам бірлігі» теориясы хақындағы ойларын қорытындылапты. (А.Омаров. 10-бет. Абайдың «Тасдиқ» трактатын тәпсірлеу. Алматы, «ADAL кітап» 2026)

Абайдың «Ғақлиат Тасдиқат» трактатын ғылыми негізде талдап, тәпсірлеуді мақсат еткен Асан Омаров, алдағы кезең оқушыға түсінікті де жеңіл болуы үшін «Тасдиқтың» «кілт сөзі» болып есептелетін жоғарыда айтылған ұғым мен тіркестерге азды-көпті тоқталып, тәпсірлей кетуді жөн санаған сыңайлы.

Бұл тәсіл – көпшіл қауым, қарапайым оқырман үшін жазылған Асан Омаровтың «Абайдың «Тасдиқ» трактатын тәпсірлеу» еңбегінің үлкен бір жетістігі деп бағаладық. Себебі, Абайдың «Ғақлиат Тасдиқат» трактаты – ғылыми даярлығы бар абайтанушылардың өзі ұшығына жете алмай жүрген аса күрделі еңбек. Сондықтан да, А.Омаровтың Абайдың «Ғақлиат Тасдиқат» ғылыми трактатындағы күрделі ұғымдарға «Аңдатпа» бөлімінде алдын-ала түсінік беруі – Абайтану ғылымындағы жаңа қадам.

Абайдың «Тасдиғын» тәпсірлеп отырған абайтанушы ғалым А.Омаров «Ғақлиат Тасдиқаттың» қашан, қалай жазылғаны хақында: «Абайдың барлық жинақтары: «Қарасөздердің жазылу мерзімі «1891-1898 жылдар» деп көрсетеді. Бұл – қателік. «Тасдиқтың» мерзімі бөлек. Ол – 1899-1902 жылдары жазылған», - дейді. (А.Омаров. 5-бет. Абайдың «Тасдиқ» трактатын тәпсірлеу. Алматы, «ADAL кітап» 2026)

Осы ойына дәлел ретінде автор Абайдың 1898 жылы жазылған «Өлсем орным қара жер», «Ауру жүрек ақырын соғады жәй», «Жүрегім менің қырық жамау» өлеңдерін айта келе: «1898 жылы Мұқыр сайлауында ұлы ақынға қамшы сілтенген-ді», – дей келіп: «Сорақы оқиғаның бір оң салдары: Ол Тәңірі: «Қорытынды еңбегіңді қолға ал, қапы қалма» деп белгі бергендей әсер еткен Абайға. Сөйтіп, 1899-1902 жылдар аралығын ойшыл мүмкіндігінше оқшауланып өткізеді. Сол тыныш уақыттың тамаша жемісі», – «Тасдиқ» трактаты», – деп, Абайдың «Тасдиқы» Мұқыр оқиғасынан кейін жазылды деген ойды тәпсірлейді. (А.Омаров. 5-бет. Абайдың «Тасдиқ» трактатын тәпсірлеу. Алматы, «ADAL кітап» 2026)

Ал, бас абайтанушы М.Әуезов: «Абай Маұқыр оқиғасын, бұл күнге дейін ру басшысы болып келген Абайдың саяси өлімі болсын деп, іштей ырза болып, қабыл алған сияқты. Сексенінші жылдардан бастап екі кісі болып бөлінген Абай сыртқа көрсетіп жүрген тонын осымен өртегісі келеді», дейді. (М.Әуезов. 152-бет. Абайды білмек парыз ойлы жасқа. Алматы, «Санат» - 1997)

Мұқыр сайлауындағы оқиғадан соң ру басы Абай өліп, шығармашылыққа бір жола ден қойған данышпан Абай қалды деген ойды айтып отырған М.Әуезов – А.Омаровтың Абайдың «Тасдиқы» Мұқыр оқиғасынан соң, 1899-1902 жылдар арасында жазылды деген пікірін қуаттап отырғандай.

Ғылым үшін ұсақ-түйек деген ұғым жоқ. Абайды әлемдік деңгейдегі ойшыл дәрежесіне көтерген «Ғақлиат тасдиқат» ғылыми трактатының жазылған уақыты – Абайтану ғылымы үшін тіптен де ұсақ-түйек мәселе емес. Сондықтан да, Абай «Тасдиқатының» жазылу мерзімі туралы бір-екі ауыз сөз айтуды жөн көрдік.

Ақын шығармашылығының биік шыңы, «Ғақлиат Тасдиқат» трактатын жазу – Абай ойына 1896-97 жылдар арасында орала бастаса да, трактатты жазып біткен уақыты – 1898 жылдардан кейінгі, 1899-1901 жылдар шамасы ма екен деп ойлаймыз. Себебін тарқатып көрейік...

1893 жылдан бастап Мәскеудегі провослав миссионерлік қоғамының бастамасымен айына екі рет шығып тұратын «Православный благовестник» журналының 1897 жылдың мамыр айындағы №8-9 сандарына орыс миссионері, дін қызметкері Леонид Покровскийдің «Записки киргизского миссионера Леонида Покровского за 1896 год» (Қырғыз миссионері Леонид Покровскийдің 1896 жылғы жазбалары) атты естелік еңбегі жарияланады. Естелікте қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлы хақында бұрын еш жерде айтылмаған тың дерек сөз болған. Естелік мақаланы тауып, «Тұлға туралы тың дерек» деген атпен баспасөз бетінде алғаш жариялаған Астана халықаралық университеті, өнер және гуманитарлық ғылымдары жоғарғы мектебінің деканы Саят Баймұратұлы. Біз бұл мақала туралы түйген ойымызды «Дереккөздеріндегі Абай кітапханасы» атты мақаламызда жан-жақты талдап, көрсетуге тырыстық. (Қараңыз: Абай.KZ. порталы. 25 қараша, 2025 жыл.)

Орыс миссионері Леонид Покровский өзінің 1897 жылдың мамырында «Провославный благовестник» журналында жарияланған «Записки киргизского миссионера Леонида Покровского за 1896 год» атты мақаласында: «Я строги мусульманин, но не такой, как Вы думаете. Я многое не признаю, чему учить ислам. Коран страшно искажен, в нем трудно отличить истину от лжи. Могометь, между прочем, никогда не учил о священной войне, он всегда поощрял занятия наукой, проповедовал любовь ко всем людям. Что касается религиозной не терпимости, то все это выдумки позднейших мулл, главным образом турков выдумавших ее для поддержания своего могущества, и татар подпавших под власть русских и вечно мечтающих об освобождении от этой власти. Главной праповедник ненависти к немагометанам – Казанская медресе. Ни в Турции, ни в Арабии, ни в Персии – не проповедуется такого фанатизма, как в Казани. В настоящее время здесь-то именно и искажается более всего истинное магометанское учение. Что касается русских, то они не имеют достаточного знания магометанства, не постигли всю глубину  его. Большинство изучает магометанство по переводам, а все переводы, в том числе и Г.Саблукова весьма не правильный. Я, говорить Ибрагим, работаю над восстанавлением истинной религии  магоматанской в том виде, в каком дал ее Магомет. После смерти моей труды мои прочитают магометане и может быть найдутся продолжатели моего дела»  (Проваславный Благовесник. №9, Май. 1997 год)  (Қазақшасы: Мен шынайы мұсылманмын, бірақ сіз ойлағандай (мұсылман) емеспін. Ислам оқытып үйрететін көп нәрсені мойындамаймын. Құран қатты бұрмаланған. Онда ақиқат пен жалғанды ажырату өте қиын. Мұхаммед пайғамбар ешқашан (дін үшін болатын) қасиетті соғысты насихаттаған емес. Ол әрдайым ғылыммен айналысқанды қолдап, адамзатты махаббатпен сүюді насихаттады. Діни төзімсіздік – кейінгі молдалардың әсіресе, түріктердің өз билігін сақтап қалуы мен татарлардың орыс билігінің бодандығынан құтылсақ деген арманынан туындаған амал. Мұсылман еместерге өшпенділікті насихаттайтын басты орталық – Қазан медресесі. Түркияда, Араб елдерінде, Парсыда – Қазандағыдай діни фанатизімді насихаттамайды.

Қазіргі кезде, ислам  дінінің қатты бұрмаланып жатқан жері – Қазан. Орыстар ислам ілімін жеткілікті дәрежеде білмейді, оның тереңдігін түсінбейді. Орыстардың көпшілігі исламды аудармалар арқылы оқиды. Ал, барлық аудармалар, оның ішінде Г.Саблуков аудармасы да – қате.  Мен – деді Ибрагим – ислам дінінің Мұхамед пайғамбар қалдырған шынайы ақиқат нұсқасын қалпына келтірумен айналысып жүрмін. Мен өлгеннен кейін менің еңбектерімді мұсылмандар оқып, бәлкім менің ісімді жалғастыратындар табылар.» Еркін аударған Н.Махан)

«Мен ислам дінінің Мұхамед пайғамбар қалдырған шынайы ақиқат нұсқасын қалпына келтірумен айналысып жүрмін», – деп, Абайдың өз аузымен айтқан сөздерінен «Ғақлиат Тасдиқат» ғылыми трактатының жазылу себебін анық аңғарамыз.

Алайда, бізге керегі «Тасдиқтың» жазылу себептері емес, «Тасдиқтың» жазылған уақыты.

Миссионер Леонид Покровский Абай ауылына 1896 жылдың 5-қыркүйегінде келгенін өз жазбасында анық жазған. «Ислам дінінің ақиқат нұсқасын қалпына келтірумен айналысып жүрмін», - деген Абай, бұл уақытта «Ғақлиат Тасдиқатты» бітіре қоймағаны – анық.

Бәлкім ол кезде трактатты жазуға әлі кіріспеген болуы да бек мүмкін. Айта кететін бір мәселе: Абайдың «Ғақлиат Тасдиқат» деп аталатын ғылыми трактаты өте күрделі еңбек. Мұндай күрделі еңбекті жазу – ұзақ уақытты талап етері хақ.  Сондықтан, Абай бұл еңбегін жазуға алдағы екі-үш жыл  уақытын арнады деп ойлаймыз.

1898 жылдың 18 июнь күні Мұқыр сайлауы өтіп жатқан Көшбике деген жерде Абай басына қамшы сілтеніп, ақын таяққа жығылады. Бұл оқиғадан рухани тұрғыдан үлкен соққы алған Абай, Семей облысы прокурорына арыз жазады.

Абай өмірін мұрағаттық деректер арқылы көп зерттеген абайтанушы ғалым Мұздыбай Бейсенбаев Мұқыр сайлауында соққыға жығылған Абай туралы: «1898 жылы Абай 4 және 9 шілде күндері екі рет Семей облысы прокурорына арыз жазады. 1898 жылы жазылып, Семей округтық сотына берілген Абай арызы бойынша, облыстық басқарма «Құнанбаевтың жеткілікті дәлелдері болмағандықтан»  істі қысқартқандығы жөнінде Абайға 1900 жылдың       4 январь күні Семей округтық прокуроры арқылы хабарлайды. Осы хабарды естіген Абай әділет іздеп, Петербургтегі жоғарғы Сенатқа арыз жазады. 1900 жылдың 3 декабрінде Абай арызын Сенат қарап, іс қайта қаралсын деген үкім шығарады. 1901 жылы 21 февральда Семей округтық соты істі қайта қарау үшін өндіріске қостық деп Сенатқа қызметтік есеп береді. Абайдың Сенатқа жазған хатының бұдан арғы тағдыры белгісіз», – деп жазады. (Мұздыбай Бейсенбаев. Абай және оның заманы. Алматы, «Жазушы» 1988)

Абайтанушы Мұздыбай Бейсенбаев еңбектеріндегі мұрағаттық құжаттарға сүйене отырып айтпағымыз: 1898 жылдың 18 шілде күні Абай соққыға жығылатын Мұқыр сайлауындағы «Көшбике» оқиғасының соңы үлкен дауға ұласқандықтан, 1898-1901 жылдар арасында Абай жайланып отырып, «Ғақлиат Тасдиқатты» жазуға мұршасы болды деп айта алмаймыз. Сондықтан, біздің ойымызша, Абай «Ғақлиат Тасдиқатты» орыс миссионері Покровский келіп кеткен 1896-1897 жылдары бастаса да, 1898 және одан кейінгі жылдардағы оқиғалар сергелдеңінің мінәйі себептеріне байланысты жайланып отырып жаза алмай, ол «Ғақлиат Тасдиқатты» 1901-1902 жылдары жазып бітті-ау деп жобалаймыз.

Біздің бұл ойымызға «Тасдиқатта» айтылатын философиялық ойлармен төркіндес, үндес келіп, «Тасдиқаттағы» ойларды поэзия тілімен, өлең түрінде қайталаған Абайдың 1902-1903 жылдары жазылған «Алланың өзі де рас, сөзі де рас», «Тотықұс түсті көбелек», «Жүрек теңіз, қызықтың бәрі асыл тас», «Жалын мен оттан жаралып» секілді өлеңдері дәлел.

Әрине, Мүрсейіт қолжазбалары арқылы бүгінгі бізге жеткен Абайдың «Ғақлиат Тасдиқат» ғылыми трактатының дәл қай жылы жазылғанын дөп басып айту қиын. Алайда, ғылым – дәлел мен дәйек, содан соң қисынды – жүйе деген тұжырым бойынша саралар болсақ, Асан Омаровтың: «Тасдиқ – 1899-1902 жылдар арасында жазылды», – деген ойының қисынды жүйесі шындық ауылынан алыс кетпеген секілді.

«Тасдиқтың» қай жылдары жазылғаны ұсақ-түйек мәселе емес десек те, Абайдың «Ғақлиат Тасдиқат» трактатында қарастырылатын мәселелердің өзектілігін жете түсіну – «Абайтану»  ғылымы мен бүгінгі қазақ қоғамы үшін өте маңызды мәселе. Себебі, Абайдың «Ғақлиат Тасдиқат» трактаты Ғаламды бір ғана жаратушы Хақ Тағала жаратты деп, күллі адамзатты рухани бірлікке шақыратын әлемдік деңгейдегі еңбек. Егер біз Абайдың бұл еңбегін өз деңгейінде насихаттай алмай» жүрсек, ол – біздің кінәміз ғана емес, ол – Абай шығармашылығының деңгейін өз дәрежесінде түсіне алмай жүрген бүгінгі мына біздің рухани қаліміздің айқын көрінісі де болып табылады.

Бірінші бөлімнің соңы

(жалғасы бар) 

Нұрғали Махан

Abai.kz

0 пікір