Сенбі, 23 Қараша 2024
Депутаттық сауал 2558 4 пікір 8 Қараша, 2023 сағат 16:53

Қанымызды кім сорып жатқанын білуге қақымыз бар!

Әділетсіз кен орындары келісімдерін заңсыз деп санаймыз!

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса ҚР Премьер-Министрі Ә.Смайыловқа еліміздегі стратегиялық кен орындарымен жасалған құпия келісімшарттарды қайта қарау туралы «Ақ жол» фракциясының депутаттық сауалын жолдады.

ҚР Премьер-Министрі Ә.Смайыловқа,

1. «Ақ жол» партиясы билік ойларына келгенін істеген отыз жылдағы мұнай-газ, яғни стратегиялық кен орындарымен жасалған құпия келісімшарттарды қайта қарауды, халыққа тиімсіз, әділетсіз келісімдерді тоқтатуды талайдан бері көтеріп келеді.

2. • Шетелдіктермен кен орындары жайлы жасасқан Өнімді бөлу Келісімдерін (ӨБК) ашық жариялау керек.

• Стратегиялық кен орындарындағы еліміз үлесі 51%-дан аз болмауын заңмен бекіту керек.

• Біз халқымызға қатысты әділетсіз болған жағдайда, Өнімді бөлу Келісімдерін заңсыз деп тану керек.

3. Өнімді бөлу туралы келісім деген не? Ол – қашанда елдің емес, тек инвестордың мүддесі мен пайдасын ғана қорғайды. Дамыған елдерде мұндай келісім жасалмайды.

4. Мысалы, БАҚ мәліметінше, мемлекетке Қашағандағы мұнай мұхитынан тиетіні тамшыдай ғана - 2 пайыз?!

Ал Қашаған Қазақстанда өндірілетін бүкіл мұнайдың 20 пайызын береді. Осы орасан мұнай кенішінен бізге түсетін пайда жоқтың қасы болса, бұл жерде ешқандай да инвестордың елге тигізер игілігі жоқ!

Бұл-шетелдік инвестор мен сол кездегі президент Назарбаев үшін зор келісім болған шығар, халық үшін қор келісім болды!

Біз осы қорлыққа отыз жылға жуық төзіп келеміз!

5. Біздің шекесі тар шенеуніктер шешіміне сай, жер қойнауының иесі - Қазақстан халқы шетелдіктердің өз меншіктерін қалай пайдаланып жатқанын білмеуі керек?!

Яғни, бар байлығыңды тонап жатқандардан «не істеп жатсыңдар?» деп сұрауға болмайды екен…

6. Конституцияға сәйкес, Қазақстанда халықаралық шарттар парламент оларды ратификациялаған жағдайда ғана ұлттық заңнамадан үстем бола алады.

Ал Өнімді Бөлісу Келісімі Парламентте талқыланбаған және ратификацияланбаған, сондықтан олар біздің заңдарымыз бен Конституциямызға бағынуы тиіс.

7. Біз Үкіметке құпия келісім (ӨБК) шарттарын жариялауды талап етіп, екі рет депутаттық сауал жолдадық. Әлихан Смайылов мырза, өзіңіз бастап, Үкімет екеуінде де бас тартты.

8. Қара алтынымыз, мұнайымыз – экономикалық қан тамырымыз.

ҚАНЫМЫЗДЫ КІМДЕР ҚАЛАЙ СОРЫП ЖАТҚАНЫН БІЛУГЕ ҚАҚЫМЫЗ БАР МА, ЖОҚ ПА?

Халықтан жасырып, халық байлығын шетелге асырып отырғандардың атын білуге халықтың толық қақысы бар!

2022 жылы жазда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұрынғы өнімді бөлу туралы келісімшарттар 30 жыл бұрын басқа жағдайда жасалғанын, қазір оларға түзету енгізу керектігін айтты.

9. Қазақстанда Әлемдік Банк зерттеуінше, сирек асыл қазыналар жатқан 5 мың кеніштің құны 46 триллион доллардан асады!?

Ал осы алтын қазынаның үстінде жалаңаяқ отырған елде балаларына сүт сатып әпере алмай отырғандар аз емес…

Мұнайына ие болғандар құдайына бағынғысы келмей жатқан заманда біз Мұнай мен газдың үстінде тезек жағып отырып, өзге елдердің соңында тезек теріп қалдық.

10. Иә, отыз жыл жасырылған миналар жарыла бастады.

Қаңтар қасіреті де, Қарағанды қайғысы да сол жарылыстар!

Әдеттегідей, кезекті рет болып отырған Қарағандыдағы қаралы оқиғалар жүздеген адам өмірін қиды. Кеншілердің қауіпсіздігін, өмірін ойламайтын, тек темірі мен көмірін ойлайтын, көмір қазушыларды өздеріне қабір қазушыларға айналдырған қандай келісім-шарт ол?!

Қаптаған қабірлердің үстінде Митталдың миллиардтар санауы, ал біздің құрбандықтар санауымыз қашан тоқтайды?!

11. Халық түбегейлі өзгерісті, Әділетті Қазақстанды ертең емес - бүгін, қағаз жүзінде емес - өмірде көргісі келеді!

Ұсыныстар:

1. БАРЛЫҚ ӘДІЛЕТСІЗ ЖАСАЛҒАН КЕН ОРЫНДАРЫ КЕЛІСІМДЕРІН ЗАҢСЫЗ ДЕП САНАЙМЫЗ! ОЛАРҒА ТҮГЕЛ АУДИТ ЖАСАЛУЫ ТИІС.

2. Алдағы уақытта жер қойнауын пайдалану келісімшарттарында қоғам үшін жабық баптар мен нормаларды қолдануға тыйым салуды талап етеміз.

3. Конституция нормасына сай стратегиялық кен орындардағы Қазақстанның үлесін 51%-дан аз болмауын заңмен белгілеуді ұсынамыз.

Құрметпен, «Ақ жол» фракциясы.

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5385