Елде зорлық-зомбылыққа қарсы петицияға қол қоюшылар қатары өсті
Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жазаны қатайтуды сұраған екі жыл бұрынғы петиция қайта жанданып, оған қол қойғандар 65 мыңнан асты. Бір күн бұрын бұл көрсеткіш шамамен 40 мың болған.
Салтанат Нүкенованың өлімінен соң әлеуметтік желіде әйел құқығы мәселесі қайта көтеріліп, отбасындағы күш көрсету оқиғалары жиілеп кеткені айтылды.
Онлайн-петиция авторлары Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық, педофилияға жаза жеңіл екенін айтып, бұл елдегі осы қылмыс түрінің көбеюіне де белгілі бір дәрежеде әсер етіп отырғанын жазған.
"Қалыптасқан жағдайға байланысты үкімет пен парламентке тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсеткені үшін жазаны қатайту мәселесіне қайта оралуды, атап айтқанда Қылмыстық кодекстегі 108 және 109-баптарды ("ұрып-соғу" және "денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру") қалпына келтіруді, тұрмыста болатын өзге де заңсыздықтарға әкімшілік жауапкершілікті күшейтуді тапсыруыңызды өтінеміз" деп жазылған петицияда.
Бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев 11 қарашада Астана сотының шешімімен "Адам өлтіру" бабымен екі айға қамалған. Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген күдікке ілінген. 31 жастағы әйел Астанадағы мейрамханалардың бірінде қатыгездікпен ұрып-соғудан көз жұмған. Бұл оқиғадан кейін қоғамда тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі қайта көтеріліп, кінәлілер көп жағдайда жазасыз қалатыны айтылып жатыр. 15 қарашада президент Қасым-Жомарт Тоқаев ішкі істер министрлігіне бұл істі "ерекше бақылауда ұстауда" тапсырғанын Ақорда жазды.
2017 жылғы шілдеде "Ұрып-соғу" және "Денсаулығына қасақана жеңіл зақым келтіру" баптары Қылмыстық кодекстен әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске ауыстырылған.
Статистикаға сүйенсек, елде Қазақстан әйелдерінің басым бөлігіне күйеуі немесе серігі күш қолданады. Полицияға жыл сайын тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы 100 мыңнан астам хабарлама келіп түседі.
Қазақстан ІІМ биыл мамырда жариялаған мәліметі бойынша, елде жыл басынан бері тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 35 мыңнан астам арыз-шағым келіп түскен. Тек аз бөлігі ғана жазаланған.
БҰҰ мәліметінше, елде жыл сайын шамамен 400 әйел күйеуі немесе серігінің қолынан қаза болады. Халықаралық Human Rights Watch адам құқығын қорғау ұйымы Қазақстанда тұрмыстық әлімжеттік азаймай отырғанын айтқан.
Abai.kz