Балаева: «Тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресудің кешенді жоспары әзірленіп жатыр»
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева елдегі өршіп кеткен отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық проблемасына байланысты қазақстандықтарға үндеу жолдады.
«Қазіргі кезде біз үшін тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселелері алдыңғы орында тұр. Бұндай қылмыстар үшін жауапкершілік 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап едәуір күшейтілген болатын. Солан бері жауапқа тартылған агрессорлар саны 2 есеге көбейген. Дәлірек айтқанда осы жылдың екінші тоқсанында 7 мың адам жауапқа тартылса, үшінші тоқсанда олардың саны 27 мың адамға жеткен. Одан басқа 60 мың құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оларға қатысты 70 мың ескерту жасалды. Құқық бұзушылардың мінез-құлқын түзету үшін сот арқылы сот арқылы 12 мың талап қойылды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 10 айда отбасылық-тұрмыстық құқық бұзушылықтар туралы хабарламаларды тіркеу 20 пайызға, оның ішінде қылмыстық құқық бұзушылықтар 4,2 пайызға, ауыр қылмыстар 12 пайызға төмендеді.
Өкінішке орай соңғы жағдайлар бұл мәселенің әлі де күн тәртібінен түспегенін және өзекті екенін көрсетіп тұр.Басты себеп заңды азаматтардың құқығын құрметтемеу, осыдан туындайтын сананың бұзылуы, жалпы құқықтық нигилизм қазіргі қоғамға тән екенін көрсетіп отыр.
Дәл қазір Президент жанындағы әйелдер және отбасылық саясаты жөніндегі ұлттық комиссия тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресудің кешенді жоспарын әзірлеуге кірісті»,-деді министр.
Аида Балаева барлық сарапшылар мен азаматтық секторларды белсенді болуға тиісті ұсыныстарды жолдауға шақырды.
Abai.kz