359 лауазымды тұлға парамен ұсталған
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі өткен жылдан бері пара берген немесе алған лауазымды тұлғалардың санын атады.
«Өткен жылы және биыл 10 айда елімізде (барлық құқық қорғау органдары бойынша) сыбайлас жемқорлық қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін 359 лауазымды тұлға ҚР Қылмыстық процестік кодекстің 128-бабы бойынша ұсталды. Сыбайлас жемқорлық әрекеті бойынша сотталғандардың көбі Алматы, Астана, Шымкент қалалары және Түркістан, Жамбыл облыстарында», - деген жауап келді Антикордан Kazinform агенттігі жолдаған сауалға.
Осы уақытқа дейін сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет елден заңсыз шығарылған активтерді сондай-ақ қылмыстық істер арқылы келтірілген залалды, яғни, жалпы сомасы 857 млрд теңгені қайтарды.
«Қазақстан Республикасы Конституциясының және қылмыстық-процестік заңнамасының нормаларына сәйкес, заң мен сот алдында барлығы тең. Қылмыстық қудалау органы қылмыстық құқық бұзушылықтарды объективті тергеуді, Қылмыстық-процестік кодекс талаптарына қатаң сәйкестікте оларды жасаған адамдарды әшкерелеуді және күдіктілердің атқаратын лауазымдарына қарамастан, қылмыстық жауаптылыққа тартуды жүзеге асырады», - дейді ведомстводан.
Abai.kz