Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2753 0 пікір 18 Қыркүйек, 2013 сағат 10:45

Құрылтайға қарсы құрдастарға құлаққағыс...

“Атама жақсылық жасасам апама жақпаймын” деген екен бiр келiн. Ұлтшылдардың құрылтайын өткiземiз деп даудың да, сынның да, өкпенiң де астында қалып қойған жағдайымыз бар. Қолдап жатқандар да аз емес деп тоқмейiлсiп, “ит үредi, керуен көшедi” деп те, мән бермеуге болар ма едi, бiрақ...

“Атама жақсылық жасасам апама жақпаймын” деген екен бiр келiн. Ұлтшылдардың құрылтайын өткiземiз деп даудың да, сынның да, өкпенiң де астында қалып қойған жағдайымыз бар. Қолдап жатқандар да аз емес деп тоқмейiлсiп, “ит үредi, керуен көшедi” деп те, мән бермеуге болар ма едi, бiрақ...

ҰЛТШЫЛДАР НЕГЕ ЕКIГЕ ЖАРЫЛДЫНЕМЕСЕ ҚАРСЫ ШЫҚҚАНДАРҒА АЛҒЫС...
Осыдан аттай алты ай бұрын “Ұлттық-демократиялық мемлекет құру тұжырымдамасының” жобасын әлеу­меттiк желiлерде көпшiлiк назарына ұсындық. Көп ұзамай жоба abai.kz, ult.kz, тағы басқа сайттарда жа­рия­ланған-ды. Орыс тiлiнде­гi аудармасы да matritsa.kz, zonakz.net сайттарына шығып, аталған төрт сайттың өзiнде 15 мыңға жуық адам оқыпты. Ал facebok.com, Twiter.com желiлерiндегi 20-ға жуық топтарда 35-40 мың адам жобамен танысты деп болжап қойдық. Басына “жоба” деп айқайлатып айдар тағып, дүркiн-дүркiн “бауырлар, бұл – әлi жоба. Ой-пiкiрлерiңiздi бiлдiрi­ңiздер, бәрiмiз талқыға салайық, артық-кем, жетпеген, қамтылмаған, айтылмағаны болса, сын тезiне салып, толыққанды дүниеге айналдырайық. Сосын күзге қарай бiр жиын жасап, осы жобаны бекiтейiк” деген әңгiменi айтумен болдық.
Содан кейiнгi төрт айдың iшiнде бақандай екi ұсыныс түстi... Бiрi – “Ұлттық-демо­кратиялық мемлекет құрудың тұжырымдамасы” деген сөз­дегi “құру” деген сөздi “қа­лып­тастыру” деп ауыстыру туралы. Екiншiсi – “бiр мемлекет – бiр дiн”, “Қазақ – мұсылман халық” деген сөз­дердi алып тастау. Се­бебi қазақтардың iшiнде басқа дiндi ұстанатындар да, атеистер де баршылық деген түйiн жасады. Қош, ол да дұрыс екен деп, екi ұсынысты да құп көрдiк.
Араға тағы бiр ай салып, “Ұлтшыл бауырлар, бiрiгiң­дер!” деген ұранмен ұлт­шыл­дар құрылтайын өткi­зетiнiмiздi жарияладық.
Мiне, осы жерде “даудың басы Дайрабайдың көк сиырынан” емес, құ­рылтай өткiзу идеясының кiмдердiң аузынан шыққанынан басталды.
Бiраз бауырларымыз “Бұлар кiм, бiз тұрғанда?.. Бiзбен алдымен ақылдасып, ақыл неге сұрамайды? Ұлтшылдық алаңы бiздiң ғана орнымыз емес пе?” деген ойларын сөзiмен де, ымымен де бiлдiрiп, атой­лап қарсы шықты. Ең қызығы кеңестiң көзiн көрiп, коммунист көсемдердiң уағызын тыңдаған аға буын емес, тәуелсiздiктiң бұлағынан сусындаған өз құрдастарымыз, iнiлерiмiз, яғни жас буын алдымен ала тайдай бүлiндi. 
Жә дейiк... Ол да дұрыс шығар... бiрақ олардың ұлтшылдықты аталарынан мұраға алмағаны анық. Олай болса, ұлтшыл болу неге белгiлi бiр жұмыр бастың еншiсiне тиюi керек? Жалпы, ұлтшыл болу әркiмнiң мiндетi, ал көшбасшы болу қолынан келгеннiң, артына ел ергеннiң, яғни Алла маңдайына бергеннiң еншiсi. Алланың iсi өзiне аян. Олай болса бiз неден жас­қанып, кiмнен ақыл сұрамақпыз дедi бiр қырсықтық, бiр бiрбет­кейлiк бiздiң жүректерде.
“Бiткен iске сыншы көп” әрине... Бiрақ сын шын болса, көңiл ақ, ниет шынайы болса, қанеки? “Жазғандары сауатсыз, түкке алғысыз” деген сабаздар жиырма екi жылдан берi Лениндей 54 том жазбаса да он жоба жазуына уақыты болды ғой. Ендi “Жiгiттер мына жерiн былай жазыңдар, былай түзетiңдер” деп сауаттылығын, ағалығын көрсетсе, кiм қолын қағыпты? “Үшеуi асығыстық жасап отыр, әлi де ақылдасу керек едi” дегендер ендi қанша күтер едi, асықпай жүргенде арбамен қоян алмақ түгiлi тасбақаның да қарасы көрiнбей кеткен жоқ па дедiк рен­жiп...
Артынан ақылға салсақ, шынымен де сол қарсы шыққан бауырларға алғыс айтуымыз керек екен... неге дейсiз бе? Шынымен де кейде мақала жазып, кейде митинг, арасында флешмоб жасап, үнiмiздi шығар­ғанымыз болмаса, бiздi елдiң көбi шынымен-ақ танымайтын едi. Ал егер атынан ат үркетiн ұлт-патриоттары бiздiң ұсынысты қызу қолдап, отынын тасып, отын маздатып ала жөнелсе екi күннен кейiн ұсыныстың қай ауыздан шыққанын емес, кiмдердiң басында жүргенiн ғана айтар едi жұрт. Сондықтан ашық та қарсы шығып, арасында аңғал ағаларының қолын майлап, сөзiн саптап, бiздi “Бұл ҰҚК жобасы, бұл үшеуi ҰҚК құйыршығы” дегiзгенi шынымен де бiздiң танымалдығымызды арттырмаса, кемiтпедi. Бiр сөзбен айтқанда, “қара пиар да – пиар” деп мырс еттiк... еттiк те жұмысымызды жалғастыра бердiк... Алла сәтiн салса, айқаймен басталған iс абыроймен аяқталсын деңiз...
 
АЙҚАЙЛАҒАНДАҒЫ АРМАНЫМЫЗ НЕ, ОЙҚАСТАҒАНДАҒЫ ОЙЫМЫЗ ҚАНДАЙ?
Жақсы болсын, жаман болсын бiр дүниенiң жобасы жасалғаны анық. Әрине, кемшiлiксiз дүние жоқ. Iздеген адам Ата заңнан да алты қате табады. Егер мысқыл мен сарказмды жыртылған кебiстей лақтырып тастап, шындығына көз жүгiр­тер болсақ, еркiн ел болғанымызға 22 жыл толса да ұлттық мүдде мәселесiнде жыртық-тесiгiмiздiң аз емес екенi жұрттың бәрiне мәлiм.
Басқаны айтпағанның өзiнде әрбiр туған сәби бесiкке арқасы тимей-ақ мойнына 7000 доллар қарызды арқалайтынын, оған қоса әке-шешесiнiң кемiнде өтелмеген екi несиесiнiң барын ескерсек те, бүкiл халық арғысы 40 жылғы ядролық сынақтың, бүгiнгi 7 әскери сынақ полигоны мен Байқоңырдан төгiлген гептилдың кесiрiнен тепсе темiр үзетiн жастардың 30 пайызының белсiздiкке ұшырағанын, одан қала бердi, iсiк аурулары мен құбыжық балалардың көптеп туылуын айтсақ та жеткiлiктi.
Ол аздай ендi есiн жиып, еңсесiн көтере ме деген халыққа экономикалық қысым жасап, Кедендiк одақтың кеңiрдектi қысып бара жатқанын, Еуразиялық одақ деген пәленiң қыр астында тұрғанын, оған билiктiң бишiгiн ұстағандар шыбындап, бас изеп тұрғанын қосыңыз.
Жақында бiр досым хабарласты. Досы болған соң мақтап отыр демеңiз, шынында да ол жiгiт талант­ты теле журналист. Тiлiнен де, қолынан да iс келедi. Кезiнде “Хабар” арнасының маңдайалды про­дюсерi де болған-ды. Сол жiгiттi бiр телеарнаның басшыларының бiрi ретiнде өтiп тұрған жерiнен “жоғары жақтан звандап” тiзiмнен сыздырып тастапты. Себеп? Себеп бiр оппозиционер жiгiттiң қасында бiраз уақыт бiрге жүрiп қойыпты.
Тәйiр-ай, дейсiң сонда. Не қазақ­стандық азаматтығы жоқ, ресейлiк бiреулердi Ұлттық арнаны ойрандатуға берiп қоямыз да өзiмiздiң қазағымызды неге шеттетемiз, оппозицияда болды деп? Оппозицияда жүрген ұл-қыздар шетелдiктерден де жау көрiнгенi ме? Билiкте жүрсе, шпион деп, оппозицияда жүрсе сат­қын деп, шоу бизнесте жүрсе көгiлдiр деп ұлтым деген азаматтардың мойнына неге қоңырау байлай беремiз?
Өзi аз қазақты жүзге, руға бөлдiк. Қаланың баласы “мәңгүрт” дедiк, даланың баласын “мамбет” дедiк. Одан берi дiнге сенетiндер мен сенбейтiндер дедiк, одан мұсылмандар мен еместердi бiр-бiрiне қарсы қойдық, мұсылманның бiрiн вахабит, бiрiн сопы, бiрiн құраншы, бiрiн нұршы деп санға бөлдiк. Құдайым-ау, өзi ат тө­белiндей қазақ бармыз. Он қазақтың он жауы болса, оның сегiзi қазақтың өзi... Ендi қалай ел болып еңсемiздi көтерiп, ұлт болып ұйыса аламыз?
Қазақ тiлдi министрге жұмыртқа лақтырылып, тек қазақша жауап беретiн әншiнiң концертiнде жанжал шыққаны кездейсоқтық па? Әй, қайдам...
“Қайсыбiрiн айтайын, байым өлiп, қайным алғасын” деп жылапты дейдi бiр апамыз. Десек те қазақ баласының, қазақ ұлтының башпайын бiр талдап сындырып, белден шоңқитудың түрлi жымысқы амалдарының жасалып жатқанын қалай жасырайық? Тiлi әлi шығып үлгермеген балабақшадағы, 1-сыныпты ендi аттаған балаларға ағылшын тiлiн үйретiп, бүкiл ғылым бұлағын ағылшын тiлiне тәуелдi етiп қою да ана тiлiмiздiң көсегесiн көгертетiн емес, күлге көмiп, күресiнге тастағысы келетiндердiң әрекетi екенi анық.
Мұрнымызды шүйiрiп, менсiнгiмiз келмейтiн қырғыз ағайындар Ресейден аштықта қырылған ұл-қыздарының құнын даулап жатқанда, бiз 752 ядролық жарылыстан зардап шеккен 1,5 миллионның ақысын талап ете алмай отырмыз. Талап туралы айтасың-ау, Байқоңырды берiп, ақысына 115 млн доллар алсақ, сол елден 7 әскери полигон тұрған 10 млн гектар жер үшiн небәрi 25 млн доллар аламыз. Оның қоршаған ортаға, адам ағзасына тигiзiп жатқан залалы жүздеген жылдарға кетiп, мыңдаған боздағыңды жалмап жатыр. Оның орны миллиардтармен толығар ма?
Осындай жағдайды көрiп, бiле тұра айтпасаң, сөздiң атасы өледi. Бүгiн адамнан қорқып, аузыңды буғаныңмен, ертең Алланың алдында кiм кiнәлi едi дерсiң? Аяқ-қолы жоқ, жаны бар болғанымен, ақыл-есi жоқ, жарымжан, құбыжық балаларды көрiп отырып сол қасiрет сенiң де құндағыңа түсуi мүмкiн-ау дегендi ойлағанда, үстiнен құс ұшырмай, мәпелеп, жанымның жапырағы деген қызың бедеу, тұқымымның тамыры, болашағымның жалғасы деп отыр­ған ұлың белсiз болып, немереңнiң иiсi мен күлкiсiне, былдырлаған сөзiне зар болып, сақалыңнан қанды жасың сорғалар шағыңды көз алдыңа елестетiп көрдiң бе? Көрмесең, көр... мүмкiн ойланарсың...
 
НЕ IСТЕУ КЕРЕК? СӨЗ БЕН IСТIҢ БIРЛIГIНЕ КIМ КЕПIЛ?
Бiр еврей бiр еврей туралы “ол жынды, бiрақ бiздiң жынды” деген екен... Сынаса да, дауласса да, қарсы болса да соның бәрi қазақ, бәрi өзiмiздiң бауырларымыз. “Ырылдарсың қаппассың, менен жақсы таппассың” деген. Ауылдың ала төбеттерi де күнде жуындыға таласып, ырылдасып жүргенiмен, қора шетiне қасқыр тисе, бiрiге қалмай ма? Оның қасында бiз Алла ақыл берген, алдымыз алпыстан, артымыз отыздан асқан, тауысқан кiтабының аты бiр кiтап болатын, көп оқып, көзi ашылған азаматтар емеспiз бе?
Бәрiмiз ұлтшыл болсақ, ойлағанымыз бiр қазақтың болашағы, мұңымыз да, дертiмiз де бiр қазақ, арман-тiлегiмiз де, мақсат-мүд­демiз де бiр қазақ болса, тағы бiр қазағыңның қазақтың жақсармағы үшiн көтерген бастамасына қарсы болғаныңа, ортақ ту көтермей, отауыңды оңаша тiккенiңе жол болсын, ұлтшыл бауырым!
Сонымен, ендi не iстемек керек? “Аузымен орақ орғанның белi ауырмайды” дейтiн әкем. Қашанғы қызыл сөздiң қырманын сапырып, жел сөздiң жауынгерi боламыз? Сөз деген – ауа, ол iспен бiрiкпесе, құны көк тиын да болмас... Онда iсiмiз не болмақ?
“Көп қорқытады, терең батырады” дейдi қазақ. “Көпте ақыл жоқ” дейдi тағы бiр қазақ. Көпке ақыл кiргiзiп, көш бастайтын, сөйтiп, күшке айналдыратын сiз бен бiз емеспiз бе? Олай болса, не тұрыс?
Бауырым-ау, жауың жар астында емес, жауың төрiңде, байлығыңның үстiнде отыр. Қазаққа қазақ жау емес, бауыр. Олай болса бiрлiкке келiп, тiрлiк бастайық.
Бiздiң, яғни ел танымайтын үшеудiң iсi бiр құрылтаймен тоқтамас деймiн. Түсiнген адамға бұл iрi iстердiң бiрi емес, баратын жолдың басы деп ұққан жөн. Бiз өз амбиция­мызды жасырмаймыз. Бiздiң мақсат – ұлттық-демократиялық мемлекет орнату. Оған бастар жол бүгiн құрылтай болса, ертең бiрлес­тiктердiң бiрiгуi, одан арғысы тұтас ұлттың бiрiгуi.
“Жеңiске жетемiн демесең, қол бастама, межеге жетемiн демесең, жол бастама” деген. Иә, соқтықпалы соқпақсыз жолды да көрермiз, етiкпенен су да кешермiз... Бiрақ Алла қаласа, жеңiске де жетермiз.
Әсте от жағып, ойран салмақ ойы­мызда жоқ... тек бiздiң жанымыздың шырылдайтыны қазағымыздың қамы... Қазағым дегенiм – ол өзiм, анам, асқар таудай әкем, бауырларым, менiң балаларым, сүйiп алған жарым, құрдасым, құдам, нағашым, олардың баршасының жақындары, танитын, танымайтын қандастарым... Әркiм осылай ойласа, бiрлiк емей немене? Олай болса, жұмылып жұдырық болмасқа қандай амал бар? 
 
Үшеудiң бiреуi, ұлтшыл-демократ қазақ Мақсат IЛИЯСҰЛЫ
"Жас Алаш" газеті
0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5347