Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 2182 1 пікір 24 Қараша, 2023 сағат 13:25

Мәжіліс спикері: Әділетті Қазақстан – аңыз емес

Елімізде жүргізіліп жатқан реформаларға негізделген «Әділетті Қазақстан» дегеніміз не? Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов «Казахстанская правда» газетіне Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлықтау рәсімінің бір жылдығына орай берген сұхбатында ойларымен бөлісті.

– Әділетті Қазақстан – қияли мақсат емес. Президент бұл туралы айтқанда, болашақтың бейнесін көрегендікпен көрсетіп берді. Ол – азаматтар тұрғылықты немесе шыққан жеріне қарамастан, сапалы әлеуметтік инфрақұрылымға бірдей қол жеткізе алатын ел. Тәртіп пен заң үстемдігі салтанат құратын мемлекет. Адамның кедей немесе бай болуына қарамастан, тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ететін, барлық азаматтың өсуі мен өзін-өзі дамытуына қажетті жағдай жасалған жер, – деді Ерлан Қошанов.

Мәжіліс төрағасы мемлекет өз азаматтарының лайықты өмір сүруі мен адал еңбек етуі үшін жағдай жасауы қажеттігін, бірақ бұл ресурстарды бөлу дегенді білдірмейтініне баса назар аударды.

– Әр елдің ресурсы шектеулі. Бірақ бәріне тең жағдай жасау – біздің басты әрі тікелей мақсатымыз. Балалардың барлық жерде жоғары сапалы білім алуы, медицинаның технологиялық тұрғыда дамыған және бәріне қолжетімді болуы, кәсіпкерлер бір құқықтық алаңда болуы және артық пайда табу мақсатымен ешкімге заңнамалық немесе әкімшілік артықшылықтар берілмеуі үшін бірқатар саладағы теңсіздікті жоюымыз керек. Міне, осындай қоғамды әділ деп атауға болады, – дейді төраға.

Мәжіліс спикері биылдан бастап жемқорлардың ақшасына мектеп салу осындай әділдіктің үлгісі деп атады. Оның пікірінше, бұл әлеуметтік әділдікті қалпына келтіру туралы Президент тұжырымдамасын жүзеге асыруға бірден-бір септігін тигізеді.

 – Өйткені бюджетті жымқырғандар балаларымыз бен келер ұрпақтан ұрлап отыр. Біздің міндетіміз – оны ұрпаққа қайтару. Жаңа буын бәсекеге қабілетті, білікті болып өсуі үшін барлығын жасаймыз. Бүгінде бұл мақсатқа 150 млрд теңге түсіп, ел аумағында 70 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Депутаттар осы мектептердің заманауи, жайлы, білім беруге және жаңа білім беру технологияларын қолдануға қабілетті болуын қадағалайды, – деді Е.Қошанов.

Сондай-ақ осындай мысал ретінде Мәжіліс спикері Президенттің «Ұлттық қор балаларға» бағдарламасын, жылу электр станциялары мен инженерлік желілерді жаңғырту, жайлы мектептер, ауруханалар мен жолдар салуды атап өтті.

– Бүгінде Үкімет бюджет пен инвестицияны жоспарлаудағы олқылықтардың орнын толтыру үшін көп жұмыс атқарып жатыр. Жылдар бойы тиісті көңіл бөлінбеген мәселелерді қолға алдық. Және бұл әдемі мегажобалар мен зәулім ғимараттар емес, адамдардың күнделікті әл-ауқатына тікелей байланысты өмірлік маңызды нысандар, – делінген сұхбатта.

Ерлан Қошанов ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасы да әділеттің үлгісі екенін айтты.

– «2025 жылға дейін Президенттің сайлауалды бағдарламасына сәйкес біз қазақстандықтарды 100 пайыз ауыз сумен қамтамасыз етуіміз керек. Ауылдық жерлерде 700 медициналық мекеме салу жоспарланды. Ал бұл – атқарылып жатқан істердің бір бөлігі ғана, – деді Мәжіліс төрағасы.

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5364