Соңғы cамурай
1974 жылы наурыздың 4-і күні бүкіл әлемді сенсациялық жаңалық шарлап кетеді. Филиппіннің шағын аралдарының бірінде жергілікті полиция қызметкерлеріне 52-жастағы жапон армиясының подпоручигі өз еркімен берілді. Соғыстың аяқталғанын сезбеген ол джунглиде отыз жылдан астам уақыт бойы бой тасалап жүріпті. Подпоручик қатты таңданып тұрған полицияның алдына келіп мылтығын тастайды. «Мен-подпоручик Хиро Онодамын. Маған бастығым берілуді бұйырды» дейді..
Тағдырын өзгерткен бұйрық
— Мен онымен жеке сөйлестім. Ол кісі көпке дейін есінен ауысқандай күй кешумен болды,-деген еді тұтқынмен бірінші болып тілдескен Филиппиннің сол кездегі ханымы Имельда Маркос. — Соғыстың 1945 жылы біткенін естігенде Онода аспаннан жәй түскендей аңтарылып қалды. «Жапония қалай жеңіліп қалды? Онда мен не үшін осы уақытқа дейін мылтығымды кішкентай баладай күтіп келдім? Жауынерлерім сонда не үшін қаза тапты?»- деп сұрады. Мен қандай жауап қайтарарымды білмедім. Сосын ол отыра қалып ағыл-тегіл жылай жөнелді.
1974 жылы наурыздың 4-і күні бүкіл әлемді сенсациялық жаңалық шарлап кетеді. Филиппіннің шағын аралдарының бірінде жергілікті полиция қызметкерлеріне 52-жастағы жапон армиясының подпоручигі өз еркімен берілді. Соғыстың аяқталғанын сезбеген ол джунглиде отыз жылдан астам уақыт бойы бой тасалап жүріпті. Подпоручик қатты таңданып тұрған полицияның алдына келіп мылтығын тастайды. «Мен-подпоручик Хиро Онодамын. Маған бастығым берілуді бұйырды» дейді..
Тағдырын өзгерткен бұйрық
— Мен онымен жеке сөйлестім. Ол кісі көпке дейін есінен ауысқандай күй кешумен болды,-деген еді тұтқынмен бірінші болып тілдескен Филиппиннің сол кездегі ханымы Имельда Маркос. — Соғыстың 1945 жылы біткенін естігенде Онода аспаннан жәй түскендей аңтарылып қалды. «Жапония қалай жеңіліп қалды? Онда мен не үшін осы уақытқа дейін мылтығымды кішкентай баладай күтіп келдім? Жауынерлерім сонда не үшін қаза тапты?»- деп сұрады. Мен қандай жауап қайтарарымды білмедім. Сосын ол отыра қалып ағыл-тегіл жылай жөнелді.
Жапон офицерінің филиппиннің қалың орманындағы шытырман оқиғалы өмірі 1944 жылы желтоқсан айының 14-і күні басталады. Осы кезде батальон командирі майор Танигучи 22 жастағы подпоручик Онодаға америкалықтарға қарсы партизандық соғыс жүргізу міндетін жүктейді. Біз шегінеміз, бірақ, бұл уақытша. Сендер тауға кетіп, оларды ара-тұра шабуылдап тұрыңдар. Мина қойып, қоймаларын жарыңдар. Мен сендерге тұтқынға түсіп, өз-өздеріңді өлтіруге қатаң тыйым салам. Үш, төрт, не бес жылдан кейін болсын, түбі қайтып келем. Бұл бұйрықты менен басқа бірде-бір адам өзгерте алмайды»-дейді командирі қоштасарда..
Көп уақыт өтпей АҚШ солдаттары Лудангаға десантт түсіреді. Онода "партизандарын" бірнеше топқа бөліп, өзі капрал Симада және қос солдатымен Джунглидің түбіне қарай шегінеді. Онода басқа топтағы солдаттардан көз жазып қалады. 1945жылдың қазан айында ол: " Жапония 14 -тамыз күні берілді. Таудан түсіп, тұтқынға беріліңдер!" деген америкалықтардың үндеуін оқиды. Хатты оқып, ойланып тұрған Подпоручик кенеттен мылтықтың дауысын естиді. Соғыс әлі жүріп жатыр екен, бұл парақшаларды бізді қақпанға түсіру үшінарнайы жасаған деген тоқтамға келеді. Сосын америкалықтардың алдын орап, орманның түкпіріне қарай кетеді...
— Бұлармен менің әкем де соғысқан, кейін полицей болғанда өзіме де "Оноданың жасағымен" шайқасуға тура келді. Сол кезде бұл маған бітпейтін соғыс сияқты көрінетін, -дейді Лудангадағы полиция бастығының орынбасары Фидель Эламос. — Орманды арлы берлі кезсекте, оларды таба алмайтын едік. Кейін самурайлар артымыздан оқ атып жататын. Біз оларға жаңа газеттер жіберетінбіз, туысқандарының хаттарын тастап кетіп жүрдік. Кейін мен Хиродан; "Неге берілмедің?",- деп сұрадым. Ол хаттар мен газеттерді қолдан жасалған шығар деп ойладым деп жауап берді..
Жылдар зымырап өтіп, Онода джунглиде соғысып жүре берді. Бұл уақытта Жапонияда зәулім үйлер бой көтеріп, жапон электроникасы әлемді жаулап ала бастайды. Токиолық бизнесмендер болса американың ірі концерндерін бірінен кейін бірін сатып алып жатты..Ал Хиро болса соғыс әлі жүріп жатыр деген оймен император үшін шайқасты жалғастыра түсті. Подпоручик арықтың суын қайнатып ішіп, жидектер мен тамырларды талғажу етіп жүрді. Осы уақыт аралығында ол бір-ақ рет ауырады. Түнде тропикалық жаңбырдың астында қалғанда мылтығын денесімен қалқалап жататын. Жапондар айына бір рет орманнан шығып, әскерилердін джиптарына шабуыл жасап, олардың жүргізушілерін өлтіріп кетіп отырды. Бірақ 1950 жылы қатардағы жауынгерлердің бірінің төзімі таусылып, полицияға беріледі. Арада тағы төрт жыл өткенде Гонтин жағажайындағы полицейлермен болған атыс кезінде капрал Симада көз жұмды. Подпоручик пен қатардағы жауынгар Козука джунглиден жертөле қазып, сонда барып бой тасалайды.
— Бұлар өздерін арттарынан адам іздеп келеді деп ойлаған,— деп мысқылдады Лубанганың вице-губернаторы Джим Молина. — Өйткені майор оларға осылай деп сөз берген. Бірақ кейін майор бізді ұмытып кетті ма деп күдіктеніпті. Бір рет ол өзіне қол жұмсамақ та болған. Бірақ бұл ойдан бірден бас тартыпты. Майордың мұндайға тыйым салған бұйрығы болған..
Жалғыз жортқан қасқыр..
… 1972 жылдың қазан айында Имора елдімекеніне жақын тұрған жолдардың біріне олар соңғы минаны төсейді. Бірақ тат басып кеткен мина жарылмай қалды. Осы кезде Козука екеуі сақшыларға кезігіп қалып, арада атыс болады. Нәтижесінде Козука қаза тауып, Онода мүлде жалғыз қалды. Алайда соғыстың аяқталғанына 27 жыл өткенде қаза тапқан жапон солдатының өлімі Токиода кәдімгідей дүрбелең тугызады. Бирма, Малайзия мен Филиппиндегі тірі қалған солдаттарды іздеу үшін Жапониядан арнайы экспедиция жолға шығады. Осы кезде бір қызық жәйт болды. Орманда көбелек теріп жүрген жапон саяхатшысы Судзуки 30 жыл бойы қарулы жасақтар іздеп таба алмаған Онодамен кездейсоқ кездесіп қалды. Ол таңданып тұрған Онодаға соғыстың баяғыда бітіп, Жапонияның берілгенін жеткізеді. Ойланып тұрған Онода: "Сенбеймін. Майордың өзі келіп, бұйрықты өзгертпейінше соғысып жүре берем" дейді.
Еліне оралған Судзуки барлық күш-қуатын майор Танигучиді іздеуге жүмсайды. Оны әзер дегенде тапты. "Соңғы самурайдың" бастығы атын өзгертіп, кітап сатумен күн көріп жүр екен. Олар екеуі Лубангадағы алдын-ала келісілген жасырын жерге келеді. Әскери киім киген Танигучи командирінің алдында тұрған Онодаға «Беріл!»- деп бұйрық берді. Командирінің бұйрығын естіген бойда Онода мылтығын иығынан алып, полиция бөлімшесіне қарай беттеді.
Филиппинде қолға түскен жапон солдатын түрмеге тоғыту үшін жұрт жаппай шеруге шығады. Өйткені осы "отыз жылдық соғыс" кезінде оның қолынан 130 солдат пен бірнеше полицей қаза тапқан болатын. Бірақ ел басшысы Оноданы еліне қайтаруға шешім шығарады.
Орманға оралу
Алайда, еліне оралған подпоручик биік ғимараттарды көріп көктен түскендей күй кешті. Түнде оның түсіне талай жылдық өмірі өткен джунгли кіретін. Кір жуғыш мәшинелер мен электричканың дауысынан шошып оянып, алғашында реактивті үшақтар мен теледидардан қатты қорқып жүрді. Арада біраз жыл өткенде Хиро бразилияның ит тұмсығы өтпейтін ну орманынан ранчо сатып алып, сонда өмір сүруге кетеді.
— 1996 жылы Хиро Онода аяқ астынан бізге Бразилияға келді , — деп әңгімеледі Лубанганың вице-губернаторы Джим Молина. — қонақ үйге түскісі келмей, бірден джунглидегі жертөлеге баруға рұқсат беруді өтінді.
Екінші дүниежүзілік соғыстың "Соңғы самурайының" әлі көзі тірі. Мен оның мекен жайын іздеп таптым, бірақ ол сөйлесуден бас тартты. ""Берілуге болмайды: Менің 30-жылдық соғысым" дейтін кітабым шыққан. Сонда барлық сұрақтарға жауап берілген. Егер майор Танугучи артымнан іздеп келмесе не болар еді? Ештеме..Мен әлі соғысып жүре берер едім"-деп жауап берді 82-жастағы подпоручик Онода.
Қазір 85-жастағы Хиро Онода Токиода тұрады. Баспасөз өкілдерімен кездеспейді. Үш жылдық келіссөзден кейін ол "АиФ"-тың тілшісімен аз уақытқа сұхбаттасуға келісті.
«Бір рет қана ауырдым»
— Шынымды айтсам, 30 жыл бойы джунглиде қалай жасырынып жүргеніме өзім де таң қалам...
— Қалада өмір сүретін адамдар табиғатан алысттап кеткен. Ал орманда өмір сүруге керектінің бәрі бар. Иммунитетті көтеретін, антибиотиктің орнына қолданылатын, жараны жазатын емдік өсімдіктер көп. Әйтеуір аштан өлмейсің. Ең бастысы, тамақтану дағдысын дұрыс ұстану керек. Мәселен, етті жиі жесең дененің температурасы көтеріледі, ал кокос сүтінен төмендейді. Мен джунглиде жүргенде бір-ақ рет ауырдым. Күнделікті таңертең және кешке тісімді пальма талшығымен тазалап отырдым. Елге оралғанда дәрігер менің тістерімді көріп таң қалды. Отыз жылда бірде-бір тісіме құрт түспеді.
— Адамға орманда өмір сүру үшін ең бірінші нені үйрену керек?
— От жағуды. Басында мен бұған оқ-дәріні пайдаландым. Бірақ оқты үнемдеу керек болды, сосын ағашты бір-біріне үйкелеп от жаға бастадым. Бірден жанбасада әйтеуір түбі тұтанатын. От жаңбыр мен арықтың суын қайнату үшін керек. Өйткені суда қауіпті бактериялар бар.
— Берілген кезде сіз филиппиндік полицейлерге мылтығыңызды 500 оғымен тапсырдыңыз. Патрондарыңыз жақсы сақталған. Осынша оқты қалай күтіп, сақтадыңыз?
— Үнемдедім. Патрондарды тек әскерилермен атысу үшін және аң-құс ату үшін ғана пайдаландым. Анда санда ауылдың шетін жағалап, үйірден бөлініп қалған сиырларды аулайтынбыз. Оларды дауыс естілмейтіндей қатты жаңбыр жауған кезде ғана бір оқпен басынан атып өлтіріп жүрдік. Ауыл тұрғындары ештемені сезбей қалатын. Сосын сиыр етін күнге қақтап, оны 250 күнге жететіндей етіп бөлетінбіз. Винтовка мен патрондарды үнемі сиырдың майымен сылап отырдым. Бөлшектеп, тазалап оны жас баладай күтіп-баптап ұстадым. Күн суытып, жаңбыр жауғанда су тимес үшін қойныма алып жататынмын.
— Сиыр етінен басқа немен қоректендіңіздер?
— Жасыл банандарды кокос сүтіне езіп ботқа жасайтынбыз. Өзеннен балық ауладық. Бір-екі рет ауылдың дүкеніне шабуыл жасап, күріш пен консервілер алып кеттік. Былайша айтқанда, тропикалық орманда адамға қауіпті ештеме жоқ деуге болады..
— Улы жыландар мен жәндіктер бар емес пе?
— Егер үнемі джунглиде өмір сүрсеңіз сіз олардың бір бөлшегіне айналып кетесіз. Жылан ешқашан өздігінен тиіспейді, оның өзі сізден өлердей қорқады. Бүйілерде сондай. Олар адамға тор құрмайды. Бұларды басып кетпесең болды. Зияны жоқ ешқандай.. Әрине, алғашқыда орман қорқынышты көрінетін. Біз жыртқыштар мен жыландардан емес, адамдардан қауіптендік. Тіпті түтіні көрінбесін деп көженің өзін тек түнде ғана жасап ішетінбіз..
«Сабынның жетіспеуінен көп қиындық көрдім»
— Сіз өміріңіздің ең бір тамаша сәттерін ешқандай пайдасы жоқ партизандық соғысқа арнағаныңызға өкінбейсіз ба?
— Император әскерінде бұйрықты талқылауға болмайды. Майор бізге: "Мен қайтып келгенше сен осында болуың керек. Бұйрықты менен басқа ешбір адам өзгерте алмайды" деді. Мен солдатпын. Сондықтан бұйрыққа бағындым. Мүның таң қалатын несі бар? Мен елім қуатты әрі өркендеген мемлекет болуы үшін күрестім. Бұрынғыдан да бай болғанын қаладым. Жапонияның баяғыда беріліп қойғанан қайдан білейін..Мен бұлай болар деп ойлаған емеспін. Шайқасып жүрген кездерімізде соғыс әлі жалғасып жатқан шығар деп ойладық.
— Сіздерге ұшақтан Жапонияның берілгенін растайтын газеттер тастапты..
— Қазіргі типографиялық құралдардың көмегімен арнаулы қызметтегілерге қажеттінің бәрін жасауға болады. Бұл газеттерді бізді алдап қолға түсіру үшін жасалған жасанды дүние деп қабылдадық. Соңғы кездері Жапониядағы туыстарымның хаттарын тастай бастады. Қолтаңбаларын таныдым..Бірақ америкалықтар оларды тұтқынға алып, күштеп жазғызған шығар деген ой келді тағы..
— Отыз жылдың ішінде джунглиде сіздерге қарсы спецназы бар, тікұшақтары бар тұтас бір армия соғысыпты. Тура голливудтың боевиктеріндегі оқиға тәрізді. Өзіңізді супермен ретінде сезінбейсізбе?
— Жоқ. Партизандармен соғысу қашанда қиын. Көп елде ондаған жылдар бойы олармен күрес әлі жалғасып келе жатыр. Егер өзіңді орманда суда жүрген балықтай сезінсең қарсыласыңды қапы қалдырып кетесің. Ашық жерден біз құрғақ жапырақтардан камуфляж жасап қана өтетінміз, ал басқа бір жерде сабағынан жаңа үзілген жапырақтарды пайдаландық. Филиппиндік солдаттар бұның бірде-бірін білген жоқ..
— Тұрмыстық бұйымдардан қай нәрсеге қатты мұқтаж болдыңыздар?
— Тап басып айту қиын. Сабын шығар. Мен киімді оттың күлімен тазалап жуатынмын. Өзімде күніне бір рет жуынып отырдым. Сабын жетіспеді. Киімдеріміз де тозып, үстімізден сырғып түсе бастады. Мен өсімдіктерден ине мен жіп жасап, киімді сонымен тіктім. Жаңбыр маусымы басталғанда пальмадан жылы жай жасап, шатырын жапырақтармен жаптым. Біреуін асхана, екіншісін жатын бөлме жасадым..
— Жапонияға қайтып оралған сәтіңіз есіңізде ме?
— Қиындау болды. Бір дәуірден екіншісіне өтіп кеткендей күй кештім. Зәулім ғимараттар, қыздар, неонды жарнама, түсініксіз музыка..Есімнен ауысып кете жаздадым. Ауызсу краннан ағып тұр. Тамақ дүкенде сатылып жатыр. Бәрі бар, бәрі дайын. Төсекте жата алмай, еденге ұйықтайтынмын. Сосын психотерапевтің кеңесімен Бразилияға кетіп, сондағы фермамда сиыр бақтым. Сосын бәріне көз үйренгеннен кейін ғана елге қайтып оралдым. Қазірде жылына үш мәрте Хоккайдодағы таулы аудандарға барып тұрамын. Онда балаларға көріп, білгенімді үйретем..
— Мүмкін соғыстың біткенін білмей джунглиде жүрген солдаттар әлі де бар шығар?
— Мүмкін, өйткені 1980 жылдың сәуір айында Филиппинің таулы өңірінде 36 жыл бойы тығылып жүрген Фумио Накахира дейтін капитан тұтқынға берілді. Орманда одан басқа адамдар әлі де болуы болуы ықтимал..
— Егер майор Танигучи бұйрығын өзгертпегенде..Сіз әлі соғысып жүре берерме едіңіз?
— Иә.
Айтпақшы, 2005 жылдың мамыр айында «Киодо Ньюс» агенттігі Филиппиннің орманынан 82-жастағы лейтенант Иосио Ямакаве мен 83-жастағы ефрейтор Судзуки Накаути табылғанын хабарлады. Олардың суреті баспасөз бетінде жарияланды. Ал маниладағы жапон елшілігі былай деп үндеу жариялады: "Біз филиппинің ормандарында соғыстың біткенін білмей жасырынып жүрген тағы да ондаған жапон солдаттары болуы мүмкін екені жоққа шығармаймыз..."
Материалды аударған Жолымбет Мәкішев
Abai.kz