Жұма, 22 Қараша 2024
Қоғам 5631 11 пікір 30 Қараша, 2023 сағат 12:53

Алматыдағы шетін оқиға: Жастардың трагедиясы

Фото ©️ Tengrinews.kz

Бүгін Алматыда тағы бір сұмдық оқиға болды. Қаланың орталығында орналасқан хостел өртеніп, салдарынан 13 адам бақиға аттанды.

«Келген бойда 1-қабаты және жертөлесі жатақханаға айналған 3 қабатты тұрғын үйдің жанып жатқаны анықталды. Алдын ала ақпарат бойынша өрттің жалпы ауданы — 30 шаршы метр. Қабылданған шаралармен өрт 06:22–де жойылды»,-деп хабарлады Қалалық төтенше жағдайлар департаменті.

Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, қайтыс болған 13 адамның төртеуі – шетелдік (Ресей Федерациясының 2 азаматы және Өзбекстанның 2 азаматы), тағы 9-ы – Қазақстан Республикасының азаматтары.

Хостелден 59 адам эвакуацияланып, 56-сы жақын маңдағы мектепке уақытша орналастырылды. 3 адам аураханаға жатқызылды.

Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Нұрлан Атығаев эвакуацияланған адамдардың көбі — шетелдіктер екенін айтты.

Хостел Әди Шәріпов көшесіндегі «Almaty Hostel» Halyk Bank меншігіндегі ғимаратта орналасқан, мұндағы бір орын – 2000 мың теңгеден басталады. Хостелге қоныстанғандардың дені – студенттер мен жас жұмысшылар, арасында Пәкістан мен Үндістаннан келген медицина университетінің студенттері де бар.

Қайғылы жағдайға байланысты өрт себебін тексеру және оның салдарын жою жөніндегі Үкіметтік комиссия құрылды. ҚР Қылмыстық кодексінің 292-бабына сәйкес қылмыстық іс тіркелді, шұғыл желі іске қосылды.

Алматы қаласының әкімдігі берген жауапта хостелдің заңсыз қызмет еткенін жазады.

Алматы әкімдігі:

«Хостел бір жарым ай бұрын ашылған, үй-жай кепілге қойылған мүлік ретінде Halyk Bank-ке тиесілі, банк оны жалға берген. Бұл хостел Алматыдағы жоғары оқу орындарымен студенттерді орналастыру бойынша ынтымақтастық туралы меморандум жасамаған. Студенттерден бұл хостелде тұруға өтініш түскен жоқ, студенттерді хостелге орналастыру шаралары жасалмаған

Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» заңға сәйкес үй-жайларды қайта жабдықтау кезінде рұқсат құжаттарын алу керек. Оның үстіне Алматының қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасы қайта жабдықтауға арналған бастапқы рұқсат құжаттарын (АПЗ, шешім) бермеген. Дүкеннен хостелге функционалдық мақсаты өзгерген кезде санитарлық-эпидемиологиялық, құрылыс талаптары мен өрт қауіпсіздігі ережелерін орындауы қажет»,-деп мәлімдеді.

Еске салсақ, бірнеше жыл бұрын Ақжол партиясы жастарды «жертөлелерден» құтқарып, оларға адамға лайық, мейлі шағын көлемді болса да, жеке баспанасына қол жеткізу мүмкіндігін беру үшін «қолжетімді жатақханалар» салуға бастама көтерген болатын. Бірақ жоба Үкімет тарапынан қолдау таппады. Бұл туралы Abai.kz порталында жазған едік. 

Мәжіліс депутаты Азат Перуашев апатты өртке байланысты пікір білдіріп, жатақханалар салу туралы бастамасын еске алды:

«Мәжілісте тұрғын үй мәселесі жөнінде заң жобасы талқыланғанда,  Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев «бүкіл елді тұрғын үймен қамти алмаймыз» деп ашық айтты. 2017 жылы мен осы туралы айтқан едім және жатақхана салу туралы бастаманы ұсындым. Бірақ көбісі оны түсінген жоқ, әсіресе, орыстілді журналистер хайп жасады, мазақ қылды. Ал енді соның зардабын көріп отырмыз. Содан бері 6 жыл өтті. Үкімет соны енді ғана ашық мойындап отыр. Біраз уақыт бұрын кең болмаса да, әлеуметтік қолжетімді, арзан үйлер салына бастағанда, қазір мәселе біршама шешілер еді. Енді жатақхана жетпегеннен кейін студенттер де қаза тауып отыр»,-деді депутат.

Журналист, саясаттанушы Нұргелді Әбдіғани:

«Алматыдағы трагедияны естіп, ойым сан-саққа жүгіріп отыр. Көп әңгіме айтуға болады. Халықтың тұрмыстық жағдайынан тартып, елдегі экономикалық саясаттың кем-кетігін жіпке тізерге болар.

Бірақ, айтқаннан не?!.

Алматыдағы студенттер өмірі жайлы қысқа айта кетейін: Алматы жылда студенттерге лық толатын қала. Қазақстанның әр аймағынан Алматыға ағылып жатқан ондаған мың студентті түгел жатақжаймен қамти алмайды, биліктілер. Сонан "жетім бұрыштың" жұмысы жүреді. Күз келді, болды, Алматыда пәтер бағасы аспандайды. Байқұс студенттер қайтсін, содан хостел жағалайды. Жетіскеннен емес, жетпегеннен! Жатақхана жетпегеннен. Шәкіртақы мен үйден алатын ақшасы Алматыда өмір сүруге жетпегеннен! Пәтерпұлға теңге жетпегеннен!

Осыны біз 2015-2016 жылдары көтердік. Алматының бұрыш-бұрышын жаяулатып жүріп, базарлардың арттарындағы барактарды тегіс араладық. Қуықтай лашықтарды паналап жүрген еңбекші қазаққа Үкімет арзан үй берсін дедік. Қолжетімді жатақхана, арендалық тұрғын үйлер салуын дабыл қағып айттық. Сол кезде Мәжілісте жалғыз адам назар аударды. Азат Перуашев мырза бізбен жолығып, Мәжілісте мәселе көтерді. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің басшыларымен де жолықтырды. Олар да бұл идеяны қолдаған еді. Арзан арендалық тұрғын үйлерді салу керектігін айтты. Сонда қоғамның орыс тілді топтары Перуашевты жерден алып, жерге салды. "Әжетханасы ортақтүй сал дейді", - деді. Олардың бұл ісі "аш бала тоқ баламен ойнамайдының" кері болды. Сол уақытта (қазір де) сол арзан арендалық үйлер керек еді жаңағы барактардың тұрғындарына. Кейін Үкімет бұл ұсынысты қабылдамай қойды. Себебі жаңағы жасалған ақпараттық шабуылдың күші басты.

Бұл негізгі бүгін хостелде қаза тапқан студенттерге әбден керек жоба еді. Айлығы аз, баспанасы жоқ қазаққа арендалық тұрғын үйлерді салып беру арқылы олардың өз тұрғын үйлерін алуға (капитал жинауға) мүмкіндік берілетін еді.

Бүгін бұл мәселенің қаншалықты өзекті болғанына осындай өкінішті жағдайда тағы да бір мәрте көз жеткізіп отырмыз...»,-деп жазды әлеуметтік желіде.

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов:

«Студенттерімізді жатақханамен қамтамасыз ету міндеті – өте маңызды мәселе. Соңғы бірнеше жылда студенттік жатақханаларда 30 мыңнан астам жаңа орын пайдалануға берілді. Бұл жұмысты жалғастыру қажет. Біз бір кездері барлық ЖОО-лар міндетті түрде басқа қалалардан келетін студенттерді тұратын жермен қамтамасыз етуі керек деген норманы белгіледік.Егер олар бұл нормаларды орындамаса, министрлік басқа шаралар қабылдауы, жазалауы, лицензияларын қайтарып алуы мүмкін.

Мұнда қауіпсіздік мәселесі міндетті түрде бірінші орында тұруы керек. Бұл жатақханалардың барлығы қауіпсіздік талаптарына сай болуы керек»,-деді депутат.

Суреттер: ашық дереккөзден

Abai.kz

11 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1458
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3225
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5282