Сенбі, 23 Қараша 2024
Дидар-ғайып 2606 2 пікір 2 Желтоқсан, 2023 сағат 20:29

Тайғақ жерде тағасыз шапқан тұлпар еді...

Бүгін есім-сойы елге белгілі актер, режиссер, сатирик, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асқар Наймантаев дүниеден озды.

Асқар Наймантаев 1965 жылдың 17 маусымында Алматы облысы, Райымбек ауданында  дүниеге келген.  Ұзақ жыл «Терісқақпай» әзіл-сықақ театрының жетекшісі болды. Бұрын жабылып қалған халық театрларын қайта тірілтіп,   Райымбек, Ұйғыр аудандарында  «Хантәңірі» және «Қарадала»  театрларын ашып,  төл мәдениетімізге орасан үлесін қосты.

Қазақ өнеріне, киелі сахнаға бар ғұмырын адал арнаған біртума өнер қайраткерінің артында қалған отбасына, жақындарына, барша қазақ жұртына қайғыра көңіл айтамыз.

Тайғақ жерде тағасыз шапқан тұлпар еді...

Нартай Сауданбекұлы:

- Сең соққандай есімді енді жиып, осыны жазуға әрең әлім келді. Естелік жазуға деуге дәтім бармады.

Иә, берері мол азаматты бағын асырмақ түгілі бағаламадық. Төрт аяғын тең басқан тұлпарды тағаламадық. Баптап, тағаламақ түгілі ішер суының өзін уағында бермей сандалттық. Ендігі әңгіме бос сөз ғана. Ең соңғы рет Мәртебелі Өнерді бағамдауға келгенде көріппін. Бір жердің тумасы болғандықтан ба әйтеуір әке-чечем деп көрісіп, қауқылдасып, ақыры керісіп тындық. Ағама еркелеп көп дүниені «теріс» айтатынмын. Керісуіміз де жәй әңгіме. Сол өнер айналасы ғой.

«Әй, Нартай», дейді бір күні телефон шалып. «Ана Аманатыңды оқыдық. Бұдан былай ондай дүние жазба», деді.

«Неге», деп шошып кеттім. Онсыз да бастан сипап жатқан ешкім жоқ кез болатын. Несі ұнамады екен деп қорқып та тұрмын.

«Әй, жүректен жүрек қалдырмадың ғой, қу тентек. Бекжанға айтып сойдырып алайын ба өзіңді. Дауай, батаңды бер, соны спектакль жасап, Қарадалада қояйын», деді. Жақсы қылып қойды да. Кейін Астанаға әкелуге әрекет жасап жүрді. Мен қойылым болатын жер дайындайтын болып келіскен едік. Ол да әдірә қалды десейші. Бұл ғана емес екі ауданның театр өнері әдірем қалды ау осы деп ішім удай ашиды. Қос ауданның өнеріне үлес қосқан азамат Асекеңдей ақ болсын. Ал сол Асағаң енді арамызда жоқ. Біраз дүние жазатындай едім, ... қол жүрер емес.

Барша қазаққа, туған-туысына, Нарынқол өңіріне қайғыра көңіл айтам.

Бекжан ағама енді кім «мүттәйім» деп тиіседі? Енді кім әңгімесін «үөт так» деп бітіріп пост жазады. Бекем болайық. Барымызды барында бағалайық ағайын!

Қайран Асаға!

Еркін Шүкіман:

- 2021 жылы Тұрсынғазы Рахимовтың 70 жылдығы кең көлемде аталып, туған жерінен бастап, республиканың әр қаласында көптеген іс-шаралар өтіп еді. Соның қорытынды салтанатын жасаған Асқар Наймантаев болатын. Тілеулес Құрманғалиев секілді жігіттердің кеңесімен Қарасаздағы Мұқағали Мақатаев музейінен Түкеңе арналған бұрыш ашуда Асекеңнің еңбегі өте үлкен болды. Осы дүниені жасауда бірнеше есікті ашу, Тұрсынғазының кім екенін түсіндіру, ресми хат жазу, рұқсат алу секілді машақатынан бастап, Түкеңнің домбырасы, сахналық киімі, рәсімдері (фото), әндер жинағы, тағы да басқа жәдігерлік бұйымдарын сонау Семейден Қарасазға алдыру, арнайы орын дайындату, ауыл тұрғындарымен кездесу ұйымдастыру, оны өзі жүргізуге дейінгі шаруаларды өз мойнына алып, жанын салып еді-ау.

Өзі ҚАРА ДАЛА, НАРЫНҚОЛ театрының отымен кіріп, күлімен шығып жүріп, арасында осыған уақыт тауып, соңына дейін жеткізген болатын. Ал осы мәнді де мазмұнды шараға Түкеңнің бауырлары ретінде ақын Серік Әкірамұлы екеуміз барып, куә болып қайтқан болатынбыз.

Бұл үшін бүкіл Семей жұрты, Түкеңнің шәкірттері мен ізбасарлары сізге қарыз, Асаға!

Ал оның көп алдында, иә, 90-жылдардың аяғы, иә, 2000-жылдардың басында Республика сарайында Мұқағалиға арналған кеш ұйымдастырып, Семейде жатқан Тұрсынғазы ағасын іздеп, шақыртып, алғаш рет Мұқағали атындағы сыйлықты беріп, кеудесіне медалін таққан да, таққызған да — осы Асекең еді. Көзі тірісінде де, өмірден өткеннен кейін де Тұрсынғазының қадіріне жеткен бір адам болса, сіздей-ақ болсын!

Ал сіздің актерлық, режиссерлік өнеріңіз бен астарында ауыр ой мен зілдей күрсініс жататын сатирик жазушылық еңбегіңіздің жөні тым бөлек.

Енді міне, қайран Асағам-оу, бар дүниені тәрк етіп сол ағаларыңыздың жанына аттаныпсыз. Ауырып қалдым дегенге жәй әншейін ғана ыңқыл-сыңқыл ма деп ойлаған едім. Алланың ісіне шара бар ма?! Алла алдыңыздан жарылқасын! Жаныңыз жәннатта болсын! Қадіріңізге жете алмасақ, кешіңіз! Бақұл болыңыз!

Сахнаға мұнан артық қандай адалдық керек?

Армен Сқабылұлы:

- Асқардың қазасы есеңгіретіп тастады. Екеуміз түйдей құрдаспыз, оның үстіне бір өңірденбіз. Мен оны бес-алты жасынан біледі екенмін. Бір таң қаларлығы, ол сол кезде-ақ актер еді. Иә, иә біздің Қаратоғанға Асқардың әке-шешесі өздері құрған халық театрын әкеліп, қуықтай клубымызда қойылым қойған. Кішкентай Наймантаев сол кезде-ақ сахнада жүгіріп жүріп, әлдебір рөлді ойнағанымен есте қалыпты. Есте қалған себебі, сол күні халық театрындағы аға-жеңгем де сахнаға шығып, кешке қарай бүкіл ұжымды біздің үйге әкеліп қонақ қылған.

Сол оқиғаны осында жазғанымда: «әй, сен де ұмытпайды екенсің! Қай-қайдағыны еске түсіріп...» деп күлгені бар.

Асқар театрды сүйді. Өмірі руханият үшін күресумен өтті. Кітап оқымай, ғаламторға жабысқан ұрпақты театрмен тәрбиелеуге тырысты. Нарынқол мен Қарадаланың шұрық тесік жолдарымен таксилетіп жүріп-ақ екі халық театрын ашып тастады. Мұндай жанкештілік театрда жүрген қай мықтының қолынан келеді? Сахнаға мұнан артық қандай адалдық керек? Енді сол Асқар жанындай сүйген, бүкіл ғұмырын арнаған театрдың ғимаратын Асқармен қоштасуға қимай отырған қандай безбүйрек? Сөзім жоқ!

Енді саған бәрібір ғой, бауырым! Бірақ, біз сондаймыз. Барымызды бағалай алмайтын сорлы болғанымыз қашан... Кешір бізді, бақұл бол!

Асқар әлеуметтік желіні мәдениет алаңы ете алды

Роза Мұқанова:

- Дүниеден көз-көрген, бауыр тартқан, танитын адамың, тіпті сырт адам өткенде де жаның жабырқап, қоңылтақсып, әлденеге өзің кінәлі адамдай әбіржіп қаласың. Таныс адамың дүниеден аттанып кеткенде бойыңды жинай алмай есеңгіреп қаласың. Тіршілікте оған жылы сөз айтып қуантқан болсаң, соның өзі көңілге медет болады. Өйтпеген болсаң жүрек басына байланған ат басындай шер тұрады. Солай ғой...

Әсілі тіршілікте мәңгі жасайтындай, басқа кетсе де өзің кетпейтіндей терімізге сыймай жүреміз. Жақсыны жақсы деуге сөз қимай, жаманды табалағанда өзіміз кіршіксіз, қылдай қиянат жасамағандай боламыз. Аптығып сөйлеп, шаптығып отырғанның бәрі «батыр», «айтып салғыш» көрініп, бедел жинап, тапырақтаймыз. Тіпті Айтқышгүлдің «өтірігі - шындай, шыны-құдай ұрғандай» болса да борбайымызды шапалақтап даурыға түсеміз. Осының бәрі бекер, осы мінез ұнамсыз...

Фейсбук желісінде де асығып-үсіккен лайк жинағыш жазбаларға емпілдеп, әукеміз салақтап, үлкен-кішіміз кірісіп, жеке басына ауыр сөз айтып, көзіне қамшы үйіргенді мансұқ, мақтан санап дүлейленіп отыратынымыз да бар. Осы оспадар қылыққа ұялтатын да, ұялатын да өлім бар екенін, адамның жібектей нәзік көңілінің бар екенін ұмытамыз.

Мен Асқаржанды әлеуметтік желіде ғана емес, сонау осыдан 30 жыл бұрын «Мәңгілік бала бейнеде» Бекжан Тұрыс екеуінің сахнада партнер болып, Болтайдың ролін ойнағанынан білетін едім. Кейіннен әлеуметтік желіден жазбаларын оқып жүрдім. Ауруға аяқ асты тап болғанын да оқырмандарына өзі хабардар етті. Асқар әлеуметтік желіні мәдениет алаңы ете алды. Ой бөлісетін, тіпті кейде жан ауыртар қоғам көрінісін жеңіл әзілімен әрлеп отыратын, сабырлы, салиқалы ой тастайтын.

Бүгін сол аяулы бауырымыз, талантты актер, елін, жерін, ұлтын, өнерін сүйген, қалтықсыз қызмет еткен Асқар Наймантаев дүние жалғаннан көшіп кетіпті. Иманы серік болсын! Отбасына, достары мен ағайын-туғанына қайғырып көңіл айтамыз.

Бақұл бол, тарлан талант!

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1474
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3249
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5446