Сейсенбі, 26 Қараша 2024
Жаңалықтар 3294 0 пікір 5 Қазан, 2013 сағат 05:10

Фома Иванов. Бұл тағы хайуандарға мені талатпассыз...

Казкрайком  ВКП (б)

Ф.Голощекинге және С.Сәдуақасовқа         

Партия мүшесі    Ф. И.  арызы

10  қыркүйек  1926 жыл  

Өте құпия

Казкрайком  ВКП (б)

Ф.Голощекинге және С.Сәдуақасовқа         

Партия мүшесі    Ф. И.  арызы

10  қыркүйек  1926 жыл  

Өте құпия

    Мен  ГПУ қызметкері ретінде, бір топ европалық қызметкерлер  - Шишко, Берестин, Озол, Альшанский және басқаларды танитын болғандықтан, олардың жүргізіп жатқан саясатын көріп білгендіктен осыны айтып жеткізуді өзімнің партиялық парызым деп санаймын. Егер осы топтың антипартиялық саясатын, атап айтқанда, олардың қазақ қызметкерлеріне қарсы арнайы бағытталған, олардың бойындағы күш, жігер мүмкіндіктері мен қасиеттерін өздеріне қарсы пайдалану арқылы оларды қуғындау мен ізіне түсіп алушылықтарын  қойдырмаса болмайтынын айтпақпын.   ГПУ-ң салған жолы бойынша, оның бірінші кезектегі оперативтік жұмысы  -  жауапты қызметтегі қазақтарға қарсы жалған материалдарды жинау. Біз бұл тәжірибемізде әртүрлі әдістерді пайдаланамыз, қазақтардың арасынан қылмыстық элементтерді арнайы іздеп тауып оларды жалдаймыз немесе барымташыларды тұтқындап олардан қазақтың жауапты қызметкерлеріне қарсы жалған топ құрған болып оларды қазақтың жауапты қызметкерлеріне қарсы айдап салу арқылы қажетті материалдарды аламыз. Сонымен бірге, олардың ізіне тыңшы салып қазақ қызметкерлерін жеңу мақсатында олардың өз жұмыстарын атқаруына мүмкіндік бермейміз, бір қызметкерді екінші қызметкерге айдап салып, бірінің «кінәсін» екіншісіне тағамыз және т.б.  ГПУ линиясы бойынша жетістіктеріміз болып саналатын, біздің саясатымызға тән тағы бір жұмысымыз бар  -  жыл сайын кедей қазақтар мен орташа қазақтардың арасын бөлу үшін ондаған қазақ жарлыларын өлтіреміз, әрине өзіміз өлтірмейміз, орыстың бұзақылары арқылы жасаймыз.

  Биылғы жылы, өткен жылдардағыдай армияға шақырылғандарды пайдаланып жатырмыз. Оларды қазақ тұрғындарына ғана емес, жоғары қызметте отырған жауапты қызметкерлерге барымташыларды қарсы қойып келеміз. Орыс тұрғындарына «барымташыларды басқарып отырған қазақтың жауапты қызметкерлері» дейміз. Олай еместігі білініп қалса, бар бәлені орыстың құлақтарына, атамандарына, қазақтың рубасыларына жабамыз. Қазақстанның жағдайында іс жүзінде оларды басқарып қазақтың жауапты қызметкерлеріне қарсы пайдаланып келеміз. Біздің қарамағымызда агент болып қызмет атқарғаны үшін орасан мөлшерде ақша алып қазақ қызметкерелеріне қарсы маңызды материалдар жинап беретін орыстың құлақтары мен қазақтың рубасылары жеткілікті.

  Өзім білетін бұл құпияны ашуға құқым болса да, партия мүшесі ретінде Қазкрайкомның хатшысы Голощекиннің жеке өзіне және Қазкрайкомның Бюро мүшесі Сәдуақасов жолдасқа жеткізгім келеді. Бұл құпия хатымды европалық және қазақ басшысының білгені жөн, сонда ғана мен жоғарыда айтқан мәселе тура шешіледі. Үзілді-кесілді пікірімді қоса мәлімдеймін, жоғарыда айтылғандар  -  қалыптасқан жағдайдың көріністері, Лепсі және Жаркент уездерінде уәкіл болып істеген кезімдегі өзім қолданған іс-тәжірибемнен алынған жәйттер. Сондықтан да, осы іс-тәжірибелер мен әдістердің  дұрыстығына күмән келтіре  отырып, Сізден жеке кеңес алғым келеді. Әрине, ешкімге айтылмасын, егер осы хатым жайлы Альшанский және Журавлев жолдастар біліп қойса, олар мені тірідей жеп қояды. Бір ғана жол бар: менің қолым емес деп бас тарту немесе қолымды өзгерту. Әйтсе де мені ренжітуге тастамайсыз  деген үміттемін, коммунистік ашықтығым үшін бұл тағы хайуандарға мені талатпайсыз деген сенімдемін.

Коммунистік сәлеммен,  Фома  Иванов 

ҚР Президентінің мұрағаты, Ф. 141, оп.1, 1458 іс, 21 парақ

Расталған  көшірме     

Қазақшалаған С. Жүсіп

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1536
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3316
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6021