Сейсенбі, 26 Қараша 2024
Жаңалықтар 3938 0 пікір 9 Қазан, 2013 сағат 03:46

Әбіл-Серік Әбілқасымұлы Әліәкбар. Ғасырға ұласқан 4 түн (Бірінші түннің сыры )

(Ақын Ақберенмен постмодерндік сырласу)

Бірінші түннің сыры

 

Түн және Түс... Басқа ештеңе жоқ. Бірінші түн мен Таңғы елес қана бар.

Жаңа жоқ, ескінің жаңаша түрленуі ғана бар... оның қалай болатындығын Абайдан асып әлі ешкім қазаққа түсіндіріп бере алған жоқ. Бере алмайды да...

Қазақ ғалымдарын ұйқысынан шошытып ояту үшін құлағына, қазақ ақындарына қамшы болу үшін шабытына бір ғана сиқырлы сөз керек. Ол – “постмодернизм”! 

(Ақын Ақберенмен постмодерндік сырласу)

Бірінші түннің сыры

 

Түн және Түс... Басқа ештеңе жоқ. Бірінші түн мен Таңғы елес қана бар.

Жаңа жоқ, ескінің жаңаша түрленуі ғана бар... оның қалай болатындығын Абайдан асып әлі ешкім қазаққа түсіндіріп бере алған жоқ. Бере алмайды да...

Қазақ ғалымдарын ұйқысынан шошытып ояту үшін құлағына, қазақ ақындарына қамшы болу үшін шабытына бір ғана сиқырлы сөз керек. Ол – “постмодернизм”! 

Иә, осы бір қазақ үшін мүлдем түсініксіз, алаш баласы үшін онша ұғынықсыз “Постмодернизм” ақындарымыздың заманалық пәлсапалығының синониміне айналып отыр, оның мәнін ұғыну тек буаз құрсақ Отандық ғылымда толғағы жетіп әлі күнге өмірге келе қоймаған  постструктурализм, деконструкция мен грамматология арқылы нақтылана түседі. Егер аталған ғылыми ағымдар мен ілімдер қазақ мәдени-рухани кеңістігінде үстемдік құрар болса: 1) қазақ философиялық постмодернизмнің өмірге келуінің тарихи алғышарттарын; 2) алаштың заттық-оқиғалық әлеміндегі деконструкция процестері мен амал-тәсілдерін және сондай-ақ, адами деантропологизацияны; 3) жаңа ақпараттық-виртуалды онтологияның құрылымын (түзілімін); 4) Ғаламдардың коэволюциялары және Алаш әлпетті Homo vitae sapiensтің өз төлтумалығының сақталуы проблемалары сынды төрт мәселенің басын ашып алар едік-ау, бауырым! 

Осы соны соқпаққа бастар жол бауырым Ақберенмен постмодерндік ғайыптық сырласуға ұласты.

Тіл адамға жүрегінің түкпірінен шыққан сезімі мен ойын жұртқа жеткізу үшін берілген. “Тіл сөзді билемейді, өйткені, сөз жүректен шығады”,- дейді алаш дүниетанымы. Ел тыңдайтын сөз айту екінің бірінің қолынан келе бермейді. Менің бұл елес жазбама сөзін ел тыңдайтын жан турасында, ағаның бауырмен саналық сырласуы түрінде стильдер алмағайыптығы өзек болып жазылып отыр. 

Осы орайда Ақбереннің әлемін ашу үшін ұстанған бағытымыз ешбір жағдайда тарихи-әдеби емес, қайта оқырманға біржақты назари-әдеби зерттеуді ұсыну болып табылады. Оның үстіне бұрынғыдай бір ғана ұлттық әдебиеттің шеңберінде шырмалып қалмай, Ақберен шығармашылығын қарастыру барысында назарияттық сипаттағы әлем әдебиетінің белгілі бір саладағы мысалдарына жүгініп отырамыз. Мақалада келтірілетін кейбір назаряттық концепциялар үшін алған мысалдарымыз не мықты, не осал шығып жатса, ол не мысалдың, не тұжырымның нашарлығынан емес, қайта біздің мәтіндік кеңістіктегі хаосқа ұшыраған әлемге ұшар шың басыннан ба, әлде құз жиегіндегі шыңыраудың шетінен бе, қайсынан көз тіккенімізден туындайтын дүние.

Ғалым ретінде ұсынып отырған пікірлеріміз мәтін сараптамасына қатысты. Қазір қазақ әдебиеттануында әдеби көркем мәтіннің әлеуметтік қызмет атқаратын мәдени феномен болып табылып, белгілі бір топтың мүддесіне қызмет ететіндігін дәлелдеп шығуға Ақберен Елгезектің шығармашылығы арқылы тырыспақпыз. Аталған феноменнің бейәдеби немесе экстраәдеби қырларына ой жүгіртуді де қаперге алып отырмыз. Бүгінгі таңдағы әлем әдебиетін халық тығыз қоныстанған мемлекетке теңесек, солармен бірге сығылысып, өзіне лайықты орнын табу үшін ғаламдық бәсекеге ешкімнен кем емес, тарихи бай қазынасымен уақыттан ұтылмай алаши кеудесімен бұзып-жарып қосылған ұлттық әдебиетіміздің жаңа толқынының көркем мәтінінің әдеби-мәдени құндылығын бағалай отырып, жастардың ұстанған түрлі ағымдағы, қилы бағыттағы эстетикалық бағдарларына көз жүгіртпекпіз.

Халқымыз әр заманның өз сұрқылтайы бар дегендей, әдебиет әлемі де өзінше бір аномалия. Біз бұрынғыдай “тіл” деп өзеуремей, оны “код” деген жаңа терминмен атауды құп көреміз. Ол бейнелеудің құралы ғана емес, сол бейнелеудің тақырыбы ретінде ақынның өзінің өмірді ұғынуын оқырманына жеткізуді көздеген мақсатты сөз саптауы болып та табылатындығын естен шығармағанымыз жөн. Бізді қазан төңкерісі Ахметтің алаштық ақ жолынан айнытқан социалистік эстетикамыз аталған көзқарасты ағаш атқа мінгізіп, «формалистік» деп қара тақтаға жазып та қойды. Бұл басқаша айтқанда, форманы қарастырушыны пішінші, ал айғырды ақтаушыны пішпекші атандырғанмен бірдей. Иә, біз сіздер ескі кеңестік кепканы, сталиндік шәпкіні шешкілеріңіз келмесе де, шешпеске амалдарыңызды қалдырмайтын, алды артыңызды қазақ кеңес әдебиеттануының  жетістіктерін шаң қаптыратын әлемдік ахалтеке ойлармен орғытатын жаңа тұрпаттағы орыссыз сөз қозғап, кешегісіз пікір өрбітетін неоахметшілерміз. Соцреализммен уланғандар үшін біздің ұстанымымыз «еретиктік идея» деп ұғынылып жатса оған опық жеп, қайғы да жұтпаймыз. Біз бұрындары “қазаққа жат болған идеяларды” контрабандалық жолмен отандық әдебиеттану дәстүріне енгізуді көздеген ғылымдағы камикадзелерміз.

Ахаң бастаған алаштық формализм кеңестік ұстанымдағы әдебиеттанушыларымызға жақпай, ұстазымыздың ақ жолы заманалық себептермен “идеялық жат” атанып шыға келді. Енді алаш арыстары айта алмай кеткен әлемдік әдеби ойларды қазақша пышаққа іліндіріп, арам бездерін өнердің күресініне тастап, шетелдік қамырға ұлттық тұздық қосу арқылы халыққа қайыра ұсынып отырған жайымыз бар.

Ақын – заманының үні, құлағы мен көзі. Ол ел айтпағанды айтады, көрмегенді көреді, Жаратқанның аянымен біз естімейтінді естиді. Қазақ гуманитарлық ғылымы әлемдік ақыл-ой поездына ілікпей қалған аңғал жолаушы. Заманалық теориялар туралы жақ ашпаған беделдер туралы не айта аламыз!? Біздегі беделдер өз жазғандарын хаһ сөзіне балап, айнадан өз келбетін көруді ғана армандайтындар санатынан сияқты. Біз ата-бабамыздың Абай түрленткен риторикалық ойының емес, артта қалған орыс гуманитарлық ғылымының соңынан кеткеніміз өкінішті. Бахтиннен басқа іліп алары жоқ, орыс ғылымын пір тұтуды доғарайық та, Батыстың озық ойының құшағына алаштық ділімізбен енейік. Батыс деконструктвистері Ницшенің ақындармен күресінің одақтасы болса, біз оған қарсымыз. Оның себебі ақындықтың түркілік негізі әлемге үлгі болғандықтан, ондай бассыздыққа ар алдында бізді этикалық және этникалық тәліміміз жібермейді. Қазақта нашар ақын жоқ, тек ашылмай қалған тақырып қана бар.  Сол ашылмай қалған тақырыптың өзінен “өнер адамы – мәдениет әлемі”-нің екі түрлі қатынасын: ақындарымыздың өзіндік поэзия әлемін құруын және сол құрылған өздік әлеміндегі өздерін таныта білулерін аңдаймыз.  Біреудің аша алмаған әлемін екінші біреу аша білгенін қызғанбау керек, қайта сонысына сүйсінуге тиіспіз. Тақырыбы ашылмаған жыр басқалардың бұл әдеби-шығармашылық қателікті жібермеулеріне түрткі болады.  

Ақбереннің аты жұрт аузына ілінісімен оның шығармаларын іздеп жүріп оқитын жанға айналдым деп айтсам ағаттық болар еді. Жұрт мақтаған жігіттің тек жерлес ағасы ретінде сыртынан сүйсініп жүргенім рас. Оның әртүрлі басылымда басылған өлеңдерін талдап өзіне жібергенде жасаған талдауыма көңілі толмағаны да шын. Мен үшін керемет, ол үшін түкке тұрмайтын “Мама” өлеңі жайында пікіріміздің қаққа жарылғаны да шындық.

 Ол “Аға, сіз құр далбаса болып бір жерде тыпырлап құр адаспаңыз” деп айтқаннан кейін, беттің арын сатпасақ та, иектегі сақалды саудалап, өлердегі сөзімізді айтып, семейдің атақты кітапқұмарынан көшірмеден өткізуге сұрап алып, “Көлеңкелер күбірі” жинағын бақыт құсындай қолыма қондырдым. Әр жылдары жазғандары қолға толық тиген соң ғана Ақбереннің жан-дүниесінің қатпарлы қойнауына біршама бойлауға мүмкіндік алдым деп есептеймін. Кітап атауы автордың сөз ұққан жанға не туралы жазып отырғанын құлағына құпиялай сыбырлайды. Қазтуғанның жұрт жүрегіндегі дәстүрлі автопортреті замана ыңғайына сай басқаша қалыпта оқырман санасына жол тартады.

Өңім бе еді бұл өмір, түсім бе еді?

Мен әлі де ештеңе түсінбедім.

Айнадағы бейнеге ұқсасам да,

Сол біреуге тартпаған ішімдегім!

 Бабаларға  ұқсаудан алыстап бара жатқан сыртқы бейнеміз ғана емес, ішкі жан-дүниемізде өзгеше күйге енгенін тасқа басқандай бұдан артық мөлдірете берудің амал-айласы да жоқ шығар, әсте!?

Жеке әңгімеде Ақберен өзінің жазғандарын көпшілік жөпшеңділікпен ұғына бермейді дегенді алға тартты, өйткені оның себебі жырларының бойындағы “Ақын абыздығы” сарыны бүгінгіге де, өткенге де емес, болашаққа бағыт ұстануында. Қазір қазақ ғылымы мен сөз иелері маркстік адасушылықтан арылып, оның орнына аяр фрейдтік “эдип догмасының” шырмауына түсіп қалуда. Ақберен болса, өз көлеңкелерін күбірлетіп, Қызыр келбеттенген Гілгемештен (Қорқыттан) тамыр тартқан ақын абыздығымен әлденені санамызға жеткізбек болып, метафора, мифтеме парадигмасы мен индивидуалды мифінің құпиялы қойнауына сүңгуге мәжбүр етеді, егер сен аталы сөзді ұға алатын болсаң...

Әлем ұйқыда оны ешкім оята алмайды, осы күйініш Ақберен жырының өзегіне айналып, ғаламдық ах ұруға ұласады. Бір білетініміз, ол жалғыз емес, әр елде оның мұңын ұғатын, жырын түсінетін сол мыңдардан ойы бөлек, жаны жалғыз жақтастары бар.

...Әлі ешкім оянбаған әлемде,

Түсіп жатыр жұлдызданған сөйлемдер,

Бұл әлемді өзгерте алмас ешкім де,

Мыңдап ақын туғанымен әр елде.

Ойымызды осы жерден үзіп, енді сөз кезегін Ақбереннің сөзбен сомдалған өздік автопортретіне берейік:

Кейіпкердей өткен шақ өлеңінде,

Ұмыт болдым,

Белгісіз дерегім де.

Өмір сүріп беймәлім керегі не,

Кедергі жоқ адамдар әлемінде.

 

Миллион жылдық секундтар есебінен

Ғұмыр ұшып жоғалған кеше күнге.

Өзім, сірә, тірімін!

Қызық екен...

Денем отыр бүкшиіп төсегімде...

Мен бұл ыңғайда Ақберенді әлем әдебиетіндегі тілін жоғалтқан ұлт ирландтықтардың атақты ақыны Джон Батлер Йейтстің қазақ топырағындағы ізбасарындай көрем. Оның 1899 жылы шыққан «Қамыс арасындағы жел» жинағында өлеңдерінің образдылық қатары кельт мифологиясы мен фольклорының персонаждарына толы, сондықтан «кельт ымыртының» жыршысы атанып, ағылшын отаршылдығының салдарынан Ирландияның дағдарысқа ұшыраған мәдениетінің көсегесін көгертіп, еңсесін қайыра тіктеуі ұлттың ұмыт болған ескілігін қайыра түлетуде деген ұстанымы Ақберен Елгезекке де жат емес, бұл ыңғайда олардың ойлары ортақтасса, қазақ әдебиетіндегі көнеден тамыр тартқан, тіпті соның алаштық түп мәнісін білмей әлем ғалымдары еуротектілік адасушылықпен мойындаған Гомерлік үрдістің (алаш поэзиялық дәстүрі) Ақбереннің тарапынан жаһандану дәуірінде жаңаша көрініс беруі екі қаламгерді бір-бірінен өзгешелейді.

Айна арқылы “Айнадағы бейнеге ұқсасам да” деп ұлт келбетін кескіндеуде осы заттық ұғымды әрі тікелей, әрі жанама түрде қолдану – қазақ әдебиетінде фольклорлық сюжеттерден бастау алған сарын. Оны Шәкәрім өз өлеңінде сатиралық мәнерде елді түзу жолға салу үшін ағартушылық ыңғайда қолданады. Йейтс болса, еуропалық мәнерде жеке адамдық нарциссизм патологиясы ыңғайында пайдаланды. Иә, біз қолынан ештеңе келмейтін бабалардың өткен күндегі даңқына әлемді мойындатпай тек өзіміз ғана малданатын рухани нарциске айналдық. Ақберен жырында ұлтымыздың тастай қатып қалған тек өз келбетіне ғана ғашық нарциссизм элементтері түрлі қалыпта сомдалады. Көлеңке және сыңар архетипінің қазақ әдебиетінде жаңаша көрініс беруі Ақберен шығармашылығында басты орын алады. 

Өткендердің босаған аңғалағы,

Түнегімен үңіліп, жанды алады.

Шым-шытырық айнаның әлемінде,

Өз-өзімді таба алмай сандаламын...

Осылайша біз сөз зергерлерінің Көлеңкеге тәуелдікті және айнадағы сұлбаға ғашық болушылықты не ұлттық, не жеке бастық жосықта арқау етуін бағамдаймыз. Ол мәтін бойында не тікелей, не жанама түрде шексіз санасыздықпен бір-бірімен шарпысады.  Ұлттың өзге ділдегі дүлдірішке айналуы жеке бастық этюдпен беріледі.

Қайдан келді, білмеймін, бұл ұйғарым,

Біреудікі – өксігім, жымиғаным.

Қарашықтың түбінен оқта-текте

Оқылады дыбыссыз жыр-иманым.

Ақбереннің қаламгерлік шеберлігі, философтық ерлігі және алаштық сараптамашылығы қосыла өрілген адам жан түпкірінің көлеңкелі тұсының  айналық амальгамасы (орта ғасырлық лат. amalgama – қоспа) мен мифтемелік фрагменттері ақынның (кейбірде біреулер не әдейі, не қасақана ұғынықсыз, әрі мәнсіз деп сөз етіліп те жүрген) дыбыссыз оқылатын жыр-иманға толы метафорлық тілі арқылы  сөз зергерінің айтпақ ойы оқырман санасына жетіп жатыр. Ілияс Жансүгіровтен бастау алатын “Тарих шал” әдеби архетипі Ақберенде өмірде жолы болмаған бірақ болашақтан күдер үзбейтін алаштың мәңгілік арманының сүлдерлі сұлбасы ретінде:

Оның жасы – мыңжылдықтар құрдасы,

Оның сөзі – мың мұңлықтың сырласы,-деп берілуі көп нәрсені ұқтырып, сан мен сананы, діл мен рухты арпалыстырады.

Ақбереннің қай өлеңін оқыма ол бізді өзінің өзіне тәңірдей табынатын дарындылығынан бастау алатын Көлеңкесінің бітіп болмайтын пазлының (ағыл. jigsaw puzzle (жұмбақ, басқатырғыш) пазлды Англияда 1761 жылы Лондондық географиялық карта сатушысы Джон Спилсбери кесілген картаның әр бөлігін құрастыру арқылы білім алуға болатын жаңа оқу құралы ретінде ойлап тапты) сансыз бөліктерінің тұтқынына алып, оның жұмбақты ойларының құрастырушысына айналып, шыға келесің де өзіңді қаумалаған ой либринтынан батпақтамай шығудың амалын қарастыруға қалай еркіңнен тыс кірісіп кеткеніңді де аңдамай қаласың.

Ғұмыр бойы күтер Көктің кемесін.

«Құс жолынан» желкен жайған сол кеме –

Болашақтың елесі.

Қашып жүрген Жаратқан мен сайтаннан,

Тыншымайды ішімдегі майталман.

Оның түсі өмірім бе, өңім бе,

Менің түсім – оның түсі? Айта алман!

Қаламына сиқырлы жүзігін кигізіп, ол салынған “өзінің соқыр саусағын шошайтып” грек мифологиясындағы Гигестей (Геродот жазбасында Гигес Лидияның патшасын өлтіріп, Мермнадтар династисияның негізін қалаған бақташы; өзінің “Республика” туындысының екінші бөлігінде Платон «Гигес – сиқырдың күшімен дегеніне жетуші» деп жазады) поэзия кеңістігінде Жаратқан мен сайтаннан қашып, өз патшалығын құрғандай көрініп кетеді. Қазақ әдебиетіндегі жас буын қолына киген, қаламын сәнденген “Гигес жүзігі” бодандықтан ада дәуірдің «Құс жолына» желкен жайған кемедей келбетін қалыптастырып, ұлтымыздың МӘДЕНИ КЕҢІСТІКТЕ Ғұмыр бойы күткен жаңа Қайта Өрлеу эрасын туғызып, бұрынғыдан тұрпаты бөлек туындыларын әлемдік мәдениет айдында жүзгізді.

Маркстің рухани құдайсыздық ілімінің мифтемесін Рокффелердің ақша тәңірлігі ілімінің мифтемесіне айбырастағандар биілікте отырғанда қазақ құндылығы шетқақпай болуын одан ары жалғастыра түсіп, халқымыз иек сүйеген іргетастық алаштық дүниетанымдық образдармен қатар ғұлама Абай бізге нұсқап кеткен платондық идеялар әлемі құлдыраудың құз шыңының басына келіп бірақ тоқтады.  Екеуінің де қармағына түспеген, Абай ілімін заманға сай жаңғыртушы қазақ Ағартушылық Постмодернизмі осыдан құтылудың жолын осы екі бірдей аярлықтан басы бүтін арылу деп ұғынды. Бұл жолға түскен Ақберен сияқты сөз зергерлері ұлтымызға қалдырған Абайдың рухани пазылын (жұмбағын) өздерінше шешуге кірісіп, алаштың айнаның мыңдаған сынығына айналып, шашыраған сәулесін әлсіз түсіріп жүрген мәдени құндылықтарын  ой зиялығымен метафорлық әрлеп ұлтына ұсынуға көшті. Ұлттын өзгенің айтағына ілесіп рухани салдыққа ұшыратушылық дертінен арылтып, өзіне-өзіне өзі ғашық болып, өзгеге еліктеуді білмейтін дәуірін қайыра оралту үшін бастарын тауға да тасқа да ұруда.

Сондай жұмбақ – санамдағы сыңарым.

Өзім кіммін? Қайда менің тұрағым?

Жазмышым ше, қара сөз бе, өлең бе,

Сыңарымнан сұрағым кеп тұрады.

Олардың жинақтары «алаш өркениетін» қалпына келтіріп, адасқан сананы ұлттық үйіріне оралтып, Абай қандыра алмаған қазақтың жанының рухани сусауын қамтамасыз етудің мәдени қызметін атқаруға көшті. Абай мыңмен жалғыз алысса, бұлар Мағжанша “10”- мен топтасып, отаршылар санасын мәңгіге құлданып, құлдық таңбасын басқан, әрі содан арылуды хош көрмейтін “90”-ның тобымен күреске түсіп келеді.

Ақын жырларындағы мифологияға, психодинамикалық психология мен рухани амалятқа оқырман қауымның қызығушылық танытуы артып келеді. 1000 жылдық араб пен парсылық жалған сананың, 100 жылдық еуротектілік бодандық аяр сананың арбауындағы ұлтты ояту оңай дүние емес. Бірақ, байқап көруге болатын қадам. Оған кім көрінген бара қоймайды. Сондықтан, қазіргі қазақ постмодернизмін Дидар Амантай бастаған шоғырдың алаш ділін ескермей ұлттық тектен ажыраған бейұлттық постмодернизм (аталған жазушының “Гүлдер мен кітаптар” жинағын ұлт қабылдамады) және ұлттық ділдегі қазақи постмодернизм (Тыныштықбек Әбдікәкімұлының “Қас сақ аңқымасы” лингво-мәдени диологиясын, Әмірхан Балқыбектің фрагметтік-синтез хикаяты “Қасқыр құдай болған кезін”, Жүсіпбек Қорғасбектің “Премьер-министр” памфлеттік-хикаятын, Асқар Алтайдың “Тұмаққа түскен сәуленің жарқылы” пәлсәпа-мифологиялық әскери романын, Думан Рамазанның “Көш” әпсанасын т.б. дәстүри қаламгерлердің туындыларын ұлт қол соға қабылдады) және Ақберен бастаған жаңа буынның әлемдік өркениетпен қатарласа қадам басқан неоалаштық постмодернизмі деп үшке бөлуге болады.

Әрқайсының басында біздер атын атаған үлкен дарын иелері мен өзге де қазақтың асыл сөзінің бүгінгі дүрлері тұр. Олардың ішінде “Мен бірінші постмодернист” деген атақты иленуге қылық танытқандар шығып қалып жүргені ешкімге жасырын факті емес. Бірақ солардың бірде бірі өзгелерді соңынан ертетін әдеби манифест жазуға  құлшыныс танытпауда. Неге??? Кеңестік дәуірдің санамызға басылған құлдық таңбасы бірте-бірте өз мөрін жоғалтып, біздің әдеби-мәдени әлеміміз зор өзгерістерге ұшырады.

Алаш мифі біздің барлық өмірлік кезеңімізді қамтиды. Біз мифті тудырмаймыз, миф бізді тудырады. Ол біздің қыр соңымыздан қашан көміліп көрге түскенімізге өкшелеп жүреді. Осы жанымыздың тұманды түпкірін жастар поэзиясы ашып бере алып жүр ме!? Иә, сана тереңіне бұққан бағзылық олардың дербес поэтологиялық индивидуалдылығының тарихы болып табылады да, шығармаларының әрін кіргізеді.

Егерде біз мифпен арайланған олардың шығармашылық әлеуетін назардан тыс қалдырар болсақ, олардың өз тарихын, ел тарихын сөз асылымен қалай айшықтағанын каперден шығарып алар едік.

Жастардың қазақ сөзін түрлі ыңғайда өздерінің қолайларына қарай қолдануы бұрын бұлай қолданылмаушы еді ғой деп жұртты үркітіп, ғалымдарымызды “сол сөздің” табиғатын ашуға барын салғызып, суреткерді жоққа шығаруға тырыстырмауы керек. Саналы түрде өзін дербестендіретін сөз зергері аталған сөздің жаңа қырын экранға шығарады. Бұрын тілді “алапат ғұрып, белгілі бір заттарға әсер ету дәстүрі” деп келсек, енді тілді “ұжымдықтың негізінде туған емеуірін емес, қайта сөз зергерлерінің дербес мүддесінен” туған үшінші қалыптағы феномен (феномены третьего вида)  деп ұғынуға тиіспіз.  Р. Келлердің көзқарасы бойынша: «Адамның мақсаты емеуірінінің емес, нәтижелі ісінің қорытындысы болып табылатын заттар үшінші қалыптағы феномен деп аталады. Осындай, заттардың үшінші қалыптағы феномені Ақберенде: «пір-құсы», «Көктің кемесі» т.б. философиялық ұғым-түсініктер арқылы беріледі. Бұл ұғым-түсініктер ақынның әр өлеңінің бойында өрілген алтын арқауы болатындығын біз тек оның “Бір кісіге” (С.Торайғыровта “Бір адамға” – Ә.Ә.Ә.) өлеңі бойынша ғана беріп отырмыз. Ақберен мен Сұлтанмахмұттың аттас өлеңдері сарындас болғанымен айтар ойы әрқилы. Сұлтанмахмұт өзі көзімен көрген тарихи нақты оқиғаны берсе, Ақберен ұлтың жоғалған рухын оятуды мақсұт тұтып, өзін тылсымды кейіпкерге айналдырып, тарихи мыңжылдықтарды аза мен даңқ арайына орап сыр шертеді. Екі ақындағы екі түрлі кездесу қазақ лирикасында қандай соны өзгерістердің орын алғандығын танытады. Далада және үйдегі кездесу, яғни уақыт пен орынның ғана емес, ақындардың көңіл күйінің де, стильдік сөз саптауларының да өзгеріске ұшырағандығын аңғару қиын емес. Сұлтанмахмұттағы “Біздерде мынандай бар..” деп мақтанатын бұрынғы болып толаған шалды Ақберен постмодерндік сезімталдықпен ендігі жерде бар мұрасы мен рухынан айырылған жетімек шалға ауыстырып отыр.

Бір қазада, еріп келген қорымнан,

Бұл кісімен мұңдас едім бұрыннан.

Жетімек шал...

Орын беріп ішімнен...

Содан бері қара дертке ұрынғам.

Оймен қабылдау бар да, сезіммен қабылдау бар. Оның соңғысын Батыстағылар анайы сезім жетегіне ілестіруге бейім, Шығыс адамы ардан аттамай ұстанатын байыпты сезімді олар қашанда екінші қатарға ысырады немесе елегілері де келмейді. Әйел тәніне сұқтанбай оны көзбен ішіп-жемей оның назынан рахат пен ләзаттану сезімін қанағат тұтатын Шығыс адамы еуропалықтарға қарағанда өзге дүниетанымдық ұстанымда болуын барлық діндердің тек Шығыстан шығуымен түсіндірмекпіз. Өзгенің дінін тұтынушы еуропалықтар бұрыннан қалыптасқан монодіндік түп тұғырлары болмағандықтан өздерін ғана адастырып қоймай әлемді де имани апатқа түрлі жолмен, жалған ілімдермен итергісі келіп тұрады.  Біз қазір модаға айналған мәтін эротикасын тап осындай тұрғыдан ұғынуымыз керек. Мәтін эротикасы бізге қаламгерлер туындыларын талдаған шақта өте қажет. Бірақ анайы сезім қойнауына сүңгу үшін емес, шынайы сезім шапағына бөлену үшін. Барт еуропалықтар үшін – бір бөлек, шығыстықтар үшін – бір бөлек тұлға. Барттың мәтін эротикасы қазақ үшін, оның ішінде Ақберен үшін басқаша қалыпта сөйлейтін әуезе. Әйел тәнінсіз де адам үшін тән рахаты бар екендігін танытатын мына жолдар ақынның сөз сиқырын жете меңгергенін танытады.

Тыныштықпен таба алмаған үйлесім,

Жарқылдайды қара бұлттар жүйкесі.

Жан дүниемнен ашылады түнге есік,

Бүгінгі түн – періштелер би кеші!

 

Нәзік гүлдей еліктірмес би кімді?

Қызық үшін қидым тәтті ұйқымды.

Періштеге қарай қалсам, өртенем,

Сондай сұлу, сүйкімді!..

 

Татып көрсем тыйым салған жемістен,

Жүрегімде сансыз сезім керіскен...

Сайтан болып шықпаса еді соңыра,

Мейірімді періштем...

Әлем әдебиетіндегі сияқты қазақ заманауи қаламгерлерінің екі оқылымы бар: біріншісі тікелей "айла-шарғының кульминациялық сәті: тілдің қызметтік қасиетіне назар аудармай бүкіл мәтін бойы оқырманын арбап ұстау, модернизмнің атасы Рамазан Тоқтаровқа тән тәсіл болса; екінші тәсіл керісінше "әрбір сөзі ойыңа кәрі қыздай жабысып, өзінің назды қылығымен қойынына қойып кетіп, құшағына құлататын амал, біз бұндай оқу кезінде көп қатпарлы шындықтың ішінен тек біреуінің ғана жалына жабысып үлгере аламыз. Оның үстіне бұндай оқылым ерек оқырманды талап етететіндігі және бар. Ақберен сияқты жас ақындарды оқу үшін олардың жазған әр жолына ах ұрмай, асықпай отырып, ең мәнді деген ойының жетегіне ілесетін Ахаң дәуіріндегі Батыстың ой асылын талғап оқитын дегдар оқырман дәуірін қайыра өмірге әкелу керек. Енді біз Батыстан үйренуді қойып, олардың көркемдік әдістерін қазақ топырағына жерсіндірген өз қаламгерлерімізді оқып зердейлей білуді үйренуіміз ләзім. Олардың жырлары бойындағы толған жұмбақтың батпағына батып, малтығып құр далбас боласың. Көлеңке мен сыңар арасындағы ой таластың мәнін ұғына алмай ит жының да келіп кетеді. Амалсың соны үрдіске көндігесің... Өйткені, басқаша болу мүмкін емес, жас ақындардың жөнді зерттелмеуі ресми ғылымдағы соцреализмдік дімкәстіктің арылмайтын дертінен бе дегенде ойға да кетесің. Қысқасы, шақшадай басың шарадай болады...

Өкінішіне өткеннің өкпелемей,

Жерұйыққа ақыры жеткен елдей,

Мен өзіме қараймын айна ішінде,

Мейірімнен тұтанған от көрердей.

 

Иесіз қалған күйіндей қыл қаламның,

Болашағы киесіз бұл ғаламның.

Шиырланған жаһанның тамырымен,

Аппақ нұрды қуады түн қараңғы.

 

Түн қараңғы, басады сар Даланы,

Кірпігінен дібірлеп шам жанады.

Рухым кезіп іздейді кеңістіктен,

Беймекенде орныққан шамбаланы.

Постструктурализм – дегеніміз осы сөздің жалпы мәнінде – өз сипаты жағынан ауқымды да, кеңінен әсер ететін интерсалалық (ор. Интердисдиплинарное, лат. disciplina, discere оқу деген сөзінен шыққан бұл жерде «шектес салалық» деген мәнді білдіріп тұр) Батыс заманалық мәдениетіндегі идеялық ағым. Ол гуманитарлық білімдердің (әдебиеттану, философия, әлеуметтану, лингвистика, тарих, өнертану, дінтану т.б.) тоғысуы нәтижесінде өмірге келіп, өз құшағына тіпті жаратылыстану ғылымдарында сыйдырды.

Бірінші түн соңына жетті, бауыр елесі көзден ғайып болды... Ауада  үнсіз тыныштық орнады... Бар болғаны сол!!!

(Жалғасы бар)

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1536
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3316
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6019