Жексенбі, 24 Қараша 2024
Естелік 1994 4 пікір 26 Желтоқсан, 2023 сағат 12:53

Сағынып жүріппін ағаларды...

(зооветинституттың ұстаздары жайында бірер сөз)

Семейден дос-әріптесім Сайлау Төлеуов хабарласып: «Жерлесім, Марқакөлден шыққан Кеңесхан аға жайлы естелік керек еді» деді. Марқұм Какең аға және Света жеңгеймен бақандай 20 жыл (1988-2008 жж.) көрші тұрғанмын. 1987 жылы Интернациональная (қазіргі Қ. Мұхаметханов) көшесі, 33 деген бесқабатты үлкен үй қолданысқа берілді. Сол үйден зоотехникалық-малдәрігерлік институттың көптеген қызметкерлеріне пәтер бұйырды. Қуанышымызда шек жоқ. Пәтерің жаңадан салынған әрі ЦУМ-ға қарама-қарсы дәл орталықта орналасқан үйде болса, қайтіп қуанбассың. Бір қызығы, сол үйдің бесінші подъезінен  өңкей ғылыми атағы бар доценттер пәтер алып, ол «ғалымдар подъезі» аталып кетті. Арамызда ғылыми атағы (ғылым докторы, профессор) және лауазымы жағынан да (проректор) жоғарылау тұрған – Кеңесхан Нұрғалиұлы Қожанов ағамыз болатын.

Сол дәуірдің тынысы мен тұрмыс-тіршілігі суретін өзімнен бастайын. Семейдің байырғы оқу орны – зооветинститутқа қызметке қалай келдім? Тағдыр ғой, Ресейдің Челябі қаласына ауыл шаруашылығын механикаландыру институтына барғам, оны 1973 жылы тәмамдап, өзімнің туған жерім Бесқарағай ауданы, Долон совхозында төрт жылдай  инженер-механик тәжірибесінен өттім. 1977 жылы отбасылық жағдайға байланысты Семей қаласына қоныс аударып, цемент зауытында екі жылдай  инженер-конструктор қызметін атқардым. Әрине, зауыттың аты зауыт. Оны өгейсініп, ауыл мен даланы аңсап-ақ жүрдім, бірақ, амал жоқ, күнкөріс керек.

Сонан, қойшы, 1979 жылдың күзі еді, Көкежан деген Шардың азаматы кездесе кетті. Абитурент шақтан танысым, Алматы ауыл шаруашылық институтына құжатты бірге тапсырған едік. Ол зооветинституттың «Мал шаруашылығын механикаландыру» кафедрасында оқытушы екен. Жөн сұрасқан соң: «Асеке, мен аспирантураға жүрмекпін, орныма кісі табуым керек, сен менің орныма келсеңші» деп қиылды. Менің іздегенім де сол еді ғой. Бір жұма өтер-өтпестен имене басып ректор Уалхан Әбділманов кабинетінің табалдырығын аттадым. Ол кісі жылы қарсы алып, дипломымды мұқият қарады да: «Өте жақсы бағамен бітірген екенсің, қазір-ақ бұйрық шығартам. Іске кіріс, шырағым!» деді (сол сәттегі ағаның мейірімді жүзі, туған ағам құшағына алғандай сезімге бөленгенім әлі есімде).

Міне, осылайша өмірімнің ең бір қызықты да мағыналы кезеңі басталды да кетті. Уақыттың қалай өткенін білмей де қаласың. Неге? Өйткені, кафедра ұжымы – қарт Шульмейстер, Әнуарбек Қожықов, Мерқасым Базаршин, Еркін Катанов, кейінде Бейсенғали Бекетов, Шәріп Бейсебаев еш жатсынбай, мені үйірге алды. Әкем Қайырбек ауыл мектебінің мұғалімі еді, содан ба болар, ұстаздық қылу жаныма жағып, студент жастарға білім беру ісіне бар ынта-жігеріммен кірісіп кеттім. Ұстаздық пен ғалымдық – қос тізгінді қатар ұстаған ортаға тап болғаныма рахаттандым.

Зооветинституттың бас ғимараты

Осымен сөзімді ағалар жайына бұрайын.

Зооветинститут бүкіл Қазақстан бойынша мамандар даярлаған іргелі оқу орны болғаны хақ. Коханина, Степин, Садықов бастатқан профессорлік-оқытушылық корпусы мықты еді. Түгендесем, тізім ұзын. Жадымда жүрген, араласқан ортам мынау: Қадір Әлмағамбетов, Жұмағали Есенбеков, Майдан Дадебаев, Марат Бекшентаев, Марат Кинеев, Сағадат Стамбеков, Нұрал Майтқанов, Мәрия Абанова, Жабайхан Қайкенов, Владимир Середин, Северин, Қанат Дүйсембаев, Халит Жұмабеков, Рашид Булатов, Сайпетин Құрманбаев, Есенгелді Омарбеков.

Осы аталған педагогтың қай қайсы да «зоотехния» және «ветеринария» мамандарын сапалы даярлауға сүбелі үлесін қосқан доценттер. Әрбірі  дүр еді. Неге десеңіз, өмір мен өндіріс көрігінен өтіп, онан соң ұстаздық пен ғылымға келгендер еді. Олардың балалық шағын соғыс өрті жалмаған, заман құқайы – жетім-жесірлік пен кемшінді көп көріп, құрыштай шыңдалған толқын өкілдері болғанын да айта отырайын. «Қиындық көрген жүрек мейірімді» демей ме, әрқашанда көмек қолын созуға даяр тұратын. Өз басым ағалық қамқорлықтарын көп көрдім.

Қазіргі күнгі ұлт ғылымы жоқтың қасы. Ал кешегі кеңестік кезеңде ғылыммен айналысуға барлық жағдай жасалғанын және ғалымдарды даярлау жоғары деңгейде болғанын (ғылым шыңын бағындырған қазақтың қара домалақ балалары қаншама десеңізші) мойындауымыз керек.  Ғалымдарды даярлау жүйесі мүлтіксіз жұмыс істеді. Ғылым Академиясынан бастап, жоғарғы оқу орындары тұтас қамтылды (ғылым бар жерде білім беру деңгейі де жоғары болмағы айтпасақ та түсінікті).

Алдыңғы толқын өкшесін басқан мен құраптас Панарбек Ғадуллин, Мұхтарбек Кәрімов, Өмірзақ Сұлтанов, Бақыт Үйсінбаев, Жұмабай Қорабаев, Совет Тойкин, Мусина, Валера Тұманбаев сияқты жастар да  аспирантураға баруға қамданып жүретін. Сөйтіп, 1981 жылдың соңында аспирантураға оқуға бару кезегі маған да жетті. Үш жарым жыл Мәскеу қаласында аспирантурада оқып, техника ғылымдарының кандидаты атағын алдым.

Бірақ доцент болдым, толдым деп шырт түкіріп жатуға мұршаң қайда. Іздене беруің керек. Өз саласының жілігін шағып, майын ішкендер ғылым докторы атанды (Есенбеков, Бекетов, Құрманбаев және т.б.). Ғылым көгінде Тілеуберді Сайдулдин ағаның да жұлдызы жанды (ағамен Мәскеу қонақүйінде бірге түнеп шығып, 1985 жылдың 1 сәуірі күні ол докторлық мен кандидаттық диссертацияны қорғаған едік). Тілеш аға 1985-1988 жылдары институттың ғылым жөніндегі проректоры қызметін атқарды, Алматыға көшіп, көп ұзамай-ақ республикаға танымал тұлға болды. Академик атағын да алған болатын. Тілекеңнен кейін, жаңылыспасам, ғылым проректоры қызметіне Кеңесхан Нұрғалиұлы Қожанов ағамыз сайланды. Отымен кіріп, күлімен шығып дегендей, жүгі ауыр қызметті көп жылдар абыроймен атқарды.

1970-ші жыл. Ұстаздар тобы: бірінші қатарда, ортада жымыйып отырған – Кеңесхан Қожанов (келешек ғылым докторы), екінші қатарда оң жақ шетте тұрған – Тілеуберді Сайдулдин (келешек академик).

Брежневтің «дамыған социализмі» кезеңінде қиындық көрдік деп өтірік айта алмаймын.  «Тоқырау дәуірі» – тоқшылық заманы болды. Көпке аян, ол күнде оқу тегін, емделу тегін, пәтер де тегін. Ресми мереке күндерін бүкіл халық боп тойлайтын. Біздің бесінші подьезд тұрғындары да той-домалақ пен мейрамда бас қосып, «отметить етуден» қалыс қалмадық. Виктор Киснер, Валера Тұманбаев, Рамазан Жакупов, Жанат Никушев, Әбдірахман Байғазанов, Әмір Біралинов сияқты көршілер тату-тәтті тұрып жаттық. Әсіресе, Жаңа жылды қарсы алғанда үйді үйге кіріп, құттықтап жататынбыз. Тізгінді үлкендеріміз Кеңесхан мен Рамазан аға алады, олардың айтқанынан шықпайтынбыз.

Енді Кеңағамның тұлғалық бейнесі мен кісілік келбетіне тоқталайын.

«Қайта құру» делінетін коммунистік партияның бас секретары М. Горбачев бастамасының соңы Кеңес Одағы ыдырауына әкеп соқты. Ойпыл-тойпылға толы 1990 жылдардың басында кімнің кім екені сынға түсті. Кеңесхан аға қарапайым, үнемі жымыйып жүретін кішіпейіл, ғылымға адал, іске ширақ, елгезек кісі-тін. Өз қатарластарының абыройлысы еді, тегіннен тегін проректор (ректордың орынбасары) бола алмайсың. Ұлтшылдық жағынан да биіктен көріне білді. Какең «Қазақ тілі» қоғамын құру, Наурыз мерекесін ұйымдастыру, тәуелсіздік жаршысы болған «Ана тілі» газетін жаздыру сияқты іс-шараларға бір кісідей ат салысты (билік креслосы бар кім кім де «азаттық алдық!» деп бөркін аспанға атқан емес, керісінше «пәледен аулақ» деп ұлттық иіс аңқыған істерден ат-тонын ала қашқанына куәміз).

Қазір ойлап отырсам, 1990 жылдардағы сана трансформациясы, ұлттық рух өрлеуі ғажап құбылыс болып көрінеді. Әйтеуір, мені бір тылсым күш – қаламға құштарлық билеп алды. Тарихи зерттеулер жаза бастадым, ақыр соңында 1994 жылы республикалық «Абай» журналы редакциясына қызметке ауыстым. Кеңесхан аға алғашқы дүниелерімді «Абай» журналынан, я болмаса облыстық, қалалық газеттерден оқып жүретін («Семей – көне қала», «Шыңғысхан заманының шындығы», «Қазақия»  және тағы басқа ізденістерім).  Жолыға қалғанда: «Асеке, іске сәт, ұлт рухын көтеруден асқан шаруа жоқ қазір!» деп мені шабыттандырып қоятын. Бірде: «Ауылды көтерсек, ол үшін Израиль мемлекеті сияқты ғылыми негізде дамыту қолға алынса шіркін, олай болмай тұр!» деп сыр бөліскені бар.

Сөз сөзден туады, республикалық «Абай» журналында ақын-журналист Мерғали Ибраевпен қатты достасып кеттім. Екеуміз бір кабинетте отырдық. Бірде Мекең: «Мені Қожанов досым зооветинститутқа студенттермен кездесуге шақырып жатыр, бірге барайық» десін. Бардық, актовый зал студенттерге толы. Мерғали өзінің ақындық һәм журналистік өмірін баяндап берген соң, жастар көптеген сұрақтар қойып, қызығушылық танытты (сол емен-жарқын жүрген шуақты кезең лезде өте шықты).

Бақсам, Кеңесхан мен Мерғали ескі достар екен. Екеуі Мурманск әскери округінде бірге служить етіпті. Рота тұрсын, бүкіл батальонда екі-ақ қазақ бопты. Сирек болса да бас қосып жүргенде естігенім: «Бірақ ешкімді басындырған жоқпыз. Екеуміз де спортқа үйір едік. Турникте шыр айналатын едік, шіркін» десті ағалар (атам қазақ: «Сен тұр, мен атайын!» дегенді осындайда айтса керек).

Енді бірер сыни пікірге ауысуға рұқсат етіңіздер.  1990 жылдар әлі есте, нарықтың айдынына күмп беріп қойдық та кеттік. Ақшаны әке, сауданы шеше десіп. Ауыл-аймақ тентіреген, совхоздар таратылған тұс. Сол себепті зооветтен де мән мен сән кетті. Құрдымға кетпеу үшін заман сұранысына сай көппрофилді ауыл шаруашылық институты ашылса деген бастама көтерілген-ақ еді. Әттең, өміршең идея іске аспады. Шансты жіберіп алдық, қайран зоовет күйреді. Неге? Себебі, шешуші сәттерде жеке бастың қамы жеңіп кетіп отырды. Иә, өмір деген қақтығыс.

Тағы бір жәйттің басын аша өтейін, 1997-1998 жылдары еркіндік рухы сөнуге бет алды. Азаттық қадірсіз елге Жаратушы құдіреттің жазасы қатал. Әкімшіл-әміршіл жүйе қайта тірілсе, бүткіл билік «тек менікі ғана жөн, менен асқан көсем жоқ» деген өзімшіл қудың қолына түссе – бұдан асқан шер мен сор бола ма? Үлкендер біледі, «Үш анық» сияқты ұлтшыл газеттер жабылды. Өзге түгілі, Абай, Шәкәрім, Мұхтар сияқты ұлылар жайына қалды. 1997 жылы Мұхтар Әуезовтің 100 жылдық мерейтойы жетім қыздың тойындай сорақы жағдайда өтті. Көпті көрген сырбаз басшымыз, «Абай» журналының бас редакторы Рысхан Мусин ағаның «Апырай, қайда барамыз, өзі?!» деп жағасын ұстаған болатын. Көп ұзамай-ақ, күллі баспасөз халықтың көзі, тілі болудан қалды, көлгірсу мен фальш батпағына батты.

Әрине, бәрі жаман деуден аулақпын, нарықтың берері де бергені де көп. Бірақ авторитарлық жүйе (жабық қоғам) көп бүлдірді. Онан басты зардап – жемқорлық пен заңсыздық арамшөптей қаулады. Сол себептен ғылым мен өнер құнсызданды және «елдің сиқы бұзылды» (Абай). Несін жасырамыз, мейірім аз, шындап қуана да алмаймыз (байлыққа ат төбеліндей топ қана кенеліп, қарапайым көпшілік базар жағалап жүргені балаға да аян). Өрге жетелейтін мүмкіндіктер желге ұшты. Міне, Қакең сияқты «елім, жерім» деген азаматтар жүрегіне жамау, көңіліне қаяу түсірген жәйт, сірә да, осы.

Абай: «Дүние – үлкен көл, заман – соққан жел» демей ме, бірде Астана қаласынан философия ғылымдарының докторы, әріптесім Қалимаш Бегалинова телефон шалды: «Дін істер агенттігі жанынан ғылыми-зерттеу орталығы ашылды, соған қызметке келіңіз» деп. Философиядан кандидаттық қорғаған кезім еді, бірден-ақ келістім. Семейдегі пәтерімді сатып, Астанаға қоныс аудардым. 20 жыл бірге тұрған көрші, дос-жарандармен қимай қоштастым. Бұл 2008 жылдың күзі еді. Уақытқа тоқтау жоқ, зымырап өте береді, Кеңесхан Нұрғалиұлымен қайта жүздесудің сәті түскен жоқ.

Осыдан он жыл бұрын «Қакең қайтыс болды!» деген суыт хабар жетті. Қан тамыры бітеліп (тромб) кенеттен бақилық болған екен. Сенер сенбесімді білмедім, өйткені, ағамыз күтулі, жараған аттай сергек жүретін кісітұғын. Жоғары қан қысымы... Ол неден? Қазақ тілінің мүшкіл хәлі, қай саланың да зоовет секілді тоз-тоз болуы – халқын сүйген арда азаматтың жүрегін қайтіп сыздатпасын? Міне, Кеңесхан аға сондай құрбанның бірі деген ойдамын.

Әріптесім Сайлау өтінгенде, пәлі, нені жазам, не есте қалды дейсің деп әбіржіп қалғаным рас. Бірақ жастық өмірім кино көргендей көз алдымнан өтіп, қаламым жүгіре бастады. Шағын естелік көңілімнен бұлқынып шықты. Сөйтсем, сағынып жүріппін ағаларды. Мен де жетпістің желкесіне шықтым, ақсақалдық жастамын. Қолтығыңнан демеген жандарды еске алуға, жадыңда жаңғыртуға не жетсін. Жоғарыда аты аталған және аталмаған марқұмдардың мекені бейіштен болсын! Біз сіздерді ұмытпаймыз, асыл ағалар!

Асан Омаров,

ғалым-журналист

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3258
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5562