Жексенбі, 24 Қараша 2024
Анық-қанығы 2205 3 пікір 26 Желтоқсан, 2023 сағат 14:53

ЕАЭО жиыны: Қандай мәселелер талқыланды?

Кеше Еуразия экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше елдердің президенттері Жоғарғы Еуразия экономикалық кеңесінің отырысына қатысу үшін Петерборға барған.

Дүйсенбі күні Борис Ельцин атындағы президент кітапханасында Жоғарғы Еуразия экономикалық кеңесінің шағын құрамда жиыны өтті. Одан белгілісі ЕАЭО елдері Иранмен еркін сауда келісіміне қол қойды.

Аталған жиында Қазақстан Президенті не деп сөйледі? Қандай мәселелерді көтерді? Қараңыз:

САНКЦИЯЛЫҚ ТЕКЕТІРЕСТЕР – ӘЛЕМДІК ЭКОНОМИКАНЫҢ ДАМУЫН БӘСЕҢДЕТУДЕ!

«Инфляцияның қысымы, халықаралық логистикалық тізбектердің трансформациясы, аймақтардағы қақтығыстар, санкциялық текетірестер – бұл әлемдік экономиканың даму қарқынын бәсеңдететін факторлардың бір парасы ғана. Осындай күрделі жағдайда Қазақстан жылдық экономикалық өсімді 4,9 пайыз көрсеткішпен қорытындылауды жоспарлап отыр. «Еуразиялық бестікке» кіретін барлық елде оң динамика байқалатыны қуантады. Әйтсе де экономикамыздың орнықты даму траекториясын сақтау үшін 2024 жылдың сын-қатерлеріне бірлесе дайындалуымыз керек. Сарапшылар болжамына сәйкес келесі жылы жаһандық экономика бірқалыпты, тіпті баяу қарқынмен, яғни 1,5 пайыздан 3 пайызға дейін өседі. Нарығының көлемі 2,6 триллион долларға тең Еуразиялық экономикалық одақ әлемдік экономиканың ажырамас бөлігі ретінде өсімнің бәсеңдеуін сезінуі мүмкін. Сондықтан біз қазіргі экономикалық резервті және өзара тиімді интеграцияның қолда бар әлеуетін барынша жұмылдыруымыз қажет. Қазақстан әуел бастан Одақтың экономикалық сипатын айқындайтын қағидатты берік ұстанды. ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер өз істері мен шешімдерінде дәл осы күн тәртібінен ауытқымауға тиіс деп санаймыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

ТЕХНИКАЛЫҚ РЕГЛАМЕНТТЕР ЕНГІЗУ КЕРЕК!

«Біз ортақ нарықта кездесетін кедергілер мен шектеулерді жойып, бірыңғай техникалық регламенттер енгізуді жылдамдатуымыз керек. ЕАЭО-ның біріккен ақпараттық жүйесінің толық форматта жұмыс істеуі мүше мемлекеттер арасында тауар тасымалдау кезіндегі бизнес шығындарын айтарлықтай азайтуға септігін тигізер еді. Электронды сауда саласында нәтижелі ықпалдастық орнатуға мол мүмкіндік бар. Былтыр Еуразиялық экономикалық одақтағы аталған нарықтың жалпы көлемі 80 миллиард долларға жетті. Жақын арада бұл көрсеткіш екі есе ұлғаюы мүмкін. Алайда мұнымен тоқтап қалмаймыз. Кедендік рәсімдерді жетілдіру және онлайн сауданың тиімді, тең құқылы экожүйесін құру бағытында барынша белсенді жұмыс істеуіміз қажет», – деді Президент.

ЕАЭО ЕЛДЕРІНІҢ ӘЛЕУЕТІ 600 МЛН АДАМҒА ТАМАҚ ТАУЫП БЕРУГЕ ЖЕТЕДІ!

«Соған қарамастан, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің әлемдік нарықтағы ауыл шаруашылығы өнімдері экспортының үлесі әлі де өте төмен, яғни екі пайыздан сәл ғана асады. Ал дүниежүзінде 800 миллионнан астам адам аштық пен азық-түлік тапшылығының зардабын тартып отыр. Өкінішке қарай, азық-түлік жеткізуге қазіргі геосаяси ахуал, әсіресе, бірінші кезекте санкциялар кедергі келтіруде. Нәтижесінде, азық-түлікке мұқтаж халық жапа шегіп отыр. Сарапшылардың бағалауынша, ЕАЭО елдерінің әлеуеті 600 милионға жуық адамға тамақ тауып беруге жетеді. Сондықтан бәсекеге қабілетті, экологиялық таза және экспортқа бағдарланған, озық халықаралық стандарттарға сай өнім шығару мақсатында тығыз кооперациялық байланыстарды жолға қою басым бағыттарымыздың біріне айналуы керек. Сондай-ақ агрологистика және өнім сақтау жүйесін дамытып, ауыл шаруашылығы саласына цифрлық шешімдерді енгізу үшін күш біріктіруіміз қажет. Бірлескен агроинновациялық орталықтар құру мәселесін пысықтаған жөн. Мұндай орталықтар агроөнеркәсіп кешенін коммерцияландырумен және өндіріске жаңа технологияларды енгізумен айналысады», – деді Президент.

ЭКСПОРТҚА ЖОЛ АШАТЫН БАҒЫТТАРДЫ ҚОЛҒА АЛУ КЕРЕК!

«Бұл жерде, ең алдымен, Таяу Шығыс, Иран, Пәкістан және Үндістан елдеріне шығатын «Солтүстік – Оңтүстік» дәлізін дамыту туралы сөз болып отыр. Осы орайда Қазақстан бастамасымен «Челябинск – Болашақ – Иран» бағытын іске қосу жобасының жүзеге асырыла бастағаны қуантады. Біз өз тарапымыздан еліміздегі теміржол желілері мен автомобиль жолдарының талапқа сай келмейтін учаскелерін реконструкциялауға әзірміз. Мен бұл ретте Бейнеу – Маңғыстау, Мақат – Қандыағаш теміржол желісі мен Бейнеу – Шалқар автомобиль жолы туралы айтып отырмын. Көлік дәлізін одан әрі дамыту үшін Қазақстан, Ресей және Түрікменстанның логистикалық компаниялары бірлескен кәсіпорын құрып жатыр. ЕАЭО-ға мүше өзге елдердің теміржол әкімшіліктерін осы жұмысқа атсалысуға шақырамын. Қазақстан өзінің көлік-логистикалық құрылымы мен оның Еуразиялық экономикалық одақпен байланысын белсенді нығайтуда. Біз Қытайдың Сиань қаласында және Грузияның Поти портында қазақстандық терминалдардың құрылысын аяқтауға жақындадық. Ресей, Қытай, Өзбекстан және Қырғызстанмен арадағы шекарада және Каспий теңізінде 5 трансшекаралық көлік-логистикалық хабын іске қосуды жоспарлап отырмыз. Таяу жылдары 1300 шақырымдық жаңа теміржол желісінің, «Бақты» және «Қалжат» құрғақ порттарын, сондай-ақ Иранның Бендер-Аббас қаласында теңіз портын салу жоспарланған. ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерді өзара тиімді жобаларды бірлесе іске асыруға, соның ішінде ірі стратегиялық порттардың серіктес желілерін, логистикалық орталықтар мен пошта хабтарын салуға шақырамыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

ИРАНМЕН ЕРКІН САУДА ТУРАЛЫ КЕЛІСІМДІ ҚҰПТАЙМЫЗ!

«Цифрлық технология мен жасанды интеллект салаларындағы ынтымақтастықтың перспективасы зор. Жекелеген салалардың ғана емес, тұтас мемлекеттер мен бірлестіктердің келешектегі технологиялық прогресі осыған тікелей байланысты екені анық. Қазақстан цифрлық шешімдерді табысты пайдаланып отыр. Еліміздегі мемлекеттік қызметтің 90 пайыздан астамы электронды түрде көрсетіледі. 2026 жылға қарай ІТ саласының экспорттық көрсеткішін бір миллиард долларға дейін жеткізуге ниеттіміз. Қазақстан аталған саладағы ынтымақтастықты жан-жақты дамытуды жақтайды. Осы орайда Үнді мұхиты жағалауымен өтетін халықаралық желілерге қосылу үшін «Ресей – Қазақстан – Иран» бағытында талшықты-оптикалық желі тарту мүмкіндігін қарастыруды ұсынамын. Бұл Еуразия кеңістігінде трафик транзитінің баламалы бағытын ұсынып қана қоймай, жаһандық деңгейдегі деректер логистикасында ЕАЭО-ның орнын айтарлықтай күшейтуге мүмкіндік береді», – деді Президент.

«Біз Иранмен Еркін сауда туралы толық форматты келісімге қол қоюды құптаймыз. Бұл ел біздің сауда-экономикалық байланысымызда маңызды рөл атқарады. Үндістан, Біріккен Араб Әмірліктері, Мысыр, Индонезия, Моңғолия және басқа да мүдделі елдермен осы бағыттағы мақсатты жұмысты жалғастырған жөн», – деді Мемлекет басшысы.

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5552