Абылай - Алаш рухының айбыны
Абылайлап жауға шапқанда дұшпанының құтын қашырған бабамыз Абылай ханның 300 жылдығы аталатын күні иісі қазақ көзін Көкшеге тікті. Көкшеге аузы дуалы талай ғалым жиналып, Абылай ханға қатысты мәлім һәм беймәлім тарихи деректерді жария еткені және аян. Баһадүр бабамыздың тойы ас ішіп, аяқ босатқан көп тойдың бірі емес. Елбасы Н.Назарбаев айтқандай, «Абылай ханның 300 жылдығы – елдігіміздің бедерлі бір белесі» болуы тиіс. Тарыдай шашылған қазақ руларын бір тудың астына жинаған ханның торқалы тойы кербез Көкшетау жерінде өтуі де тегін емес. Киелі Түркістан өлкесінде дүниеге келгенімен, Көкше жеріне ордасын тігіп, 40 жылдан астам уақыт хандық құрғаны бар қазаққа аян. Жалпы саны 600-ден астам қонақ келген той екі күнге созылды.
Абылайлап жауға шапқанда дұшпанының құтын қашырған бабамыз Абылай ханның 300 жылдығы аталатын күні иісі қазақ көзін Көкшеге тікті. Көкшеге аузы дуалы талай ғалым жиналып, Абылай ханға қатысты мәлім һәм беймәлім тарихи деректерді жария еткені және аян. Баһадүр бабамыздың тойы ас ішіп, аяқ босатқан көп тойдың бірі емес. Елбасы Н.Назарбаев айтқандай, «Абылай ханның 300 жылдығы – елдігіміздің бедерлі бір белесі» болуы тиіс. Тарыдай шашылған қазақ руларын бір тудың астына жинаған ханның торқалы тойы кербез Көкшетау жерінде өтуі де тегін емес. Киелі Түркістан өлкесінде дүниеге келгенімен, Көкше жеріне ордасын тігіп, 40 жылдан астам уақыт хандық құрғаны бар қазаққа аян. Жалпы саны 600-ден астам қонақ келген той екі күнге созылды.
Мерекелік шара Көкшетаудың орталық алаңындағы Абылай ханның тұғырлы ескерткішіне гүл шоқтарын қоюмен басталды. Алғашқы сөз кезегі Ақмола облысының әкімі Қосман Айтмұхамбетовке берілген. Тамам елді торқалы тоймен құттықтаған әкім Абылай хан жайлы ойларын ортаға салып, әлеуметке ақжарма тілегін білдірді. Бірқатар министрлік өкілдері мен депутаттар бастаған алқалы жұрт «Көкшетау» мәдениет сарайына қарай ағылды. Онда «Абылай хан және оның тарихи дәуірі» атты ғылыми-практикалық конференция өткізілді. Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин жиналғандар алдында Елбасының құттықтау хатын оқыды.
Мемлекет басшысының құттықтау хатында «Абылай ханның 300 жылдығы – елдігіміздің бедерлі бір белесі. Осыған орай халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның ұйымдастырылуы да, оның айбынды ханымыз орда тіккен киелі Көкше жерінде өткізілуі де өте орынды. Біз бұл жиында Абылай ханның ерекше еңбегін ашып көрсетумен шектеліп қалмауымыз керек.
Бәрінен бұрын Абылай ханның қолы неге жетті, неге жетпеді, бабамыз нені армандады, бізге нені аманаттады, болашақ ұрпақтарынан нені күтті, келер күндерге нені ескертті, біз сол заманның тарихынан қандай тағылым аламыз деген сауалдарға жауап іздеп, табуға тырысуымыз керек. Мыңжылдықтар тоғысында Абылай арманын жүзеге асырып, азат мемлекет құрған, тәуелсіз елдің ордасын ел ортасына, айбынды ханымыз ат ойнатқан Арқа төсіне орнатқан мына біз жас Тәуелсіздігімізді қалай шыңдаймыз, дүбірлі дүниеде алдымыздан тосылатын сын-қатерлерге қалай шыдаймыз деген мәселелер өте маңызды. Азаттықтың жолы азапты, Тәуелсіздіктің жолы тәуекелге толы болатынын ұмытпауға тиіспіз» делінген.
Конференция барысында талай тарихшылардың басын ауыртып, балтырын сыздатқан Абылай хан тақырыбында тың деректер ортаға салынды. Жиналған тарихшылар тақымына көкпардай талапайға түскен тақырыпта біршама соны, тың жаңалықтар да бар. Қазіргі күні «Халық – тарих толқынында» атты Елбасының жобасымен Қытай елінен ханның біз білмейтін деректері де табыла бастағаны белгілі. Сондай-ақ еліміздің ғалымдарымен қатар Қытай, Ресей, АҚШ, Моңғолия ғалымдары да баяндамаларын оқып, Абылай хан бейнесінің беймәлім тұстарына үңілді.
Абылай хан жайлы тың мәлімет іздеушілер мәдениет сарайының екінші қабатында орналасқан көрмені тамашалады. Мұнда Алаш баласының арғы-бергі тарихынан хабар беретін 300-ден астам тарихи жәдігерлер қойылған. Бұлардың көбі Алматы қаласындағы Абылай хан ғылыми кітапханасының жәдігерлері екен. Ішінде Абылай ханның өз қолтаңбасымен жазылған қолжазбалар да бар. Сондай-ақ дара тұлға жайлы барлығы 50 қолжазба деректері мен 34 кітап жұрт назарына ұсынылыпты. Тарихи деректер араб, латын және қазақ тілдерінде жазылған.
Өз кезегінде сөз алған Абылай ханның ұрпақтары ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, бар қазақтың бірлесіп Абылай ханын ұлықтап жатқанына алғыстарын білдірді. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлына Абылайдың бюст мүсінін сыйға тартты.
Иә, 300 жыл. Тарих үшін онша көп уақыт та емес. Алайда бүгін өшкеніміз жанды, өлгеніміз тірілді. Абылай заманынан кейін 300 жыл өткен соң бар қазақ ұлы ханын еске алды. Абылайдың тойына ат арылтып келген қонақта есеп жоқ. Қаламын қару еткен жазушылар мен ақындар, тарих тереңіне бойлаған ғалымдар мен ойшылдар, әншілер мен жыршылар, абыздар мен ақсақалды қариялар. Ұлы тойға Абылай ханның тікелей ұрпақтары да шақырылыпты. Ресми және тарихи деректерге қарағанда, бүгінде олардың жалпы саны 20 мыңнан асып жығылған. Соның бір шоғыры Қытайдан 80 адам болып жетті. Бабалар топырағының ізі қалған жерді басып, хан Абылайдың рухына тағзым етті.
Ұлан-асыр тойдың жалғасы келесі күні Краснояр селосындағы «Құлагер» атшабарында жалғасты. Жаугершілік заманнан көрініс беретін театрландырылған қойылым қойылып, бар қазақтың қанын қыздырған аламан бәйге өткізілді. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар мен ақшалай марапаттар табыс етілді.
Ел бірлігін ойлаған...
Тарихшылардың айтуынша, қазақ тарихында 40-қа жуық хан болыпты. Ал олардың арасында қазақтың мемлекет болып қалыптасуында, басының бірігіп, ел болуында Абылай бабамыздың ерен ерлігі мен алыс-жақын дұшпандармен дипломатиялық тіл табыса алғандығы туралы тарихи деректер де аз емес. Ол туралы абылайтанушы зерттеушілердің зерттеулері де жетерлік. Қазақ билерінің Абылайды жоңғар ханы Қалдан Сереннен босатуын сұрауының өзі ұлттың ұйыстыруының бір белгісі болса керек. Бұл туралы Абылай ханды зерттеуші ғалым Зарқын Тайшыбай былай дейді...
«Әбілқайыр хан мен Әбілмәмбет хандарға қоқан-лоқы жасап, қысым көрсеткен жоңғар ханының үзілді-кесілді талаптары мәлім болған соң, қазақ жерлерінен айрылып қалу қаупі төнген кезде ғана Ресей үкіметі 1742 жылы 2 қыркүйекте Қалдан Серенге елшілік жіберді, басқа мәселелер қатарында Абылайды тұтқыннан босатуды сұрады. Алайда Абылай сұлтанды босатып, сый-сияпатпен қайтару туралы Қалдан Серен Ресей делегациясы келместен бұрын-ақ Абылайдың өтеуіне жоңғар жағына аманат барып, мәселе шешіліп қойылған болатын. Осыдан былай Абылай Ресей жағының адалдығына күмәнмен қарап, өз өмірі үшін сақтық жасады, дипломатиялық байланыстардың хабарласу, елшілік алмасу тәсілдеріне көшті. 1740 жылғы келіссөзден кейін, өле-өлгенше, яғни 40 жыл бойы Ресейдің бірде-бір қаласына ат ізін салған жоқ, патшалардың, биік шенді әскербасылардың шақыруына барған жоқ және өзінің осындай қызмет тәртібіне ресейлік әріптестерін еріксіз көндірді.
1743 жылдың көктеміне дейін, яғни екі жыл бір ай Қалдан Сереннің қолында, күзет астында, бірақ бас еркі өзінде, жақсы күтіммен өткен тұтқындық кезеңінде Абылай жоңғар хандығының әскери жүйеге негізделіп, бір орталықтан қатаң тәртіппен басқарылған мемлекеттік құрылымын, қорғаныс және ішкі экономикалық жүйесін мұқият зерттеген, ойрат тілін үйренген. Қалдан Серенге өзінің жеке басының озық азаматтық қасиеттерін мойындатып, тұтқыннан құрметпен босап, мол сый және қалыңдық алып оралған. Абылай елге келген бетте Еділ қалмақтарының Аюке ханының тоқалы, Қалдан Сереннің қарындасы Дармабалаға жазған құпия хатында қазақ-жоңғар қатынастарының бұдан былай тату көршілік арнасында дамитынына сендірген».
Елдің тыныштығы мен тұтастығын сақтап қалуды ойлаған Абылай бабамыз көршілес елдермен бейбіт қарым-қатынас орнатып, қазақ дипломатиясының озық үлгісін көрсетті. Бұл туралы Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев та: «Ақылды хан жалаң қылыш, жадағай ұранның заманы өткенін өзгелерден бұрын аңғарып, ел болашағы тату көршілік пен ағайынның ауызбіршілігінде екенін сезе білді», – деп жазады.
Мұхтар Әуезовтің «Қазақтың дербес ел болуына, әрі-беріден соң сол қазақтың қазақ болуына, басы қосылып бір жеңнен – қол, бір жағадан бас шығаруға еңбек сіңірген Абылайдан артық адам болмас» дегені және бар. Қай тарихшы болса да осы уәжге сөзсіз жығылары хақ.
Абылай туралы біз не білеміз?
Тарих қатпарларынан бүгінге жеткен Абылай туралы біз не білеміз? Ұлы тұлға жайлы деректер жетерлік болғанымен, көңілге күдік туғызатын жайлар әлі де кездесіп жатады. Тіпті Абылай бейнесінің күні бүгінге дейін бір ізге түспей қоюы шындықтың бір парасы ғана. Дәл қазір Абылайдың 10-нан астам суреті бар. Бірақ бірі біріне келмейді. Әрбіреуі белгілі бір суретшінің көркем туындысы. Өкініштісі сол, солардың қайсысы бабамыздың нақты суретін айнытпай түсіре алғаны әлі белгісіз күйде. Яғни 300 жыл өтсе де үш жүздің басын қосқан айбынды тұлғаның басқасын былай қойып, суретін нақтылай алмай келеміз. Тарихи дерек құжаттарға сүйеніп жасалған Абылай ханның алғашқы суретін Жұмақын Қайранбаев салыпты.
Абылай туралы біршама деректер қоры мол болғанымен, жүйелі зерттеуді қажет етеді. Биылғы жылы тарих мұраларын зерттеуді қолға алған «Халық – тарих толқынында» бағдарламасы өткенімізді зерделеп, дара тұлғамыздың бізге белгісіз қырларын тауып бере алады деп сенеміз. Бір қуанарлығы, жақында «Қытайдан Абылай жайлы да тың деректер мен Цинь империясы мен Абылай арасындағы қолжазбалар әкелінді» деген қуанышты хабар жетті. Өткен тарих бедерінен сыр шертетін бұл құжаттарды зерттеуде ғалымдарымыз жүйелілікке жете ме? Әзірге тарихшылар бұл қолжазбаларды зерттеп-зерделеу үстінде.
Абылайдың өрлігі мен ерлігі Елбасының да назарынан тыс қалмақ емес. Бұл туралы жақында Н.Назарбаевтың Абылай хан жайлы ақжарма мақаласының жарыққа шығуы – соған толық дәлел. Мақалада былай делініпті: «Болашағымыз баянды, Тәуелсіздігіміз мәңгілік болуы үшін біз бабалардан қалған аманатты есімізден шығармай, үнемі електен өткізіп отыруға тиіспіз. Өйткені біз Абылай бабамыз армандаған осы күнге оңайлықпен жеткеніміз жоқ». Елбасының мақаласы да тарихқа жүйелілік қажет деген пікірге негізделген.
Қадыржан ӘБУЕВ, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің профессоры:
– Біз осы күнге дейін Абылайдың жүздерді біріктіру және қазақ жерін жатжерліктерден азат етудегі рөлін дәл анықтай алмай келеміз. Бір деректерде Абылай бұл тұрғыда билердің кеңестерімен шешкен деген ойлар басым. Сондықтан Абылай бейнесін ұрпаққа жеткізу үшін әлі де болса беймәлім жайлар мен тарихи құжаттарды нақтырақ зерттеу қажет деп есептеймін.
Қызғалдақ АЙТЖАНОВА, Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Көкшетау
Мансұр ХАМИТ (фотолар)
"Алаш айнасы" газеті