Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2745 0 пікір 9 Қазан, 2013 сағат 08:56

“Қаталдар” мен “ымырасыздардың” пародиясы

“Рейтинг.кз” деп аталатын зерттеу агенттiгi Қазақстанның шендi-шекпендiлерiнiң тiзiмiн түзiп, қаталдық пен ымырасыздық жөнiнен кiмнен кейiн кiм тұрғанын анықтауға тырысыпты. Жалпы, рейтинг деген нәрсенiң бiзде қалай жасалатыны белгiлi. Саяси науқандардың қарсаңында, белгiлi бiр шенеунiктi аспандата мақтайтын немесе жерге тыға жамандайтын кезде рейтингшiлдердiң қолы жүредi. Байқасаңыз, қазiр бәрi “келесi президент кiм болуы мүмкiн?” деген сұрақтың төңiрегiн шиырлап жүр. Рейтингтiң басында тұрудан дәмелiлер аз емес. Олардың атын атап, түсiн түстемесек те, көзi қарақты жұрт бәрiн көрiп отыр. “Қаталдар мен ымырасыздардың” рейтингi де соның бiр пұшпағы.
Қандай рейтинг болмасын бас бәйгенi бермейтiн бiзде бiр адам бар. Кiм екенiн iшiңiз сезiп отырған болар. Әрине, ол – президент Нұрсұлтан Назарбаев. Бұдан бiрер жыл бұрын бiр агенттiк “ең сексуалды сая­саткер кiм?” деген сауалнама жүргiзiп, рейтинг жасаған. Тiзiмнiң басына кiм шықты деп ойлайсыз? Әрине, президент Н.Назарбаевтан басқа кiм болушы едi.
Сонымен қаталдар мен ымырасыздардың ондығына кiмдер кiрдi?
Бiрiншi орын Аслан Мусинге бұйырыпты. Егер президенттi есепке алмасақ, “қаталдық һәм ымырасыздық жөнiнен Мусинге жететiн ешкiм жоқ” дегенмен келiсуге болады. Мусин президент әкiмшiлiгiн басқарған тұста қоғамда түрлi-түрлi оқиғалар болды.

“Рейтинг.кз” деп аталатын зерттеу агенттiгi Қазақстанның шендi-шекпендiлерiнiң тiзiмiн түзiп, қаталдық пен ымырасыздық жөнiнен кiмнен кейiн кiм тұрғанын анықтауға тырысыпты. Жалпы, рейтинг деген нәрсенiң бiзде қалай жасалатыны белгiлi. Саяси науқандардың қарсаңында, белгiлi бiр шенеунiктi аспандата мақтайтын немесе жерге тыға жамандайтын кезде рейтингшiлдердiң қолы жүредi. Байқасаңыз, қазiр бәрi “келесi президент кiм болуы мүмкiн?” деген сұрақтың төңiрегiн шиырлап жүр. Рейтингтiң басында тұрудан дәмелiлер аз емес. Олардың атын атап, түсiн түстемесек те, көзi қарақты жұрт бәрiн көрiп отыр. “Қаталдар мен ымырасыздардың” рейтингi де соның бiр пұшпағы.
Қандай рейтинг болмасын бас бәйгенi бермейтiн бiзде бiр адам бар. Кiм екенiн iшiңiз сезiп отырған болар. Әрине, ол – президент Нұрсұлтан Назарбаев. Бұдан бiрер жыл бұрын бiр агенттiк “ең сексуалды сая­саткер кiм?” деген сауалнама жүргiзiп, рейтинг жасаған. Тiзiмнiң басына кiм шықты деп ойлайсыз? Әрине, президент Н.Назарбаевтан басқа кiм болушы едi.
Сонымен қаталдар мен ымырасыздардың ондығына кiмдер кiрдi?
Бiрiншi орын Аслан Мусинге бұйырыпты. Егер президенттi есепке алмасақ, “қаталдық һәм ымырасыздық жөнiнен Мусинге жететiн ешкiм жоқ” дегенмен келiсуге болады. Мусин президент әкiмшiлiгiн басқарған тұста қоғамда түрлi-түрлi оқиғалар болды. Билiктен үмiттi топтар бiрiнiң басын бiрi жұтты. “Сойылдың жуан басы сорлыға тиедi” дегендей, оппозицияны да оңдыр­ған жоқ. Мусиннiң тұсында бүгiнгi билiкке қарсыларды қатты тұқыртып жiбердi. Мусин қазiр есеп комитетiнде. Мұнда да ол есебiн тауып өзiн көрсетiп қалып жүр.
Екiншi орынға Астана қаласының әкiмi Иманғали Тасмағамбетов жайғасыпты. Тасмағамбетовтi де қазiр ешкiм қайырымды демейдi. Әсiресе, алматылықтар. 2006 жылы “Шаңырақ” пен “Бақайды” есепке алып айтады. “Шаңырақ” пен “Бақай” Иманғали Тасма­ғамбетовтiң өмiр бақи қыр соңынан қалмайды ендi. Астананың iргесiнен он “Шаңырақ” пен бес “Бақай” салса да.
Рейтингшiлдер үшiншi орынға Қайрат Қожамжаровты шығарыпты. Бiр кездерi қаржы полициясын бас­қарған Қ.Қожамжаров қазiр қауiпсiздiк кеңесiнiң хатшысы. Қожамжаровты қатал дегенде ол қаржы полициясын басқарып тұрған кезде бiрқатар шенеунiктердiң iстi болғанын есепке алса керек, сiрә. Рас, саяси ортада аты-жөнi танымал бiрнеше шенеунiктiң қолына кiсен салған осы – Қайрат Қожамжаров. Бiрақ мұны президенттiң нұсқауымен iстедi. Беделдi һәм белдi шенеунiктi өз бетiнше тұтқындайтындай Қожамжаровта қауқар жоқ. Қаржы полициясына ерекше құзырет бергенiн президент Н.Назарбаев өзi де айтқан.
Бұдан әрi “қаталдар” мен “ымырасыздардың” тiзiмi былай түзiледi: төртiншi орында – мил­лиардер Болат Өтемұратов, бесiншi орында – парламент мәжiлiсiнiң тө­рағасы Нұрлан Нығматулин, алтыншы орында – қорғаныс министрi Әдiл­бек Жақсыбеков, жетiн­шi – депутат Дариға Назарбаева, сегiзiншi – әдiлет министрi Берiк Имашев, тоғызыншы – Алматы қаласының әкiмi Ахметжан Есiмов, оныншы – бас прокурор Асхат Да­уылбаев.
“Рейтинг.кз” агенттiгi Болат Өтемұратовты, Нұр­лан Нығматулиндi, Әдiлбек Жақсыбековтi немесе Асхат Дауылбаевты “қаталдар” мен “ымырасыздардың” тiзiмiне кiргiзгенде күлкi шақырсын, анекдот сияқты ел аузында жүрсiн десе керек. Әйтпесе, Б.Өте­мұратовтың немесе Ә.Жақсыбековтiң “табанының бүрi бар” дей аламыз ба?
Берiк Имашевтың жөнi бөлек. Имашевты алғашқы үштiкке енгiзуге де болады. Қайың сойыл секiлдi табиғатынан қатты Има­шевтың кiм екенiн құрбы-қатарлары айтып жүредi.
Дариға Назарбаеваның жайы Берiк Имашевтан бөлектеу. Д.Назарбаеваны “қатал” әрi “ымырасыз” етiп тұрған басты себеп – фамилиясы. Осыны алып тастасаңыз, қаталдықтан да, ымырасыздықтан да түк қалмайын деп тұр. Депутаттықты ән салып жүрiп атқаратын нәзiк жанның қаталдығын бұрынғы күйеуi Рахатқа қатысты айтса бiрсәрi. Балаларының әке­сiнiң басына iс түскенде оны талақ етiп, әкесiмен ымыраға келдi ғой...
Ахметжан Есiмовтi тi­зiмге iлiктiрген – Алматының айбары. Бұған президентке жақындығын қосыңыз. Айтпақшы, қарамағындағыларды велосипедке мiндеттеп мiнгiзiп қуа­лағанын ескерген шығар. 
Жалпы, бұл ондықты бiз қаталдық жөнiнен ғана сөз етiп отырмыз. Ымырасыздық туралы әңгiме басқа. Жеке мүддеге қатысты ымырасыздарды билiк тепкiшектерiнiң бәрiнен табасыз. Ал ендi ұлттық мүдде дегенде ымыраға келмейтiндер жоқтың қа­сы.
Екi езуi екi құлағында жүретiн күлегеш қорғаныс министрi Әдiлбек Жақсыбековке, Батыс Еуропаның күңгiрттеу сыраханаларын ұнататын бас прокурор Асхат Дауылбаевқа, билiк партиясының “кассирi” Болат Өтемұратовқа және осы тектес өзге де шенеу­нiктерге арнап басқа рейтинг жүргiзсе жарасар едi. Мәселен “ең қымбат көлiк мiнетiндер” немесе “тоқалы көптер” рейтингiсiн.
Дегенмен де жоғарыдағыдай пародия-рейтинг­тер де керек. Күлмек үшiн...
"Жас Алаш" газеті
0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3238
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377