Сенбі, 23 Қараша 2024
Абай мұрасы 3542 1 пікір 19 Қаңтар, 2024 сағат 14:25

Болмыс дегеніміз не?

Діни ағымдардың пайда болуы. Бүгінгі күндері елімізде түрлі ағымдар арасында келіспеушіліктер пайда болып, оның ішінде тәңіршілдік пен исламның арасында жарықшақ шығып, халық екіге бөліне бастады. Бөлінудің басты себебі Болмыстың бірлігін түсінбеуден болып табылады. Болмыстың бірлігін бұзып, Оның түрлі көріністеріне көңіл аударғанда, шексіз көп ұғымдар, көзқарастар, бөліктер пайда болып, олардың өзара тартысы өмірді күрес майданына айналдырып жібереді. Бұл дүние көрінісі.

Абай ілімі бойынша, бұл тартыстардың себебі -- жан құмары мен тән құмарының күресі. Көп жағдайларда нәпсінің ықпалымен тән құмары күш алып жан құмарын тұншықтырады. Жеке адамдар ғана емес, бүкіл адамзат қоғамында, оның ішінде біздің елде де, бүгінгі күндері осы себептен өте қауіпті  құбылыстар пайда болып отыр. Күш алып бара жатқан тәңіршілдік пен исламның арасындағы тартыс соның бір көрінісі. Бұлардың тартысы қазақ ұлтының бірлігін бұзатын ең қауіпті құбылыс. Себебі, олардың екеуі де халқымыздың ұлттық болмысын қалыптастырған негізгі құндылықтар. Бұл құндылықтарды кезінде сақтай алмай, айырылып қалатын болсақ, халық рухани тіректен айрылып, еліміз мүлде мүшкіл жағдайға түсуі мүмкін. Сондықтан, жағдайдың алдын алу үшін оларды біріктіретін жол іздеуіміз керек.

Шын мәнінде, бұл екі ағым біртұтас Болмыс көріністері. Шындық осында. Егер бұл шындықты қабылдайтын болсақ, онда оларды бөлуге де болмайды. Оған көзімізді жеткізу үшін ең әуелі бұл екі ағымның не  екенін, қалай пайда болғанын, ішкі мәнін, және халқымыздың оларды қалай қабылдағанын анықтап алуымыз керек.

Бұл екі құндылық та бір және бөлінбейтін біртұтас Болмыс көріністері болса, заңды сұрақ туады. Онда не себептен қайшылықтар пайда болады?

Бұл мәселелерді шешу үшін әуелі болмыстың не екенін дұрыс түсініп алайық. Абай мұрасын тірек етіп, Болмыстың не екеніне көз жіберейік.

Болмыс дегеніміз не? Болмыс адамзат дүниетанымындағы ең ауқымды, және ең кең ұғым. Себебі, Болмыс «бар», «болу» деген ұғымнан шығып, барлықты түгелдей қамтиды.  Болмыс шексіз, және саналуан көріністерден құралады. Сондықтан, Болмыс рухани мен материалдық әлемді толық қамтиды. Заттық әлемнің ішіндегілер де, оны сыртындағылар да, түгелдей Болмыс көріністері. Болмыс шексіз, бір және біртұтас дегеніміз осы.

Теологияның негізі болып табылатын, Болмыстың бұл шексіздігін хакім Абай өзінің   отыз сегiзiншi сөзiнде былай деп қысқаша тұжырымдап берген:

Бiз Алла тағала «бiр» деймiз, «бар» деймiз. Ол «бiр» дегеннiң өзi ақылымызға ұғымның бiр тиянағы үшiн айтылған сөз. Болмаса ол «бiр» дегеннiң өзi Алла тағалаға лайықты келмейдi.

Абай Болмысты Алла тағала деп атап отыр. Рухани тұрғыдан алғанда «бiр», «бар» деген сөздер мәңгілікті бірлік пен барлықты білдіреді. Мәңгілікті «бар» нәрсе ешуақытта жоғалмайды. Егер Болмысты мәңгілікті деп қабылдайтын болсақ, онда Алла тағала -- Болмыс, ал Болмыс -- Алла тағала. Осылай, Абай Алла тағала деп Болмысты атап отырғанын көреміз.  Адамзат қоғамында Болмыстың атаулары көп. Қазақ халқы болса, Оны Алла, Құдай, Тәңір деп атайды.

Бірде ғалымдардың бірі: «Неге Абай өзінің шығармаларында Аллаға түрлі атауларды қолданады?» деген сұрақ қойды. Орайы келгенде, бұл жерде өзімнің ойымды келтірейін. Болмыс бір болғанымен, күнделікті өмірде Оның белгілі бір көріністеріне көңіл бөлініп, Оның алғашқы кең мағынасы  тарылып, халық оларды әртүрлі есімдермен атайды. Абай да, Болмыстың тұлғалық көрінісіне көңіл бөлгенде --  Алла деп, табиғат көрінісін -- Тәңір, ал бүкіл ғаламмен байланысты -- Құдай деп атайды. Мысалдар келтірейік. «Ол Алла заты ешбір сипатқа мұқтаж емес, біздің ақылымыз мұқтаж, жоғар келтірілген сипаттармен Алланы анықтап танымаққа керек. Егер ол сипаттармен анықтамасақ, бізге Алланы тану қиын болады», «Алла өзгермес, адамзат күнде өзгерер», «Алланың өзі де рас, сөзі де рас», «Алланы танытуға сөз айырмас», «Алла мінсіз әуелден, пайғамбар хақ», «Алланың, пайғамбардың жолындамыз», «Алла ішімді айтқызбай біледі ойла», «Құран рас, Алланың сөзідүр ол»,  деген сияқты сөздер Жаратушыны тұлға ретінде қабылдағанын көрсетеді. Абай шығармаларында Алла атауы тағы басқа көптеген жерлерде, барлығы 133 рет көрініс тапқан екен. «Тәңірі қосқан жар едің сен», «Жалғаны жоқ, бір Тәңірім, кеңшілік қыл», «Безендіріп жер жүзін Тәңірім шебер» деген сөздер Болмыстың табиғатты, өмірді жаратушы көрінісін береді. Ал «Патша Құдай, сыйындым», «О да Құдай пендесі», «Я Құдай бере көр, тілеген тілекті», «Құдай тағаланыың жаратуынан», «Жоқ, сен жақсылық, жамандықты жаратқан -- Құдай, бірақ қылдарған Құдай емес, ауруды жаратқан -- Құдай, бірақ ауырқан Құдай емес, байлықты, кедейлікті жаратқан -- Құдай, бірақ бай қылған, кедей қылған Құдай емес, деп нанып ұқсаң болар, әйтпесе -- жоқ» деген сөздер тұлғалық қасиеттер ғана емес, бүкіл Болмыс заңдылықтарына арналған тәрізді.

Абай сөзіндегі монотеистік түсініктегі Алла тағала шексіз, біздің ақылымыздан тыс жатыр. Абай әрi қарай сөзiн жалғастырып, өзінің терең ойларын аша түседі. «Ол «бiр» деген сөз Алла тағала ғаламның iшiнде, ғалам Алла тағаланың iшiнде», – дейдi. Бұл сөздердің Алла тағаланың түрлі аспектілерін, сонымен бірге, бүкіл болмыс өмірінің көріністерін беретін терең мағыналары бар.

Өлшеусіз Болмысты толық түсіну өлшеулі ақылымызға өте қиын, тіпті мүмкін емес. Болмыстың рухани және материалдық бөлігі бар. Рухани бөлігі өзгермейтін мәңгілікті болса, ал материалдық бөлігі үнемі өзгерісте, сондықтан мәңігілікті емес.

Ақыл-ойымыздың тиянағы үшін Болмысты заттық әлеммен, оның ішіндегі затпен, мысалы, сүтпен салыстырып көрелік. Толық болмағанымен, бұл әдіс мөлшерлеп болса да, ойымызға біраз түсінік береді. Себебі, көне дәуір данышпандары айтқандай, төменде не бар болса, жоғарыда сол бар.

Сүт бізге ақ түсті, біртұтас, және біркелкі сұйық зат болып көрінеді. Бірақ, оның құрамында, яғни ішінде, біз көрмейтін  көптеген элементтер бар. Оларға май түйіршіктері, су, және көптеген химиялық заттар жатады. Сүттен қаймақ, май, ірімшік, құрт тәрізді құндылықтар аламыз. Сүт бүкіл әлемнің бір бөлігі болғандықтан, ол да көзге көрінбейтін үнемі қозғалыста. Қозғалыс әсерінен жеңіл май түйіршіктері, біраз уақыттан кейін сүттің бетіне шығып, қаймақты құрайды. Осылай сүт екі бөлікке бөлінеді. Сүт айыру машинасының (сеператордың) жұмысы да осы май түйіршіктерінің судан жеңіл қасиетіне негізделген. Сеператор сүтті қатты айналдырғанда инерцияның тебу күшімен ауыр су түйіршіктері ортадан сыртқа ұмтылады, ал май  түйіршіктері жеңіл болғандықтан ортаға жиналады. Осылай сүттің қаймағы бөлініп алынады. Ал қаймақты әрі қарай былғап, айналдыратын болсақ, май түйіршіктері бірігіп, таза май мен сары су пайда болады. Май сүттің негізгі  құндылығы болса, ал сары суы қосалқы бөлігі.

Енді Болмыс көрінісіне келейік. Сүт тәрізді, Болмыстың да түрлі бөліктері бар. Болмыс үнемі қозғалыста болғандықтан,  Оның «ауыр» бөліктері «жеңіл» бөліктерінен бөлінеді. «Жеңіл» бөліктері рухани әлемді құраса, «ауыр» бөліктері материалдық әлемді құрайды. Сүттің негізгі құндылығы қаймақ болса, ал Болмыстың негізгі құндылығы рухани бөлігі болып табылады. Сүтті әрі қарай былғап, қозғалысқа келтіргенде май бөлініп шығатыны тәрізді, Болмыс қозғалысында рухани бөлігі бірігіп рухани түйіршіктер пайда болады. Бұл рухани түйіршіктер түрлі жандарды қалыптастырады. Сүтті былғау барысында ұсақ май түйіршіктері бірігіп, май бөліктері пайда болғаны тәрізді, Болмыстың ұсақ жандары бірігіп, рухани бөліктер пайда болады. Кішкене бөліктер жандар болса, ал үлкен бөліктері түрлі періштелер, немесе түрлі Құдайлар болып табылады.  Рухани бөліктердің үлкендігіне байланысты түрлі періштелер пайда болып, олар өздерінің дәрежелеріне байланысты Болмыстың түрлі көріністерін басқарады. Ірі періштелер Құдайлар деп аталып, тіпті, Олар өздеріне жеке әлемдер құраулары да мүмкін.

Жандар өздеріне тәнді қалай қалыптастырады? Адамдар, хайуанаттар ана жатырында, құстар жұмыртқаның ішінде, ал өсімдіктер жердің қойнауында тәндерін құрастырып, өмірге келген соң рухтары арқылы қоршаған ортаның ықпалымен өдерінің тәндерін толығымен қалыптастырады.

Май түйіршіктерінің құрамы бірдей болғандықтан, олардың қасиеттері де бірдей. Сол сияқты, түрлі жандардың қасиеттері де ұқсас. Олардың қуаттары бар. Жанның қуаты рух деп аталса, ал Құдайдың қуаты исламда Нұр деп аталады. Құдайдың қуаты Нұр болса, ал жанның қуаты оның рухы. Құдайлар Өздерінің Нұрымен әлемдер құраса, ал жандар рухымен өздеріне дене құрайды. Осылай ғаламдағы галактикалардың және әлемдегі жан иелері мен түрлерінің саналуан көптігі пайда  болады. Болмыстың шексіздігі осыны көрсетеді.

Материя рухтан пайда болады, сондықтан рух әрқашан да материядан жоғары. Сүттің майы оның негізгі құндылығы тәрізді, Болмыстың рухани бөлігі де Оның негізгі қуаты. Майды көріп, біз сүттің бар екенін білеміз. Сол сияқты, әлем құбылыстарын көріп, Болмысты танимыз.

Судың ішіндегі балықтар мұхиттың шегін білмейді. Оның шегін білу үшін мұхиттан шығып, оған сырттан қарау керек. Балықта ондай мүмкіндік болмағандықтан, оған мұхит шексіз болып көрінеді. Сол сияқты, біз де Болмыстың ішінде болғандықтан, Оның шегін біле алмаймыз. Тек қана Оның әрбір бөлігінен Оның Өзін сезіп, тануымызға болады.  Болмыстың шексіздігі дегеніміз осы.

Өлшеулі ақылымызбен өлшеусіз Болмысты түрлі ағымдарға бөліп, өзара келіспей жатсақ бұған кім кінәлі? Әрине, өзіміздің рухани надандығымыз кінәлі. Ендеше, ұлтымыздың тұтастығын сақтаймыз десек, Абай бабамыздың осы мұрасын меңгере отырып бөлісудің орнына, керісінше, Болмыс бірлігіне, тұтастыққа ұмтылуымыз керек деген ой туады.

Досым Омаров,

Абайтанушы, теолог-ғалым

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5407