Дүйсенбі, 1 Маусым 2026
Әдебиет 138 0 пікір 1 Маусым, 2026 сағат 14:40

Тілдесуге себеп іздеу керек пе?..

Суреттер: abai.kz, opennews.kz сайттарынан алынды.

Мамырдың түні…

Көзімді торлап көк әлем,
Жұлдызы көкте түнеген
Сыбырлап жетіп іңірде,
Кеудеме құйды бір өлең

Сөйлейді екен қайсысы?
Жанарым тұрса телміріп,
Көзімді жұмсам көктем кеш
Кеудемнен кетер сел жүріп

Мұңым да сырым ескіріп
Құлазып тұрмын кешкілік.
Қанатын берсе періште
Кетер ем шіркін көкке ұшып.

Бейбақ

Ең қызығы өмірді
Уақытында сүймейміз…
Сағатында таусылып,
Соңғы сөзді бермейміз.

Ең сорлысы көңілдің
Қадіріне жетпейміз.
Кеткен құстың ізінен
Ыстық сезім іздейміз…

Ең сырлысы арманың
Есік қақса сенбейміз.
Жеткендерді сүрініп,
Елемейміз, білмейміз.

Ең жалғаны сәттердің
Жылуына енбейміз,
Келген бақты соңына
Қалдырамыз, көрмейміз.

Ең жаманы адамның
Көзіндегі жалынды,
Махаббатты, сарынды
Біліп тұрып білмейміз!

Сүйгендерді елемей
Ал өзіміз сүймейміз.
Аңсап, жанып тұрсақта
Сол жалынға күймейміз…

Өкпелеме

Бәрі де өтеді екен, кетеді екен.
Жақының да кей-кейде бөтен екен…
Арылмай ойдан «ғаріп», алабөтен
Шіркін ай күндер сырғып өтеді екен.

Өкінбе, өкпелеме, отқа күйме!
Жабырқама жасыңды төкпе мүлде.
Сөз беру егіз жанның кеудесінде.
Ал бірақ сенім бар ма серт беруге

Жыламайсың шаттанып күлмейсің де
Сезбейсің өз бағыңды күндейсің бе
Сол сертің қашан, қалай бұзылғанын
Кейде өзің сезбейсің де, білмейсің де….

Ойтолғау

Ғасырдан адам оза ма?
Адамнан ғасыр оза ма?
Қасиет кеткен жалғанда
Адамды адам бұзады ә?!

Ие боп жүрген ие кім?
Кие боп қалған кие кім?
Тұзағы ілсе нәпсінің,
Соғылар жерге иегің!

Еңсені езсе надандық.
Табасың қайдан адалдық?
Пенделер кеттік, етекке…
Шыңға ұмтыл, сол ғой адамдық!

Шың

Бәрін жеңген қара таудай қара мұң
Көңіліме қаяу түссе жарармын!
Селт етпейтін мінез болса, тағдырдың
Сынағына түспейтіндей болармын.

Кім біледі, тапқан бағым осы ма?
Таситындай кеуде болса «тасыма»…
Реніш бүгіп жүдеп қалса егерде…
Сол бір жанды әкеліп қой қасыма!

Анау жолдың соқпақтарын сезбеппін,
Сезіміме жүк артып көп ермеппін,
Шынайы күй мазасыз ба мұншалық
Тек адалдық, тек ізгілік іздеппін.

Нұры кеткен кей адамның кейпіне,
Ене жаздап, қайта келдім желпіне
Сонда ғана түсінгенім, түйгенім
Салмақ керек ұятыңа, еркіңе…

Шер тарқатып…

Кеңістік бар көкжиекке жететін.
Көк мұнарым мені көркем ететін!
Тапшы уақыт, тамшы жас
Адам жақсы уақытында кететін…

«Сену – сезім» көрінгенмен әдетте
Ақыл оны салады кеп әлекке.
Ал пәк кеудем, от кеудем…
Тілдесуге себеп іздеу керек пе?

Масаясың сезіміне талайдың.
Менде мұны сені көрсем қалаймын.
Шер тарқатып, мұңдасымды тапқандай
Көздеріңе үнсіз ғана қараймын…
Өткінші, өкінішті!
Алайда…
Төге бермес ақ шуағын арай күн…

Бақыт…

Бақыт деген бір жұмбақ бар әлемде…
Ал көңілің адастырар әуелде.
Түйсігің мен жүрегінің түбінен
Бақыт бар деп жар саламын әлемге!

Кейбіреулер үн қатпайды «бақыт» деп,
Көрінердей бақыт табар, уақыт көп!
Ал біреуі сол қайранға жете алмай,
Аһ ұрады ағындарға ағып кеп!

Біреу кейде «бақыт жоқ» деп жылайды,
Ал бақыты алдына кеп құлайды.
Ал біреуі тағдырының жауабын
«Бақытсызбын» дегендерден сұрайды!

Кей жан болса «бағым» қайда екен деп?..
Жолыққанын жоққа теңеп, бекер деп.
Өз жанының сұлулығын көрмейді
Жылулығын сезінбейді бөтен деп.

Қараңғылық торлағанда жаныңды
Аңсайсың-ау шын бақытты болсам деп.
Ал жаратқан ойлап тұрса қамыңды
Лепіресің бақыт «мәңгі» екен деп…

Ақжан Анапия

Abai.kz

0 пікір