Жұма, 22 Қараша 2024
Көршінің көлеңкесі 2806 29 пікір 29 Қаңтар, 2024 сағат 15:21

Бізді кім болса, сол басынуға айналды ма?

Қазір қазақ деген халыққа ешбір орынсыз тіл тигізуді өздерінің қасиетті парызы санайтын орыс шовинистері тым көбейіп кетті.

Бір кездерде өз жерімізде туып-өскен Жириновский секілді жырындыдан басталған бұл ауру кейінгі кездері тым асқынып барады. Бір жаман жері - олар қазір «ұлтшыл» деген сөзді менсіне қоймай, екінің бірі «нацистер» мен «фашистер» деген құсықтарын аямай төгеді.

Енді олардың ішінде кім жоқ дейсің, депутаттардан бастап тарихшы, саясаткер дегендер биттей өріп жүр. Қазақ еліне тиіспесе ішкен ішкен асы бойына жұқпайтын жырындыларды тізер болсақ, санап тауыса алмаспыз. Мәселен, В.Соловьев, байымен қоса алғанда М.Симонян, дәл осындай жұптас О.Скабеева, А.Норкин, Д.Киселев, А.Добров, Р.Бабаян, П.Толстой, А.Пушков. А.Шейнин деген секілді ұсақ-сонар кете береді. Ал енді жақында бұлардың қасына жартылай грузин, жартылай курдтен жаратылған Тина Канделаки деген тағы бір журналистсымақ қосылды.

Оған енді біздің темір жол бекеттерінің аттарының қазақшалағандығы ұнамайды екен. Осы бір кішкене дүниені әлемдік проблемаға айналдырды. Оның ойынша бәрі де осындайдан басталып, сосын орыс тілінің біржолата жойылуына, одан соң орыстардың барлығын елден қуып шығуға дейінгі сұмдық нәрселерге әкеліп соғады екен.

Шовинистік ауруға ұшыраған бұл кісіге сыпайы ғана қарсылық білдіргеніміз сол-ақ екен, еш уақытта біреудің пікірін есітіп көрмеген бұл қатын бәрімізге дүрсе қоя бірді. Енді келіп, бүкіл қазақ халқын «мәңгүрт» деген атақ тағып қойды. Мұндай ұлтшылдық сырқатқа ұшыраған жанға ешқандай ем қонбайтындығын білген біздің Сыртқы істер министрлігіміз оны Қазақстанға келуге тыйым салынған жандардың санатына қосты.

Енді сол Тина дегеннің келесі тірлігінің сиқын қараңыз. Ол енді келіп, Ресейде қазақтардың жақсы тұратындығын, оның ішінде анау атақты Азамат Мұсағалиев секілді аса таланты жандардың да барлығын айта келіп, сол министрімізді Ресейге келіп, өз көзімен көріп кетуге шақырды.

Жалпы, шовинизм сырқатына ұшыраған жандар дені дұрыс сана мен аздаған ақылдан да жұрдай болады-ау деймін. Әйтпесе, Ресейдегі ТНТ деген арнаны басқарсаң да, біз үшін жай журналиссің. Енді тәуелсіз елдің үлкен бір лауазым иесі делінетін министр сенімен кездесуге барады дегенге шынымен сенесің бе? Сен кімсің, министр кім? Шамалы ақылға салып көру керек қой. Әлде Ресейдің кез-келген журналистсымағы өздерін өзге елдің министрі түгіл, президентімен қатармын деп ойлайтын шығар. Не деген кеудомсоқтық десеңізші? «Құмырысқа әліңді біл, Аяз би жолыңды біл» дегенді қазақ бекер айтпаған.

Мұны бір деңіз. Ал екіншіден, біз неге Ресейлік қазақтарды мақтан тұтумыз керек? Олар өзге елдің азаматтары, қайда жұмсаса, сонда барады. Тина мақтан тұтатын жаңағы Азамат Мұсағалиевтің өзі Украинаның Донецк облысына барып, сондағы орыстардың басқыншы солдаттарына концерт қойып, мәз болып қайтқандығын біз әлі ұмытқан жоқпыз. Сондағы қазақ жастарының Украинаға соғысқа аттанып жатқандығынан да хабардармыз. Күні ертең, құдай оның бетін аулақ қылсын, егер Ресей бізге қарап қаһарын төге қалса, олар да басқыншылардың соңына еретіндігі сөзсіз ғой. Демек, біз олармен мақтана алмаймыз әрі мақтанбаймыз да. Өз қазағымыз аман болсын.

Ал жалпы, бізге деген шовинстердің шабуылы осы Канделаки дегенмен тынады десеңіз, қатты қателесіз. Міне жақында ғана Тинаның ізін ала бере Ресейдегі өзін тарихшы әрі ірі публцист деп санайтын Михаил Смолин деген телеарнадан: «Қазақ пен өзбек деген ұлт 1917 жылға дейін бұл дүниеде болған емес», - деп өзінене өзі көпіріп отыр. Бір қызығы, сол студиядағы отырған жандардың барлығы да шыбындаған аттай бас изеуден танбайды. Яғни ондағылардың барлығы да бұл пікірмен толық келіседі.

Жә, Ресей шовинистерін былай қойғанда біздің өз ішіміздегі заңымызды ашықтан-ашық аяққа басып, тіпті бәрімізге қоқан-лоққы көрсетіп жүрген әлгі Канделакидің іштей тілектестері секілді жандарға әліміз келмей жүргендігін айтудың өзі ұят.

Мәселен, Павлодар деген жерде сонау 2018 жылдан бері Ресей азаматтығынан айырылмай, біздің көшін-қон заңымызға пысқырып та қарамайтын Евгений Севрюков дегенге ондағы ешкімнің де тісі батар емес. Ол қанша заң бұзса да Павлодардың соты оны Ресейге қайтара алмай, сорлап отыр. Үйіне барса, есігін ашпайды. Барған полициямыздың оның есігін тәуліктеп күзетсе де, ешбір былқ етпей, үйдің ішінде әндетіп жүреді. Сотқа шақырса бармайтындығы былай тұрсын, оларды ашықтан-ашық боқтап, үшбу хат жолдап отырады.

Ratel.kz айтының жазуына қарағанда, мұның боқтағанына мұндағы соттар тіпті, былқ етпейтін көрінеді. Тіпті оған шара қолданып, жауапқа тартудың орнына: «Сен ендігәрі бұлай істеме», - деп, басынан сипап, қоя беретін көрінеді. Ал Севрюков дегеннің жазғанын оқысаң жағаңды ұстайсың. Оның сотқа бағыттап чатқа жазған сөздерінен адам шошиды. Сөзіміз жалаң болмас үшін оның бірер үзінді келтірелік: «Повторно требую очного заседание», - дейді ол сотқа бұйрық беріп. «Молчание буду расматривать как отказ и покровительство ворья». «Уважаемые корупционеры! Все материалы сюда, быстро,сволочи...». «Взыскатель, вор Кислов и ЧСИ Жумабаев. Вы у.о???». Боқтыққа толы мұндай сөздер Керекулік соттардың құлағына майдай жағатын шығар. Мүмкін, мұндай төзімділіктің астарында әлгі Севрюковтың осындағы аса ірі кәсіпкер яғни, шылқыған бай болғандығынан шығар. Шіркін, ақша не істетепейді?.. «Аузы қисық болса да байдың ұлы сөйлесін» дегенді қазекем бекер айтапған шығар. Қазір соның заманы туған секілді.

Айтпақшы, «сынықтан басқасының бәрі жұққыш» келеді емес пе?. Мұндай еркіндікті көрген тағы бір Ресей азаматы - Николай Гурьянов деген мықты шықты. Ол да: «Ресей азаматтығынан өлсем де айырылмаймын, Қазақстаннан еш уақытта кетпеймін», - деп қасарысып отыр. Қанша үгіттесе де көнбейді. Тіпті, сонау Ресей елшілігіне апарып, ішкізіп-жегізіп те қайтты. Болмады. Ал біздің аса сыпайы сотымыз оған тым қатты кете алмай, әдеттегідей қатты қысылып отыр.

Егер сіз Керекудегі құқық қорғау органдары жұрттың бәріне де жұмақтық танытады десеңіз, қатты қателесіз. Керек кезінде темірдей қатты тәртіп орната алады. Мұндайда ештеңеден де тайынбайды. Мәселен, осында елімізге белгілі Руза Бейсенбайтегінің үстінен біреу шағым түсіріп еді, дереу оны жындыханаға апарып, қамап тастады. Тек қана депутаттардан бастап, бүкіл жұртшылық көтеріліп, оны әрең босатып алды.

Сонда біз қандай елміз? Осыдан соң, «біз толдық тәуелсізбіз» деп айта аламыз ба?

Жайберген Болатов

Abai.kz

29 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1460
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3228
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5290