Бейсенбі, 28 Мамыр 2026
Билік 162 0 пікір 28 Мамыр, 2026 сағат 14:05

Қазақстан мен Ресей: Серіктестік көкжиегі...

Сурет: Ақорда телеграм арнасынан алынды.

Бүгін Астанадағы «Тәуелсіздік сарайында» Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинді салтанатты қарсы алу рәсімі өтті.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей басшысын өзі күтіп алды. Мәртебелі мейманның құрметіне Қазақстан Республикасы Әуе қорғанысы күштерінің әскери ұшақтары Ресей туын бейнелейтін ақ, көк және қызыл түсті жолақтардан із тастап ұшты.

Содан соң Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин бір біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылының бастығы рапорт беріп, екі елдің мемлекеттік әнұрандары шырқалды. Онан соң Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин шағын құрамда келіссөз жүргізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев:

– Құрметті Владимир Владимирович, елордаға қош келдіңіз! Мемлекеттік сапармен келгеніңізге қуаныштымын. Бұл сапардың елдеріміз арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастарды дамыту тұрғысынан мәні зор. Сонымен қатар Еуразия құрлығындағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуде де айрықша мәнге ие деп ойлаймын. Өйткені біздің елдеріміз алып Еуразия кеңістігінің өзегі саналады. Осы орайда екі мәселені ерекше атап өткім келеді. Біріншісі, елдеріміз арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастардың жеті негізі туралы бірлескен мәлімдеме. Жеті – қасиетті сан. Құжат өте мазмұнды. Бұл жөнінде баспасөз конференциясында толығырақ айтамын. Оны өзім қарап, түзетулер енгіздім. Аталған мәлімдеме екі ел жылнамасына маңызды оқиға ретінде енеді деп сенемін. Екіншісі, Қазақстанда атом электр станциясының құрылысына қатысты келісімге қол қою. Осы жобаға қолдау көрсеткеніңіз үшін Сізге ризашылығымды білдіремін. АЭС құрылысы туралы келісімнің стратегиялық мәні жөнінде айта беру артық. Бұл бәріне түсінікті. Біз – достас, бауырлас елдерміз. Ортақ бай тарихымыз бар, мәдени дәстүрлеріміз бен халықтарымыздың менталитеті бір біріне ұқсас. Кешегі бейресми кездесуде ол жөнінде егжей-тегжейлі айтып, өткенді еске алдық. Ресей үшін де мұның мәні ерекше деп ойлаймын. Біз халықтарымыздың түпкілікті мүддесіне сай жұмыс істейміз. Азаматтарымыз мемлекеттеріміздің достығы мен ынтымағы сақталғанын қалайды. Одан әрі өркендеу үшін баршамызға бейбітшілік қажет, - деді.

Владимир Путин:

– Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Ең әуелі шақырғаныңыз үшін алғыс айтамын. Былтыр бізге мемлекеттік сапармен келгеніңізге қуандық. Сол кезде ғасырлар бойы, соның ішінде бір мемлекет аясында қалыптасқан халықтарымыз арасындағы берік достық пен өзара құрметке негізделген стратегиялық серіктестігімізді кеңейту бағытында тағы да алға қарай қадам жасадық. Бүгін де жемісті жұмыс атқарамыз деп ойлаймын. Бейресми сипатта өткен кешегі кездесу үшін ризашылығымды білдіремін. Өзара ықпалдастығымыздың көптеген маңызды әрі перспективті бағыты бойынша пікір алмастық. Делегациямыз еліңізге мереке қарсаңында келіп отыр. Ресей мұсылмандары Құрбан айт мерекесін атап өтеді. Қазақстанда да бұл мейрам кеңінен тойланатынын білемін, - деді.

Сурет: Ақорда телеграм арнасынан алынды.

ПУТИН ҚАЗАҚСТАНҒА НЕ ҮШІН КЕЛДІ?

Тәуелсіздіктің елең-алаң шағында, КСРО ыдырап, әр мемлекет өз іргесін берік бекіте бастаған уақытта, әлемдік сарапшылар: «Дүниенің тепе-теңдік қалыпқа түсуі үшін әлі ондаған жылдар керек», - деген. Міне, содан бері де 35 жыл уақыт өтті. Көп дүние өзгерді. Қазақстан өзінің мемлекеттілігін қалыптастыру жолындағы ең сындарлы, ең сыни сәттерін артта қалдырды. Өзінің аумақтық тұтастығын халықаралық деңгейде мойындатып, бекітіп, шегелеп алды. Және халықаралық дәрежеде өзінің «орта держава» статусын дәлелдеп келе жатқан, беделді әлемдік ойыншыға ұмтылуда.

Сондықтан да, Қазақстан мен Ресейдің еларалық әріптестігіне күдікпен, күмәнмен қарайтын «комплексті» кезең артта қалуы тиіс-ақ. Біз өз мүддемізді қорғай алатын мемлекетпіз. Біз ұрысатын жерде ұрысып, тұрысатын жерде тұрыса алатын қоғамы бар, әлемдік үрдістерге әбжіл қимылдайтын, сыртқы саясатта сақтық пен сабырлылықты үйлестіре білетін елміз.

Қазақ айтады: «Көршіні таңдай алмайсың, көршіні Құдай қосады», - дейді. Біздің географиямыз – біздің тағдырымыз. Ал біздің тағдырымызға Ресей деген мемлекетпен көрші болу жазылыпты. Әлемде ең ұзын үзілмеген құрлық шекара тұр – 7,5 мың шақырым. Екі елдің шекарасы мыңдаған шақырымға созылып жатыр, құрлықпен де, теңізбен де шектеседі. Ұзына бойы жүзден астам бақылау-өткізу пункттері орналасқан. Демек, екіарада алыс-беріс, барыс-келістің болуы заңдылық. Табиғи нәрсе. Сол есеппен сандарды сөз етейік:

Былтыр Қазақстан шетелдермен ұзын-ырғасы 144 млрд доллардың сауда-саттығын жасаса, соның 27 млрд доллары Ресеймен жасалған. бұл дегеніңіз – жалпы сауданың 20 пайызы деген сөз. Онан соң, 1992 жылғы шекара бөліс декларациясынан, 98-шы жылғы достық декларациясынан күні бүгінге дейін Қазақстан мен Ресей арасында ұзын-саны 350-400 құжат қабылданған екен.

Рас, бүгінгідей геосаяси турболентті кезеңде приоритеттер айтарлықтай өзгерістерге ұшырауда. Жаһандық нарықтар қайта құрылуда. Әсіресе, тарифтік соғыстардан кейінгі, санкциялық соғыстардан кейінгі әлемдік сауда-саттықты айтарлықтай өзгертті. Сондықтан, Қазақстан ғана Ресейге мүдделі емес, Ресей де Қазақстанға мүдделі. Шындықты қабылдай білу керек. Қазақстан қазір Ресеймен немесе басқа гегемондармен текетіреске түсіп опа таппайтын жағдайда. Демек, «ешкіні тәте деп, текені көке деп» әккі қимылдау – Қазақстанның стратегиялық мүддесі.

Дәл қазір мемлекетаралық қатынас тұрғысынан – Ресей біздің досымыз да, жауымыз да емес. Және бұны бұлай белгілеген біз емес, Ресейдің өзі. Демек, біз – әріптес елдерміз. Қазақстан Ресеймен одақтастығын бұзбайды, бірақ егемендігін сақтау үшін ірі державалар арасында мұқият тепе-теңдік орнатып келеді.

Қазақстан мен Ресей арасында пікір қайшылықтары да бар, өзара мүдделілік те жоқ емес. Мысалы: Қазақстан аннексияларды мойындамады. Санкциялар режимін сақтады (бейресми түрде оны бұзбауға тырысады). Қытаймен, АҚШ-пен, ЕО және Түркиямен байланыстарды нығайтуға тырысып келеді. Қазақстан өзінің тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын қорғайтынын қадап айтты, кейде жанама түрде Ресейдің ұстанымынан алшақ позицияларға баруда. Қазақстан қақтығыстардың бейбіт дипломатиямен шешілуін қолдайтынын бірнеше мәрте айтып, тіпті келіссөзге алаң болуға дайын екендігін айтты.

Сондықтан да қазіргі Қазақстан-Ресей қарым-қатынастарын: Біріншіден – «стратегиялық серіктестік» деп сипатттауға, сосын – «асимметриялық тәуелділік» деп сипаттауға және «Қазақстанның біртіндеп үлкен тәуелсіздікке ұмтылып келеді» деп сипаттауға негіз бар.

Бұл келісінің нақ алдында Ресейбасы Путин бізге арнап мақала жариялапты. Онда бірнеше кезек: «Екі елдің стратегиялық серіктестігі мен одақтастығы өзара құрмет пен сенім қағидатына негізделген», «Біздің қуатты әрі өсіп-өркендеу жолына түскен Қазақстанға деген құрметіміз ерекше», «Бәріміз Ресей мен Қазақстан халықтарының ортақ тарихына зор құрметпен қараймыз», - деген сөйлемдер қолданылады. Ал мақаласының түйініне қарай: «Ресей мен Қазақстан халықаралық қатынастарды өзара теңдік, барлық мемлекеттердің заңды мүдделері мен олардың мәдени және өркениеттік ерекшеліктерін ескеру қағидаттарына негізделген демократия талаптарына сай дамытуды қолдайды», - дейді.

Рас, біз «өзара теңдік» негіздегі қарым-қатынасқа мүдделіміз. Саясатшылар айтатындай-ақ, бүгінге БҰҰ-ның бейбітшілікті қамтамасыз етуші маңызы жылдан жылға әлсіреп барады. Сол тұрғыдан да, аймақтық жән аймақаралық бйланыстарды теңгерімді жүргізу – елдік қауіпсіздікті нығайтудың басты бағытына айналып отыр. Бұл да бүгінгі күннің шындығы...

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Әдебиет

Өлген кітаптар

Тұрдыхан Айдарханұлы 3274
Әне, көрдің бе?

Американың қаржылық жүйесін кімдер ұстап тұр?

Бейсенғазы Ұлықбек 2373