Жүрсін ЕРМАН: АЙТЫСТЫ ҚОЛҒА АЛУҒА ТЫРМЫСЫП ЖҮРГЕН КҮШТЕРДІҢ БАР ЕКЕНІН СЕЗЕМІН...
- Жүрсін аға, Республикалық кітап музейінің басшылығына келгеніңізге көп бола қойған жоқ. Бір кездері Астанаға қоныс аударып, «Президенттің Мәдени орталығында» Мырзатай Жолдасбековке кеңесші болып, кейіннен Мәдениет министрлігінің жанынан ашылған айтыс бөлімін басқарғаныңызды білеміз. Елордада жақсы қызметтерде жүріп, Алматыға қайтып келуіңізге не себеп? Әлде Астананы жерсінбедіңіз бе?
- Жүрсін аға, Республикалық кітап музейінің басшылығына келгеніңізге көп бола қойған жоқ. Бір кездері Астанаға қоныс аударып, «Президенттің Мәдени орталығында» Мырзатай Жолдасбековке кеңесші болып, кейіннен Мәдениет министрлігінің жанынан ашылған айтыс бөлімін басқарғаныңызды білеміз. Елордада жақсы қызметтерде жүріп, Алматыға қайтып келуіңізге не себеп? Әлде Астананы жерсінбедіңіз бе?
– Алматыға келуімнің ақиқаты мынадай: осының алдында Мәдениет министрлігінде «Қазақ әуендері» деген АҚ-ның құрамында айтыс бөлімі ашылып, мені сол бөлімнің жетекшісі етіп бұрынғы Мәдениет және ақпарат министрі қызметке қойған. Қасыма Иран-Ғайып Күзенбаев пен Еркебұлан Қайназаровты алып, айтысты жүйелеу, айтыстың ұйымдастырылуын бір орталықтан басқару, айтысқа мемлекеттік қамқорлық жасау тұрғысында жұмыс істегенбіз. Көп өтпей министріміз ауысты да, жаңадан жұмысқа кіріскен біздер абдырап қалдық. Екі-үш айлап, айлығымызды ала алмай, отыратын кеңсеміз де дұрыс болмай, мазамыз кетті... Содан Елбасыға хат жазып, мені қабылдауын өтіндім. Елбасыға барып, ортадағы «жолбикелердің» айтысты жамандаған сөздерін жоққа шығарып, төл өнеріміздің теледидарға шықпағанына көп болғанын, бәрін-бәрін жеткізгім келді. Сондықтан да хатта «Мені қабылдағаныңыз, айтысты қабылдағаныңыз болып көрінер еді. Айтысты тәуелсіз елдің қызметіне жаратуға, сіздің қабылдағаныңыз септігін тигізер еді» деп өтініш жолдадым. Сөйтіп Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің қабылдауына шақырту алдым. Министр Елбасының атынан қабылдаған болуы керек, кездесу барысында айтыстың бар жағдайын сөз еттім. Тіпті айтыс бөлімін ашқан біздердің 3-4 ай жалақысыз жүргенімізді де жеткіздім. Содан министр: «Айтыстың ұйымдастырылуына онсыз да жүгіресіз ғой, бірақ сіз басқа қызметке барсаңыз қайтеді?» деп, маған осы қызметті, «Кітап музейінің директорлығын» ұсынды. Шын мәнісінде тыныш, қолайлы жұмыс екен, негізгі қызметтен тысқары уақытта айтыстың шаруаларымен жүгіруіме мүмкіндіктер бар.
– Өткен жылы желтоқсан айында Астанада «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілерінің халықаралық одағын» құрып едіңіз. Айтыскерлер одағының жұмысы не болды, сол жөнінде айтсаңыз?
– Айтысты жандандыру мақсатында жұмыстар жасауға талпынғанымызбен, жұмысымыз өнбеді, тіпті жағдайымыз да болмады. Бірақ Айтыскерлер одағының жұмысы тоқтаған жоқ. Биыл министрлік қоғамдық бірлестіктер қатарында қаржы бөлмекші, біз де одақтың біраз жұмысын жолға қойдық. Қолымызға тиген ақша жоқ, қаржы-қаражатты жұмысты орындап болған соң аласыңдар деген соң, қимылдап жатырмыз. Жуырда ғана Қызылордада «Айтыс өнерінің бүгінгі жай-күйі» деген тақырыпта конференция өткіздік. Одан бұрын Жамбылда да өткізгенбіз. Шеберлік сыныптарын жүргізіп жатырмыз. «Қазақстан айтыс ақындары» деген кітап дайындап, баспаға берудің алдында тұрмыз. Ақындар туралы бейне-материалдар жасадық. «Aytysker.kz» деген сайтты сатып алып, жұмысын жолға қою үстіндеміз. Сайтты кеңейтсек, теледидарға жалтақтамай-ақ, айтысты сайт арқылы қойсақ дейміз. Егер осы шаруаларымызды министрлік қанағаттанарлық деп тапса, келер жылы Айтыскерлер одағының жұмысына дұрыс қаржы бөлінетін сияқты. Бар мақсатымыз – айтысты жандандыру, ақындарды түгендеу, оқыту, тәрбиелеу, айтысты ұйымдастыруды бір орталықтан қолға алу.
– Әңгімеңізден байқап отырсам, айтыстың шаруаларымен жүгіріп, ұйымдастырудың басы-қасында екенсіз. Бірақ осыдан біраз бұрын Астанада «Нұр Отан» партиясының қолдауымен өткен айтыста қараңызды көре қоймадық. Тіпті қазылар алқасының қатарында да жоқсыз. Неге? Соның алдында бір журналдан «Енді айтыстың маңына жоламаспын» деген сұхбатыңызды оқып едім. Айтыскерлер одағын ғана басқарып, айтыс өткізіп, ұйымдастыруды басқаларға бердіңіз бе әлде?
– «Енді айтыстың маңына жоламаспын» деген мазмұнда сұхбат бергенім рас. Әлі де сол ойда жүрмін. Желтоқсанда тәуелсіздікке арналған айтысқа иелік жасаңыз деп өтінген өз министрлігімізде тендер жарияланыпты, соған жүгірсем бе, жүгірмесем бе деп әлі екі ойда отырмын. Тендерді аламыз ба, алмаймыз ба, білмеймін... Бірақ тендерді айдаладан келіп, айтыстың қызығын көремін дегендер емес, айтысқа жаны ауыратын адамдар алса дұрыс болар еді деймін. Астанада 6 қазанда өткен айтыстан кейін тіпті түңілдім.
«Нұр Отан» өткізген айтыста төбе көрсетпеген себебім бар. Сол айтыстың алдында немере қызым Щвейцарияда оқу бітіріп, соның шаруаларымен Щвейцарияда жүргенімде Бекболат Тілеухан телефон шалды. «Бір шаруам бар еді, жолығайық», – деді. 25 қыркүйек күні Щвейцариядан келіп, 26 қыркүйекте кездесетін болып келістік. Шетелде жүргенімде ақындар маған хабарласумен болды. «Айтыс өткелі жатыр, барайық па? Сіз барасыз ба?», – дейді көбі. «Естімедім», – дедім, шын мәнінде айтыс болатынын маған ешкім айтқан жоқ. Алдында ғана Бұқар жырау ауданында мешіт ашу салтанатында бірге болған Мұхаметжан Тазабеков те ол жөнінде аузын ашпаған. Тек Бекболаттың «бір шаруа бар, жолығысайық» дегені болмаса. Содан Алматыға келгенімде Бекболат телефонмен, «Нұр Отанмен» бірлесіп, айтыс жасамақ болып жатқандарын айтты. «Нұр Отанмен» бірлесіп өткіземіз дегені менің шамыма тиіп қалды. Неге дейсіз ғой?! Биыл жазда 8-9 шілде күндері Астанада «Ел. Елбасы. Астана» деген айтыс өткіздім. Ол айтыстың негізгі мақсаты – аты айтып тұрғандай, Елбасының саясатын қолдау, халықты бірлікке ұйыстыру, рухын биіктету еді. Айтыс ұйымдастырардың алдында мен «Нұр Отан» партиясына «Елбасының туған күніне орай өткізілетін айтысқа қолұшын беріңіздер. Партияның көшбасшысы болғандықтан, сіздерден өтініп отырмыз» деп хат жаздым. Мен бұған дейін Президент сайлауының алдында «Ел басқарар ерің кім?», «Абылай – айбарымыз, Елбасы – ертеңіміз» деген тақырыпта Елбасын қолдау жөнінде екі айтыс өткізгенмін. Қалай десек те, Нұрсұлтан Назарбаевтан артық қазақтың көшін болашаққа бастап апаратын адам жоқ қазір. Жаңағы өтінішіме әуелі телефон арқылы көмектесеміз деген хабар келді де, артынша «бұл біздің міндетімізге жатпайды» деп бір шенеунік телефон соқты. Сөйтіп жекелеген демеушілерге қолқа салдым, олардан да қайыр болмады. «Нұр Отанның» да, жекелеген кәсіпкерлердің де бас тарту себебі – айтыста артық-ауыс сөз айтылып кетсе, демеуші болғандықтан таяқтың бір ұшы өздеріне тиеді деп, барлығы содан қашты... Қорқатындай «ақындар мемлекеттік құрылысты құлатайық, ел-ішін бүлдірейік» деп, билікке қарсы сөз айтпайды. Бәрінің көзі ашық, сауатты адамдар ғой. Бірақ өміріміз тамаша болып тұрғанымен, жоғары-төменді толып жатқан кемшіліктер бар. Оларды айтпаса, айтыстың мәні кетеді, өткірлігі қалмайды. Ақылға сиятын сынға кім өкпелейді? Әлгі азаматтар осыны түсінбеді. Ақырында халықтың көмегімен бір айтыс өткіздік. Нәтижеде ақындарға мардымды жүлде тауып бере алмадық, жол-пұлын да көтере алмадық. Сөйтіп айтысты ұйымдастырған продюсер Байәбілов Ескендір деген жігітке 2 миллион теңге қарыз болып қалдым. Әлі күнге айлығымнан сол қарызды төлеумен келемін. Төлемесем, айтыс өткіземін деген ол жігіт неге күюі керек? Сөйтіп отырғанда, Бекболаттың ««Нұр Отан» съезд алды бағдарламасын насихаттау үшін айтыс жасайды» дегені менің шамыма тиді. «Елбасының туған күнінде елдікті, бірлікті жырлаймыз» дегенде, айтысты керек қылмаған партия, енді неге айтыс өткізуге құмбыл бола қалыпты?» деп ашуландым. Енді келіп, Бекболат «Нұр Отанмен» бірлесіп айтыс жасаса, қалай бармақпын? Бекболатқа осыны ашып айттым. Тіпті «сенің айтыста нең бар?» дегенге дейін келдім. «Ойбай, мен айтыста басынан бері сізбен келе жатырмын ғой», – дейді ол. Бекболат айтыста менімен бірге келе жатса, 1987 жылы ең алғаш айтысқа орындаушы ретінде шыққан, содан бері орындаушы ретінде келеді айтыста. Кейін қазылардың қатарына да қойдым. Қазылық еткені болмаса, айтыстың ұйымдастыру жағына қатысы жоқ. Бекболатқа осыны ашып айттым. «Басқа жұмыстың бәрін қойып, енді айтысқа келдің бе?» деп те қатты батырдым. «Ойбай, аға, тіпті болмаса ақшаңды төлейін, келіп арамызда отыршы» деп өтінді ол. Оның бұлай дегені де түсінікті, өйткені мен бармасам, ақындардың біразының бармай қалатын түрі бар. Тіпті өзіме қараған 3-4 ақынға айтысқа бармай-ақ қойыңдар деп қолқа салғанмын. Бірақ Бекарыс Шойбековтен басқасы мені тыңдамады.
– Аға, кешіріңіз, бірақ, «мен ұйымдастырмаған айтысқа қатыспаңдар» дейтіндей, айтыс сіздің ғана меншігіңіздегі өнер емес қой?! «Бекболаттың айтыстан басқа шаруасы құрып қалып па?» дегеніңіз де Бекболат Тілеухан айтыс ұйымдастырып, менің шаруамды иеленіп кетті деген пенделік пиғыл емес пе?
– Әрине, айтыс менің жекеменшігім емес... Отыз жылдық бейнетіме де салауат! Шілдедегі айтыстан кейін «Енді айтыстың маңына жоламаспын» деп сұхбат бердім ғой өзім де. Менің өкпем Елбасын қолдауға арналған айтысқа араласпаған «Нұр Отан» енді келіп ақындарды жиып неге айтыс өткізеді? Мен осыған ашуландым. Айтыс әу бастан оппозициялық бағыттағы өнер. Былтыр айтыс өткізерде министрліктен 62 тармақтан тұратын қағаз келді. «Мына 31 тақырыпты айтпау керек, мына 31 тақырыпты жырлау керек» деген. Айтыс «Нұр Отанның» сөзін сөйлеп, партияның бұлбұлдарына айналса, айтыстан мән кетеді емес пе?! Айтыста еркіндік, өткірлік болмаса болмайды. Оның үстіне айтыс ақындарының ел ішіндегі абыройын білетіндер айтысты өз мақсат-мүдделеріне пайдаланғысы келетін сияқты болып көрінеді маған. Мен осыған күйінемін. Әйтпесе айтыс менің жекеменшігім емес. Бұл айтысқа аяқасты айтқасын, әрі айтыс жаңағындай «Нұр Отанмен» бірігіп ұйымдастырылып жатқан соң барғым келмеді. Өзім Жаңақорғанда демалып, ем алып жатқанмын. Ол жағы да бар, қысқасы, айтысқа келуден бас тарттым. Соңғы кезде Бекболат «Жәдігер» деген қоғамдық қор құрып, сол арқылы 1-2 айтыс ақынымен жазба ақындардың, жыршы-термешілердің басын қосып, концерт өткізіп жүр. Астанадағы концерттеріне кездейсоқ барғанмын да. Бірақ істеп жүргендерінің не нәрсе екенін түсініп болмадым. Ақындарды айтыстырып, одан жазба ақындарға өлең оқытқан болады. Сөйтсем Бекболаттың түпкі мақсаты – айтысқа бір табан жақындап, айтысты игеріп алып кету мәселесі екен. «Кіл жүйрікте, кім жүйрік?» деп ат қойған айтыстарына ақындарды халық сайт арқылы дауыс беріп, таңдады депті. Неге сол жүйріктердің арасында Ринат Заитов жоқ. Халық Ринаттың қатысқанын қаламайды дегенге мен сенбеймін, мысалы. Күні кеше Қызылордада да тамаша өнер көрсетті. Соңғы уақытта ақындарды жинап алып, қажылыққа жіберу сынды шаруалар үрдіс алып кетті. Қажылыққа барғандарына қарсы емеспін, бірақ 17-18 жастағы Сырым Әуесхан қалай қажы болады? Сырымды жолдамамен қажылыққа жібергендер жас баланың оң-солын танып үлгермегеніне қарамай ма? Жас ақындарды желкесінен сүйрегендей ғып қажылыққа жіберудегі мақсат түсінікті деп ойлаймын. Дінге бет бұрғызамыз деп біз небір талантты ақындарымыздан айрылып қалып жатырмыз. Дүниеауи, пендауи нәрсе деп діннен басқаны жырламай, талантын шектеп тастаған ақындарымыз бар. Балғынбектер де олқы-толқы болып жүр. 6-қазандағы Астанадағы айтыстан кейін Балғынбек Қызылордада Иман-Жүсіптің 150 жылдығына арналған айтысқа келіп қатысты. Айтысты «Фатиханы» әнге қосып айтып бастады да, дін тақырыбына қамалды да қалды. Басқа ештеңе айта алмады, сол себепті бірінші айналымнан шығып қалды. «Дін – апиын» демеймін, бірақ дінді адам жасына, көзқарасына қарап орынды пайдаланса, діни көзқарасы өнеріне салқынын тигізбесе дұрыс қой. Бұл дұрыс па, бұрыс па, уақыт төрелік жасар, ешкімді кінәлап отырған жоқпын. Бірақ осындай шырмауықтай шырмалған әрекеттердің жүріп жатқаны көңілімді алаңдатады. Әрі айтысты басқалардың алып кететініндей не күн туыпты қазір? Айтыс мемлекеттің қарамағында, Айтыскерлер одағы да құрылып, Еркебұлан, Иран-Ғайып, Ринат, Фархаттар сол шаруалармен жүгіріп жүр ғой... Солар-ақ әкетпей ме? Бекболаттың бар шаруасы таусылып, айтысқа келіп пе енді? Бекболат өзімнің інім, жақсы көретін інім. Бір кездері радио-теледидарларда жасалған портреттік хабарларда Бекболат туралы ешкім айтпаған тамаша сөздерімді айтып, шешесінің де алғысын алғанмын. Енді келіп, өзімнің алдымды кес-кестейді. Қытайдан бір ақын алдырып, сол арқылы осы айтысты Халықаралық айтыс деп жариялағаны ерсі ғой. Осының бәрі айтыстың статусын, қаржысын көтеріп, айтысты қолға алуға тырмысып жүрген күштердің бар екенін көрсетеді.
– Айтысқа байланысты осы әңгімелерден кейін Бекболат Тілеухан екеуіңіздің араларыңыз алшақтап кетті ме сонда?
– Алшақтаған шығар енді... Айтысқа бір күн қалғанда Бекболат тағы қоңырау шалды: «Бекболат, бара алмаймын, мазамды алма» деп телефонымды өшіріп тастадым. Маған өкпелеген шығар. Бірақ әңгіме осындай... Астанадағы айтыстан 2 күн бұрын Жаңақорғанда Исатай Әбдікәрімов пен Садықбек Сапарбекұлына арналған айтыс өткіздім. Астанадағы айтысқа баратындардың біразы сол жерден аттанды Елордаға.
– Түсінікті. Ақынға сұхбат алуға келіп тұрып, шығармашылығы туралы сұрамай кеткеніміз әбестік болар. Өлеңнің жайы не болып жатыр, аға?!
– Бірнеше күн бұрын «Алыстан және жақыннан» деген бір томдығым шықты. Ішінде жаңа өлеңдерім де бар. Қазір екінші томдықты дайындау үстіндемін. Әрі кетсе ақпанға дейін шығарып үлгерсем деймін. Жазу процесі тоқтамайды ғой.
– Шығармашылық адамы болғаныңызбен ақын-жазушылардың ортасынан сырт жүретініңізді байқаймыз. Сіз көбіне кәсіпкерлермен, биліктің, қызметтің адамдарымен доссыз. Мұның себебі неде? Шығармашылық туралы сіз кімдермен ой бөлісесіз сонда?
– Мен де Жазушылар одағының мүшесімін, жиналыстарына қатысамын. Намазалы Омашев, Тұрсын Жұртбаев, Несіпбек Айтов, Жұмабай Шаштайұлы, Жанболат Аупбаев, Сауытбек Абдрахманов, Ұлықбек Есдәулетов, Ғалым Жайлыбаев, Алмас Алматов, Нұртөре Жүсіп секілді марғасқалармен пікірлес, тілектес дос-жар кісімін. Мен өзім белсенді адаммын. Сондықтан маңайымдағы біраз адамдардың әдебиетке қатысы жоқ. Бірақ олар әдебиетті, өнерді түсінеді, жан-тәнімен ұғады. Мен Асанәлі Әшімов, Құсайын Омаров, Серік Үмбетов, Айтбай Көшербаев, Аман Абдуллаев, Амангелді Ермегияев, Өмірзақ Сәрсенов, Кенжебек Омарбаев, Тоққожа Естеновтармен көп араласамын. Бұларды шығармашылықты түсінбейді дей алмаймын.
– Өзіңізден кейінгі буынның өлеңдерін оқисыз ба? Жастардан кімдердің шығармашылығында ерекшелік бар дер едіңіз?
– Жастарды оқимын. Онша тұшынбаймын. Жастарда күйрек поэзия белең алды. Бәрі Мұқағалиға еліктейді, Мұқағали құсап жазғысы келеді. Мұқағалидың мұңы халықтың мұңы еді. Ал кейінгілер жеке басының мұң-қасіретін поэзияға арқау еткісі келеді. Жастардың жасанды трагедияларды ойлап тауып, өлең жазатыны менің миыма кірмейді. Қарағандыда Мирас Асан деген жігіттің өлеңдері көңілге қонымды көрінді. Жақында кітабын оқып шықтым. Поэзиясы күйректік пен жылаңқылыққа онша бел алдырмапты. Алмас Темірбайдан, Бақытжан Алдиярдан көп үміт күтемін. Жастардан Ерлан Жүністің поэзиясы ізденудің дұрыс жолында дер едім. Ерланның өлеңдерінің өзіндік философиясы бар. Өлеңдері болмаса Ерланды онша біле де қоймаймын, бірақ жазғандарынан интеллектуал поэзияны байқадым.