Құдияр Біләл. Патша – алланың жердегі көлеңкесі
Патша – Алланың жердегі көлеңкесі. Бұл – хадис. Алайда, аталмыш хадис мәніне қарапайым халықты былай қойғанда, діндарлардың өзі бойлай бермейді. Егер көпшілік қауым соны жете түсінсе, онда сол елде қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман орнар еді. Қай мемлекеттің де көксегені сол. Ол елдің Қазақстан болатындығы күмәнсіз. Себебі біздің дәстүрлі дініміз бен ұлттық санамыз осы хадис мәніне байланысты қалыптасқан. Сондықтан да біз патшаны, бодандықта ұстаған отарлаушы ел патшасының өзін «Ақ патша» деп аяқ-қолын жерге тигізбей дәріптегенбіз. Өкінішке қарай, ежелден келе жатқан сол ұғым-түсінік Ақ патшаның тақтан таюымен бірге көмес тартты. Алайда, өшкен жоқ. Бізге жоғарыда айтылған хадис арқылы қалыптасқан сол таным-түсінікті қайта жаңғырту қажет. Гәп атауда емес. Оны патша, президент, елбасы деп атағанымен хадис мәні өзгермейді. Оның үстіне бұл – мәңгілік ұғым.
Патша – Алланың жердегі көлеңкесі. Бұл – хадис. Алайда, аталмыш хадис мәніне қарапайым халықты былай қойғанда, діндарлардың өзі бойлай бермейді. Егер көпшілік қауым соны жете түсінсе, онда сол елде қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман орнар еді. Қай мемлекеттің де көксегені сол. Ол елдің Қазақстан болатындығы күмәнсіз. Себебі біздің дәстүрлі дініміз бен ұлттық санамыз осы хадис мәніне байланысты қалыптасқан. Сондықтан да біз патшаны, бодандықта ұстаған отарлаушы ел патшасының өзін «Ақ патша» деп аяқ-қолын жерге тигізбей дәріптегенбіз. Өкінішке қарай, ежелден келе жатқан сол ұғым-түсінік Ақ патшаның тақтан таюымен бірге көмес тартты. Алайда, өшкен жоқ. Бізге жоғарыда айтылған хадис арқылы қалыптасқан сол таным-түсінікті қайта жаңғырту қажет. Гәп атауда емес. Оны патша, президент, елбасы деп атағанымен хадис мәні өзгермейді. Оның үстіне бұл – мәңгілік ұғым.
Қазіргі шенеуніктердің сөздік қорында «Елбасының тапсырмасы», «Елбасының арқасы» деген сөз тіркестері бар. Алайда, олар Елбасыға қаншалықты адалмыз дегенімен Елбасы мен Алланы бір ұғым деп қабылдай алмайды. Ондай түсінік әлгі хадисті күнде сан рет қайталап отырған діндарлардың да ойына кіріп шықпайды. «Елбасының пәрмені – Алланың пәрмені» десең, қай-қайсысы да «Аллаға серік қоспау керек» деп шыр ете қалады. Біз оларға жоғарыдағы хадисті негізге ала отырып, «Қазақстандағы еңбектеген бала мен еңкейген қарияға дейін, ұшқан құс, жүгірген аң, Қазақстан аумағынан өткен ұшақ пен өзге де техника Елбасының арқасында тыныс алып, тіршілік етеді, өсіп-өнеді, шаруаларын жайғайды» деп айтсақ, олар бізді қабылдамай, ағаш атқа теріс мінгізген болар еді. Алайда, бұл – ақиқат. Жалпы, Қазақстанда Елбасы құзырынан пайдаланбайтын, Елбасы құзырына мұқтаж емес, Елбасы құзырынан тыс ешнәрсе болмайды. Біз оны түсінейік, түсінбейік, қалайық, қаламайық бәрібір соған тәуелдіміз. Себебі, ол – Аллаға тәуелділік. Өйткені Патша – Алланың жердегі көлеңкесі. Сондықтан, Патшаға қарсы шыққан адамның өзінің ғана емес, жеті атасына дейін иманы күйеді. Патшаның кәпір, не мұсылман болуы шарт емес. Соны білгендіктен де біздің ата-бабаларымыз Ресей патшасы құзырында болған кезде оны «Ақ патшам» деп дәріптеген. Өкінішке қарай, Құдай аузымызға салған сол сөзді біз Елбасына қарата айта алмай жүрміз.
Енді айтпағымызды «Патша қалайша Алланың жердегі көлеңкесі бола алады?» деген сауал төңірегінде өрбітіп көрелік. Дін ғұламалары жалпы патшалықты төртке бөліп қарастырады. Бірінші – Алланың патшалығы, екінші – Пайғамбарымыз нұрының патшалығы, үшінші – рухани патшалық, төртінші – материалдық патшалық. Бұл төрт патшалық бір-бірімен үндесіп, тұтасып тұрады. Солардың ішінде біздің білетініміз – материалдық патшалық. Оның өзін де толықтай ұғынып, түсіне алмаймыз. Түсінсек, «Ақ патша» дегенді біз де айтар едік.
Діни ұғымда Аллаға қарата айтылатын «Бар да өзіңсің, барлық та өзіңсің, Патша да өзіңсің, патшалық та өзіңсің» деген түсінік бар. Осы түсінік қалған патшалықтарға да тән. Айтылар әңгімені өзімізге жақын түсінік бойынша сараласақ, Патша – Президент, патшалық – президенттің өкілеттігі. Мәселен, Қазақстан – мемлекет. Мемлекетті басқаратын қалыптасқан жүйе бар. Жүйені іске қосатын тетік – өкілеттік. Ал, ол өкілеттіктің иесі – Президент. Өкілеттік материя емес, ол – рухани күш. Осы рухани күш жоғарыдағы хадисте айтылатын «Алланың жердегі көлеңкесі». Алайда, онда материалдық көрініс болмағандықтан, біз оның иесін соның өзі деп қабылдаймыз.
Рухани қуат, яғни өкілеттік Қазақстанды толтырып тұратындықтан, Қазақстанда болып жатқан іс-әрекеттің барлығы сол өкілеттікке тәуелді, әрі мұқтаж болады. Ұшқан құс, жүгірген аң сол өкілеттік арқылы қорғалады. Ал оның материалдық көрінісі – қабылданған заңдар. Алайда, қай заң да өкілеттік иесі қол қоймайынша күшке ие бола алмайды. Яғни, өкілеттік өздігінен басқарылмайды. Табиғат белгілі бір заңдылықтар бойынша өзін-өзі басқарады деу – атеистік түсінік. Өкілеттіктің болуы, оны басқаратын президенттің болуы бізге Алланың бар екендігін және барлық нәрсенің соның құзырында (өкілеттігінде) тұратындығын әйгілейді. Сондықтан, Қазақстанға аяғы тиген әр жан Президент өкілеттігі құзырына келіп кіреді, әрі содан пайдаланады. Басқасын былай қойғанда, кім де болсын жұтқан ауасы үшін де сол өкілеттік алдында борышты болады. Себебі, Президент өкілеттігі Қазақстандағы экологиялық ахуалды саралап, ауа тазалығы үшін де қызмет етеді. Әрі-бергі көліктер қатынасы, жарық пен газ, адам құқығының сақталуы, тіпті, жайлы жатып, жақсы тұрғанымыз үшін де біз Президент өкілеттігіне борыштармыз. Мемлекетті басқару жүйесінің әр тетігін іске қосатын – сол өкілеттік. Ал, соны іске асырушы әр сала қызметкерлеріне олардың құзырына орай өкілеттікті беруші – Президент. Сондықтан кім де болсын сол өкілеттік құзырына мойынсұнбаса, жоғарыда айтқанымыздай, өзінің, әрі жеті атасының иманын күйдіреді. Себебі, Президент өкілеттігінің бір күнгі қызметін өмір бойы намаз оқып өтей алмайсың. Жалпы, Президентке деген оппозициялық көзқарас, оған берілген өкілеттікті түсінбеуден келіп шығады. Бұл – Адам атаға берілген өкілеттікті түсіне алмаған шайтандық кердің бүгінгі көрінісі.
Енді, осы айтқандарымызды діни тұрғыдағы түсінікпен үндестіре өрбітейік. Жоғарыда келтірген Аллаға қарата айтылатын «Бар да өзіңсің, барлық та өзіңсің» деген түсінікті тағы да қайталайық. Сонымен, бар – Алла, ал барлық – соның өкілеттігі. Ал енді сол өкілеттікте Алладан басқа біреу билік құра ала ма? Әрине, жоқ. Себебі, ол өкілеттіктің иесі – Алла. Кәлима шаһадаттың «Алладан басқа тәңір жоқ» деген алғашқы жолы осыдан келіп шығады. Бұл – иман. Біздің жоғарыдағы мемлекетке қатысты айтқан түсінігіміз де тура осы тәрізді. Мәселен, мемлекет – Отан. Ал, хадисте айтылғанындай, Отанды сүю – иманнан. Мәселе мәніне бойлаған сайын бәрінің бір нәрсе екендігіне кімнің де болсын көзі жете түседі.
Сонымен, Алла өз өкілеттігінде 18 мың әлемді жаратты. Өкілеттік деп отырғанымыз – Пайғамбарымыздың нұры. Бұл тұрғыда Пайғамбарымыздың «Алла әуелі менің нұрымды жаратты» деген хадисі бар. Кәлима шаһадаттың «Мұхаммед оның құлы, әрі елшісі» деген екінші жолы осыдан келіп шығады. Мұндағы құлы – өкілеттік те, расулы – өкілеттік иесінің материалдық көрінісі. Бүгінгі тілмен айтқанда, Адам атамыз сол өкілеттікке ие тұңғыш президент. Алла тағала періштелерге Адам атаға сәжде жасатты. Себебі, Адам ата өкілеттік иесі. Ал, өкілеттік Аллаға тән. Демек, Алла сәждені өз өкілеттігіне, яғни, өзіне жасатты. Өкілеттіксіз, яғни, Алласыз ешнәрсе жүзеге аспайды. Барлық нәрсе сол өкілеттіктің ішінде тұрады. Бір сөзбен айтқанда «Құдайсыз қурай да сынбайды». Солай бола тұра, атеистер ғылыми тұрғыда дәлелдегендей, мына әлемге Алла араласпайды. Себебі, өкілеттіктің ендігі иесі – Адам ата. Бұл – Алла қалауымен рухани әлемді басқарудың қалыптасқан жүйесі. Руханият – мәңгілік әлем. Ол ешқашан иеліксіз, яғни, басқарусыз қалмайды. Бәрі бір нәрсе деп ұғынғандықтан мұны мемлекет басшылары ауысқанымен басқару өкілеттігі өзгермейді деп түсінген жөн. Пайғамбарлардың алмасып келуі де сол сияқты. Мұсылмандар күткен Махти да сол рухани әлемнің иесі. Ал, оның қалай басқарылатындығын біз материалдық ойлау деңгейімен таразылай алмаймыз. Мәселен, Президент өкілеттігі Президент жарлығы арқылы материзацияланады. Оның жарқын көрінісі – Астананың бой көтеруі. Астанада бой түзеген әсем ғимараттардың бір кірпіші, не бір шегесі Президент өкілеттігінсіз қағылып, қаланбайды. Ал, оны өкілеттік иесінің білуі шарт емес. Рухани әлемнің басқарылуы да тап осы сияқты.
Пайғамбарымыздың нұры – өкілеттік, ал, «Бол!» деген Алланың әмірі. Сондықтан мына әлемге Алла араласпайды дегенді Президент Астана құрылысын өзі келіп жүргізбейді деген сияқты түсінген жөн. Бірақ солай бола тұра, бәрін жасап жатқан соның Өзі. Біз бұл жерде Өзі деп Алланы және оның жердегі «көлеңкесін» қабат айтып отырмыз.
Бүгінгі ғылым рухани әлемнің қалай материзацияланатындығына көз жеткізе бастады. Олар рухани әлемнен бөлініп шыққан біртұтас тоғыз элементтің нөлдік деңгейде сыңғырлаған дыбыс арқылы заттық форманы түзейтіндігіне көз жеткізіп, бұны «Струн теориясы» деп атады. Олардың пайымдауынша, бұл – кез келген заттың негізі. Аталмыш теория діни тұрғыда былайша түсіндіріледі: сегіз элемент – Алланың сегіз сипаты, тоғызыншы – Пайғамбарымыздың нұры, ал, әуез – Алланың «Бол!» деген әмірі. (Осы жерде Пайғамбарымызға уақидың сыңғырлаған әуез арқылы келетіндігін қаперге алған жөн). Нөлдік деңгей дегеніміз – жоқтық әлем. Діндарлар аузынан жиі айтылатын «Мына әлем жоқтан бар болды» дегенде осы «Струн теориясы» негізге алынады. Жалпы, дінде ақиқат деп танылған нәрсе дәлелдеуді қажет етпейді. Біздің Пайғамбарымыздың нұры, руханият, өкілеттік деп отырғанымыз да осы тоғыз элеметтен тұрады. Бұл тоғыз – тұтас бір нәрсе. Ол – біздің жанымызға да тән. Біздің жанымыз Алланың хаят, құдірет, ілім, көру, есту, сөз, қалау, жарату сипаттары бар Пайғамбарымыздың нұрынан жаралғандықтан біздің ДНК болып ана құрсағына түскеннен кейін жасушалар арқылы өзіміздің тәнімізді түзуіміз, өмірге келгеннен кейінгі естіп, сөйлеуіміз, көруіміз, өзге де іс-әрекеттерімізге «Струн теориясы» бойынша түгелдей иелік ететін бөлінбейтін осы біртұтас тоғыз элемент болып шығады. Оны біз жан деп қабылдаймыз. Діни пайымда, «Струн теориясы» дәлелдегендей, жансыз зат болмайды. Бұдан бүкіл жаратылыстың негізі бір екендігі мәлім болады. Осы айтылғанның бәрін ислам діні «Алладан басқа тәңір жоқ, Мұхаммед оның құлы, әрі елшісі» деген кәлима шаһадаттың ішіне кіргізіп жіберген. Қазақтың дәстүрлі діні осы түсінікке негізделген. Мұны түсініп, қабылдай алмаған елдер діни қақтығыстардан ешқашан арылмайды. Сондықтан, жоғарыда айтылған жайттарды басқа бір қырынан тағы да саралай кетейік.
Біз мұсылман болғандықтан сөз басын аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймыз. Себебі, бізге Алладан берілетін нәрсе тек рахым мен мейірім. Ол бізге руханият, яғни, жан дүниеміз арқылы келеді. Ұғынықтылық үшін біз ол мейірімнің атын «Ана» деп атаймыз. Сонымен, Алладан келетін рахым мен мейірімнің аты – Ана. Сәби дүниеге келгенде осы рахман нұры оның әке-шешесіне беріледі. Соның әсерінен ананың баласына деген шексіз махаббаты оянады. Ананың жан дүниесін кернеген сол бір алау сезімді ешнәрсемен теңестіре алмайсың. Бір сөзбен айтқанда, ана баласы үшін отқа да, суға да түсуге дайын. Солай бола тұра, еш ана баласына берген мейір-шапағаты мен жасаған жақсылығын міндетсімейді. Қайта баласын одан да әрі биікке самғата алмағанына өзін кінәлі санап, өмір бойы баласына бәйек болады да жүреді. Себебі, оған Алладан берілген аналық мейірімде жаманшылық болмайды. Алланың рахман нұрынан тек жақсылық төгіледі де тұрады. Байыбына барсақ, ол рахман нұр ана атаулының табиғатына тән емес. Ол оған берілген. Егер ол ананың табиғатына тән болса, онда ананың бәрі өзге балаларға да тап солай мейір-шапағатпен қараған болар еді. Міне, осы анаға берілген мейір-шапағат – біз жоғарыда айтқан өкілеттікке тән. Біз оны екінші қырынан мейір-шапағат деп танығандықтан «Ана» деп атадық. Ол ешқашан түгесілмейтін мейір-шапағатқа толы энергия. Бүкіл жаратылыс соның шапағатына шомып тұрады. Демек, ол да ана. Мәселен, біз Отанды да анаға балаймыз. Отан ананың да өз азаматтарына беретін мейір-шапағаты шектеусіз. Сәби шыр етіп дүниеге келгеннен бастап, Отан ана оны өз қамқорлығына алады. Дәрігер бақылауында ұстайды, бала-бақшада тәрбие, мектепте білім береді. Үй-жай әлеуметтік жағдайы, бәрі түгелдей Отан ананың құзырында болады. Отан ана да өз азаматтарына бергенін міндетсімейді. Қайта қанша берсе де, оны аз көріп, көңілі еш көншімейді. Мемлекетіміздің дамыған алдыңғы қатарлы 50 елдің, одан кейін 30 елдің қатарына кіреміз деп ылғи алға ұмтыла беретіндігі сондықтан. Ал, материалды, яғни, сіз бен бізден қайтатын жақсылық өлшеулі болады. Мәселен, бір әкенің он баланы асырай алатындығы, ал, он баланың бір әкені асырай алмайтындығы шындық екендігін ешкім де жоққа шығара алмайды. Себебі, әкенің қамқорлығы – рухани болса, балалардағы – материалды. Әкенікі – өлшеусіз, балалардікі – есепке құрылған. Олардың қай-қайсысы да әкелеріне қалай жақсылық жасағанын, не беріп, не қойғанын жіпке тізіп жүреді. Өздері ұмыта бастаса, әйелдері естеріне салады. Отан анаға деген біздің қарым-қатынасымыз да тап осы сияқты. Отан ананың бізге бергені – рухани, біздікі – материалды. Сондықтан, біз де Отан анаға бергенімізді міндетсіп, соның қарымтасы қайтпады деп ұдайы кіржиеміз де жүреміз.
Біз мысалға келтірген осы үш ананың негізі бір. Ол негіздің «Струн теориясы» бойынша қалай материзацияланатындығын жоғарыда айттық. Ол теория бойынша барлық жаратылыстың негізі бір. Осы теорияны діни тұрғыда сараласақ, жәннат та содан келіп шығады. Хадисте айтылатынындай «Жәннат – аналардың аяғының астында» делінетіндігі сондықтан. Құран Кәрімде Алла әке-шешеге жақсылық қылып, Өзіне және әке-шешеге шүкіршілік ету қажеттілігін айтқан. Біз осы аятты және жоғарыда айтылғандарды түсінсек те, түсінбесек те «Аллаға шүкір» дейтіндігіміз сондықтан. Алайда, біз осы шүкіршіліктің ішінде руханиятқа, Отанға, әке-шешеге деген шүкіршіліктің де тұратындығына мән бермейміз. Құдайшылығын айтсақ, мән бермейтіндер негізінен дәстүрлі дінімізді мойындамайтындар. Сирияға жиһадшылап кеткен жүз елу отандасымыз «Патша – Алланың жердегі көлеңкесі», «Жәннат – аналардың аяғының астында» деген хадистер мәніне бойлай алғанда ондай қадамға аттап баспаған болар еді. Патшаның, Отанның, ананың ризашылығын алмаған адам ешқашан жәннатқа кіре алмайды. Өйткені, ол ризашылықтарда Алланың ризашылығы тұрады. Дұрысы – Өзі тұрады.
Бір ауыз сөзбен руханиятты, өкілеттік пен үш ананы әруақ деп атаймыз. Ал, оны тек сопылық таным-түсінік арқылы ғана танимыз. Біздің дәстүрлі дін деп отырғанымыз да сол.
Abai.kz