Санжар КЕРІМБАЙ. Рамазан айына жасырылған қасиетті түн
Әдетте, Исламның рухани ілімінен бейхабар өз бетінше өмір сүретін пенделер орта жастан аса бере өмірінің күрт мәнсізденіп, кері кету себебін түсіне алмайды. Расында да, жасы қырыққа тақаған жігіт ағасы үшін бұл белесте не қызық болуы мүмкін? Жігіт кезде қанды қыздырып, есіл-дертті арбап тұрған құмар қызықтың бәрі орта жастан асқан соң, өзінен-өзі сарқылып, біржола құруға бет алады. Бұл жасқа жеткен жігіт ағасы қандай қылық жасап, нендей сөз айтса да жараспай жеңіл көрініп тұрады. Неге адам өзінің жан дүниесінде болып жататын рухани күйреу сезімдерін дер кезінде байқап, оны тоқтатуға дәрменсіз? Тамыры әбден жуандап, жан, жүрек пен жұлын, жүйкенің бүкіл қимыл-қозғалысын шеңгелімен бүріп алған кәпір нәпсі, бейшара адамның ұрпағын қылғындырып, пенде пақырдың жаны шығып өлгенше қылбұрауды босатпай бұрай береді. Құмарлық пен рақатты тоқтаусыз тілеп тұратын нәпсі сезімдері, адамның ақыл қуатын біржола бағындырып алады. Тән рақатына маталып қалған адам ақылы өзінің иесіне жол көрсете алмайды. Құдайдың жарқын жолына құлшынып шығуға шама-шарқы жетпейді. Дәл осы сәттен бастап, адасу, күнәға ұрыну адам бойында қарқын алады. Жігіттің жас кезінде жасаған әдепсіз әрекеттері мен асығыс қабылдаған өмірлік шешімдерінің шикілігі біртіндеп біліне бастайды.
Әдетте, Исламның рухани ілімінен бейхабар өз бетінше өмір сүретін пенделер орта жастан аса бере өмірінің күрт мәнсізденіп, кері кету себебін түсіне алмайды. Расында да, жасы қырыққа тақаған жігіт ағасы үшін бұл белесте не қызық болуы мүмкін? Жігіт кезде қанды қыздырып, есіл-дертті арбап тұрған құмар қызықтың бәрі орта жастан асқан соң, өзінен-өзі сарқылып, біржола құруға бет алады. Бұл жасқа жеткен жігіт ағасы қандай қылық жасап, нендей сөз айтса да жараспай жеңіл көрініп тұрады. Неге адам өзінің жан дүниесінде болып жататын рухани күйреу сезімдерін дер кезінде байқап, оны тоқтатуға дәрменсіз? Тамыры әбден жуандап, жан, жүрек пен жұлын, жүйкенің бүкіл қимыл-қозғалысын шеңгелімен бүріп алған кәпір нәпсі, бейшара адамның ұрпағын қылғындырып, пенде пақырдың жаны шығып өлгенше қылбұрауды босатпай бұрай береді. Құмарлық пен рақатты тоқтаусыз тілеп тұратын нәпсі сезімдері, адамның ақыл қуатын біржола бағындырып алады. Тән рақатына маталып қалған адам ақылы өзінің иесіне жол көрсете алмайды. Құдайдың жарқын жолына құлшынып шығуға шама-шарқы жетпейді. Дәл осы сәттен бастап, адасу, күнәға ұрыну адам бойында қарқын алады. Жігіттің жас кезінде жасаған әдепсіз әрекеттері мен асығыс қабылдаған өмірлік шешімдерінің шикілігі біртіндеп біліне бастайды. Босқа кеткен уақыттар, дұрыс күтілмеген денсаулық, желінген кісі ақысы, мәні жоқ басқосулар мен жеңіл жүрістер көңілге кір болып қатады. Адамның күнделікті өмірінде кездесетін келеңсіз оқиғаның бәрі жүректегі күнә кірінің кесірінен пайда болады. Нәпсі матауындағы ақыл шіркін шатасқан сайын, пендеге шалыс басып, келесі қылмыс пен қателікке ұрыну үйреншікті болып алады. Осы кезде шара қолданып, рухани ізденіске түспесе, ол көп кешікпей бақытсызға айналады. Тағдыры тығырыққа тіреліп, жаны күйзеледі. Кейде жан-жақтан материалдық қиыншылықтар қысқан кезде көпшілігі шыдай алмай, өзіне өзі қол салады. Не болмаса, ішкілікке салынады. Қысқасы, осындай қарапайым сценариймен бүкіл адам Құдайдан үмітін үзуге айналды. Тағдырыңды төрт тараптан шырмап алатын бұл қырсықтан шығып кететін жалғыз жол - қалайда Жаратушы Алланың оң назарына ілігу. Өте қарапайым тілмен айтқанда, Оны іздеу, көбірек еске алу. Сауатты түрде құлшылық қылып жарытпасаң да, Құдай туралы ойлауға өзіңді зорлап болса да көндіру. Осындай қыбырлаған қадаммен Жаратушыға жақын-дай беру - өмірдің мәнін аша-ды. Дүние табу мақсатында әркіммен бір аңдысып, талас-тартыстан әбден қажыған адам - жүрегіне тыныштық іздейді. Бұл тыныштыққа ауыз бекіткен кез келген құлды ораза ғибадаты жеткізеді. Рамазанның қай күні ауыз бекітсеңіз де, Алланың оң назарына ілігіп, рахмет нұрына шомылуға мүмкіндік зор. Сан түрлі себеппен ауыз бекітпеген құлдардың өзіне тағы бір соңғы мүмкіндік бар. Ол Қадір түні деп аталады. Біз енді әңгімені осы қайырлы түнге қарай бұрамыз. Сонымен алдымызда Рамазанның ең қадірлі, ең шарапатты, ең кереметті бір түні келе жатыр. Бұл түннің Рамазанның дәл қай күніне келерін ешбір ғұлама тап басып айтпаған. Ұлық Құдайдың өзі бұл түннің сипатын Құран Кәрімде сүре түрінде баяндағанымен, рамазан-ның қай кеші құдіретті екенін жұмбақ күйінде қалдырыпты. Алайда, жүрек көзі ашылған әулие даналардың басым көпшілігі оны оразаның 27-түні деп болжаған. Сондықтан да әлем мұсылмандары рамазанның 27-түнін ұйқысыз өткеруге ниет етеді. Ал, рухани ілім игеріп, жүрек көзін ашуды мақсат тұтқан талапкер оразаның соңғы 10 күнін құлшылыққа алаңсыз арнайды. Әсіресе, бұл айдың соңғы тақ түндерін ұйқысыз тағатпен өткізуге барынша күш салады. Әлбетте жұмысқа әбден жегілген біздің заманның мұсылмандары Қадір түнін қатарынан 10 күн ұйқысыз хәлде отырып, күте алмайды. Сондықтан да Ұлық құлсүйгіш Алла тағала 1000 айдың әжір, сауаптарын бір түнге сыйғызған. Сонымен Құдай Құран кәрімде бұл туралы не деген екен. «Шындығында біз сендерге Қадір түнін ендірдік. Қадір түнінің не екендігін сендер білемісіңдер? Бұл түн мың айдан да артық. Бұл түні тәрбие етуші Раббыларыңның рұқсат әмірімен періштелер мен рухтар жерге енеді. Сосын кеш батқаннан таң атқанша Құдайдың тыныштық, рахметі сендерге үзіліссіз еніп тұрады». Құран түскен 1400 жылда Ислам ілімін терең меңгерген ғұлама ғалымдардың бәрі осы сүренің сырын ашуға талпынып келеді. Бір түннің ғибадаты 83 жыл 4 айдың күндіз ораза, түнде құлшылық қылған еңбегіне теңеседі. Себебі, бұл түнде қисапсыз періштелер Алланың әмірімен жерге қарай ағылады. Әу баста Ұлық Алла адам баласын жаратқанда періштелер адам рухының қарым-қабілетінен хабарсыз болатын. Балшық тәннен жасалып, күндіз-түні ішіп-жемге тәуелді болатын адам денесін алғаш көрген кезде періштелер менсінбейді. Осы тәнді тамақпен қамтамасыз ету үшін олар неше түрлі қиянатқа барады деп жиіркенеді. Балшық тәннің құмары мен рақатын қандыру үшін адам ұрпағы неше түрлі қылмыс жасап, кісі өлтіріп, бір-бірінің қанын төгуге де бейіл деп Аллаға арыз айтады. Бірақ, бар қызық Ұлық Алла адам жүрегіне рухты үрлеген соң басталады. Адамдар арасынан ас-ауқат пен құмар қызықтан тыйылып, рух азығын іздейтін ақылды тұлғалар да шығатын еді. Міне, сондай құлдарымен Құдай мақтанатынын айтады. Сол кезде әуелде адамның үстінен арыз айтып, шуылдасқан періштелер ұлық Алладан ұялып, кешірім сұрайды. Бұдан бөлек Құран аятында бұл түні қасиетті рух келеді деп айтылған. Құран түбіне сүңгіп, оның терең сырларын ашықтауға атсалысқан тәпсірші ғалымдардың бәрі бұл рух - Жебірейіл періштенің өзі деген тоқтамға келген. Жүрек көзі ашылған әулиелер «Жебірейіл періштенің арқа-сында сансыз қанаты бар. Оның санаулы ғана қанаттары Қадір түні жерге ұшқан кезде ғана Алланың рұқсатымен ашылады», - дейді. Періштелер патшасының қасынан қалмай ұшып жүретін арнайы бір топ періште және бар. Олар осы түннен бақыт іздеп, ізгі ниетпен келіп отырған барлық қауымды аралап көреді. Олар, негізінен, Алланы мақтап, пәктеп отырған қауымға қосылғанды жақсы көреді. Солардың қатарына отырып, көрінбей мадақ айтып, олардың амандығы үшін Алладан дұға тілейді. Оған қоса, ұлық Алла жаратқан жер бетінде нендей жақсылық, құт, береке, рахмет, ырыс, дәулет бар, соның бәрі осы түні таң атқанша жаңбырша жауады. Бұл түннің ерекшелігі сонда, қадір түні артықша маңызы бар сағат, ерекше сәт деген болмайды. Күн ұясына қонып, таң атқанша бақ, береке, нығмет, рақмет нұры бір сәтке де толастамай аспаннан ағылып келіп тұрады. Киелі кітаптарда бұл түннің осыншама артықшылыққа ие болу себебі былайша баяндалады: «Дәл осы түні ұлық Алла қисапсыз періштелерді жаратып, әлемдерге таратқан. Дәл осы түні Адам пайғамбардың тәні топырақтан жасалып, денесі мүсінделген. Дәл осы түні жәннәттің сиқырлы ағаштары көшет болып егілген. Ғайса пайғамбар да қадір түні көкке қарай көтеріліп, ұшып шыққан.» Ұлық Алла артықша етіп жаратқан Қадір түні тағдыр тақтаңызды жақсылыққа қарай өзгертіп алуға мүмкіндік беріледі. Алла өмір бойы жүрекке жиналған күнә қылмыстарыңызды бір түнде жойып, таң алдында тазарып шығуыңызға бар жағдайды жасаған. Бүгінгі мұсылмандардың уақыт тапшылығынан зардап шегетіні, жер жаралмай тұрып-ақ Аллаға және оның ең сүйікті елшісі хазреті Мұхаммед пайғамбарға белгілі еді. Көне дәуірде өмір сүрген пайғамбарлар өте ұзақ жасайтын. Олардың кейбіреулері 900 жыл ғұмыр кешті. Қауымы да ұзақ өмір сүрді. Уақыт көп болғандықтан рухани ерлік жасап, Алла алдында бедел жинап, пейішке кіру де біршама жеңіл еді. Бірақ, соңғы пайғамбардың үмбеті өте қысқа жасайтын тар заманға тап келеді. Сол кезде ұлық Алланың сүйікті елшісі күнәһар үмбетінің қысқа тағдырына алаңдап қатты қынжылады. «Әттең, мынадай санаулы жылда сауапты іске уақыт қалмас»,- деп налыған. Сол кезде сүйікті пайғамбарының көңілін қимаған құл сүйгіш ұлық Алла оның үмбетіне қадір түнін сыйға тартады. Құдай тағала: «Егер үмбеттеріңнің ішінен осы түннің қадір-қасиетін шын жүрегімен ұғынып, ықылас қылатын болса, бір түнгі құлшылығын 1000 айға ауыстырып беремін»,- деп уәде еткен. Шарты сол - қадір түні ол құлы маужырамай, Алладан дұға тілеп, сергек халде ояу отыруы тиіс. Айт мерекесі басталғанда ұлық Алла мақтану үшін періштелерін шақырып: «Иә, періштелер! Өз ісін абыроймен аяқтаған құлға нендей құрмет берілсін?» - деп сұрайды. Періштелер: «Ей, Раббымыз! Оларға қандай құрмет көрсетсең де жарасады. Құлдарың қадір түні таң атқанша Сені еске алды», - деп момындар жасаған ерлік істі мойындайды. Сосын Алла Тағала: «Дұрыс айтасыңдар, иманды құлдарым қадір түні өз міндеттерін адал атқарып шықты. Айттың мереке намазына олар менен көптеген дұға, тілектер айтып аттанды. Енді өзімнің ұлықтығыммен ант етем! Шексіз кешірімді сипатыммен ант етем! Менің бүкіл құдіретті даңқыммен ант етем! Енді олар не сұраса, соны беремін. Жасаған бүкіл дұғаларын сөзсіз қабыл қылып, бақыт теңізіне шомылдырамын!» - деп жар салады. Хазреті пайғамбардан жеткен және бір хадисте бұл түннің тағы бір сыры былайша баяндалады. Жерге келген соң хазреті Жебірейіл күллі періштені жинап алып, жер шарын түгел шарлауға жұмсайды. Олардың міндеті - осы түні Алладан кешірім тілеп, бақыт дәметіп отырған момын құлдарды әлемнің кез келген жерінен іздеп табу. Олар кірмеген, бас сұқпаған, бірде бір орман-тоғай, ауыл-аймақ, елді-мекен қалмайды. Үйінде жалғыз өзі болса да дұға қылып отырған момынның дұға, тілектерін тыңдап қайтады. Бірақ әлем жұртын аралауға аттанған арнайы жасақтың мүлде бас сұқпайтын шаңырағы да болады. Олар: шошқа асырап, үйінің ішінде ит ұстайтын, дәл сол түні зина жасап, ғұсыл дәретінсіз жер басып жүрген ғапыл адамның отбасы. Ең соңғысы - жыпырлатып адам бейнесі бар суреттерді іліп тастаған үйлер. Егер сіз қадір түнін үйде отырып күтетін болсаңыз, осы мәселеге сақ болғаныңыз абзал. Қалай болғанда да, ұлық Алланың ерекше құл сүйгіш жаратушы екендігін анық көруге болады. Бір ғана сүйікті елшісінің емеурініне қарап, оның ақырда шығатын үмбетіне сансыз нығмет пен жеңілдікті үйіп-төгіп бере салған. Хазреті Мұхаммет пайғамбар дүниеге келген кезде «үмбетім, үмбетім» деп жылап туылған. Ақырғы демі тақап, үзілер шағында да «үмбетім, үмбетім», - деп дауыстап, жан тапсырған. Әлемнің әуелі де, ақыры да өзі болған құдіретті пайғамбар үмбетінің заман ақыр алдында осындай аянышты хәлге түсетінін білетін. Білгендіктен біздерге ұлық Алладан осы жақсылық пен жеңілдіктерді сұрап алып берді. Хазреті Мұхаммет пайғамбардың қазіргі үмбетінің басына сор болып жабысқан бәленің бірі - жалақы алатын жұмыс. Иә, біздің заманда адам баласының жүрегі жұмысына байланған. Себебі, бүкіл тіршілік пен тұрмыстың ауыр-жеңілдігі ай сайын алатын ақшаға тәуелді. Кез-келген отбасыға ай сайын тамшылап тұратын тұрақты жалақы болмаса, оның проблемасы сол мезетте бұрқ ете қалуға дайын. Отағасы жұмыстан айрылған кезден бастап, дастарқан дереу жұтап сала береді. Судың, жылудың, газдың, пәтердің ақысы төленбесе, айғай-шу басталды дей беріңіз. Қалада қалтаңызда тыйын болмаса, үйіңізден 40 қадам ұзап шыға алмайсыз. Бала-шағаның киімі жұпыны тартып шыға келеді. Телефоныңыз да тілден қалып, байланыс кесіледі. Сондықтан да Мұхамметтің үмбеті Жаратушы туралы емес, жұмыс беруші туралы еріксіз көп ойлайтын мүшкіл хәлге душар болды. Жұмысын уайымдаған мұсылмандар Исламның көптеген шарттарын жеңілдікке санап, орындамай жүре беретін дүбәраға айналды. Шарапат, берекетін арқалап жылында бір-ақ рет келетін оразаның өзін тұтпастан құр жіберіп, қорықпай отыра беру әдетке айналды. «Күні бойы жұмыста жүргендіктен маған ораза ұстауға болмайды» деген үрей бәрінің зәресін алып бітті. Осылайша Хазреті Мұхаммет үмбетінің басына зұлматты зауал ақыры келді. Мұсылмандар пәни жалғандағы бес күндік тіршілігі үшін мәңгілік рухани өмірін саналы түрде тоқтата салуға бейіл. Ешқандай қудалау, қуғын, сүргін болмаған күннің өзінде құлшылық пен ғибадатқа иненің жасуындай да мүмкіндік бермейтін жұмыстың мың түрі шықты. Түнгі ауысымда жұмыс жасайтын неше түрлі кәсіп бар. Қоғамның қойнау қатпарында әр түрлі қызмет атқаратын мұсылмандар жасайтын жұмысына әбден байланып, тырп ете алмайтын күйге түскен. Үнемі әуеде жүретін ұшқыштар, кез келген сәтте ауру адамға операция жасайтын дәрігерлер, тыңшылық қызметте жүретіндер Ислам шарттарынан мақұрым қала бастады. Себебі, жұмысы соны талап етеді. Қарсы дау айтуға шамаңыз жоқ. Міне, заман ақыр алдында жұмысқа әбден шырматылып, құлшылықтан біржола ажырап біткен адамдарға құлсүйгіш Алла тағы да мүмкіндік береді. Егер осы жасап жүрген жұмысынан есебін тауып, бір түнді ақжүрек жамағатпен отыру үшін уақыт бөлген мұсылман баласы табылса, шексіз рухани байлыққа баттым деп білсін. Ондай пенделер тым құрыса жылына бір рет келіп, таң атқанша көз ілмей шыдаса, 83 жыл бойына күндіз ораза, түнде құлшылық еткен тақуа құлдармен дәрежесі теңесіп шыға келеді. Біздің заманда әбден маңызды болып, тіршіліктің көзіне айналған жұмыс деген кедергіден бір түн сытылып шығып, момындармен қадір түнін қарсы алу ерен ерлікпен пара-пар. Сонымен бір шындық қолға түсті деп білеміз. Біздің заманда қадір түнін қарсы алу - ұлық алдында жасайтын ерлік істің бір түрі. Бақытты тағдырдан үміт еткен ақылды адам болса, бұл түнді құр жіберіп алмауға бар күшті салуы керек. «Ұйқым қанбай қалса, ертесіне жұмысқа бара алмай қалатын шығармын» деген сылтауды қалайда құртуға міндетті. Себебі, адамдардың дүние рақаты үшін апталап көз ілмейтін кездері болады. Карта ойнайтындар ұтыс шыққан сайын ұйқысы ашылып, ойынға шабыты қоза түседі. Тіпті 3-4 күн қатарынан көз ілмей карта ойнап отыра беретін адам жетіп артылады. Ойын-сауыққа басы айналған студенттер бірнеше күн қатарынан шала ұйқымен сайрандап жүре береді. Бұл қуаттың бәрін адамдар рақат іздеген нәпсі сезімінен алады. Ендеше рухтың да қуатымен қадір кешін лайықты түрде қарсы алып, тиісті деңгейде ғибадатпен өткізуге әбден болады. Бұл түнді Мұхамбеттің нәпсі мен жұмысқа жан-жүрегі біржолата байланып қалса да, Алладан үміті зор үмбетін құтқару үшін ұлық Алла әдейі ендірген. Олай болса, газетті оқыған соң Рамазанның 27-түнінде мешіттегі момындар-дың қасынан табылуға тырысыңыз. Адамның тағдырын күйретіп, отбасының берекеті мен ырысын қашыратын қырсық кедергі дәл осы Ислам шарттарына немқұрайды қараудан шығады. Ұлық Алланың жасаған жеңілдіктерін аяқ асты ету өз бақытыңды өзің тепкенмен бірдей. Жаратушы Құдіреттің парыз, міндеттеріне салғырт қараған сайын Алла да ол құлына рахмет назарын салмайды. Құдайдан алшақтап, шайтанның талауына түскен қорғансыз пенденің өмірінде не қуаныш болсын! Олай болса, құрметті мұсылман бауырлар, әлі де кеш емес. Тіпті ораза тұтпасаңыз да, бар жақсыңызды киініп, қадір кешіне жетуге асығыңыз. Құлшылық кезінде ғайыптан жүрегіңіз жібіп, көзіңізге еріксіз ыстық жас келсе, қуаныңыз. Бұл - сізге Жебірейіл періште келіп жанасты деген сөз. Хазреті Жебірейіл періште Алланың назарына іліккен ақниет момындардың қолын қысып, Алла ырзашылығын білдіргенде момынның жүрегі жібіп, көзінен еріксіз жас ағады. Мейірімді Алла сізді бақытты тағдырдың иесінен қылсын. Дұға тілекте болыңыз.
«Үш қиян» газеті, 10.09.2009