«Әділет» пен «Әділеттің» айырмашылығы неде?
Сәуір айының 24 күні «Қазақстандық этнодизайнерлер одағы» қоғамдық бірлестігінің атынан Қазақстан Республикасы Әділет министрі Есқараев Азамат Несіпбайұлы мырзаның атына мынадай ақпараттық хат жолданған болатын:
АҚПАРАТТЫҚ ХАТ
Құрметті Азамат Несіпбайұлы!
Қазақстан Әділет министрлігі 2024 жылы «Қазақстандық Бабалар аманаты Этнографиялық дизайн одағы» атты қоғамдық ұйымды тіркеуге алыпты. Алайда осыған дейін ҚР Әділет министрлігінде «Еуразиялық этнодизайнерлер одағы» және «Қазақстандық этнодизайнерлер одағы» қоғамдық бірлестігі» атты қоғамды ұйымдар тіркелген болатын. Ал, қазір осындай тағы бір ұйым ‑ «Қазақстандық Бабалар аманаты Этнографиялық дизайн одағы» тіркелген. Ол ұйым өзінің аталуы бойынша 2023 жылы тіркеуден өткен біздің «Қазақстандық этнодизайнерлер одағы» атын жанама түрде қайталап отыр.
Бұл «Қазақстандық этнодизайнерлер одағы» қоғамдық бірлестігінің жұмысына кедергілер келтіруде. Өйткені, жаңа тіркелген «Қазақстандық Бабалар аманаты Этнографиялық дизайн одағы» қоғамның атауын біздің «Қазақстандық этнодизайнерлер одағы» қоғамдық бірлестігінің мүшелері «атауы өзгертілген біздің қоғам» деп қабылдап, ол біздің ырғақты жұмысымызға елеулі нұсқан келтіруде. Біз мүшелерімізге және өнерсүйер қауымға «оның басқа қоғам екенін» түсіндірумен уақыт өткізудеміз. Ал, қазіргі кезде, жаңа ашылған «бізбен аттас қоғам» біздің өткен жылдары атқарған және биылғы жылдық жоспарымызда көрсетілген іс‑шараларымызды қайталау арқылы өнер адамдарын біршама шатастыруда.
Әрине, біз елімізде өнерді дамытуды мақсат еткен қоғамдық ұйымдардың болуына қарсы емеспіз. Алайда оларды инкубатор балапандарындай бір ғана атаумен, атына аздаған өзгеріс енгізу арқылы тіркей беруді қолдамаймыз. Себебі, ондай жағдайда, егер қайсыбір қоғам өнерге нұсқан келетіндей, не болмаса, ҚР Заңдарына қайшы әрекетке баратындай әрекетке барса, онда оның теріс ықпалы осы атаудағы басқа қоғамның да беделіне зиянын тигізеді деп санаймыз. Бұл моралдік тұрғыда заңға сай келмейді.
Сондықтан, осыны ескере отырып, Сізден «Қазақстандық Бабалар аманаты Этнографиялық дизайн одағы» қоғамдық ұйымының атауын қайта қарап, ол ұйымды басқа атымен қайта тіркеуді өтінеміз.
Құрметпен: «Қазақстандық этнодизайнерлер одағы» қоғамдық бірлестігінің президенті С.А. Жапарова.
***
Міне, араға тәртіпте белгіленген уақытты араға салып, 13.05.2024 күні министрліктен жауап хат та келді. Хатты үлкен үмітпен оқи бастадым. Себебі, хат алған кезде министрліктен арнайы телефон шалып, ондағы маман «Мұндай атаумен тіркелген ұйым біздің тізімде жоқ» деп айтқан еді. Содан, «біздің жұмысты қайталап, жоспарымыздың «өңін айналдырып» жатқан бізбен аттас ұйымның «басқыншылық» әрекетіне тоқтау болатын болды‑ау» деген үміт құшағында жүріп жаттық. Бүгін ол үмітті Әділет министрлігінің ресми түрде жіберген жауабы жоққа шығарды...
"Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі" мемлекеттік мекемесі
Қазақстан Республикасы 010000, Есіл ауданы, Мәңгілік Ел Даңғылы 8
10.05.2024 №ЗТ-2024-03808681
«ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ЭТНОДИЗАЙНЕРЛЕР ОДАҒЫ» қоғамдық бірлестігіне
№ЗТ-2024-03808681
«Қазақстандық этнодизайнерлер одағы» қоғамдық бірлестігі Әділет Министрлігінің Тіркеу қызметі және заң қызметін ұйымдастыру департаменті Сіздің 2024 жылғы 22 сәуірдегі арызыңызды қарап, келесіні хабарлайды. «Әділет органдары туралы» Заңына сәйкес, әділет органдарының міндеттерінің бірі заңды тұлғаларды және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу саласында мемлекеттік саясатты жүзеге асыру болып табылады. Бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімінің мәліметтері бойынша «Қазақстандық этнодизайнерлер одағы» қоғамдық бірлестігі 18.08.2023 жылы, «Қазақстандық бабалар аманаты этнографиялық дизайн одағы» қоғамдық бірлестігі 20.03.2024 жылы Қазақстан Республикасының қоғамдық бірлестіқ ретінде тіркелді. Азаматтық Кодекстің (бұдан әрі - Кодекс) 38-бабына сәйкес заңды тұлғаның оны басқа заңды тұлғалардан ажыратуға мүмкіндік беретін өз атауы болады. Заңды тұлғаның атауы оның атауын және ұйымдық-құқықтық нысанын көрсетуді қамтиды. Ол заңнамада көзделген қосымша ақпаратты қамтуы мүмкін. Заңды тұлға белгілі бір атаумен бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізіліміне енгізіледі. Заңды тұлғаның атауы Қазақстан Республикасында тіркелген заңды тұлғалардың атауын толық немесе елеулі бөлігінде қайталамауға тиіс.
Қолданыстағы заңнаманың нормаларына сәйкес заңды тұлғаны құру туралы шешімді, оның атауын бекітуді құрылтайшылар қабылдайды. Жоғарыдағының негізінде, «Қазақстандық бабалар аманаты этнографиялық дизайн одағы» қоғамдық бірлестігін тіркеу кезінде, бұдан бұрын тіркелген «Қазақстандық бабалар аманаты этнографиялық дизайн одағы» қоғамдық бірлестігін заңды тұлғалардың атауын толық немесе оның елеулі бөлігінде қайталау табылған жоқ.
Құқықтар бұзылған жағдайда Сіз азаматтық іс жүргізу кодексінің 8-бабына сәйкес қорғауға сотқа жүгінуге құқылысыз. Осы жауаппен келіспеген жағдайда, сіз оған Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің 91-бабына сәйкес сотқа шағымдануға құқылысыз.
Әділет министрлігінің Тіркеу қызметі және заң қызметін ұйымдастыру Департаментінің директорының м.а. Р.Досанова Б.Агилманова 558833
***
Қазақ «Қызықтың көкесін түйе сойғанда көресің» деп бекер айтпаса керек... Мұнда да солай болып шықты. Яғни, шағымданып отыған мекеме ‑ «Қазақстандық этнодизайнерлер одағы» қоғамдық бірлестігі. Ол өз атауының қайталануына наразы.
Ал, Әділет министрлігі «Қазақстандық бабалар аманаты этнографиялық дизайн одағы» қоғамдық бірлестігін тіркеу кезінде, бұдан бұрын тіркелген «Қазақстандық бабалар аманаты этнографиялық дизайн одағы» қоғамдық бірлестігін заңды тұлғалардың атауын толық немесе оның елеулі бөлігінде қайталау табылған жоқ» деп, аспанға айды шығарыпты. Сөйтіп, «аспанда бұрыннан тұрған «Ескі Ай» мен біз тіркеген «Жаңа Ай» арасында елеулі айырмашылық жоқ» деп үкім жасапты.
Әрине, қазақ «Ескі ай есірке, Жаңа ай жарылқа» дегенде Айды «ескі» және «жаңа» деп бөледі. Бірақ, ол «айлар» бір ғана Ай екенін тағы біледі... Себебі, Ай бетіндегі сурет бедері өзгермеген қалпы...
Енді, осыны «білмей» отырған Әділет министрлігіне не айтуға болады?
Бұрынғы «Әділет» пен жаңа «Әділеттің» атында ескіні қайталау жоқ па екен дейміз бе, онда?
Дұрыс, бұрын «әділет» сөз жүзінде болды... Енді халық «Әділет» іс жүзінде болады деп қуанып жатыр...
Ал, «іс жүзіндегі» бүгінгі «Әділет» бұрынғы «Әділеттен» «елеулі айырмашылығымыз жоқ» деп «өз шындығын» айтып жатыр дейміз бе?..
Бұған сенеміз бе, әлде, сотқа береміз бе?
Оны министрліктегі мамандардың өздері де ескертіпті ғой: «Сотқа шағымдануыңызға болады» деп...
Құрметпен: «Қазақстандық этнодизайнерлер одағы» қоғамдық бірлестігі президенті Салтанат Аминқызы Жапарова
Abai.kz