Масс-медиа туралы заң президентке жолданды
Масс-медиа туралы заң жобасы Сенат қарауынан өтіп, президентке қол қоюға жіберіледі, деп хабарлайды Abai.kz.
Заң төмендегідей түзетулерді көздейді:
- мемлекеттік емес БАҚ құралдарына гранттар беріледі;
- БАҚ-тағы материалдарға талап қою мерзімі бір жылды құрайды;
- БАҚ сұраулары бес күннен жеті күнге дейін қаралады; бұқаралық ақпарат құралдарының қызметін өзін-өзі реттеу мәселелері жөніндегі қоғамдық-кәсіби кеңес болады, сондай-ақ журналистердің Әдеп кодексін бекітеді;
- суицид жасау тәсілдері және суицидке шақыру туралы ақпарат таратуға тыйым салынады.
Заң жобасын бойынша депутаттар енгізген бірқатар түзету:
- «Баспасөз картасы»; «Бұқаралық ақпарат»; «Діни теле бағдарлама»; «Журналистердің құқықтары мен бостандық-тарының сақталуы туралы Ұлттық баяндама»; «Теле-, радио арнаны есепке қою туралы куәлік» ұғымдарын алып тастау;
- «Журналистің ерекше мәртебесі» және «Аккредиттеудің оңайлатылған тәртібі» ұғымдарын енгізу; «Журналистерді (бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін) аккредиттеу» және «Масс-медиа мониторингі» ұғымдарын нақтылау;
- Желілік басылымдар мен ақпараттық агенттіктерді БАҚ түрлерінің бірі болып табылатын «интернет-басылым» бірыңғай ұғымына біріктіру. Бұл ретте, интернет-басылымдар барлық дәстүрлі БАҚ сияқты міндетті түрде есепке қойылады;
- Масс-медиа қызметінің негізгі міндеттерін нақтылау;
- Үкіметтің мемлекеттік ақпараттық саясаттың негізгі бағыттарын әзірлеу және оларды іске асыруды ұйымдастыру жөніндегі құзыретін толықтыру;
Қосымша құзыреттер беру:
- Уәкілетті органға – масс медиа мониторингін жүзеге асыру жөніндегі;
- облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті өкілді органдарының:
- Үлгілік қағидаларға сәйкес тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында тұрғын үй кешендерінде жеке спутниктік және эфирлік қабылдау құрылғыларын, кабельдік коммуникацияларды орналастыру жөніндегі талаптарды белгілеу жөніндегі;
- облыстардың (республикалық маңызы бар қалалардың, астананың) жергілікті атқарушы органдарының қоғамдық көлікте мемлекеттік теле-радио өнімдерінің трансляциясын қамтамасыз етуі және бақылауы жөніндегі;
Одан бөлек мынадай өзгерістер енгізілген:
- Журналистің (бұқаралық ақпарат құралдары өкілінің) кәсіби қызметіне құқықтық кепілдіктер белгілеу;
- Мемлекеттік тілдегі теле-радио бағдарламаларды тарату және отандық контент көлемі бойынша талаптарды 2025 жылдан бастап – 55 пайызға, 2027 жылдан бастап теле-радибағдарламалардың жалпы көлемін 60 пайызға ұлғайту;
- Құқықтардың бұзылуына байланысты БАҚ-қа қойылатын талаптар бойынша ескіру мерзімін үш жылдан бір жылға дейін қысқарту;
- БАҚ қызметін өзін-өзі реттеу мәселелері бойынша қоғамдық-кәсіби кеңестердің негізгі функциясы ретінде журналистердің Әдеп кодексін әзірлеуді айқындау;
- Балалар басылымдары мен өңірлік газет-журналдарын қаржылай қолдау (грант тағайындау);
- Отандық теле-радио арналардың апта сайынғы хабар тарату көлемінде шетелдік теле-радио арналардың теле-радио бағдарламаларын ретрансляциялауды 20 пайыздан 10 пайызға дейін қысқарту;
Abai.kz