«Асланның сабақтарынан» түйген ойлар
1-2 суреттер: "Асланның сабақтары" фильмінің режиссері - Эмир Байғазин
3-7 суреттер: "Асланның сабақтары" фильмінен көріністер
8 сурет: Naradu клубының арнайы белгісі
Күзде «Naradu» деп ат қойып, мәдениет пен өнер саласындағы жылт еткен жаңалықты жас режиссер, өнертанушы, журналисттермен бірлесе отырып, талдап, талқылап қолда бар мүмкіндікпен газет-журнал, ақпараттық сайттар да жариялап тұрсақ деген ізгі ниетпен клуб құрған едік. Одан бері де арада айлар аунады. Сөйтіп жүргенде көптен күткен жас режиссер Эмир Байғазиннің «Асланның сабақтары» атты алғашқы авторлық кинотуындысы желтоқсан айының басынан экранға шықты. Фильмді көрдік. Клубтың бірнеше мүшесі жиналып, «Асланның сабақтарын» талдадық. Төменде сол талқылауда айтылған ойларды ұсынып отырмыз.
Елзат Ескендір, Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясы жоғарғы режиссерлік курсының магистрі: Мысық неге айнаға қарамайды?
1-2 суреттер: "Асланның сабақтары" фильмінің режиссері - Эмир Байғазин
3-7 суреттер: "Асланның сабақтары" фильмінен көріністер
8 сурет: Naradu клубының арнайы белгісі
Күзде «Naradu» деп ат қойып, мәдениет пен өнер саласындағы жылт еткен жаңалықты жас режиссер, өнертанушы, журналисттермен бірлесе отырып, талдап, талқылап қолда бар мүмкіндікпен газет-журнал, ақпараттық сайттар да жариялап тұрсақ деген ізгі ниетпен клуб құрған едік. Одан бері де арада айлар аунады. Сөйтіп жүргенде көптен күткен жас режиссер Эмир Байғазиннің «Асланның сабақтары» атты алғашқы авторлық кинотуындысы желтоқсан айының басынан экранға шықты. Фильмді көрдік. Клубтың бірнеше мүшесі жиналып, «Асланның сабақтарын» талдадық. Төменде сол талқылауда айтылған ойларды ұсынып отырмыз.
Елзат Ескендір, Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясы жоғарғы режиссерлік курсының магистрі: Мысық неге айнаға қарамайды?
Суреткердің басты қасиеті - өзгелер көрмеген дүниені көру. Өзгелердің өмірінде болып жататын, бірақ өздері елей бермейтін қатынастарды байқау. 2013-жылы Халықаралық Берлин кинофестивальінің "Серебряный Медведь за выдающиеся художественные достижения" сыйлығын иеленген режиссер Эмир БАЙҒАЗИНнің "Асланның сабақтары" фильмі - суреткер туындысы. Оқушылар арасындағы әлімжеттікті баян еткен кино шығарма - мектеп қабырғасындағы озбырлық - мемлекет аясындағы жүйенің бір ұшы екендігін көрсетеді. Бір-біріне қысым жасаудың ушығуынан қылмысқа шатылған балалар мен осы қылмысты анықтау үшін іске араласқан Тергеушілердің мінезінде бір ортақ қалып бар. Ол - әлдінің әлсізге ойындағысын орындатуы. Басынуы. Мұндай қасиет жалпы адамзат табиғатына ортақ шығар. Алайда, адам бойындағы осындай қасиетер белең алып, қоғамға дендемеуі үшін заң құрылымы жұмыс жасайды емес пе?! Реттеп отырады. Ал бізде әлдінің әлсізге деген үкімі жұмыс жасайды. Сол реттейді. Заң - жоқ! Бұл - пирамида үлгісімен құрылған жүйе. Назарбаев кезеңіндегі жастардың да сана-сезімі осы жүйе негізінде қалыптасып, өсіп келеді. Фильм кейіпкерлері Аслан мен Болат та - Назарбаев кезеңінде туылғандар. Міне, осы процестерді экраннан бақылап отырған көрермен бүгінгі қоғамның шынайы бет-бейнесін түйсінуі анық. Алайда, фильмді осы күйінде қабылдай алмаған адамдар да болыпты. Мен оны кинотеатрда жанымда отырғандардың эмоциясынан, кейіннен сұхбаттасқандардың пікірінен аңғардым. Кинодағы қызарған қан, айтылған боқтық, дөрекілік, гүрсілдеген тепкі мен соққы олардың жүйкесіне ауыр тисе керек. Көбі осыған шыдай алмаған. Себебі, біздің таным "HAPPY END" фильмдердің ықпалында қалыптанған. Біздің жанымыз "Добрый фильмдерге" әбден үйреніп алған ғой. Арғысы Совет, бергісі Hollywood дүниелері, кейінгі кәріс пен түріктің т.б. сериалдары біздің санамызға осындай түсінікті тығындады. Нәтижесінде танымымыз таязданды. Таяз таным - таяз талғам. Танымы таяз адамның - талғамы да таяз. Осындайда біздің көрерменнің бойынан кәдімгі МЫСЫҚқа тән психологиялық күйді байқауға болады екен. Кәдімгі мысық. Қалай? Мысық деген хайуан айнадан өзін көрген кезде байқамай жіберіп қоятын көрінеді. Өз түрінен өзі шошығандықтан. Әйтпесе, сол мысығыңыз айнаның алдына келгенше былқ етпестен талай өмірін сүрді ғой. Бірақ айнаның алдына келгенде бағанағыдай күйге түсті. Біздің де көрермен өнер туындысынан өзінің шынайы келбетін көрген кезде шыңғырып, оның өзі екенін мойындағысы келмей кетеді. Әйтпесе, оғанға дейін-ақ айнала қоршаған қоғамнан экраннан таныс жайттардың талайын байқап та, естіп те жүр емес пе?! Тіпті, одан да сорақысын. Бірақ, елеген жоқ. Еті үйреніп кеткен. Елемеудің себебінен де ондай жайттар көбейген үстіне көбейе түседі. Егер ағымдағы уақытты саралап немесе осыған өнер тілінде сараптама жасаған шығармаларды сіңіре алғанымызда мұндай уақиғалардың пайыздық көрсеткішінің біршама төмен болуына септесер едік. Олай істей алмадық! Бұдан - өмір жайындағы, иелігіміздегі заман хақындағы түсінігіміздің ұшқары екендігін байқаса болады. Қазақстандық кинотеатр экрандарын жаулаған "Развлекательный", "Попкорновый", "Pepsi" фильмдердегі "шындықты" - Өмір деп қабылдадық. Ақиқатында, олардың табиғаты - ӨМІРден алыс, өнерден шет екенін білмедік. Дегенмен мұндай үрдіс те бүгінгі таңға ғана тән емес, кино тарихында бұрында болған еді. XX-ғасырдың ортасында өмір сүрген италияндық жас кинорежиссерлер де "Өнердің өмірден алыстауы" проблемасымен ұшырасты. Олар өздері куә болған Екінші Дүниежүзілік Соғыс пен соғыстан соңғы халықтың рухани-әлеуметтік болмысының отандық кино экранынан алыстап бара жатқанын сезді. Осындай олқылықтың орнын толтыру мақсатында алғашқылардың бірі болып Роберто РОССЕЛИНИ 1945 жылы "Рим - открытый город" фильмін түсірді. Бұл фильм - әлемдік киноның дамуында үлкен рольге ие - "Итальяндық неореализмнің" негізі болды. Бағыт ары қарай дамып, осы туындының артын ала Витторио де СИКА "Похитители велосипедов" (1948), " Умберто Д" (1952), Лукино ВИСКОНТИ "Земля дрожит" (1948), "Рокко и его братья " (1960), Федерико ФЕЛЛИНИ "Сладкая жизнь" (1960), "Восемь с половиной" (1963), Микела́нджело АНТОНИОНИ "Приключение" (1960), "Ночь" (1961), "Затмение" (1962) фильмдерін дүниеге әкелді. Бұдан кейін жоғарыдағы принципті негіз еткен "Французская новая волна" өкілдері - Франсуа Трюффо, Жан-Люк Годар, Эрик Ромер, Клод Шаброль, Жак Риветт сынды режиссерлер туындылары да кино тарихында үлкен серпіліс тудырды. Дүниенің түрлі тараптарында "Новое немецкое кино", "Чешская новая волна", "Японская новая волна", "Гонконгская новая волна", "Румынская новая волна" бағыттарының өкілдері өнер кеңістігіне шықты. Кешегі "Казахская новая волна" - Серік АПРЫМОВТЫҢ "Конечная остановка " (1990), "Аксуат" (1997), Дәрежан ӨМІРБАЕВТЫҢ "Кардиограмма" (1995), "Киллер" (1998) фильмдері сол атап өткен "Французская новая волнаның" тигізген ықпалының жемісі еді. Эмир БАЙҒАЗИНнің де шығармашылық тұлға ретіндегі көзқарас қалыбын осы бір ойлау жүйесінің осьінен алшақ қарауға болмайды. Ол да осы "Толқындардың" танымындағыдай "Өнердің өмірден алшақтамауына" баса назар аударған. Ресейлік режиссер Андрей ЗВЯГИНЦЕВ бір сұхбатында мынадай ой айтыпты: "Художник обязан говорить о том, что есть, а не о том, что могло бы быть, – не приукрашивая. О том, что тревожит, а не о том, что успокаивает, мол, все хорошо, прекрасная маркиза. Его долг – не обслуживать чьи-то интересы, а видеть вещи в ясном свете, и говорить правду." Бір адамның аузымен айтылған - шынайы суреткер қауымның міндеті. Олардың дүниелерінің ең басты құндылығы да әрі адамзаттың рухани санасындағы орны да осы міндетті - мұратына айналдырмағында болмақ. "Асланның сабақтарының" авторы да осы мұраттан үміттендіретін қазақ киносындағы жаңа есімдердің бірі.
P.S.
Жоғары деңгейде түсірілген фильм Берлиннің бас жүлдесін неге ала алмаған деп тағы бір ойға қалуға болмас. Себебі, фестивальде "Золотой медведьті" иеленген Румыния режиссері Калин ПИТЕР НЕЦЕРДІҢ "Поза ребенка" фильмі де өз орнына, ал Эмирдің фильмі де өз орнына лайық болды. Бастысы, осының өзі өнер үшін зор жетістік
Әсия Бағдәулетқызы, журналист: Эмирдің сабақтары
Көптен күткен «Асланның сабақтарын» («Уроки гармонии») қайбір күні барып көрдік. Содан отырып талқыладық. Эмирден басталып, Мағауинмен аяқталған әңгіме түнгі 3-ке дейін жалғасты-ау деймін. Кейде кино туралы «бір көруге болады» дегеннен асып ештеңе айта алмайсың. Ал «Сабақтар» туралы... таусылмайтын, түгесілмейтін сияқты. Мүмкін, Ақберендерді сынайтын ағалар Эмирді де «жалған күрделілікке ұрынады» деп сыбайтын шығар, бірақ бұл баланың киносында "шындық" деген алапат күш бар.
Фильмдегі алғашқы оқиға – Аслан қойды бауыздайды. «Піссіміллә» деп айтпадың ғой» дейді апасы. Мұнда үн жоқ. Ол неге қойды өзі сойды? Өйткені әкесі жоқ. Ағасы да жоқ. Міне, осы жалғыз бала медкомиссиядан өткенде Болат деген баламен қатар келеді. Және мұның күші көптеу болып шығады. Алғаш рет Болаттың эгосын біз осы кезде байқаймыз. «Мен тағы көрейін» дейді ол дәрігерге. Бір қарағанда күлкілі, қарапайым ғана көрініс сияқты. Баланың «бақталастығында» тұрған не бар? Бірақ бір сөз, бір көзқарас, бір мінез тағдырларды шешіп жатады. Эмир бізге осыны ескертті.
Сөйткен Асланды Болат бүкіл балалардың алдында қорлайды. Ол жауап бермейді. Мүмкін, қорықты. Мүмкін, бұл жай ғана оның табиғатында жоқ. Өмірде нендей конфликт болса да ол сол мезетте шешілуі керек. Эмир бізге соны үйретті.
Аслан аластатылды. «Ешкім оның қолынан алмайтын болсын». Мектепке келеді. Көретіні әлсіздің қорлануы. Бірақ шын мәнінде кім күшті, оны уақыт көрсетеді. Бәрі бетперде. Күштінікі де бетперде. Әлсіздікі де бетперде. Біз осы кішкентай балалардың үлкен текетіресін көріп, шиыршық атып отырғанда... оқиға өрби береді. «Мейірімді болыңдар» дейді «грев» жинайтын жігіт. Аслан қайта-қайта жуына береді, бұл тәнін емес, жанын тазалағысы келетін жанталасқа көбірек ұқсайды.
Ол теледидардан деректі фильм көреді. Тарақандар «осындай да осындай ауруларды таратушы» екен. Бұл тарақандарды ұстап алып, электр үстеліне қойып соттайды. «Тамақты неге ұрлайсың?». Былай қарасаң, онда тұрған не бар? Балалардың бәрі жыбырлаған жәндіктерді қинағанды жақсы көреді. Бірақ осыны Эмир баяндағанда - жаның түршіге қорқасың. Біз баласының не істеп, не қойып жатқанына мән бермейтін халықпыз ғой. Олардың өмірі ертең басталатын сияқты. Сөйтсек, олар өмір сүріп жатыр екен. Және кейде тартыстары ересектердікінен бетер қатыгез екен. Балаңызға көңіл бөліп қойыңызшы.
Асланның жүрегінде махаббат та болатын. Ол сыныптағы ең сұлу, қол жетпейтін қызға ғашық болды. Хиджап киетін қыз бен мұғалімнің арасында да қақтығыс. Сыныпқа Мирсаин деген жігіт келеді. Комплекс жоқ, жүрегі ашық, әділ де әділетті. Біртіндеп оны да жүйе «сындыруға» тырысады. Мұғалімдер де ылғи Мирсаинға қарсы.
Тарақандарды соттап жүрген бала енді адамдарды да соттауға бекінеді. «...Или право имею?» дейтін Раскольников еске түседі. Зұлымдықтың көзін жою үшін қылмыс істеу әділетті ме?.. Аслан үндемейді. Ол үндемеген сайын жаның байыз таппайды.
Қолын жуып жатқан екі полицей «Бұлар кінәсіз болса ше?» – «Басыңды ауыртпа, бұл біздің жұмысымыз» дейді ғой. Сөйтеді де, қолын жуып, әрі қарай кете береді. Біз де өмірде, кейде әділетсіздікті көріп тұрып, қолымызды жуып жүре береміз ғой...
Мирсаин қиналғанда, әлденеден қашып, әлдеқайда тығылғысы келгенде «Хэппилонды» еске алады. Өйткені оның ата-анасы ажырасып жатыр. «Маған бәрібір. Есейдік қой» дейді ол өзін жұбатып. Өйткені бала болып еркелеп, біреудің қолтығына да тығыла алмайды. Ееей, біздің ғасырдың қорғансыз балалары... Біз ылғи біреудің ығына тығыламыз ғой. Ал жеме-жемге келгенде бәрібір, барлық қиындықтарды өзіміз еңсеруге тура келеді.
Болат алып жүйенің бөлшегі (мүмкін құрбаны) ғана болатын. Бір адамды өлтіргенімен (кім өлтірсе де), екі баланы соттағанымен, жүйе қала береді. Ал Асландар ардың сотынан зардап шегеді.
Мектептегі әлімжеттікті кім көрмей жүр? Бірақ осыған дейін сол жүйеге кім назар аударды? Ешкім. Эмир әдейі балаларды алып отыр. Егер жүйе желіктірмесе – Болат, мейірім көрсе – Аслан мен Мирсаин қандай болып өсер еді? «Асланның сабақтары» біздің суық ғасырдың құрбандарын жоқтау.
«Кино деген оқиға» дейді ғой. Меніңше, кино деген қақтығыс. «Асланның сабақтары» тұнып тұрған қақтығыс. Эмир оқиғаны өрбітіп әкеле жатады да, шарықтау шегіне жеткенде аттап өтіп кетеді. Қалай болды, не болды – өзің тарқатып ал. Операторлық жұмысы да мағынасыз емес, музыка қолданбай-ақ жүрегіңнің қылын шерте білетіні – өз алдына жетістік. Әр бала өзін ойнап жүрген сияқты, ал олардың тілі, сөйлеу мәнері – бәрі кәдімгі өмірден алынған... Қысқасы, дүниеге суреткер келді. Тарқатып кейін жаза жатармыз. (Айтпақшы, мұндағы кейбір ойлар аты аталған достарымның аузынан шыққанын ескертемін).
Өміржан Әбдіхалықұлы, журналист: Ал, Аслан ше?
Біріншіден, «Асланның сабақтары» - біз, біздің қоғамның өзінен жасырып, әр жерге көміп келген шындығын трактормен күреп, қопарып тастады. Кино арқылы көрген осы шындықтан жанымыз түршікті. Неге? Себебі, «жерленген» шындықтың «өліміне» әрбіріміздің қатысымыз бар. Яғни, Асланның, Болаттың бойындағы қатыгездік көктен дарыған жоқ, оны біз құрған, дауыс берген, «жарқын болашақ үшін» деп орнатқан жүйе дарытты. Тіпті, фильмнің басындағы қос баланың бір-бірімен шарпысуы арқылы көрініс табатын қатыгездіктің «өскен», «есейген» және жетілген түрін картинаның соңына таман шығатын екі тергеушінің әрекетінен анық көруге болады. Түрмемен мектептің айырмаса шойын темір есік пен тор көз терезе ғана екенін көресіз.
Кинодағы негізгі оқиға өтетін мектеп - жүйенің ең маңызды әрі бастаушы орындарының бірі. Ал, мектептегі біздің болашақ тура қан майдандың ортасында жүр: әлімжеттік, зорлық-зомбылық, бақталастық, қорлау. Бұл аз десеңіз, ақша жинаудың түрме заңдылығы берік орнаған, салтанат құрған сарайындағы балалардың өмір сүру, тіршілік үшін күресі. Бір қайырсақ, мектеп – қылмыс әлемінің, түрменің – бастауыш класы. «Асланның сабақтары» - біз көрмеген, білмегенситін, керек болса, «ой, балалардың бәрі сол. Ол да өмірдің өтетін жолы» деп өзімізше «заңдастырып» алған ащы шындықты бетімізге шыжырғыра басады.
Екіншіден, Аслан және оның сыныптас, қатарластарында таңдау бар ма еді деген мәселе. Мектепте орныққан әлімжеттік пен қанау жүйесінде олар да таңдау жоқ. Ол жүйеге қарсы шықсаң – адамның қорына айналып, қорлықтан көз ашпайсың. Күресуге дәрмен жоқ. Енді не істемек керек? Ештеңе. Сол жүйеге қызмет етесің - ақша жинайсың. Картина оқушылар арасындағы әлімжеттікті көрсетіп отырғанмен, оның ар жағынан тұтас қоғамдағы жемқорлық пен парақорлықтың исі мұрныңызға келеді.
Болат - мектептегі атаман, сырттан келетіндерге ақша жинап беретін, соны ұйымдастыратын, сыртқы күштің мектептегі «сенімді өкілі». Бірақ, Болат осы әрекетімен өзінің ішкі әлсіздігін бүркемелейді. Оның әлсіздігінің артында – тәрбиенің осалдығы тұр. Картинаны көре отырып, Болатты да өзге кейіпкерлерді де кінәлай алмайсың. Себебі, олар да таңдау жоқ. Болат болмаса оның орнын басқа біреу басар еді. Таңдау жоқ жерде жағдайға көндігу ғана қалады.
Ал, Аслан ше?
Кино басталғанда жап-жасыл дала, тыныштық, желмен тербелген көк шалғынды кешіп бара жатқан Асланды көреміз. Осы көрініс бірден сұрқай сұр дүниеге ауысады: Қыс. Ауылдан жырақ, алқам-салқам оңаша үй. Жалғыз бала. Қартайған кейуана. Жұпыны тұрмыс. Бастапқы көрініс Асланның бейсаналы арманынан ептеп сыр береді десек, кейінгісі – қашып құтыла алмайтын өтіп жатқан балалық шағы. Осы екі көріністің өзі фильм бастала салысымен-ақ, көрермен көңілін бір жылытып, бір суытады.
Үшіншіден, Асланның хиджаб киген қызға ғашық болуы және оған өз сезімін қағаздан жасалған гүл, тағы басқа әдемі заттармен жеткізуге тырысуы арқылы режиссер Асланның бойындағы жастайынан өмірдің өзі тасбауыр, қатыгез етіп жіберген жан дүниесінің түкпірінде тығылып жатқан мейірім мен махаббаттың ұшқынын көрсетеді. Бірақ, мейірім мен махаббат жылу, қолдау таппады. Бұл өз кезегінде бала бойындағы өмірге өшпенділікті өршіте түседі. Таракандарға жасалған өшпенділік тәжірбиесі ақыры «нәтиже» береді. Яғни, қылмысқа апарады. Бірақ, Асланның жағдайында бұл әрекет өзін құтқару, арашалау, тазару сияқты да әсер қалдырады.
Фильмде хиджаб киген оқушы қыз бен мектеп директоры арасындағы әңгіме бар. Хиджаб туралы. Бірақ, бұл жүлге басталғанымен аяқсыз қалған. Бәлкім, аяқсыз қалдыруға мәжбүрт етті. Десе де, директор мен оқушы арасындағы диаологтың өзінен біз тағы да қоғамның бір жанды жерін көреміз. Ал, оқушылардан ақшалай, заттай «алым» жинайтын жігіттің ақ тақия киіп, мұсылмандық кейіпте жүруінің өзі көп ойға қалдырады.
Қорыта айтқанда, Эмир Байғазиннің «Асланның сабақтары» фильмі жаңа – жетінші буынның өнердегі, соның ішінде кинодағы алғашқы жетістігі, алған биігі. Эмирдің авторлық фильмі - біздің ше, Тәуелсіз, азат ұрпақтың өнердегі өз даусы. Ендігі өнердің өзгеде салаларында Эмирдің замандастарының үні шығатынына және олардың сеңді бұзып, талғам мен таза өнерге деген көқарасқа төңкеріс алып келетініне сенгім келеді.
Abai.kz