Метродағы жемқорлық ісі: 10 адамға үкім шықты
Алматыдағы Алмалы ауданының соты қаладағы метроны салу кезінде 5 млрд теңге жымқырды деп айыпталған он адамға үкім шығарды, деп жазады Азаттық радиосы.
Бұл туралы істі тергеген транспорт прокуратурасы хабарлады.
Айыптау актісінде "Метрополитен", "Алматыметроқұрылыс", "Автоматтандыру және технологиялар қызметі" компанияларының басшылары "Сарыарқа" және "Достық" станцияларына бөлінген қаржыны жымқырғаны жазылған.
Сот негізгі айыпталушыларды 7-8 жылға соттап, мемлекеттік және қаржы мекемелерінде жұмыс істеу құқығынан айырған. Транспорт прокуратурасының хабарлауынша, айыпталушылардан құны 1 млрд теңгеден асатан мүлік тәркіленіп, мемлекет пайдасына берілген.
Ресми хабарламада айыпталушылар 2018 жылдың маусымы мен 2022 жылдың тамызы аралығында құралдардың бағасын он еседей асыра көрсетіп, өтірік фирмалар арқылы ірі көлемде ақша ұрлағаны айтылады.
Сот үкімі әлі күшіне енген жоқ, тараптардың апелляциялық шағым түсіруге құқығы бар. Транспорт прокуратурасы сотталғандардың есімін жарияламады.
Алматы метросының "Сарыарқа" және "Достық" бекеттерін салу 2015 жылы шілдеде басталған еді. Кейін құрылыс бірнеше рет баяулап, екі станция 2022 жылы мамырда пайдалануға берілген.
Abai.kz