Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 3890 0 пікір 8 Қаңтар, 2014 сағат 06:53

Сәкен Абылғазы. Юй Ючжень – қоқыс жинаушы миллионер

2013 жылы бүкіл әлемнің бұқаралық ақпарат құралдарында осы қытайлық миллионер әйелдің есімі жыр болды. Ол журналистерді мол қаржысымен емес, ақшаға алданбаған қарапайым тіршілігімен қызықтырыпты. Тың ақпарат болғандықтан, бөлісуді жөн санадық.

2013 жылы бүкіл әлемнің бұқаралық ақпарат құралдарында осы қытайлық миллионер әйелдің есімі жыр болды. Ол журналистерді мол қаржысымен емес, ақшаға алданбаған қарапайым тіршілігімен қызықтырыпты. Тың ақпарат болғандықтан, бөлісуді жөн санадық.

Юй Ючжень ханым 1958 жылы Ішкі Моңғолиядағы Чифэн автономиялық ауданында дүниеге келеді. Чифэн аймағында аграрлы өндіріс жақсы дамығанымен, Юйдің отбасы кедей өмір сүрді. Оның балалық шағы егінжайда көкөніс егумен, оны жергілікті базарға апарып сатумен өтті. Қара жұмысқа жегілген қыз мектепте, жоғарғы оқу орнында оқып жүргенде де, бала кезден машықтанған кәсібін тастамады. Білім ордаларынан гөрі көкөніс алқаптарын жақсы көрген шаруақор қыз тұрмыс құрған соң, Орталық Қытайға қоныс аударады. Ерлі-зайыптылар Хубэй провинциясына қарасты Ухань қаласының шетіндегі Дунху елді-мекеніне орналасты. Көз ашқаннан жер тырнап өскен Юй Ючжень көкөніс саудасының көркін бұл жақта да қыздырады. Оның біресе дорбалап, біресе арбалап сатқан көкөністерін қалың қоныстанған қала тұрғындары таласа-тармаса сатып алатын болды. Жас отбасының шаруашылығы берекелі болып, тастары өрге домалады. Жаз бойы егіп, күз бойы жинаған көкөністерін жыл бойы күткен тұтынушылар сөзге келместен кез-келген бағада сатып алды. Біле білген адамға ауыл шаруашылығы аса өнімді салаға жатады. Тек ауыр еңбекке қажымай, жүрексінбей, қаланың ығы-жығы тіршілігімен уақытша қоштасып, шалғайдағы шаң-топырақ шаруашылыққа арланбай барын салатын болса, біраз биіктікті бағындыруға болатынын сезген Юй ханым өзін тежемеді. «Алтын шыққан жерді белден қаз» демекші бұған дейін де бұл саланың қыр-сырына жетік қанық болған ол көкөніс саудасының өрісін кеңейте берді. Көп ұзамай ерлі-зайыпты диқаншылар алғашқы қоныс тойын тойлады. Олар күн көзі жылынғанда басталып, күн суытар алдында аяқталатын жыл сайынғы  циклды егін шаруашылығын үзбеді, көкөніс алқабы көлемін де, сату көлемін де одан ары ұлғайтты. 1980 жылдары егінші-бизнесмендер тағы екі коттедж тұрғызып үлгереді. Дайын үйді сырттан келгендерге жалға беріп, қосымша қаржы көзін жасағандар, бұл бизнестің де  дәйімді болатынын ұқты. Бұдан былай саудадан түскен ақшаларын жаңадан тұрғын үйлер сатып алуға жұмсайды. Қол астындағы коттедждерді жалға беру арқылы тұрақты табысқа ие болған Юй диқаншылық жұмысымен қош айтысқанымен, үйде ұзақ отыра алмады. Жасы қырыққа толғанда Ухань қаласының коммуналдық қызмет бөліміне қоқыс тазалаушы болып жұмысқа тұрады. Оның жұмысы – өзіне бөліп берілген ұзындығы 3 шақырым көшенің екі жағын күн сайын тазалап отыру. Мұндай қадамға баруының себебін сұраған журналистерге «Ақшасыз жүрген кезде қалай өмір сүрсем, ақшалы болған кезде де солай өмір сүремін. Адам кедейшілікте өткен өмірін ұмытпауы керек» – депті ол.

2008 жылы Қытай үкіметі жаңа құрылыс салу үшін Дунху елді-мекеніндегі тұрғын үйлерді сүрлеуге бұйрық шығарады. Алайда, үкімет тұрғын үйлердің иелерін өтемақысыз қалдырмайтынын айтып, оны әр түрлі жолдармен төлейді. Үш коттедждің иесі Юй Ючженьге өтемақы ретінде 21 пәтер ұсынды. Риэлторлар оған тапсырылған пәтерлердің жалпы құнын 10 миллион юаньға (1,58 миллион долларға) бағалады. Ол енді үш коттедждің қожайынынан, жиырма бір пәтердің қожайынына айналды.

Юй Ючжень сонда да қоқыс тазалаушы, көше сыпырушы қызметін тастамады. Бір ұл мен бір қыздың анасы «Балаларымның маған тек үй иесі ретінде ғана қарағанын қаламаймын. Оларға тәрбие беру үшін, өзім үлгі көрсетуге тиіспін. Үйде құр отыра берсем жалқау болып кетемін. Жалқаулар жаман әдетке үйір келеді» депті. Балалары да аналарынан үлгі алып, қарапайым жұмысқа жалданыпты. Ұлы туристік аймақта көлік жүргізуші, қызы кинотеатр қызметкері. Ал, Юй ханымның коммуналдық қызмет орнындағы қоқыс тазалап жүріп табатын айлық еңбекақысы 1420 юань (236,6 доллар) ғана екен.  Күн шыққаннан басталатын жұмысы алты сағатқа созылады. Миллионер алты сағат бойы ел-жұрттың лақтырып кеткен, төгіп тастаған, шашқан қоқыстарын жинап жүреді. Макс Веберді таңдандырған, Джордж Соростың көңілін қалдырған Қытай ғой бұл. Олардың бизнес стилі терең конфуцийшілдікке жалғанғанын есте ұстауымыз керек. Сондықтан батыстық үлгіден біраз өзгешеліктері бар. Сонымен қатар Қытай миллионерлерге бай мемлекеттердің қатарына  жатады. Миллионерлердің үлесі жағынан дүниежүзі бойынша АҚШ-тан кейінгі екінші орынды алады. Ал, миллиардердің үлесі жөнінен соңғы орындарда. Және Қытайда миллиардерлердің байлығы 10 миллиард доллардан аспайды. Қайбір жылы біреу жеке қазынасын 11 миллиардқа жеткіземін деп сотталып кеткен. Сол себепті жартылай социалистік қоғамда өмір сүріп жатқан бұл мемлекетте біз сияқты социалистік лагерьден босап шыққан елдермен салыстырғанда бай мен кедейдің арасы соншалықты алшақ емес.  Өйткені Қытайдың сүйенері орта тап. Елдің тұтастығын қамтамасыз етуші деп мемлекет үмітті соларға артады. Юй Ючжень ханым мемлекет артқан сенімді толық сезінгендей әлі күнге дейін көше сыпырып жүр. Кәсібін диқаншы болып бастаған миллионер бизнес-карьерасын қоқыс тазалаушы болып аяқтағанды дұрыс санаған сияқты.

Юй Ючжень – жеке фирмасы, компаниясы жоқ миллионер. Ешқандай корпорацияның акционерлік мүшесі емес. Талай жанға үлгі боларлық кәсіпкер.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3258
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5560