Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Референдум 12669 5 пікір 30 Маусым, 2024 сағат 19:43

Референдум: АЭС мәселесіне қатысты шешімді халық шеше ме?

Коллаж: Abai.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АЭС салынуына байланысты референдум күзде өтетінін айтқан еді.

"Өздеріңіз жақсы білесіздер, экономиканы дамыту үшін тұрақты энергия көзі керек. Сондықтан мен атом электр стансасын салу мәселесін пысықтау туралы нақты тапсырма бердім. Қазір жан-жақты талқылау болып жатыр. Әртүрлі пікір айтылып жатыр. Бұл үдеріске бұқаралық ақпарат құралдары да белсене атсалысуы керек. Шын мәнінде, елімізде атом энергетикасын дамытуға зор мүмкіндік бар. Оны дұрыс, яғни тиімді пайдаланған жөн. Осы мәселеге қатысты соңғы шешімді халық қабылдайды. Референдум биыл күзде өтеді. Үкімет нақты датаны айқындайды", - деді Президент.

Қазіргі таңда қоғамда АЭС салу қызу талқыланып жатыр. Әлеуметтік желіде де пікір көп. Осы ретте елімізде АЭС салу үшін жалпыхалықтық референдум өткізудің маңызы қандай? АЭС салуда  қоғам пікірінің маңызы қаншалықты? Abai.kz тілшісі қоғам талқысында жүрген мәселені еліміздің ертеңіне бей-жай қарамайтын азаматтарымыздан сұрап білді.

Сурет спикердің жеке мұрағатынан

Асуан Сиябеков: АЭС салу ел экономикасына оң серпін береді

«Қазақстан атом электр станциялары» ЖШС Атом энергетикасы басқармасының жетекші инженері Асуан Сиябеков, Қазақстанда АЭС салу экономикамызға оң серпін беретінін айтты.

Ол: «АЭС салынатын болса экономикамыздың барлық салаларына, сондай-ақ ғылымға, білімге, әлеуметтік салаға оң мультипликативтік әсер етеді, жоғары технологиялық, ғылымды қажетсінетін технологиялар мен аралас салалардың жедел дамуына мүмкіндік береді.

Қазақстанда АЭС салу атом индустриясы үшін және тұтастай алғанда еліміздің бүкіл экономикасы үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.

Егер айтатын болсақ, онда АЭС салу:

- Елдің ғылыми-техникалық және жоғары білікті кадрлардың өсуіне;

- Құрылыс кезінде 8 000 адамға дейін жаңа жұмыс орындарын және пайдалану кезеңінде 2 000 адамға дейін сапалы кадрларды құруға;

- АЭС салу кезінде 1 жұмыс орны экономиканың аралас салаларында 10-нан астам жұмыс орнын құрады;

- Жергілікті өнеркәсіпті дамыу;

- Меншікті отын базасының потенциалын кешенді пайдалану;

- Тұтынушыларды 60 жылдан астам сенімді энергиямен жабдықтауды қамтамасыз ету;

- Парниктік газдар шығарындыларын жылына 8-10 млн. тоннаға дейін төмендету.

Одан бөлек басқа да бірқатар экономикалық, әлеуметтік, техникалық және экологиялық артықшылықтарға ие. Жыл сайын өсіп келе жатқан энергия тапшылығын, Қазақстан үкіметі ресми түрде қабылдаған көміртексіз энергетикаға көшу бағытын, сондай-ақ елде шикізат және өндірістік базаның болуын ескере отырып, Қазақстанда атом-энергетика саласын дамыту қисынды және заңды қадам болып табылады деп ойлаймын», - деді.

Сурет спикердің жеке мұрағатынан

Рашида Молдашиева: Референдум - қоғам пікірімен санасу   

Ал физика пәнінің мұғалімі Рашида Молдашиева АЭС салуды бүкілхалықтық референдум арқылы дауысқа салу, қоғам пікірімен санасу деп санайды.

Ол : «Өздеріңіз білесіздер осыдан екі жыл бұрын 5 маусымда жалпыхалықтық референдум өткені баршамызға мәлім. Ол кезде Конститутциямыздың 33 бабына түзетулер енгізілді. Осылайша, президентіміз алдағы конституциялық өзгерістерді, еліміздегі маңызды мәселелерді қоғамдық талқылауға салудың маңыздылығына тоқталды.  Еліміздегі Конституциялық нормаға сәйкес республикалық референдум өткізудің бірқатар оң тұстары бар. Біріншіден, бұл мемлекеттік маңызға ие проблемаларды халық болып талқылауға салу. Осы талқылауда қоғамның ойы мен инициативасы ескеріледі. Екіншіден, халықты жалпыхалықтық референдумда дауыс беру үрдісіне тарту. Бұл арада азаматтарымыздың  белсенділігі мен саяси қатысуын назарға алу, олардың қызығушылығын арттыруға ықпал ету. Әрине физика пәнінің мұғалімі ретінде елімізде АЭС салуды қолдаймын. Халқымыз ең алдымен АЭС  еліміздің экономикалық әрі саяси саласына ықпал ететінін білсе екен деймін. Біз жан-жақты саралап, зерттеп, зерделеп еліміздің болашағына тиімді шешімді шығарамыз деп сенемін. Өйткені қазір әлеуметтік желіде АЭС туралы қызу талқылаулар жүріп жатыр. Халқымыз БАҚ беттерінен арнайы мамандардың тұшымды пікірлерімен танысқан болар. Ең бастысы  қоғам пікірі қақ жарылған мәселеде оны біртұтас ел болып талқылауға салуды дұрыс деп санаймын. Ең бастысы еліміз өз игілігіне тиімді шешімді қабылдайды деп сенемін. Мемлекет басшысы әрбір жолдауында бұдан былай қоғам пікірі ескерілетінін үнемі тілге тиек етіп жүр. Қазір билік пен халықтың арасында байланыс орнады. Бұл әрине дұрыс деп санаймын. Себебі жоғары жақ халықтың ойымен, мұңымен санасуы керек. Әрбір азамат өз еліндегі болып жатқан саяси болсын әлеуметтік болсын, елдік мәселе болсын барлығын бірігіп шешкені дұрыс деп санаймын. Соңғы кездері «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын жан-жақты қолдана бастадық. Бұл да ел игілігіне бағытталған іс-шаралардың бірі деп білемін»,- деді.

Сурет спикердің жеке мұрағатынан

Олжас Тақабаев: АЭС бізге керек пе?

Алматы облысы Кеген ауданы Ұзынбұлақ округінің әкімі Олжас Тақабаев елімізге АЭС салу керек пе? Керек болса қаншалықты маңызды? Ең алдымен осы сұрақтарға жауап табу маңызды екенін алға тартады.

«Біз АЭС бізге керек пе деген сұрақты әлі талқылап жатырмыз. Шын мәнісінде АЭС салу жайында бірнеше жылдан бері қызу талқылау бүгінге дейін жүргізіліп келеді. Қоғамдағы болып жатқан талқылауларды көріп біліп отырған  адамдар ең алдымен бұл мәселенің бізге қаншалықты маңызды нәрсе екенін білуі керек. Біз талқылап отыра беретін кезеңнен өттік. Әрине біз атом саласының маманы болмағандықтан, АЭС техникалық  тұрғыда қандай ерекшелігі бар екенін айта алмаймыз. Бірақ жерімізде сарқылып бара жатқан энергия көздерінің жетіспеушілігіне мән берсек, АЭС салу керек деген байламға келеміз. Менің ойымша бізз нақты  шешімге келгеніміз жөн. Еліміздегі кез келген сауатты адам оосы жолы талқылауға қатысып, өз даусын береді деген сенімдемін. Жақында Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы күзде АЭС салуды референдум арқылы шешетінін мәлімдеді. Бұл біздің еліміз үшін ең маңызды шешім. Біз осы маңызды мәселені бүкіл ел болып шешуге атсалысуымыз керек деп санаймын. Алдағы күзде біз еліміз үшін маңызды   мәселені талқылап, оған дауыс беріп, өз үнімізді қосамыз »,- деді.

Сурет спикердің жеке мұрағатынан

Нұргүл Жамбылқызы: Шешімді халық қабылдайды

Журналист Нұргүл Жамбылқызы осындай ел болашағы үшін маңызды дүниелерде халақтың үні ескерілетінін дұрыс деп санайды.

«Бұған дейінгі референдумда еліміздің ата заңын өзгерту талқыға түсті. Енді елімізде АЭС салуды дауысқа салатын болады.  Сондықтан, халықтың өзі бұл таңдауды жалпыұлттық референдум арқылы жасайтыны дұрыс шешім. Жеке ойым мемлекет тағдырын жоғарыдағы билік емес, тұтас халықтың өзі шешуі керек. Референдум демократия механизмі және азаматтардың пікірі сұралатын жүйе екенін ескерсек, бұл жерде үлкен қоғамдық пікір қалыптасып оң шешімді қабылдауды дұрыс деп санаймын. Еліміздегі әрбір азаматтың пікірі, көзқарасы, еліндегі тарихи шешімге үлесі ескеріледі. Дамушы мемлекет болғандықтан АЭС бар алпауыт мемлекеттердің де тәжірибесін қаперге алғанымыз дұрыс болады. Ал біз БАҚ өкілдері өз кезегінде халықты тиімді әрі шынайы ақпаратпен қамтып отыруымыз керек. Менің ойымша қазір халық сауатты, ғаламтор дамыған заманда барлық азамат елміздегі саяси, экономикалық маңызды мәселелерді көріп- біліп отыр. Сондықтан халықты адастыратын ақпараттардан гөрі әріптестерім өз саласының мықты мамандарынан пікір алып, АЭС маңыздылығын жан-жақты көрсетеді деген ойдамын. Ең маңыздысы АЭС салу біздің елімізге не әкеледі. Оның елімізде салынуының маңызы қандай? Ал қарсы болып отырған тараптың уәжі неде? Олардың қандай нақты дәлелдері бар. Негізге алатын фактілер ме, әлде жай айғайға аиғай қосу ма? Әрине менің ойымша жан- жақты зерттеп, зерделеп барып шешу жолдарын табуымыз керек. Біз өз кезегімізде журналистік зерттеу жүргізіп, АЭС мәселесіндегі барлық сұрақтың жауабын халыққа  ұсынумыз керек», - деді.

Сурет спикердің жеке мұрағатынан

Эльмира Оразбақова: Референдум - ортақ мәселені талқылау

Кітапханашы Эльмира  Оразбақова елімізде АЭС салуды референдум арқылы шешу Президентіміздің тағы бір сәтті қадамы деп санайды.

«Мені қуантатыны еліміздің болашағына бей - жай қарамайтын азаматтарымыздың қатары күн сайын артып келеді.  Қазіргі таңда халық та сауатты әрі саяси шешімдерді бақылауда ұстағысы келеді. Мен кітапханашы ретінде мынаны айтқым келеді, қазір халықтың көзі ашық. Оқырмандарымның ішінде еліміздегі  болып жатқан маңызды оқиғаларды талқылап, бір-бірімен пікір алмасып ой талқысына салатындардың қатары көбейді. Қазір жастар да ізденіс үстінде. Бұл ретте айтқым келгені, жалпыұлттық референдум арқылы елімізге ортақ мәселені дауысқа салу Президентіміздің, биліктің халықпен санасуы, халық пікірінің еленуі деп білемін. "Жаңа Қазақстан" идеясын Президентіміз үнемі жиналыстарда тілге тиек етіп жүр. Бұл өзгерістің өңі де, мәні де ерекше. Өйткені халықпен етене байланыс бар. Қарапайым халықтың пікірін ескеретін өзгеріс енді, ең маңыздысы осы. Парламент қарауына ұсынып, депутаттардың "бірауыздан" мақұлдауымен елдік мәселелер шешіле беретін. Халықтың талқылауына салынбайтын. Жоғары жақ мәселені көтереді, шешімін де өздері шығаратын. Ал енді Жаңа Қазақстан, әділ Қазақстан деп жатқанымыздың кепілі - халық. Жаңару дегеніміз осы деп ойлаймын. Бағытымыз айқын. Осы ретте ел игілігіне бағытталған оң шешімдер қабылданады деген сенімдемін»,- деді ол.

Сурет спикердің жеке мұрағатынан

Қамажай Жұмабекқызы: Қазір біздің қоғам ашық

Зейнеткер Қамажай Жұмабекқызы еліміздегі өзгерістерді жоғары бағалайтынын жеткізді.

Ол: « Президент АЭС салу мәселесін халықпен бірге шешуді дұрыс көргені оңтайлы шешім деп білемін. Бүгінде елімізде бірқатар өзгерістер орын алды. Халыққа  тиімді бағдарламалар жасалуда.  Әсіресе еліміздің болашағына арналған мемлекеттік бағдарламалардың маңызы зор. Қазір біз ашық қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Кез келген мәселе ең алдымен халыққа талқылауға ұсынылуда. АЭС салу тиімді ме? Әлде тиімді емес пе? Менің ойымша бұл мәселе осы саланың нағыз мамандарымен, сарапшыларымен талқылға салынуы керек. Өзім де бірнеше маманның пікірімен таныстым. Қарсы пікір таратып, қоғамдық талқыға салып жатқандардың да ақпаратын көзім шалды. Дегенмен мен нағыз маманы емеспін ғой. Алдағы  уақытта халқымыз осы мәселеде оң шешімін табады деп ойлаймын. Өйткені  қазір біздегі әрбір мәселе халықпен бірге талқыға түседі. Ең бастысы халық игілігіне арнал,ан дүниме болуы керек. Біз әр нәрседен саяси астар іздеулен гөрі, бұл шешім халқымызға қаншалықты тиімді? Болашағамызға қаншалықты әсер етеді? Шын мәнінде пайдалы ма? Пайдалы әрі тиімді болса қай жағынан? Міне осыларға жауап тауып барып біз нақты дауысымызды беруіміз  керек. Алдағы күзде үлкен науқан жүретіні белгілі. Сондықтан мен еліміздің әрбір азаматын өз елінің болашағына үлкен жауапкершілікпен қарайды деп үміттенемін»,- деді.

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2036