Жұма, 22 Қараша 2024
1008 0 пікір 23 Маусым, 2024 сағат 20:17

Сауалнама: Сіз алдағы референдумнан не күтесіз?

Коллаж: Abai.kz

Өздеріңізге белгілі 2022 жылы 5 маусымда Қазақстанда референдум өтті, азаматтар өз таңдауын жасап, дауыс берді. Бұл жерде елдің болашақ дамуы туралы шешім қабылданды. Осының аясында   еліміз жаңа Қазақстанның іргетасын қалап, алға ұмтылды. Алдын ала мәліметтер бойынша біздің еліміздің 68,06% - ы референдумға келіп, өз дауыстарын берген.  Жалпы референдум еліміздегі демократиялық сана мен саяси мәдениеттің нығайғанын, азаматтарымыз түбегейлі өзгерістерді талап етіп, қалауының дәлелі. Алдағы уақытта АЭС салу мәселесі де референдум арқылы шешілмек. Сіз алдағы референдумнан не күтесіз? деген сауалды еліміздің белсенді жастарына қойып көрдік.

Сурет спикердің жеке мұрағатынан алынды

Заманбек Орынбеков, Шымкент қаласы жастар ресурстық орталығының басшысы:

Қазір халық референдумның не екенін түсінді

- Біздің еліміз Қазақстан өз дамуының жаңа бір кезеңіне қадам басқанын білеміз. Оған референдумның тікелей қатысы бар. 2022 жыл Қазақстан үшін маңызды әрі сындарлы жыл болғанын білеміз. Бүкіл халық еліміздің Конституциясын өзгертуге қатысты өз дауыстарын берді. Елімізде үлкен қоғамдық оқиға болды.  Еліміз оянды десем де қателеспеймін. Менің ойымша әрбір азаматтың бойында елінің ертеңіне деген үміт оты пайда болды. Жаңында ғана Президентіміздің АЭС салуға халықтың пікірі тыңдалатынын айтты. Елімізде АЭС салу мәселесі референдум арқылы шешілетіні жайында ақпаратты көрдім. Әрине еліміздің азаматы ретінде менде референдумның өткенін қолдаймын. Күні бүгінге дейін АЭС салу мәселесі қоғамның басты назарында болып келді.Көптеген талқылаулар болды. Қызу пікірталас та болды.қателеспесем бұл туралы дөңгелек үстеолер мен дискуссия да өтті. Ол жайында көптеген материалдармен таныспын. Дегенменде ел игілігі үшін референдум өткені дұрыс. Халық та өзінің пікірін айтуға құқылы. Әр адам өзінің шешімін білдіруі керек. Сондықтан алдағы уақытта халықтың талқылауына түсетін АЭС мәселесі өз шешімін табады деген ойдамын. Ал мен еліміздің жас азаматы ретінде өзімнің азаматтық ұстанымымды көрсетемін.  АЭС салу мәселесінде Президентіміздің халықпен санасуы, халықтың пікірімен, ойымен  санасуын құптаймын. Қазір халық пен биліктің арасында берік байланыс орнады. Ал осы байланысты әрі қарай нығайта түсу үшін екі жақты қарым-қатынас орнауы керек. Екі жақты диалог болған кезде, екі тараптың пікірі ескерілген кезде кез келген істің ортақ шешімі табылады. Ең бастысы еліміз үшін игі іс болуы керек. Қазір халық референдумның не екенін түсінді. Оның еліміздің ертеңі үшін маңызды қадам екенін де көңілдеріне түйді. Сондықтан алдағы болатын референдумнан күтерім көп. Маңыздысы еліміз үшін, еліміздің болашағы үшін оң шешімнің шығуы. Ал біз жастар осындай қоғамдық саяси маңызды істерде белсенділік танытып, өз үлесімізді қосқымыз келеді. Республикалық референдум – еліміздің келешегін айқындайтын маңызды шара екені айдан анық. Жастар ресурстық орталығының жетекшісі ретінде біз де алдағы референдумның  сәтті өтуіне өз үлесімізді қосатын боламыз. Себебі жастар еліміздің болашағы. Ал жастар елінің маңызды шешімдеріне қатысуы керек. Жастарға артылатын жүктің салмағы да ауыр. Мен өз қатарластарымның еліміздегі қоғамдық мәселелерде белсенділік танытып, өзіндік үн қосқанын қалаймын.  Олардың пікірі, жастық амбициясы елімізге пайдасын тигізуі керек. Қазір өздеріңіз білесіздер жастардың дамуына, тұлға болып қалыптасуына мемлекет тарапынан  үлкен қолдау бар. Жастарға арналған түрлі бағыттағы мемлекеттік бағдарламалардың қатары күн санап артып келеді. Жастардың әлеуеті мен әл-ауқатын көтеруге бағытталған жұмыстар да атқарылуда. Осы ретте мен де елімідің жас азаматы ретінде еліміздің дамуына өз үлесімізді қоссақ деймін. Қандай мәселесе болмасын әрбір жалынды жас еліне, жеріне, Отанына деген сүйіспеншілікті, патриоттық сезімді арттыруы тиіс. Сондықтан мен референдум мәселесінде жастар тарапы белсенді болады деп зор сеніммен айта аламын. Онда қабылданатын шешім әрбір азаматтың өміріне, тұрмыс сапасына, қоршаған ортасына және өзі мен ұрпағының келешегіне ықпал етері сөзсіз. Сондықтан референдумнан күтерім көп. Біз жастар алдағы болатын саяси науқанның еліміз үшін, оның ертеңі мен бүгіні үшін ең маңызды дүние екенін түсінеміз. Біз өзіміздің қолымыздан келгенін жасаймыз. Елдік мәселеде жастар болып, күш біріктіріп референдумның жоғары деңгейде өтуіне атсалысамыз. Сондықтан қатарластарымды референдум кезінде белсенді болуға шақырамын.

Сурет спикердің жеке мұрағатынан алынды

Армангүл Болатханқызы, «Мұзбалақ мүгедектер қоғамдық бірлестігінің»  жетекшісі:

Референдум – біртұтас ел болып бірігу

- Өз кезегінде референдум туралы шешім уақытында қабылданды. Халық қуана қолдау көрсетті. Ел сенімінен шығатын Конституциялық заң қабылданды деп қуандық. Еліміз саяси маңызды реформаларды халықпен бірге талқылап, қоғамдық пікір қалыптасты. Мемлекетіміз өз жолын айқындады. Жаңа Қазақстан ұғымы енгізілді. Елімізде саяи әрі маңызды оқиғалалар орын алды. Осының барлығы референдумның оң әсері деп білемін. Енді еліміздің алдында үлкен өзгерістерге қарай аяқ басу ғана тұр.  Референдум алға жылжудың бастамасы. 2022 жылы өткен референдумға барлығымыз қатыстық, халық болып қолдау көрсетілді. Еліміздегі  әрбір азамат өзінің дауысын берді. Ең бастысы референдум барлығымызды біріктірді. Президентіміз осы күзде АЭС салу мәселесі референдум арқылы шешілетінін айтты. Әрине бұл да біздің еліміз үшін маңызды шешім болмақ. Қалай десек те АЭС салу ол саяси экономикалық маңызы бар мәселе. Бұл жерде мемлекетеміздің  тағдыры шешілмек.

Референдум – мемлекеттің ең маңызды мәселелерін халық болып, ел болып, қоғам болып шешудің басты тетігінің бірі. Біз осы  арқылы әрбір әрекетімізді, атқарар істерімізді, еңсерер меже-міндеттерімізді, бізге жүктелген жауапкершілікті сезіне отырып, кемеліне келтіріп, жүйелі түрде реттеуге мүмкіндік аламыз.

Референдум- бір қарағанда біздің халқымыздың бойында бар нәрсе. Өздеріңіз білесіздер қазақ халқында хандар кеңесі, елмен -жұртпен ақылдасу, билерден кеңес сұрау деген болған. Елдік мәселелер бүкіл елдің алдында талқыға түскен. Сондықтан референдум бізде о баста бар нәрсе. Тек заманға заманауи атқа ие болған деп айтар едім. Мен елімнің азаматы ретінде референдум болғанын қолдаймын, әрі барлық азаматтарды референдумды қолдауға шақырамын. Қолда дегенім жай ғана өзіңнің үлесіңді қос. Алдағы референдумнан не күтесіз деген сауалға, алдағы референдумнан халықтың белсенді қатысқанын көргім келеді. Ел болып ортақ шешімнің шығатынына сенім білдіремін. Ең бастысы еліміздегі әрбір адам бұл оқиғаның маңызды екенін түсінсе екен деймін. Еліміздің әрбір азаматы қандай мәселе болмасын өзінің өзіндік пікірін білдіріп, елде болып жатқан саяси маңызды оқиғалардан  қалмаса екен деймін.

Сурет спикердің жеке мұрағатынан алынды

Жадыра Ерболатқызы, эколог:

Референдумның маңызды екенін халық түсінді

- Соңғы жылдары қоғам арасында күрмеуі шешілмей жатқан күрделі мәселелерді ортақ талқыға салу үрдісі пайда болды. Оның бірден бір себебі елдік мәселелер елмен бірге талқылануы керек деген қағида. Бұл осы елдің азаматы ретінде бәрімізді қуантқаны рас. Бүгінгі таңда еліміз үлкен өзгерістерді басынан өткізіп жатыр. Әрине тек жақсы бағытқа қарай екенін ерекше атап өткім келеді. Себебі, еліміздің болашағының дамуы тікелей осы референдумға байланысты болып отыр. Президент халыққа барынша еркіндік беруді мақсат етіп отырған сияқты. Өзгерістер саяси жүйенің көптеген саласын қамтитын болады. Сондықтан еліміздегі елеулі оқиғаға бей-жай қарамай белсенді қатысу – әрбір азаматтың  азаматтық борышы. Мелекетіміз «Әділетті Қазақстан» құруда барлық мүмкіндіктерді тең қолдануда. АЭС салу мәселесі қоғамдық талқыға салып барып шешілетін нәрсе. Экологиялық тұрғыдан да зерттеуді талап етеді. Оның қоршаған ортаға тигізетін әсері қандай болмақ? АЭС  салу елімізге тиімді ме? Қандай критерийлер бойынша тиімді? Маңызы мен ерекшелігі неде? Неге бір тарап қолдаса, бір тарап қарсы? Осы сұрақтарға жауап тапқаннан кейін барып, біз ел болып жұмылып осы мәселені шешуіміз керек. Президентіміздің АЭС салу мәселесін қоғам талқысына ұсынуының да өзіндік мәні бар деп ойлаймын. Бұл бір жақты шешіммен шешіле салатын дүние емес. Сондықтан мен еліміздің әрбір азаматын алдағы күзде өтетін референдумға белесене қатысады деген үміттемін. Референдумда жалпы ұлттың пікірі ескеріледі. Талқыға түседі. Нәтижесінде ортақ шешім қабылданады. Сондықтан референдум маңызды қадам. Ал бұл маңызды қадам-еліміздің саяси әрі экономикалық тіпті әлеуметтік саласына да маңызды дер едім.

Президентіміз Үкіметтің кеңейтілген отырысында елімізде атом электр стансасы құрылысын жүргізу туралы өз ойын айтқан болатын. «Бізде инвестицияны былай қойғанда, таза атом энергиясы жоқ болса, экономикамызды құлдыратып аламыз, аймақтағы көшбасшылығымыздан айырыламыз. Сондықтан да бізге электр энергиясы, атомдық таза энергия қажет. Оның маңызын халыққа кәсіби тұрғыдан түсіндіру керек», деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Президеніміздің бұл сөзінде үлкен мән бар. Атом  саласының нағыз мамандары АЭС салудың мән-мағынасын жіліктеп берген болатын. Кез келген сарапшы мамандардың пікірін ескерсек, АЭС салу еліміздің экономикасы үшін тиімді болмақ. Әрине бұл бір жақты пікір болып көрінуі мүмкін.  Сондықтан біз екінші тараптың да пікірін ескергеніміз жөн.

Сурет спикердің жеке мұрағатынан алынды

Ерзат Асыл, журналист:

Референдуммен халықтың санасы оянды

- Референдум мәселесіне келгенде халықтың пікірі ескерілуі тиіс. Журналист ретінде өз пікірімді білдіретін болсам, алдағы уақытта АЭС салу мәселесін референдум арқылы шешуді құптаймын. Бұл жерде ең маңызды тілге тиек ететіні-референдумда халықтың белсенді қатысуы. 2022 жылы жалпыұлттық референдум кезінде қоғам пікірі қақ жарылғаны белгілі. Бір тарап референдум не екенін түсінсе, бір тарап оның еліміз үшін маңызды екенін түсінбеді. Тіпті біздің «ия» мен «жоқ» деп жауап беруімізден бір мәселе шешіле ме деген ойда болғандарды да кездестірдім. Әрине ол әр адамның саяси санасына байланысты. Бірақ біз жұртты жұмылдырып, референдум маңызды екендіктеріне көз жеткіздік. Ол әрине БАҚ арқылы насихаттау. 2022 жылы үгіт-насихат белсенді жүргізілді.  Тіпті халықтың санасы оянып, елдік мәселеге деген қызығушылығы артты. Қазіргі таңда атом саласының мамандары, сарапшылар, экологтар, тіпті энергетика саласының мамандары АЭС салуға қатысты пікірлерін білдіруде. Қазіргі таңда БАҚ беттерінде АЭС салуға қатысты  сараптамалық мақалалар, аналитикалық ақпараттар барлығы берілуде. Өз саласының нағыз мамандары пікір білдіруде. Сондықтан экономикамызға, әлеуетімізге тиімді шешім қабылданады деп сенемін.  Алдағы референдумнан да күтеріміз мол. Ең алдымен халықтың белсенді атсалысқанын күтемін. Сондай-ақ әрбір адам еліміздің болашағы үшін ойланса екен деймін. Бұдан әрі елдік мәселелер бірге шешімін тапса игі болар еді. Ал ең бастысы мемлекетіміздің нығаюына, берік бола түсуіне бүкіл халық болып атсалысуымыз керек дегенді шегелеп айтқым келеді. Қазақстан қазір аяғынан енді енді тұрып, жан-жағымен берік қарым-қатынас орнатып экономикасын көтеруге барын салып жатқан мемлекетпіз. Дамушы елдердің ізімен дүние жүзілік аренада өз орнымызды қалыптастырғысы келетін елміз. Менің ойымша АЭС салу мәселесі бұл өте ауқымды зерттеуді талап етеді. Әлі де бізге маңызын айқындауымыз керек. Өзге озық елдердің тәжірибесін де ескергеніміз абзал. Ол жағынан зерттеу материалдар көбірек насихатталуы керек. 2022 жылы референдум кезінде біз еліміздің Конституциясын бағамдап алдық. Алдағы уақытта АЭС мәселесін талқыға салмақпыз. Бұл мәселеде де еліміз оң шешім қабылдайтынына сенемін. Айтпағым елімізде өткізілетін референдумның мәні өте зор. Ал біз осыны насихаттап, халық арасында дұрыс пікір қалыптастырып өз үлесімізді қосамыз деп ойлаймын. Еліміздің келешегі алдыңғы орында тұрған мәселеде, жұрт болып жұмылып, бір қол болып бірігіп, оңтайлы әрі тиімді шешімді қабылдаймыз деп сенемін.

Референдум - қоғам арасында қызу талқыланып, қолдау тауып отыр. Конституцияны бүкілхалықтық дауыс беру арқылы өзгерту -халықтың еркін білдіруінің айқын көрінісі болғаны белгілі. Соңғы Жолдауда Президентіміз тың саяси реформаларды жария еткен болатын. Ол билік институттары арасындағы конституциялық құрылымды жетілдіруге мүдделі екенін көрсетеді. Елімізде орын алып жатқан  өзгеріс те аз емес, соның бірі - Парламент палаталарының рөлі күшейгені мәртебесіның  арта түскені. Мәжілісті қалыптастырудың аралас моделін еніп, Парламенттің бақылау функциялары кеңейеді, заңнамалық рәсімдер оңтайланады. Яғни, азаматтардың мүддесін қорғау механизмі күшейеді. Міне осы өзгерістермен қатар еліміздегі бірқатар салаларда жаңашылдық бар. Кұрмеуі шешілмеген мәселелер де біртіндеп шешіліп жатыр. Бұл биліктің халықтың әл ауақыт көтеруге бағытталған іс-шараларының бастамасы деп білемін.

Әлима Әлмерек

Аbai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1461
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3228
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5295