Олимпиада-2024: Қазақстан құрамасы Парижге аттанды
Алматы облысындағы республикалық олимпиадалық даярлық базасында Қазақстан ұлттық құрамасын XXXIII жазғы Олимпия ойындарына ресми шығарып салу рәсімі өтті, деп хабарлайды Abai.kz.
Париж қаласында 26 шілде мен 11 тамыз аралығында өтетін додаға Қазақстан құрамасы сапынан 80 спортшы спорттың 25 түрінен бақ сынап, 81 медаль жиынтығына таласады.
Министр Ермек Маржықпаев спортшыларға сәттілік тіледі.
«Сіздердің алдыңызда елімізді Париж Олимпиадасында таныстыру, ел намысын абыроймен қорғау сияқты маңызды әрі өте жауапты міндет тұр. Сіздердің чемпиондық мінезіңіз, табандылығыңыз, жеңіске деген ерік-жігеріңіз, осы күнге дейін жиған тәжірибелеріңіз, жаттықтырушылардың, дәрігерлердің, массаж жасаушылардың қажырлы еңбегінің арқасында үлкен нәтижеге жететінімізге сенімдімін. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан жазғы және қысқы Олимпия ойындарының 79 жүлдегерін, оның ішінде 15 Олимпиада чемпионын тәрбиелеп шығарды. Олимпиададағы жетістіктер – бүкіл елдің әлемдегі имиджі, мемлекеттің әл-ауқатының көрсеткіші, ең бастысы, бұл – сіздердің көпжылдық және қажырлы еңбектеріңіздің нәтижесі!», - деді Ермек Маржықпаев.
Олимпияданың ашылу салтанаты 26 шілдеде Париждегі Сена өзенінде өтеді. Жарысқа 205 елден 10 мыңнан астам спортшы қатысып, 32 спорт түрінен 329 медаль жиынтығын сарапқа салады.
Еске сала кетсек, төрткүл дүние көз тіккен Олимпиада ойындарында осыған дейін Қазақстан Жазғы Олимпиада ойындарынан ұзын-саны 77 медаль ұтқан екен. Соңғы өткен жазғы Олимпиада ойындарында Қазақстан қоржынына 8 қола жүлдемен елге оралған болатын. Олимпиадаға 27 спорт түрінен 96 лицензия ұтып алып барған спортшыларымыз жалпы есеп бойынша 83-ші орынға жайғасқан.
Бұқаралық спорт - бұл қауіпсіз қоғамның кепілі, қарсыластар қаттылық пен спорттық ашудың рұқсат етілген шегін біледі. Сондықтан, спорттың маңызы олимпиадалық медальмен ғана шектелмейді. Осы тұрғыдан алғанда, сегіз қола медаль - бұл қалыпты нәтиже.
Abai.kz