Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 3544 0 пікір 22 Қаңтар, 2014 сағат 05:01

Бейсенбай ДӘУЛЕТҰЛЫ. ТҰСАУЫН ЕЛБАСЫ КЕСКЕН ҰЛ

1-сурет. Президент Н.Назарбаев кішкентай Исламды көтеріп тұр. Өскемен, 1997 жыл.
2-сурет. Шығыс техникалық-гуманитарлық колледжінің студенті Ислам Асқаров. Өскемен,  2013 жыл.

 

Таңғалдырған таңдау

1-сурет. Президент Н.Назарбаев кішкентай Исламды көтеріп тұр. Өскемен, 1997 жыл.
2-сурет. Шығыс техникалық-гуманитарлық колледжінің студенті Ислам Асқаров. Өскемен,  2013 жыл.

 

Таңғалдырған таңдау

Әдетте, Елбасымен жүздескен кішкентай кейіпкерлеріміз алғашқы кездесудің қызықты әсерлері туралы өздері айтып береді. Ересектері әрбір минутына дейін мөлдірете әңгімелейді. Ал Ислам Асқаров өзінің тұсауын Президенттің кескенін есейе келе, анасының қастерлеп сақтап қойған суретінен ғана көрді.
1997 жылдың жазында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Шығыс Қазақстан облысына іссапары жоспарланған еді. Жергілікті әкімдік өндірісті өңірдің экономикалық әлеуетімен бірге тұрғылықты халықтың тұрмыс тіршілігін де көрсетуді көздесе керек. Өскемен қаласындағы Достық үйіндегі ұлттық мәдени орталыққа шоғырланған 18 этностың салт-дәстүрімен таныстыруды да жоспарлайды. Әрине, өзге этнос өкілдері өздерінің дәстүрлерін дәріптеуді, ал қазақтар шаңырақ иесі ретінде ұлтымыздың ұлық кәдесі – тұсаукесер рәсімін өткізуді ойластырады. Алайда ұжым қызметкерлері бір жасқа енді толған, аяғын жаңа ғана апыл-тапыл баса бастаған сәбиді жабыла іздегенімен оңайлықпен табыла қоймайды. Сол кезде Достық үйі шығармашылық тобында ән салатын Майра Мүрсәлимованың есіне сіңлісі Ғалияның үйіндегі кішкентай сүйкімді бүлдіршін түседі де, жалма-жан телефонға жармасады. Бұл сәт сол жылдың 18 маусымы болатын. Содан тұп-тура бір жыл бұрын, 22 маусымда жарық дүние есігін ашқан Ислам төрт күннен соң жасқа толатындықтан, енді ғана бойын тіктеп, сүйемелдеумен аяғын тәй-тәй басуға талпынып жүрген. Шаңырақтарындағы тұңғыш ұлдың тұсауын қазақтың көшбасшысы кесіп жатса, ғанибет емес пе? Қызықты ұсынысты Тәңір тартуындай қабылдаған ерлі-зайыпты Асқар мен Ғалияда ес қалмады. Адамның болашақ тағдырына тікелей септігін тигізеді деп сенетін тұсаукесер дәстүріне құрметпен қарайтын қазақы нанымға сәйкес олар күтпеген ұсынысты іштей жақсылықтың нышанына балады. Сөйтіп, ертеңгі дайындыққа белгіленген уақытынан да ерте жетті.

Тұғырлы тұлғаның тілегі

    Қалыптасқан қағидаға сай атқарылатын рәсім бірнеше күн пысықталған соң, шақырылатын мерзім қосымша хабарланатын болып тарқасқан. Исламның туған күнінен екі тәулік өтісімен, 24 маусымда таңғы сағат 6-да әлдекім бұлардың үйінің есігін қақты. Тысқа отағасы Асқар шыққан, міне, қызық, таңмен таласа облыс әкімі Виталий Меттенің жүргізушісі келіп тұр! Артық-ауыс сөз айтуға мұрша бермеген жігіт ай-шайға қаратпастан барлығын тездете киіндіріп, көлікке қарай сүйрей жөнелді. Баланы құшақтап Асқар мен Ғалия тұра жүгірді. Үйде «Алла өзің жар бола гөрін» айтып апасы қала берді.
    Машинаны құйындата жүргізген жүргізушінің асығуы бекер емес екен. Бұлар  Достық үйіне келгенде жауапты кісілер түгел жиналып қалыпты. Әркім өз орнын тапқанша жиырма минуттай уақыт өтіп, сағат тілі таңғы 7-ні соққанда Президент Нұрсұлтан Назарбаев әкім Виталий Метте бастаған облыс басшыларын жанына ертіп кіріп келді.   
– Біз, жұбайым Асқар екеуіміз босағада қалдық, ал Исламды апасы Майра ортада екі әженің сүйемелдеуімен ұстап тұрды, – дейді құлқын сәрідегі қызықты сәттер өң мен түстің ортасындай жүрек түкпірінде жазылып қалған анасы Ғалия Кәленова. – Елбасы күлімсірей кіріп келді де, алдымен бізбен сәлемдесіп, тұңғышымыздың жай-күйін сұрады. Жамырай ұмтылған көпшілікке ишарат білдіріп, ортаға өтіп, әжелердің жанына барды. Көнекөз қарияларға әлденелерді айтып, ырымға сай аяғы ала жіппен байланған Исламның тұсауын қиды да, көтеріп алды. Баламыздың бетінен сүйіп, еркелеткеніне қарап, төбеміз көкке жеткендей қуандық. Арыстан мүсінді жұмсақ ойыншықты сыйға тартып, «арыстандай айбатты бол» дегендей біраз жүрекжарды лебізін білдірді. Аузы дуалы, сөзі уәлі кісі ғой, ата-баба дәстүрін жаңғыртып, Исламға арнап айтқан тілектерін тек жақсылыққа жорып, керемет күйге бөлендік. Арада аз уақыт өтісімен бір сүрініп, бір құлап жүрген ұлымыз екі аяғын қаз басып жүгіріп кетті.

Танымы терең, санасы сергек

Сөйткен кішкентай Ислам бүгінде 16-ға толып, бозбала жасына жетті. Өткен жылы ғана Өскемен қаласындағы №1 мектепті тәмамдап, облыс орталығындағы Шығыс техникалық-гуманитарлық колледжіне грантпен оқуға түсті. Келешекте техник-механик мамандығын меңгеретін студент оқу орнында белсенді әрі алғырлығымен жақсы жағынан көзге түсіп жүр. Колледждегі кураторы Гүлайым Рахымғазықызының айтуынша, Ислам сабақты жақсы оқиды. Қоғамдық іс-шараларға да белсене қатысып, үнемі қатарластарының алды болуға ұмтылып тұрады. Қалада туып-өссе де, қазақы қасиеттен қол үзбеген ұлдың рухани жан-дүниесі бай. Ұлт ұстазы Абайдан бастап Мұхтар Әуезов, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мұқағали Мақатаев, Ғабит Мүсірепов сынды қазақ әдебиеті алыптарының біраз туындыларын оқып шыққан. Оларды оқи отырып, тағылымды дүниелерді санасына құйып, өзін-өзі тәрбиелейтін жақсы әдеті де бар. Жат қылықтардан бойын аулақ ұстауды кішкентайынан жадына түйіп өскен ол жастық жігер-күшін спортқа бағыттап, саламатты өмір салтын серік етеді. Сабақтан тыс уақытта Елбасыға еліктеп, күреспен де шұғылданып жүр.  
– Анам тұсауымды ырымдап Елбасыға кестіргенін ұдайы құлағыма құйып отырады. Мені де Нұрсұлтан Әбішұлы сияқты елінің сүйікті, біртуар азаматы болып өссін деп ырымдаған ғой. «Баталы ұл арымас, батасыз құл жарымас» деп атам қазақ айтпақшы, ол кісінің берген ақ батасының шарапатымен кішкентайдан оқуымды жақсы оқып, сенім артқан жандардың үмітін ақтап келем деп ойлаймын. Қандайда бір жаңа іске қадам басар алдында Президент маңдайымнан иіскеген, тұсауымды кесіп, ақ батасын берген баталы ұл екенімді жадымда ұстап, соған лайық болуға тырысам,  – деп ағынан жарылған Ислам болашақ арман-мақсаттары жөнінде ой бөлісті.

Еңбек – бәрін де жеңбек

Колледж студенті Ислам дипломын алған соң теміржол саласында еңбек етуді армандайды. Шойын жолмен жүйткіген пойыз тізгінін қолға алып, жолаушы тасымалдауды жоспарлап жүр. Айтпақшы, колледжді тәмамдаған соң жұмыс істей жүріп жоғары оқу орнында сырттай оқу ойында бар. Себебі, қазір кез-келген жерде жұмысқа тұрғанда ең алдымен жоғары оқу орнының дипломын сұрайды. Ол – заңдылық. Әрине, күндізгі бөлімде оқуға болар еді, бірақ Ислам – үйдің сүйенетін де, сенетін де жалғызы. Әкесі ертеректе, 32 жасында өмірден озған. Сондықтан келешекте өзін қаршадайынан қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсіріп-жеткізген анасы мен апасына тіреу болып, үміттерін ақтауға іштей бел буған. Исламның анасы Ғалия Кәленова – облыстық аурухананың медбикесі. Басы ауырып, балтыры сыздағандарға көмек қолын созып, көптің алғысын арқалап жүрген абзал жан.  
– Нұрсұлтан Әбішұлы еңбек жолын қарапайым металлург болып бастап, қарым-қабілетінің, білім-білігінің, еңбегінің арқасында ел басқаратын тұлға деңгейіне көтерілді. Ерінбей еңбек еткен адамның келешегі жарқын болатынын ол кісі өз ісімен дәлелдеп берді. Бұл – біз секілді жастар үшін үлгі, өнеге, – дейді Ислам Асқаров.
Анасы Ғалия ұлының сәби шағынан салмақты болғанын айтады. Өсе келе үйдің ұсақ-түйек шаруасына араласып, анасының қолқанатына айналған. Жастайынан еңбексүйгіш, тіл алғыш, бастаған ісін аяғына дейін жеткізбей тынбайтын тиянақтылықты бойына сіңіріп ер жеткен ол бірінші орынға еңбекті қояды. Қаршадайынан әкесіз қалып, отбасындағы барлық қиындықты бөлісіп өскен ұл түптің-түбінде өзінің бір биіктен шығатынына сенімді.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5552