Жұма, 22 Қараша 2024
Ақмылтық 2428 8 пікір 5 Тамыз, 2024 сағат 13:44

Фотобаян: Гейлер тайраңдап, гөйлер саудаға салған Кино үйінің бүгінгі күйі

Коллаж: Abai.kz

«Қазақфильм» киностудиясы төңірегіндегі дау бірнеше апта бойы қазақ қоғамының қызу талқысында болып, ақыры «Қазақфильм» президенті Азаматы Сатыбалды қызметінен кетіп тынды.

«Қазақфильм» төңірегіндегі соңғы даудың өршуіне басты себеп: «Алтын адам» туындысының аниматорлары десек қателеспейміз. Аниматорлар жеті айдан бері жалақы алмағанын, Азамат Сатыбалды бастаған «Қазақфильм» басшылығы уәде етілген соманы бермей, түрлі сылтаумен созбақтап келе жатқанын айтып наразылыққа шықты. «Қазақфильм» ғимаратына барып, Азамат Сатыбалдыны ашық кездесуге де шақырды. Наразылыққа шыққан топпен Азамат Сатыбалды жүзбе-жүз кездесуден бас тартты. Десе де, аниматорлардың қордаланған айлықтарын төлеп беретінін мәлімдеген.

Ал осының алдында Парламентте кино саласындағы бюджеттің тиімсіз игерілуі ашық сыналды. 2016-2022 жылдары «Қазақфильмге» кино шығаруға және прокаттауға 14,5 млрд теңге бөлінгенімен, оның 4,8 пайызы ғана ақталған.

Сурет: видео скрині

Ал жуырда бір топ киногер қаңырап тұрған Кино Үйінің қирандысының орнында бас қосып, түнекке батқан қазақ киносының проблемаларын ашық талқылапты.

«ХХІ ғасырда, «Өнер, білім бар жұрттар» Айға қонып, Марсқа ұшып жатқанда бұл не қылған май шамның жарығы деулеріңіз мүмкін, қадірлі көрермен. «Басқа түссе баспақшыл» демекші, қамқорлықсыз қалғандықтан қараңғылық жайлаған Ұлттық кино шын мәнінде майшам дәуіріне яғни, XlX ғасырға қарай шегінген жайы бар. Кино үйіннің электр жарығынсыз қалуы – осы сұмдықтың сорақы нышаны», - дейді спикерлер.

Бұл талқылауға кімдер қатысты десеңіздер, қараңыздар:

Адай Әбілда, анимация режиссері, Қазақстан Киногерлер Одағының төрағасы,

Қанат Төребай, кинопродюсер, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері,

Данияр Саламат, кино режиссер, Халықаралық Шанхай кинофестивалініің бас жүлдегері,

Елзат Ескендір, кино режиссер, Халықаралық Пусан кинофестивалінің бас жүлдегері,

Әрі Би-Бек Өр Алтай, сценарист, кино режиссер, Бакуде өткен халықаралық «Қорқыт ата» кинофестивалінің бас жүлдегері,

Жәнібек Нұрбекұлы, анимация режиссері,

Ерлан Төлеутай, сценарист, өнертанушы, «Қазақанимация» ШБ редакторы, дөңгелек үстелдің модераторы.

ҚАЗАҚ КИНОСЫНЫҢ ЖАЗЫҒЫ НЕ?

Сурет: Видео скрині / Ерлан Төлеутай мен Қанат Төребай

Ерлан Төлеутай:

– Қазақ киносының проблемасы бұрын-соңды болмаған деңгейде асқынды. Мұны шешу мүмкін болмай қалған деңгейге түсті. Соның бір белгісі, мынау кешегі Шәкен Айманов негізін қалаған киногерлер одағының қазіргі сиқы. Қирандыға айналған. Осы күйге қалай жеттік? Киноның осындай күйге түсуіне қандай жазығы бар?!

КИНОГЕРЛЕР: ОДАҚ ҒИМАРАТЫНЫҢ 60 ПАЙЫЗЫ САТЫЛЫП КЕТКЕН!

Қанат Төребай:

– 90-шы жылдар өте қиын болды. Бүкіл қазақ киносы зардап шегіп жатқан кезең ғой. 2000-шы жылдардың басынан бастап кішкене қозғалыс байқалды. Кино Үйі тозып кетсе де, сол кезде өз қалпында сақталған. Даму болмаса да, сақтап қалу маңызды болды. Себебі, Тәуелсіздік алғалы-бері Үкімет киногерлер одағына бір тиын шығармайтын. Бірлі-жарым іс-шаралар өтіп тұратын. Соның ішінде кішігірім фестивальдер, кино жүлделердің марапаттаулары т.б.

Тарихын зерттесек, Игорь Вовнянконың алдында, 2000-шы жылдардың басында киногерлер одағын басқарғандар осы ғимараттың 60 пайызын сатқан. Бастапқыда бұл ғимараттың аумағы 2000-нан аса шаршы метр болса, қазір біздікі соның 900-і ғана. 60 пайызы бөтен қолда, жеке меншікте.

Рысқұлов көшесінде кинопрокат болды. Оны сатты. Пионер лагер болды. Оны да сатты. Біраз дүниеден айырылдық. Шығармашылық үйлер болды. Оның барлығы сатылып кетті.

Осы қалған 40 пайыз біздің қолымызда болды ғой. 2016 жылғы басшылар бұл қалған бөлікті жалға беріп, ақша тапқысы келді. Осы жерде түнгі клуб жасаймын деп жөндеу жұмыстарын бастаған.

2018 жылы Асанәлі Әшімов, Игорь Вовнянко бар, тағы бір-екі ақсақалымыз бар, Ермек Тұрсынов пен мені шақырып: «Сендер қайда жүрсіңдер, неге аулақ жүрсіңдер? Неге осы мәселемен айналыспайсыңдар? Біз жақында Кино Үйінен де айырылатын түріміз бар», - деп ұрысты.

Сосын біз де қимылдай бастадық. Сол жылы кезексіз сиез өткізіп, сол басшыларды алып тастап, Ермекті сайладық. Сосын әлгі жалға алған компаниямен 3 жыл соттасып жүрдік. Жоғарғы сотқа дейін бардық. 3 жылдан кейін, ақыры жеңдік. 3 жыл бойы біз мұнда кіре алмай жүрдік.

2021 жылдың аяғында ғана мұнда кіргенде көргеніміз осы, міне. Осындай күйге түскен екен. әрине, жағамызды ұстадық. Бірақ сотқа бере алмадық. Себебі, зиянды дәлелдеу үшін құжаттар керек. Әрине, 1971 жылдан бері тұрған мүліктер, экрандардың құжаттары сақталмаған. Сөйтіп, сотқа бере алмадық.

Бұрынғы басшылар бұл ғимаратты анда-мұнда жалға берген ғой. Сол кездерде ғимарат гей-клубқа жалға берілгені туралы да әңгімелер айтылып жүр. Осы жерде ЛГБТ фестивальдер де болған екен!

КИНО САЛАСЫНЫҢ БАСШЫЛАРЫ ӨЗДЕРІ ТҮК БІЛМЕЙДІ, БІЛЕТІН АДАМДЫ ТЫҢДАМАЙДЫ!

Данияр Саламат:

– Қазіргі қазақ киносының, Кино үйінің халін қараған кезде, шынымен де бір өштік бар секілді. Дәл осындай жағдайға түсіру, негізгі мамандарға мән бермеу, төбеден біреуді түсіре салу т.б. жиынтығында осындай нәрсе болады.

Камал Смайылов маған сабақ берген еді. Сіздер Камал ағаны жақсы білесіздер, ең бірінші ол кісі киностудияның директорлығынан бастаған. Онан кейін кино комитетінің басшылығында болды. Одан  кейін Орталық комитетте идеология жағынан хатшы болды да, ол кісі барлық жағдайда көңілін ерекше бұрған сала – ол руханият, соның ішінде кино болды. Камал ағалар қарапайым болды. Адамдығын сақтап қалған еді.

Ал қазір біздің басшылар бізбен бетпе-бет келе алмайды. Өйткені, бізбен бетпе-бет келу деген сөз – киномен бетпе-бет келу деген сөз. Қазіргі басшылар киномен параллель жүр.

Камал ағалардың сол кездегі киноға деген махаббатының болғаны соншалық, қазақ киносының тарихы деген оқулық жазды. Ал қазіргі шенділерде ондай көзқарас бар ма? Қазір бізде: «Ол киноның маманы болуы керек», - деп айтылады. Маманы болмай-ақ қойсын, киноға деген махаббат болуы керек!

Осы жерде мультфильм туралы қоса кетейікші. Мультфильмді тұншықтыруға кімнің қолы барады? Ол балалардың ойыншығын, өзін умаждағандай әрекет емес пе? Егер мен сол жерде бастық болсам, мультфильм жасаған адамның жанында «мына қуаныш қашан шығады екен» деп телміріп отыратын едім.

Осы дүние біздің жанымызға батады. Содан кейін «Қазақфильм» басшылығына бір адамды қояды. «Ойбай, қырамын-жоямын, тындырамын. Барлығыңызға есігіміз ашық», - деп жатыр еді ғой. Барайық, осы дүниені айтайық дейміз ғой. Сөйтіп хабарласамыз. Кіру мүмкін емес! Мен ол жерден жеке басыма ешқандай лауазым сұрамаймын. Осы қирап, құлап жатқан дүниені қайта қалпына келтіру үшін жанашырлықпен ақыл қосуға барамын. Сонда олардың біздің сөзімізді жай ғана тыңдауға адамгершілігі жетпейді! Олар: «Өзім білем», - дейді. Бірақ түк білмейді! Білетін адамды тыңдағысы келмейді!

ФОТОБАЯН: ҚИРАНДЫ БОЛҒАН ҚАЗАҚ КИНОСЫНЫҢ ҒИМАРАТЫ

Abai.kz ақпараттық порталы Шәкен Айманов негізін қалаған киногерлер одағының Кино Үйінің қазіргі жағдайынан фотобаян ұсынады. Қараңыздар:

Сурет Abai.kz

Сурет Abai.kz

Сурет Abai.kz

Сурет Abai.kz

Сурет Abai.kz

Сурет Abai.kz

Сурет Abai.kz

Сурет Abai.kz

Сурет Abai.kz

Сурет Abai.kz

Сурет Abai.kz

Сурет Abai.kz

Сурет Abai.kz

Сурет Abai.kz

Сурет Abai.kz

Сурет Abai.kz

Сурет Abai.kz

Сурет Abai.kz

Сурет Abai.kz

Сурет Abai.kz

Сурет Abai.kz

Abai.kz ақпараттық порталы: Құзырлы министрлік (ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі) Шәкен Айманов негізін қалаған киногерлер одағының Кино Үйінің қазіргі үйінді-қирандыға айналған жағдайына, қазақ киногерлерінің ашынып айтқан жанайқайларына назар аударады деп сенеміз!

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

8 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1434
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3199
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5141