Жұма, 22 Қараша 2024
Әдебиет 1768 0 пікір 16 Тамыз, 2024 сағат 15:01

Алтын жапырақ

Әкбар Мәжитұлы Сурет: oq.gov.kz

Оқи отырыңыздар: Нұрман қарт және оның тазысы

Біздің анықтама:

Әкбар Мәжитұлы Қытайдың Бейжің қаласында тұратын, миллиардтар елінде, империялық тілде сөйлейтіндердің ортасында «Қытайдағы қазақтың Олжас Сүлейменові» атанған қазақ қаламгері.

Көрнекті жазушы, аудармашы, баспагер, аға редактор, мәдениет және өнертанушы, профессор, мемелекет және қоғам қайраткері. Қытайдың мемлекеттік сыйлығының және мемелекеттік кеңес степендиясының иегері. Қазақстан Президентінің «2 дәрежелі Достық орденімен марапатталған.

1954 жылы 15 сәуірде ҚХР ШҰАР-дың Іле қазақ автономиялы облысына қарасты Қорғас ауданының Сарбұлақ ауылында дүниеге келген. Ланджоу универистетінің қытай филологиясы бөлімінің түлегі (1977 ж.).

Іле облысы үкіметінің аппратында, Қытай жазушылар одағында жауапты қызметтерде болды. «Ұлттар әдебиеті» журналының негізін қалады әрі оның бас редакторы болды. «Қытай жазушылары» журналының бас редакторы, Қытай жазушылар одағы басқармасының хатшысы, Қытай жазушылары баспа корпорациясының шығармашылық жөніндегі жауапты бірінші орынбасары, «Қытай кино және телевизия» ҚҚ басқарма төрағасының жауапты бірінші  орынбасары сынды қызметтерді атқарды. Бейжің қаласының және Қытай халық кеңесінің уәкілі (депутаты).

Шығармаларын қытай тілінде жазады. 1970 жылдардың соңында алғашқы шығармаларымен қытай әдебиетіне бірден танылған жазушы. 1980 жылы 26 жасында қытайдың әдебиет саласындағы мемлекеттік сыйлығын алды.

«Ақсақ құлан», «Көк көгаршын», «Көгалда», «Аспан таулар аясында» сынды прозалық кітаптардың авторы.

Елімізде жазушының «Ақсақ құлан» деген таңдамалы әңгімелер жинағы жарық көрді. Қазақ прозасының классикалық үлгілерін, Әуезовтің «Абай», «Абай жолы» роман-эпопиясын, «Абай қара сөздерін», «Қазақ халық әндерінің антологиясын», қырғыздың «Манас» эпосын, ұйғырдың классикалық музыкалық мұрасы - «12 мұқамды» қытай тіліне аударған.

Қытай прозасының классигі, атақты жазушы Уаң Мың мырза Әкбар Мәжитұлының шығармалары туралы: «Ол бұрын-соңды тұрмысты дайын қалыпқа негіздеп көшіре салмайды немесе көптеген оқиға желісін ойдан ойдырып, шалағайлық істемейді. Керісінше тұрмыстың әрқай жақтарына жіті назар аударып, терең ой жүгіртіп, кейіпкердің көңіл-күйін, оқиғаның шиеленісуін, пейжазды және қарама-қайшы құбылыстарды ұстап қалуға құлшынып, проза жасампаздығында өзінің өзгеше үлгісін жаратты. Сонысымен де ол қытай прозасында үлкен орынға ие қаламгер», - депті.

Сержан Сәрсенбайұлы, әдебиет сыншысы


Алтын жапырақ

1

Көзді ашып-жұмғанша күз де келді. Күллі тау алабын ала жайқалған ақ қайыңдар көз жауын аларлықтай алтын реңге боялды. Қалың қайыңдының етегіне жалғаса өскен терек, шетен, шатыртал, долана, жабайы алма, қарақаттар да жапатармағай соған еліктеп, жаздың жомарт шұғыласы сыйлаған қанық жасыл желектерін шешіп тастау қамына кіріскен. Тоқтаусыз сылдырап аққан бұлақ жағасындағы топ-топ құба тал мен бақа талдар да күз сыйлаған сұлу тондарын жамылыпты. Күз көркіне енген тұтас тау өңірі әжептәуір байыпты, сұлу да сыйласымды мінез аңғартады. Қар жиегіне жалғаса өскен самырсын, шырша, арша, қарағайлар ғана өз қалпында, сүйегіне біткен қайсар мінездерімен күз көркіне енген осынау таулы өңірге жасыл алап сақтап қалған. Әйтсе де, сәл сәп салған жанға сол жасыл түстің өзі де жаздыкүнгідей қанық жасыл емес, көк барқыт түс екені анық еді. Ал қарлы тау құтты бабадай бауырындағы күз көркіне шомған осынау дүниеге үнсіз сәп сап тұрғандай.

Бірақ, бұл араның күзі әлде кімдер айтқандай сүреңсіз емес- ті. Сай аузындағы сарқырай аққан өзен жағасына жағалай түскен ағаш үйлер, сол үйлерден құралған шағын ауыл – орман алаңы бұл өңірге несібелі тіршілік тынысын беріп тұр. Сол ауылдан көтерілген будақ-будақ түтін, қалықтай көтерілген ән, өрістен қайтқан малдардың шуылы, түн ортасы иттердің үргені – соның бәрі-бәрі күз құшағындағы таулы орман әлеміне жарастық беріп тұр. Десе де таулықтарды әбден мезі қылатыны жаз шығысымен жайлауға жапырлай келіп тұратын қалалықтар. Бұл тұста олар оба жүретіндей, алды-артына қарамай өздерінің қаладағы жай- лы үйлеріне қарай тайып тұратын. Олар жыл құсы іспетті еді. Жадырап жаз келіп, шүлен шұғыласы байтақ даланы алған сәтте-ақ, жайлауға қарай жамырайтын да, бір түннің ішінде мөлдір бұлақ жағасына, жаңбырдан соң жамырап шыға келетін саңырау-құлақтай ақ шатырларын тігіп үлгіретін. Сонымен тау арасы тыныштығынан мүлде айырылатын. Одан күзге салым, суық түсе бере тағы да бір түннің ішінде арттарына құлазыған жұрттарын ғана қалдырып жөнеп беретін. Бәлкім олар ұлы табиғаттың таулы өлкеге тартқан сыйы жыл он екі айда да баурап тұратынын мәңгі-бақи білмей кетер де. Олар жайлаудың аз-ақ күндік ағын ғана қанағат тұтатын, соған мәз болатын.

Деседе, осы өңірде Арман інішектен басқа қатты зерігетін адам болмаса керек. Екі жылдың алдында ауданнан орта мектеп бітіріп оралған ол орман алаңындағы алты ауызды қонақ үйге өзі қожалық ететін. Сондықтан да бұл ауылдың сыры мен қырына әбден қанық еді. Айталық, жаз күндері ол таңертеңнен бәйек болатын, ал күзге салым оның қарамағындағы қонақжай аяқ астынан қаңғырап бос қалатын да, бір мезгіл дыр-думанды болған алты ауыз ағаш үйде сопайып жалғыз басы қалып, сарылған ұзақ қыс пен күзді шығарып салатын. Міне, ол осы ағаш үйлермен бірге әне сондай құлазыған екі жылды ұзатып салды. Жаз күндерінен басқа мезгілдерде оның ағаш үйлерін елеп-ескеріп жатқан қаншауы бар екенін оның өзі де білмейтін. Кейде ол ағаш үйлерге құлазып қалмасын дегендей, алма-ке- зек түнейтін де қаңғыраған төрт тамға іштегі сырын шертіп күн өткізетін. Міне биыл күзден бері есік алдындағы өскен жабайы шөптер мен жел ұшырып әкелген шырпы-қурайларды да сыпырып, тазалағанды қойған. Егер есік алдындағы күнде жүретін тар соқпақ болмаса, сырттан келген біреу бұл ағаш үйлерді көп көрім орман алаңның қонақжайы дегенге сенбестей еді. Алайда, дәл осы елеусіз сәтте, күз келісімен ел назарынан қалған бұл араға аяқ астынан қаладан бір сыйлы қонақ келе қаларын кім білген. Оның үстіне келген бұл сыйлы қонақ әйел затынан болып шықты.

2

Ауыл төбесінде көлбеген көгілдір мұнар – орман алаңындағы үй-үйдің мұржаларынан созыла көтерілген қою түтін баяу ыдырап аспанға тарап кетіп барады. Күн әлі көтеріле қоймаған кез. Бірақ оның алтын нұры қарлы тау артынан зеңгір көкке себіліп тұр. Қарлы шың көз шағылыстырып, сайдағы елге жаңа бір күннің басталғанынан дерек береді. Сол күнді ары-беріден соң көмес алып алақан тау төбесіне көтереді, онан барып байыптап қана аспан кеудесіне қадайды. Терең сайда таң нұрын көру оған ғәнибет еді.

Арман ұйқыдан ояна көзін уқалады да есік алдына шығып рахаттана керілді. Шіркін, таңғы ауа қандай рахат! Сай-саладан жапырақтардың хош иісі аңқиды. Салқын ауа оның бой-жүйесін билеп алғандай болды. Ол таңғы ауаны сіміре қарсыдағы көз ұялтар ақбас шыңға ұзақ қарап тұрды.

Ол өз ізі ғана түскен жалғыз аяқ жолмен үйіне тартты, оның үйі сонау түтін қауып жатқан ауылдың шетінде еді. Күз түскелі ол күнде таңертең сол таңертеңгі шайға жүгіреді, тіпті беті- қолын да үйіне барып жуатын болған. Одан ұзақты күнді орман алаңындағы шағын қамдаудың есік алдында өткізетін. Содан кешкі тамағын ішіп болып сенделе басып иен қалған қонақжайға ел жата оралатын. Іс жүзінде, күндіз қамдауға келетіндер де өзіне таныс, күнде көріп жүрген көрші-қолаңдар болатын. Десе де ол ара оған өте көңілді сезіле беретін. Сол көрші-қолаң, таныс- білістері қамдау алдында құратын әңгіме дүкенін басқа жерден таба алмайтын, ерекше жан елітерлік жаңа, қызықты (Бірақ қайта есіне алған кезде ол әңгімелер дәм-татусыз қысыр кеңес болып шыға беретін) сезілетін. Олардың күлкі ойнаған жүздері әдемі де әсерлі көрінетін оған. Өте-мөте сол сәтте қызыңқырап қалған әлде біреу бетіңе тіке қарап ыржия қалса, сол кезде сен де көңілдене түсесің, тіпті өзің де онымен бірге мас болып бара жатқандай боласың. Әрине, Арманның да қамдау алдына баруға зауқы соқпайтын кездері де болушы еді. Ондай кездерде орман алаңының кітапханасына барып, кешеуілдеп келген газеттер мен уақыты өткен суретті журналдарды ақтарыстырып ермек ететін. Бірақ оның газетке онша зауқы жоқ еді. Бір тәуір көретіні суретті журнал болатын. Бірақ мұндағы журналдардың бет саны толық болмайтын. Жаңадан келген журналдар қолдан-қолға өтіп арада бірнеше күн араламай жатып, кім жыртып алғаны белгісіз, әйтеуір ішіндегі реңді суреттер ұшты-күйді жоқ болып кететін де көп өтпей әлде бір үйдің төрінен кезігетін. Бірақ оны ешкім қузап жатпайтын. Арман суретті журналдардың беттерін жыртып алған адамды іштей қатты жек көріп жүретін, суретті журналды толық көре алмағанына қапаланатын. Әйтсе де, бір жолы оның өзі де елге көрсетпей журналдың реңді мұқабасын жыртып алған еді (ол беттерінен ел түк қандырмай жыртып кеткен журнал болатын, оны үйдің бір бұрышындағы үйіліп жатқан ескі журналдарды ақтарып жүргенде тауып алған). Бұл бір құпиялық болатын. Оны осыған дейін жан баласына айтқан емес. Оның жыртып алғанын да ешкім білмеуші еді.

Арман жол бойы бүгінгі күнді қалай өткізсем болар деген оймен төмен қарап келе жатып (бұл ойдан ол әбден ығыр болған) үйіне келіп қалғанын да сезбей қалды. Көрші үйдің ала мойнағы арсалаңдап алдынан шықты. Әлдене Арманның есіне түсе кетті. Рас-ау, қонақжайда қаладан келген қонақ бойжеткен бар емес пе! Ол дереу артына бұрылып қонақжайға жүгірді. Мәссәғән, қара басып тарс есімнен шығып кеткенін қарашы. Кеше кеште, Арман есікті құлыптап үйіне қайтпақ болып тұрғанда орман алаңының хатшысы бір бойжеткенді ертіп келіп, оның жолынан тосып: “Арман, мына суретші қаладан келген екен, осында біраз уақыт болады, жә... я..., дұрыс суретші, сурет сызады. Жатаққа орналастырып қойғайсың. Не шаруасы болса орындап беруге өзің жауапты бол. Қолыңнан келмей жатқан шаруа болса маған дегейсің. Жалғыз адамға бола бөлек қазан асатын емес, тамақты сендердікінен ішіп тұрсын. Шешеңе айта бар, керекті нәрсе болса қоймашыдан алып тұрсын. Жә, бұл шаруаның жөні осылай болды” – деп хатшы қонақты оған тапсырып жолына түскен. Сол кезде Арман қонақжайға аяқ астынан қонақ келгеніне іштей қатты қуанған. Қуанбай қайтсын, бұл тым-тырс күзде бұдан кейін өзі де, ағаш үйлер де жалғызсырамайтын болды. Бәрі ұқсас салынған үйлер болса да, ол қонақты ағаш үйлер ішіндегі өзі ең жақсы көретін ортаңғы үйге түсіріп, оған жуылған тап-таза көрпе-жастық әкеліп берген. Одан қонақты ертіп үйіне кешкі тамаққа келген. Содан бері ол өте көңілді жүрді, алты ауыз үйді ендігі жерде жалғыз күзетпейтін болды. Төсегіне жатқан оның есіне әлгі қонақ бойжеткен түскен кезде орман алаңдарын, тау-суларының көркін сірә қалайдан-қалай сызатыны ойына орала берді. Сұлу қайыңды ол жақсы көрер ме? Ал оны өзі жанындай жақсы көреді. Арман міне осындай тәтті оймен ұйқыға сапар шеккен. Бірақ, міне бүгін таңертең орнынан тұра салысымен сол қонағын тарс ұмытып, үйіне тартып кетіп отыр.

Қонақжай іші құлаққа ұрған танадай жым-жырт. Ортаңғы үйдің терезесі қашан ашылғаны беймәлім (Арман әлгінде жүрерінде оған сәп салмаған екен). Арман қонағын терезеден- ақ: “тамақ уағы болды” деп шақыра салмақ болды, бірақ онысы қонағының алдында сөлекеттеу болатынын ойлады да, коридормен жүріп отырып есіктен шақырмақ болды. Келсе есік айқара ашылулы, үйде жан баласы көрінбейді. Таңертең ертемен тұрып жаяу сейіл құрып кеткен болмасын. Бірақ бұл араның соқпағы қаланың таспадай тартылған түп-түзу көшесіндей емес қой. Ол әңкі-тәңкі болды да қалды. Одан әйел қонағын қайда кетсе де бірдемнен соң оралар деген оймен ауладан күтпек болды.

Қарлы тау көз ұялта шашыраған күн нұрын ақыры иығына алды, одан төбесіне көтерді көкшіл мұнарадан. Тоқылған көкшулан желек ауыл төбесінен баяғыда ғайып болған. Таңертеңгі сауыннан кейін сиырлар маңғаздана басып өріске бет алды. Бірақ қонақ әйел соған дейін оралмады. Арман сәл де болса да жабырқап қалды. Сол-ақ екен, әйел қонақтың келгеніндегі қуанышы су сепкендей басылды. Тіпті бұл әйел қонақтың келуі өзі үшін пәлендей бір жақсылық емес екенін сезінгендей болды. Өстіп күте берсе, құдай біледі, бұдан кейін ұзақты күнді осы қонақжайда өткізер. Күндердің бірінде қонақ әйел оны бірер жұмысқа жұмсап жібермесіне кім кепіл. Ол еріксіз орман алаңының шағын қамдауына көз салды. Төбесін қалың қурай басқан қамдау бұл арадан мен мұндалап тұратын. Сәлден соң ол араға ел жапырлап қаптайды деген сөз. Арман күрсініп қойды. Хатшының бар жұмысты өзіне итере салуы да өз бойын әурешіліктен аулаққа салу екенін енді білді. Егер бастық-мастық біреу болар ма еді деп ойлады ол, жұмысы болсын-болмасын таңертеңнен кешке дейін артынан қалмай салпақтар еді-ау жазғаның. Арман ызалана қабағын түйді. Бір беймаза ой оны мазалағандай болды. Ол әйел қонақты ендігі жерде күткенді қойып, жақын маңнан іздеп көруге тәуекел етті.

3

Арман қонақжайды бір айналып шықты, одан лажсыздан төңірекке көз салды. Көз жетерден әйел қонақтың қарасы көрінбеді. Арман оны қайдан іздеп табудың бабын таба алмады. Таң атпай жатып жападан-жалғыз өзі ит тұмсығы өтпейтін қалың орманға бара қоймас, оның үстіне кеше ғана келіп отыр. Бұл араның ой-шұқырына қанық емес. Қарсы жақ беткейде жайылып бірнеше сиыр жүр. Одан басқа жан иесі көрінбейді. Мүмкін бұлақ жақта жүрген болмасын. Арман бір байламға келе алмай басы ауған бойы бұлақ жағасына қарай тартты. Бұл қонақтың бабын табу тым қиындау сезілді оған. Ол біреудің ескі жұртының тұсынан өтіп бара жатып жұртта қалған жыртық резинка етікті қалың қурайдың ішіне қарай теуіп кеп жіберді.

Арман бұлақ бойындағы қалың орманға кірді. Бұл арадан мөлдірей аққан бұлақ көрінбейтін, десе де бұлақ суының сыңғырлаған үні анық естіліп тұратын. Ол тіпті қонақжайға да естілетін. Арман мал аяғымен түскен соқпақпен жүріп отырып бұлақ жағасына келді. Бұл арадан да әйел қонақтың қарасы көрінбеді. Ол тар соқпақтан шығып бұлақ бойындағы сонымен жүріп отырды. Бірде тұтаса өскен қалың бұталарды жарып өтсе, бірде айқыш-ұйқыш сұлаған томарлардан қарғып отырды. Өрмекшінің торы да бетіне жабысып жол бермейді. Шақайы мен сымының екі балағы таңертеңгі шыққа әбден малшынды. Сонша жүрсе де әйел қонақты кезіктірмеді. Арман қатты ашуланды. “Не де болса тағы да іздейін, одан кезікпей жатса, қайтайын. Қарны ашқанда әлі-ақ өзі оралар. Бірақ енді кезіккенде айтарымды айтып алайын. Өкпелесе өкпелей берсін, әйтпесе, күнде өстіп босқа сандалта берер мені” деген байламға келді.

Арман қатты ашумен ақ қайыңның арасымен жіті басып бара жатқан кезде қапелімде әйел қонақ ақ қайың орманы жақтағы бұлақтың қарсы жағасынан көрініп қалды. Арман кідіріп қалды. Ол әйел қонақты бергі жағада тұрып атын атап шақырмақ болды. Бірақ аты-жөнін есіне түсіре алмады. Кеше өзіне атын айтып бергені есінде. Аты Мәруә ма, жоқ Мәрғуә ма еді, жоқ басқа ма, қанша ойласа да есіне түсіре алмады. “Ей” деп шақыруды тағы ерсі көрді. Қайтерін білмей, көп дағдарды. Әйел қонақ оның келгенін сезер емес. Сурет тақтасын сүйеп жүрелей отыр. Әлсін-әлі басын көтеріп алысқа қадала қарайды. Одан дереу еңкейіп әлденені апыл-ғұпыл сыза бастайды. Жұмысына берілгені соншалық, басқа дүниені мүлде ұмытқан. Арманға оны шошытып алмай, бұлақты кешіп өтіп оның не сызып отырғанын көрейін деген қызық ой орала кетті.

– Не деген жақсы сызасыз!

Арман әйел қонақтың артында еріксіз таңырқап тұрған кезде, әйел қонақ артына жалт қарады да ту сыртында біреудің тұрғанын сонда барып білді. Бірақ Арман оның жанарынан әнтек таңырқаудан басқа, шошынғандықтың титтей де белгісін байқамады.

– Солай ма? Арман бауыр, қашан келдің мұнда, келгеніңді сезбеппін де.

– Мен ... мен әлгіректе келгемін, – деді Арман дереу ұялып.

– Ай, бауыр-ай, “әпеке, мен келдім” десең болмай ма!

Қонақ бойжеткен Арманға үнсіз қарап тұр, жүзінен күлкі ізі ғана байқалады. Қайың орманының таңертеңгі мүлгіген тыныштығы Арманға бір ой салған болса керек, қалайша екен, оның құлағына қонақ бойжеткеннің үні бейне сыңғырлай аққан тау бұлағының үніндей тұнық әрі жағымды естілді. Бұл тұста ол өзін сусап шексіз-шетсіз ну орманда жан-жаққа шапқылап жүріп тосыннан мөп-мөлдір бұлаққа кез болған маралдың бұзауындай сезінді. Сол-ақ екен, әлгіндегі алқымына тірелген ашуы лезде тарап сала берді...

– Сызған суретіңізге қарап тұрдым... – Арман қысыла күлді, - не деген жақсы сызасыз!

– Жоқ, Арман бауырым, жаңылып тұрсың. Онан да ауылдарыңның көркін айтсаңшы, бейне ұлы табиғат киелі қолымен әдейілеп орнатқандай-ақ екен! Міне, арман деген осында жатыр емес пе. Әуелі, дәл қазір сол көріністің нобайын да келтіріп бола алмай жатырмын. Ол өзінің туған жерінің табиғатын осыншама мақтаған сөзді басқа біреуден мұнан бұрын естіп көрмеген еді (оның үстіне өзінің есімін тау өзендерімен байланыстырып отырмай ма). Осыны естіп, оның жаны еріп кеткендей де болды. Ол әлгінде ғана өзінің бұл қонағын орынсыз сөккеніне өкіне бастады. Ол қонақ бойжеткенге қарай берді, тіпті не демекші еді өзі? Таңертеңгі шай уақыты болғанын айтпақ болды. Бірақ не деп айтарын білмей бөгелді. Ал қонақ бойжеткен оның атын қайта-қайта жан тарта шақыра берді. Бұған Арман онан Арман қысылып қалды. Ол тіпті екі бетінің дуылдап бара жатқанын анық сезді. Ол не де болса оны «әпеке» деп шақырайын деді. Бірақ біреуді ежелден «әпеке» деп шақырып көрмеген еді, өйткені оның әпекесі жоқ еді. Сондықтан «әпеке» деп шақыру оған мүлде жат сезілді. Арман «әпеке» деп шақыра жаздады да ақыры қинала жүріп әзер деген де оған:

– Менше, сіз ... таңертеңгі шайдан кейін келіп сызсаңыз қайтеді? – деді.

Бәсе, неге екен десем, таңертеңгі шайды ішпеген екенмін ғой. Жүрелік, бауырым, егер сен шақырып келмеген болсаң, таңертеңгі шайды ұмытып кеткендей екенмін.

Қонақ бойжеткен сыңғырлай күліп сызба тақтайын жинады. Жол бойы ол Арманнан жасын, қанша жыл оқығанын, кәсіптен сыртқы әуесі қатарлы оны-мұныны сұрады. Арман да одан әлденені сұрап білгісі келді. Бірақ есіне қапелімде ештеме түспей-ақ қойды.

Арман қонақ бойжеткенді ертіп үйіне кетіп бара жатқан кезде кішкене қамдаудың есік алдына бір топ адам үймелесіп үлгірген екен. Бірнеше орманшы оларға өзгеше қараспен қарайды. Арман олардың жымиуынан не демек болып тұрғандарын түсінбеді. Арманның есіне әлдене кілт түсе кетті − ол бұл қонақ бойжеткеннің атының Мақсат екенін есіне алды. Дұрыс, аты Мақсат болатын.

4

Таңертеңгі шайдан соң қонақ бойжеткен сурет сызатын сумкасын иығына асып: “сурет сызуға барамын” деді де өзен жағасына қарай кетті. Десе де, жүрер алдында Арманнан ертең өзімен бірге орманға сурет сызуға баратынын, бара алмайтынын кішіпейілдікпен сұрады. Бұған Арман мақұл бола кетті.

Қонақ бойжеткен кеткеннен кейін Арман үйіне отын жарып берді де сыртқа шықты.

Қарлы тау күнді төбесіне көтерді. Ауылдағы ер азаматтардың бәрі таңертеңгі шаруаларын жайғастырып болып, арт-артынан қамдаудың алдына жинала бастады. Күндік істеп жүргендер ғана болса керек, таудан келген бірнеше орманшы ғана ауыл шетінде бірнеше машинаға ағаш тиеп жүр. Күз құшағына енген иен тауда онан басқа пәлендей басы артық шаруа да жоқ еді.

Арман күндегі жүріспен қамдауға қарай тартты, қамдауға жетер-жетпестен таңертеңгі әлгі бірнеше орманшы оны әудем жерден айқайлап шақырды.

– Ей Арман, бері кел, мұнда.

Арман не болды дегендей оларға қарады. Іс жүзінде, қамдаудың алдына олар шақырмаса да өзі барар еді. Өйткені онан басқа барар жері де шамалы болатын.

Арман қамдаудың алдына жете бергенде әлгі орманшылар қамалай алдынан шықты. Бәрі арақ сасиды.

– Ей бауыр, таңертең ертіп жүрген әлгі бойжеткенің қайдан келген? – деп сұрады алдымен әлгі еңгезердей жігіт, ала күшіктің иесі көзін қысып, әлденендей сырлы лебізбен.

– Суретші, қаладан келді, – деп жауап берді Арман байыпты түрде. Десе де, әлгі жігіттің сұрауы оның құлағына түрпідей тиіп еді.

– Е, бұл жерге сурет сызғалы келіпті де, – деді әлгі еңгезердей жігіт қулана жымиып.

Арман бас изеді.

– Жә, оның аты кім болды? – деп сұрады әлгі еңгезердей жігіт тағы да.

– Мақсат.

– Мақсат. Е, дұрыс, дұрыс Мақсат, – алакүшіктің иесі осынау әдемі есімді ұмытып қалмайын дегендей әлсін-әлі қайталай берді.

– Оһо, Мақсат! Не деген тауып қойылған ат. Менің жер- әлемнен іздесем де дәл күні бүгінге дейін таба алмай жүрген Мақсатым сол болып жүрмегей, – деді. Бұл тұста тағы бір жігіт сөзге араласты (оның арақтан тілі күрмеліп қалған еді):

– Па, үріп ауызға салғандай қыз екен!

Арман ашудан қып-қызыл болып күреңітіп кетті. Ол әлгі мас жігіттердің тәлкегіне ұшырап, қорлық көргендей болды. Ол қатты-қатты сөздермен қарымжысын қайтармақ болып еді, ашудан еріндері дірілдеп, қапелімде аузына сөз түспей-ақ қойды.

– Ей, Құмарбек, бұл қай қылығың, тым құрыса мына Арман бауырдың жүзін аясаң болмай ма?!

– Әлгі өлем қапқыр хатшы бізді мұндай жақсы істің маңайына да жолатпайды.

– Жарайды, жолың болсын, Арман бауыр!

– Ха-ха-ха...

– Ха-ха-ха...

Әлгі мас жігіттер Арманды тастап, қарқылдай күліп, тәлтіректей басып тағы да қамдауға кірді. Олар тағы да араққа бас қоятын секілді. Арманның ашуы алқымына келді. Ол бұл араға келгеніне қатты өкінді. Сонымен “ту” деп бір түкірді де ызалана қамдаудың алдынан кетіп қалды.

5

Арман өзіне таныс ағаш үйлердің алдында отырғанда барып өзінің қонақжайға қайтып келгенін бір-ақ білді. Бірақ өзінің бұл арада қанша уақыт отырғанын білмеді. Ол әлгілердің қылығына шынында да қатты ызаланған еді. Ашуы енді сабасына түскен ол қонақжайдың ауласын елеусіз ғана үнсіз шолып шықты.

Күздігүнгі күннің жерге қиғаш түскен нұры жанға жайлы жылылық аңғартады. Терезе түбінде дау-дамайсыз-ақ өздерінің еншісіне тигендей ауылдың екі-үш тайыншасы күншуақтап жатыр (аула толы құмалақ, бұл араның көптен бері олардың еркін ойнағы болғанын аңғартады). Тайыншалар Арманды кісі құрлы көрер емес. Күздің алсыны да көктеп-ақ кеткен екен. Ортаңғы үйдің терезесінің түбіне өскен бірнеше тал құрақ терезенің көзін жауып қалайын депті. Аула іші қураған жапырақ. Әлдеқайдан шыққан болмашы құйын жапырақтардың ұйқы-тұйқысын шығарып дөңгелек айналдыра жөнелді. Менің ұстап отырған қонақжайымның жайы осы болды ма? Бір жолы орман алаңының хатшысы оны: «барып тұрған жалқаудың өзі екенсің, қонақжайдың есік алдын да сыпырып қоймайсың» – деп ұрысқан кезде, шамданып та қалып еді. Бірақ шөп-шалаң, қоқыр-қоқсық басқан аула көп жыл иен жатқандай болып кетіпті. Бетке салық қой бұл. Әйтсе де, күзден бері Арман бұл арада толық бір күн тұрып көрген емес. Ал осы да қонақжай болып па? Малшылар мен жазда жайлауға келгендердің ескі жұртынан қай жері артық. Мүмкін, таңертең кетіп бара жатып теуіп қалған әлгі жыртық резинка етік қазір қонақ бойжеткен жатқан үйдің терезесінің алдындағы шөптің арасында мәңгілік ұйқыға кеткен шығар-ау. Қонақ бойжеткен, дұрыс қонақ бойжеткен! О, Арман кенет өзінің қонағын есіне алды. Мақсат осының бәрін байқады ма екен? Ал байқаған болса не деп ойларын кім білсін! Арман екі беті дуылдап бара жатқандай болған соң бетін сипады, одан біреу- міреу көріп қалды ма дегендей жалма-жан орнынан ұшып тұрды да әлгі иесіз тайыншаларды қуып тастады. Одан үйден сыпыртқы әкеп есік алдын сыпыра бастады.

– Есік алдындағы шөп-шалаңдарды әбден сыпырып тазалап болып үйге кіріп, кезінде суретті журналдан жыртып алған мұқабаны оңаша көріп отырған кезде сурет сызуға кеткен қонақ бойжеткен қайтып келді.

– Арман бауыр, өзің кереметсің ғой, мына қонақжайдың есік алдын түске жеткізбей жалғыз өзің тап-тұйнақтай етіп қойыпсың.

Қонақ бойжеткен табалдырықтан аттамай жатып, оны мақтай жөнелді. Арман әлгі мұқабаны жалма-жан тартпасына сүңгіте салды. Қапелімде ол аяқ астынан қатты қысылды. Қонақ бойжеткеннің мына сөзіне қарағанда, ауланың кешегі кеспірі оған ерекше ықпал қалдырса керек. Ол өзінің салдыр- салақтығына іштей қатты опық жеді.

Қолына бір буда аты беймәлім көгілдір түсті тау гүлін алып қонақ бойжеткен үйге кірді. Арман орнынан дереу ұшып түрегелді.

– Акау, Арман бауыр екі бетің бүлдіргендей қызарып кетті ғой, мақтағаныма ұялып отырсың ба? – деп қонақ бойжеткен оның бетінен еркелете сипап қойды. – Жүре ғой бауырым, маған есік ашып бер. Рас, құмыра табылса мына гүлдерді суға шылап қоялық. Онан түскі тамаққа баратын шығармыз? Бүгін түскі тамақ уағында сені босқа іздетіп әуре қылмаған шығармын?

Арман ішін шаң басқан бір бос құмыра тауып келді. Қонақ бойжеткен құмыраны әбден тазалап жуды. Шаң жұтып қор болған құмыра өзінің тұнық мөлдір қалпына оралды. Одан оны су толтырып гүлдерді салды да, көңілі жай тапқандай терезенің алдына қойды. Үй ішінде әп-сәтте гүлдердің қош иісі аңқи жөнелді. Ауыл адамдары жөнінен алғанда, бұл гүлдерді ешкім де елеп-ескеріп жатпайтыны Арманға белгілі еді. Бірақ қонақ бойжеткен үзіп әкелген бұл бір буда гүл үй ішін жайнатып жіберді. Бұл қонақ бойжеткен көктемде келген болса қандай жақсы болар еді. Ол тау алабын жапқан алуан түсті гүлдерді емін-еркін аралатар еді, онан да маңыздысы, оның өзі де қонақ бойжеткенді күніне ең қызыл, ең әдемі гүлдермен сыйлар еді-ау.

Арман қонақ бойжеткенмен бірге қонақжайдан шығып тағы да қамдаудың алдынан өтіп бара жатқан кезде, әлгіндегі мас жігіттер әлі сол қамдаудың алдында айналсоқтап жүр екен. Сол-ақ екен, олардың бәрі қонақ бойжеткен мен Арманға жалт қарасты.

– По-по, нағыз қолаң шаштың өзі екен, деді әлдебіреу былдырлап.

Арман оның дауысынан көрші жігіт екенін білді. Арманның ашудан тұлабойындағы қаны басына тепкендей болды. Бірақ желкесінен қадалған оқтай сұқты көздерден аман қалайын дегендей, желкесін оқтын-оқтын қаси берді. Десе де ызасы келіп, әлгіндегі ұрынарға қара таба алмай жүрген мас жігіттерді келістіріп боқтағысы келді. Бірақ кенет қасындағы қонақ бойжеткеннің ешкімді көрмегендей нық басып кетіп бара жатқанын көрді де оның қатаң өңінен әлденендей ақыл мен сабыр тапқандай жуаси қалды. Сөйтті де үнсіз қонақ бойжеткенмен бірге үйіне қарай жүріп кетті.

6

Дала – соқыр тұман. Жауыны қайсы, тұманы қайсы, біліп болмайды. Керек десеңіз, орман алаңының ұсқыны да сол тұманнан кейде көрініп, кейде көрінбейді. Жалғыз күз даласы ғана жауған жауынның тамшысымен ғана сырт-сырт етеді. Міне енді күздің ақ жауыны басталды. Шатырлаған нажағайы, күркіреген күні жоқ толастамай жауған ақ жауын бірде сатырлай жауса, бірде саябырлай қалады. Оның қай күні, қай уақытта толас табарын біліп болмайды. Мүмкін, бұл жауынның сытыры алғашқы қарға дейін жалғасар.

Арман терезе пердесін ашты да аңырып тұрып қалды. Бұл күннің бүгін аяқ астынан өстіп құбыла қалатыны оның үш ұйықтаса түсіне кірмеп еді. Өйткені ол бүгін қонақ бойжеткенді орманға сурет сызуға ертіп баратын болып келіскен. Бірақ мына күнде сыртқа шығу мүлде мүмкін емес. Бәсе, ойдағы елдердің күз келісімен-ақ бұл араға байласа да тұрмайтыны осыдан екен ғой.

– Арман бауыр, тұрдың ба орныңнан? – есік алдынан қонақ бойжеткеннің аяқ дыбысы естілгендей болды. Арман жауап қайтарғанша, қонақ бойжеткен үйге кіріп келді.

– Өзен бойына барып келдім, тасып жатыр екен. Шын айтам, бірнеше түп ағашты тамыр-мамырымен қопарып ағызып әкетті. Қонақ бойжеткен көзбен көргендерін таңырқай айтып шықты.

Үстіндегі көкшіл түсті суляу жаңбырлығынан сорғалаған жауын суы еденге тамшылап түсіп сіңіп жатты. Бәтінкесі шылқа су. Бірақ, соның өзінде де бір буда күз гүлін ала келуді ұмытпаған екен.

Күн суық па екен? – деп сұрады Арман.

Қонақ бойжеткенмен үйге ере келген суық Арманның жүзін соғып өтті. Арман: “ол алдын ала әзірлік көрген секілді” деп ойлады оның көкшіл жаңбырлығына қарап.

– Суық екен, – деді қонақ бойжеткен. Суықтан болса керек, қонақ бойжеткеннің екі беті нарттай болып қызарып кетіпті. Ол жаңбырлығының бас киімін артына қайыра салды да, бетіндегі жауын тамшыларын сүртіп қуана:

– Жә, Арман бауыр тамақтан кейін орманға баратын болдық қой? – деді.

– Мына күнде де орманға барып сурет сызбақсыз ба?

– Ие, сенбей тұрсың ба?

– Мұндай күнде қой баққан қойшылардан басқа жан пенде үйінен шықпайды дегенім ғой.

– Акау, бауыр сен суықтан қорқып тұрсың ба, жоқ әлде жауыннан қорқып тұрсың ба? Тоңсаң үстіңе менің мына попайкамді киіп ал, ал жауын десең, мына жаңбырлығымды сен ки.

– Одан қорқып тұрғамын жоқ, – деді Арман тұтығып. Мына соқыр тұманнан қорқып тұрмын. Тауға барғанмен түк те көрінбейді. Суретті көзбен көріп отырып сызатын жұмыс шығар?

– Одан қам жеме, Арман бауыр менің жауынды күні сурет сызайын деген ойым бар. Әлгінде бұлақ басынан келдім, сай жақтағы тұман айығып, орманның бір шеті ап-анық көрініп тұр. Ондай көрініс шанда бір кезігеді. Қалай, маған еріп жүресің бе?

– Болады, Арман ақыры мақұл болып бас изеді.

– Жә, онда келістік қой?

– Келістік.

Орман мәңгі-бақи ертегідей дүние. Жауыннан кейінгі орман тіпті де сыланып, сұлулана түскен. Арман мен қонақ бойжеткен беткейге шыға бере жауын толастап, тұман айыға бастады. Бірақ төбедегі қалың бұлт әлі де төмен салбырап, тау шоқыларын бүркепкөрсетпейді. Сонауалыстағы, сайаузындағықорғасындай қошқыл қара бұлт астына бозғылт тұман ұялап алған. Ауа дымқыл, жұтқан лебің де соншалық дымқыл әрі тәтті сезіледі. Тау алабын жапқан ну орманды айналасы бір түннің ішінде жауын жуып-шайып жайната түскен. Ақ қайың, терек, шатыр талдардың жапырақтарын күз желі қағып сарғайтып жіберген. Десе де ақ қайыңның жалпақ жапырақтары сарғылтым түсінен қызыл арайланып, тау алабын қызыл жалынға бөлегендей. Боз талдардың ұзынша қызыл сары жапырақтары солқылдақ жасыл шыбықтарын ажарландыра түсіп, бейне алтын зер жаулық жамылған бір топ ұяң бойжеткендері майысып, айырықша сұлулана түскен. Ал зәулім биік ақ теректер суға шыланып зілдей ауыр қураған жапырақтарын ауық-ауық сілкіп тастап, жалаңаш бұтақтарын сорайтып, ара-арасына өскен шыршалар мен аршаларды құшағына алады. Әрине, шыршалар мен аршалар әлі де жап-жасыл. Тұла бойларындағы сауыттай болған қара көк қылқан жапырақтары күз жаңбырына жуылып онан арман жалтырай түскен. Бәрі де өре түрегеліп сонау сай басындағы зілбауыр бұлт жағасынан ызғар шашып тұрған қарлы шоқыға мысқылдай қарайды.

Қонақ бойжеткен осынау жанды жадыратарлық орман әлеміне көз салды да еріксіз саңқылдай күліп жіберді. Ол тіпті бір әдемі ырғақты әнді ыңылдап айта бастады. Арманға оның әні мен күлкісі бейне сызылтып ән салған құстардай сезілді, ал сол құс біресе бұлтты жара көкке өрлеп, біресе күзгі алтын жапырақтардың арасын айнала ұшып, жауыннан кейін тыныштық құшағына шомған орман өңіріне сарқылмас тіршілік тынысын әкелгендей болды.

Қонақ бойжеткен орман арасынан бір дөңестеу жерді таңдады да, қарсы жақтағы тау беткейіне үңіле қарап, сурет сыза бастады. Қонақ бойжеткеннің қасында тұрған Арман біресе қонақ бойжеткен қараған жаққа қараса, біресе бояуы әрлене түскен суретке тігіледі. Сурет нобайы бірте-бірте айқындала түсті, басына бұлт бүркенген шыңдар, ит тұмсығы өтпейтін шыршалар, аршалар, нарттай қызыл күз жапырақтары, ақ балтырлы ақ қайыңдар. Арман аңырды да қалды. Ол дәл бүгін мақсаттың қаламынан ғана туған ауылының осыншама кең тынысты, осыншама көрікті екенін, тіпті жауынды күнгі табиғаты да осыншама сұлу болатынын анық аңғарды.

Тағы да жауын жауа бастады. Арман жаңбырлығын шешіп сурет сызып отырған қонақ бойжеткеннің төбесіне тосты. Қонақ бойжеткен алаңдай басын көтерді, Арман оған күлімсірей қарады. Қонақ бойжеткен түсінгендей бас изеп, суретін алаңсыз сыза бастады.

Жауын бірте-бірте үдей түсті. Арманның үсті-басы малмандай болды. Бірақ ол тастай суық жауын суын елер емес, бір орнында тапжылмай тұр.

Әудем уақыттан соң қонақ бойжеткен ауыр жүктен арылғандай кең тыныс алды.

– Сызып болдым, Арман бауыр!

Қонақ бойжеткен көңілі жай тапқандай басын көтерді. Оның жайнаған әдемі қос жанары Арманға таңырқай қадала қалды.

– Па, Арман бауыр сенің мына бет-пішінің дәл осы арадан қарағанда өте әдемі көрінеді екен. Мен қалайша ертерек байқамағамын. Бүгін қайтып барған соң саған қырыңнан тұрғандағы суретіңді сызып берейін.

Арман қынжылып қалды. Өзінің де суреті сызылатыны үш ұйықтаса түсіне кіріп көрмеген ол қапелімде қайтерін білмей қалды. Бірақ қонақ бойжеткеннің суықтан бозарған ерніне қарап, тауда өскен өзінің оған көмек көрсетуі керек екенін дереу білді.

– Әбден тоңдыңыз, ана тұрған шыршаның түбіне барып тасаланайық. Мен от жаға қояйын.

Сәлден соң Арман бір түп зәулім қартамыс шыршаның түбіне барып от жақты. Қартамыс шыршаның кең жайылған бұтақтары бейне алып қол шатырдай жауын тамшысын өткізбеді. Арман мен қонақ бойжеткен от басында қарағай бұтақтарының шатырлап жанған үні мен сатырлаған жаңбыр үнін үнсіз естіп отыр. Әлдеқайдан тоқылдауықтың тоқылы орман ішін жаңғырта ауық-ауық естіліп тұр.

– Рас, Арман бауыр, үнсіздікті алдымен қонақ бойжеткен бұзды, – сенен бір нәрсені осы күнде сұраймын деп ұмытып кетемін. Осы сенің әпекең бар ма?

– Жоқ, Арман қонақ бойжеткенге таңырқай қарады.

– Онда мен саған әпеке болайын, сен мені мұнан кейін әпеке деп жүр.

Арман еріксіз жерге қарады, сол-ақ екен, екі беті ду етіп, қып-қызыл болып шыға келді.

– Акау, ұяласың ғой. Мені әпеке деп шақырғаннан ұялатын не тұр, бұдан кейін әпеке деп шақыр.

Арман басын изей берді..

7

Жауын екі күннен кейін әрең толастады. Бұлт көшіп, тұман айықты. Жұрт қардың етекке үнсіз жетіп келгенін сонда барып білді. Бұл тұста аппақ қар жамылған тау алабы әлі де алаулап жанған шоқ-шоқ жалын – ол күзгі алтын жапырақтарды әлі сілкіп тастауға үлгіре алмаған тау алабындағы кең жапырақты орман еді. Жыл құстары қайтып кеткен. Бірнеше сауысқан ғана өрттей қызыл қалың орман үстінде шықылықтап, ұшып ـ қонып жүр.

Қонақ бойжеткен қайтпақ болды. Ойға түсетін машина да табыла кетті. Егер сол машинамен жүріп кетпесе, тау жолы бітеледі де қалады. Содан мамырдың басында барып ержүрек бір шофер алдымен келмесе, одан бері ешкім келе қоймайды. Арман шоферға қонақ бойжеткенді ойға ала кетуді тапсырып қойды. Шофер оларға қамдау артына қарамай етекке зымырайтын.

Қамдаудың есік алды бұрынғыдай топырлаған қалың адам. Арманның көршілері – әлгі бірнеше еңгезердей жігіттер де ләйліп сонда жүр. Олар Арманмен тілдеспек болып талай оқталды, бірақ Арман оларды көрсе де көрмеске салды. Әйтсе де ол олардың өз жағына қайта-қайта қарай бастағанын сезді. Әлгі бірнешеуі қонақ бойжеткенге сұқтана қарайды. Мас адамға шара жоқ екен. Ол ашулана қабағын түйіп, дереу теріс қарай тұрып алды.

– Қарашы, Арман бауыр. Бұл жер қардан кейін тіпті де сұлуланып кетіпті. Мен бұл жерді қиыңқырамай тұрмын.

Қонақ бойжеткен тебірене дәптерін алды да, жалма-жан әлденені сыза бастады.

Бірақ, машина келе қалды.

Антұрған шофер бір минут та аялдар емес, Арман мен қонақ бойжеткен қоштасып үлгіргенше болған жоқ, машинасын от алдырды да жүріп кетті.

– Қош бол, аяулы бауырым. Қонақ бойжеткен кабинке- ден басын шығарып осы бір ауыз сөзді айтқанша машина сай тағанына жетіп қарасын үзді. Арман машина бұрылып ғайып болған мойнаққа ұзақ уақыт жабырқай қарап тұрды.

– Қонақты шығарып салдың ба, деп сұрады кенет біреу Арманның арқасынан қағып. Арман бұрылып қараса, әлгі көрші жігіті – ала күшіктің иесі екен. Арман ашулана бұрылып жүріп кетейін деп еді, әлгі жігіт шақырып алды.

– Өйтпе, Арман бауыр, бірнеше күннен бері маған теріс қарап жүрсің. Маған өкпелеп жүргеніңді сезіп жүрмін.

– Сіздер, әне күні..., – Арман ызадан түнеріп кетті.

Ол күні біз қатты мас едік, – деді әлгі жігіт Арманның сөзін бөліп. Ол күні әбден мас болыппыз. Не айтып, не қойғанымызды өзіміз де білмейміз. Біз айтпаған болайық та, сен естімеген бол, бола ма? Енді татулассақ қайтеді?

Әлгі жігіт Арманға қол берді. Арман сәл кідірді де, ақыры оның қолын алды. Одан бұрылды да әлде не есіне түскендей жіті басып жүріп кетті. Ол жатағына бара салысымен әлгі суретті журналдан жыртып алған мұқабаны төсегінің басына әдемілеп жапсырды. Одан оған бір сәт қарады да, көңілі орныққандай қонақжайды сыпырып тазалауға кірісті.

Кеште қонақжайға алаңның хатшысы келді. Бұл келген келісінде ол Арманның қызметінен бір мін таппақ болып еді. Ойламаған жерден қонақжайдың мұнтаздай таза әрі ретті екенін көріп, еріксіз таң-тамаша болды да қапелімде онда нендей сыр жатқанын білмей тұрып қалды. Бірақ, не де бол- са алдымен жігітті мақтап жігерлендіргісі келді. Арманның жатағына кіріп орнығып отыра бергенде оның көзі Арманның төсегінің басындағы әлгі бояулы мұқабаға түсті (өз орнын тауып жапсырғанын қарай көрші өзінің деп ойлады хатшы ішінен).

– Мұның кім? Хатшыға суреттегі адам жүз таныс сезілді. Бірақ қай жерден көргенін қапелімде есіне түсіре алмай, ақыры амалсыздан Арманнан сұрады.

– Менің әпекем? – деп жауап берді Арман мақтана.

– Әпекем? – деп хатшы Арманға сұрау тастағандай бажырая қарады,– Сенде әпеке бар екенін қалайша білмегемін?

– Акау, сіз әпекемді танымай қалдыңыз ба?

– Сенің әпекең...

– Сізге таныстырып қояйын, менің әпекем суретші! – деді де Арман бұрылып терезеден сыртқа көз тастады.

– О... – хатшы кенет әлденені түйсінгендей әлгі суретке қайтадан көз жүгіртті. Ол Арманның терезеден мамықтай аппақ қарлы далаға қадала қараған қос жанарынан әлденендей арман елесін көргендей болды...

Аударған Әлімжан Нұрғазыұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1456
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3222
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5279