Дүйсенбі, 16 Қыркүйек 2024
Әне, көрдің бе? 1339 8 пікір 16 Тамыз, 2024 сағат 16:57

Шұғыл: Қайрат Сатыбалды бостандыққа шығады

Сурет azattyq-ruhy.kz сайтынан алынды

Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың туысы Қайрат Сатыбалды бостандыққа шығатын болды. Оның түрме жазасы шартты жазаға ауыстырылды.

ШҚО Сотының баспасөз қызметі: «Өскемен қаласының №2 соты сотталушының шағымын қанағаттандырып, жазасының өтелмеген мерзімін шартты бас бостандығынан айыру жазасына ауыстыруға шешім қабалдады. Шартты жаза мерзімі 3 жыл, 3 ай және 7 күн», - деп мәлімдеді.

Назарбаевтың немере інісі бұрын Қылмыстық кодекстің 28-бабының 3-бөлігі, 189-бабының 4-бөлігі 2) (сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иеленіп алу), 28-бабының 3-бөлігі, 195-бабының 4-бөлігінің 2-тармағы (ұрлық мақсатынсыз зиян келтіру) бойынша сотталған. Мүлкі тәркіленіп, 10 жыл мерзімге мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан айыра отырып, 6 жылға бас бостандығынан айырылған.

Сот Қайрат Сатыбалды өзін оң сипаттап, сот үкімімен келтірілген залалдың орнын толтырды, сондай-ақ мемлекетке жалпы сомасы 700 миллиард теңгеден астам қаражат пен мүлікті өз еркімен аударды деп есептейді.

Сот Сатыбалдының тәрбие жұмыстарына белсене қатысқанын және сотталғандардың ерікті ұйымының мүшесі екенін қосты.

«Сатыбалдыға пробациялық бақылау орнатылды. Тұрақты жұмысы болмаған жағдайда сотталған адам жазаны өтеудің барлық мерзімі ішінде жыл сайын 100 сағат мәжбүрлі жұмысқа тартылады», - деді ШҚО сотының баспасөзі.

Еске салайық, 2022 жылы 26 қыркүйекте сот Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдыны ұрлық және екі компанияға мүліктік залал келтіргені үшін 6 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарған болатын. 2023 жылы экс-президенттің туысқанына қатысты басқа да қылмыстарды тергеу жалғасты. Қайрат Сатыбалдыға қатысты қылмыстық жолмен алынған кірістерді жасыру ісі сотқа 10 қаңтарда түсті. 1 сәуірде Сатыбалды бұл іс бойынша кінәсін мойындады.

2024 жылдың 12 тамызында Сатыбалды ісі бойынша 733 миллиард теңгеге жуық активтер мемлекетке қайтарылғаны хабарланды.

Abai.kz

8 пікір