Жұма, 22 Қараша 2024
46 - сөз 1296 1 пікір 19 Тамыз, 2024 сағат 18:10

Көп туса Қазақ...

Сурет Айт-Ман Нұржанның желідегі парақшасынан алынды

Академик Рәбиға Сыздықтың туғанына 100 жыл!

Дауылпаз ақын Қасым Аманжолов заманында Рәбиға қарындасының таланты мен кісілігіне, білімі мен білігіне тәнті болып: «Көп туса қазақ дәл сіздей қызды!» деп арман еткенін сергек ойлы қазақтың біразы білері хақ. Қайтерсің, жомарт Жасаған Ие де, Ол жаратқан құтайман халық та кейде, тіпті, ақынның да арманымен санаспай, ондай жандарды тым сирек жаратады. Соған қарағанда, табиғаттағы асыл тастардың да аса көп болмайтыны сықылды, асыл адамдардың да аз кездесетінінде бір заңдылық бар шығар...

Қандай мадақ та жарасатын бір жандар болады-ау. Сондай-ақ, қандай мақтау да кемшін соғатын бір тұлғалар да шанда-шанда кездеседі. Өмірден 96 жас жасап өткен, бүгін 100-ге толып жатқан – Қазақ Тіл ғылымының алып дарағы Рәбиға Сыздық, меніңше, соңғысына жатады. Мен тірлігіме тәубе айтқанда, осындай бір ғажап жандардың жанында бола алғаныма шүкір етемін, ал оның қарсысына өкінішім де жетерлік. Оны сәл кейін…

Ғалымдық бар да қайраткерлік басқа. «Жусан басын жықпай», «ызалы жерді баспай» өте шыққан талай ғалымды білеміз. Ал Ысық Сәмембет батырдың ұрпағы Рәбиға апай ғалымдық, қайраткерлік қана емес, қажет болса, қаһармандық та тал бойынан талай табылған жан еді. Өзі «халық жауының» қызы, «халық жауының» жұбайы бола тұра оның сонау «53-тің суық жазында» М.Әуезовтің ұлы шығармасының тағдыры талқыға түсіп, сол арқылы қаламгердің өз тағдыры тәлкекке ұшырап кеткелі тұрғанда, қаршадай қыз басымен өртке су сепкен қарлығаштай шырылдап ара түскені, қазақтың небір қасқа-жайсаңдары замана ызғарынан ығып басын көтере алмай отырғанда, қорғасындай салмақты, оқтай өткір пікірлерімен қорғап қалғаны – аңызға бергісіз ақиқат-тын! Томашадай қыздың алдына келіп асылзада қожалар ұрпағының алып басын иіп: «Сен маған Алла-Тағала тарапынан жіберілген ақ қанатты періште екенсің!» деп тебіреніп тұрғаны қандай қаяулы да аяулы сәт еді!..

Совет империясы әні-міні «коммунизмге жетеміз!» деп ентігін баса алмай тұрған 70-жылдардың ортасында советтік идеологияны бұрынғыдан да тереңдету бағытында өткізіліп жатқан халықаралық конференцияда Ұлт Ұстазы Ахмет Байтұрсынов туралы баяндама жасауы – ашық күнде ойнаған нажағаймен тең оқиға-тын!..

Өзбек-әкалар «өзімсініп» кеткісі келген Қ.А.Ясауидей Темірқазығымызды қорғап қалған да Рәбиға болатын!..

Ол кісінің осындай ерліктерін санамалап берсем, сөзім тіпті шығаймаңып кетуі әбден мүмкін. Бүгінгі ғасыр жасы – айтулы датасында Апай айтқан, өзім құлағыммен тыңдаған бірді-екілі әңгімені еске алғанды жөн көрдім. «Светқали шырағым, өзің білесің, Шахан атаң(ері, ҚР Халық әртісі Ш.Мусин) біріншісінде – 10 жыл Колымаға, екіншісінде 25 жыл Сібірге жер аударылған адам. Соның 18 жылын сол суық жақта өткеріп келді.

Бірінші ұсталғандағы жазығы, 32-жылы шыбындай қырылып жатқан қазағына жаны шырылдап «Наркомға хат» деп жыр жазғаны! Ондағы:

…Өзі шегіп ащы азабын аштықтың,

Көзін сүзіп қала берді бастықтың.

Голощекин атындағы жалаулы

Ұзын «қызыл керуеніне» астықтың.

Жұртта қалып жүре алмаған кемпір-шал

Күңіреніп көкірек қан, көңіл дал.

Құша беріп немересін, қош десіп

Көз жұмысты, босап буын, құрып әл…

…Күні кеше күн күлімдеп, көл күлген,

Кең далада көмілмеген, көмілген

Ойда-қырда өлген қазақ жемтігі,

О, замана, бұл азаны кім білген?! – деген шумақтар сол заманның Аза-

Жыры емес пе?!

Талақ болып байлық, дәулет, бақ-мұрат,

Енді зар боп сыңар тілім нан сұрап…

Әне жатыр Шыңғыстауда Шәкәрім

Қаныпезер атқан оқтан қансырап…

Міне, осындай ащы ақиқат пен шындықтың қызыл қанына малшынған қызылшақа өлең жиырмадан енді ғана асқан қыршынның өмірін өксітуге жетіп жатты ғой…

70-жылдардың орта тұсы. Бір күні Шахан: «Колымадағы 10 жыл ғұмырымызды бірге өткізген, қысталаң заманда қамқоршы, тар жерде таяныш болған, өзіңе талай жыр қылып айтқан – туған ағамдай Алшын Меңдалиев дейтін аңыз қарт бар еді Маңғыстауда. Сол кісі Алматыға келіпті. Ертең үйден қонағасы беріп жіберейік» деді. Ертесіне есіктен төбесі көк тіреген алып ақсақал ене берді. Мейманды табалдырықтан қарсы алған жайшылықта теректей менің Шаханым мына кісінің жанында қарағайдың жанындағы жай талдай болып қалды. Ақбұрқақ ақын Ғафу Қайырбековтің Алшын ақсақалға арнаған екі өлеңі бар. Соның бірінде:

Күн ауғанда желкеге

Көкжиекте жоқ кетік,

Шерғаладан Шетпеге

Келіп түстік топ етіп…

Кірді есіктен бір кісі

Жер тіреген ішігі,

Бұрынғының үлгісі,

Бүгінде жоқ пішімі.

Манағы маңғаз Шерғала

Болған кезде екінді,

Енді айналып адамға

Кіріп келген секілді…

…Содан, қызды әңгіме,

Серілігі тарқамай,

Соқты сөз бен дәмді де

Сексендегі қарт Адай, – деуші еді ғой.

Шынында, ақын айтса айтқандай, ағып тұрған шежіре, тірі тарих жан екен. Бір әредікте маған назар аударып: «Рәбиға қарағым, сенің осы қыз кезіңдегі фамилияң Құтқожина ма еді? – деп сауал қойды. Басымды изедім. – Сонда руы ысық он ұлды Бұйдағара байдың Құтқожасынан тарайсың ба? – Мен тағы басымды изедім. Алшекең еңсесін тіктеп. – Ендеше сен Сәтекемнің – Сәтіғалидың қызы болдың ғой?» – дегенде көзі жарқ-жұрқ ете қалды. Әкемнің жеке түскен жалғыз суреті бар еді, орнымнан тұрып, соны барып алып келдім. Бойы анық екі метр болатын қария суретті көргенде: «Ассалаумағаләйкум, Сәтекем!» – деп орнынан қарғып тұрып, әкемнің титімдей суретін көкірегіне басып тұрып қалды. Жүзіне қарасам, ішкі толқыныстан көздері дымдана қызарып тұр екен. «Ее, қарағым, сенің тағдырыңа менің өмірім шырмалып жатырған көрінеді. Әуелі Қазақстанның Батыс аймақтарында Байланыс жүйесін басқарып, үлкен қызметтер атқарған әкең Сәтіғалимен бірге жұмыстар істеп, інісіндей болып ем, кейін мынау азаматың Шаханмен тар қапаста туғанға айналдық. Неге тегін болайын деп ең, асылдың қиығы екенсің», – деп алып, кешегі шер кезең, шемен заман жайлы толғанып, одан да тереңдеп менің арғы-бергі бабаларым хақында өзіме де бейтаныс хикаяларды төгіп бір қозғап еді-ау, жарықтық!»

Рәбиға апам осы әңгімені бірде өз шаңырағында, бірде Ақтаудағы менің үйімде екі рет айтқан. Талайлы тағдырлар туралы кепті ортаға салудың реті бүгін келді…

Сөзімнің басында өкініш туралы айтып қалдым. Өмір шіркін, өкініштердің құндағы екен да… Бірде Рәбиға апай үйге телефон шалды: «Қарағым Светқали, Құдайдың берген қуатымен талай нәрсені жаздық, бітіре алмаған да шаруаларым жетерлік. Бірақ 90 жас ғұмыр берген Жаратқанға не өкпем болмақ. Алайда адамда арман таусылар ма, тағы бір кітап жазып қалдырғым келеді. Оған көзім жарамай қалды. Осы жазда Алматыға келіңдер, мен айтып, Бибіайша жазып, сол шаруаны бірыңғайласақ. Сен жастық шағыңның қаласында қыдыр, менің кітапханамды қара, қалағаныңды оқып, демал…»

Сол жылы алағай-бұлағай оқиғалар басталып кетіп, Апамның осы өтінішін орындай алмадық. Осы күні оқыс ойыма түсіп ішім өкініштен ит жыртқандай болады! Құлағыма Жары Муса, Жанақ Қармыс, Қаржау Бердеш, Жары Ыбай, Алаша Кенжеғали атты қазына қариялардың бір-бірінің аузына түкіріп қойғандай: «Қарағым, біз мәңгі жүрмейміз, құлағыңның шарбағы бүтін баласың, білгенімді айтып кетейін, қасыма келіп үш қонып кет» деген өтініштері келеді алыстан. Олардың бәрінің де сол сөздері Рәбиға апамның өтінішімен үндес-тіндес сияқты сезіледі. Тірліктің көбелегін қуып жүріп мен солардың бірін де орындай алмаған ақымақпын! Кейінгілер маған еріп ақымақ болмаса екен! Ал Рәбиға Сыздықтай асылымыздың мұралары келер ұрпаққа, келешек Қазақстанға қызымет ете береді! Ол дүние тұрғанша тұратын қазақтың аяулы перзенті!

17.08.24.

Айт-Ман Нұржанның желідегі жазбасы

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1433
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3199
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5114