Бейсенбі, 11 Маусым 2026
260 0 пікір 11 Маусым, 2026 сағат 16:03

Қазақстан Сенаты екі оқылымда рақымшылық туралы заңды мақұлдады

Бүгін Парламент Сенаты «Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының қабылдануына байланысты рақымшылық туралы» Заңды, сондай-ақ рақымшылықты іс жүзінде жүзеге асыруға қажетті қылмыстық, қылмыстық-процестік, әкімшілік құқықбұзушылықтар және атқару өндірісі заңнамасына түзетулерді мақұлдады.

Заңнамалық түзетулер тек рақымшылықты жүзеге асыруға ғана емес, сонымен қатар қылмыстық, қылмыстық-процестік, әкімшілік құқық бұзушылықтар заңнамасын және атқару өндірсінің тетіктерін жетілдіруге бағытталған. Шын мәнінде, бұл ізгілендіру, цифрландыру және құқық қорғау мен сот жүйесін әрі қарай жаңғыртуды қамтитын кешенді құқықтық шешім.

Бұл ретте, заң жобасын әзірлеушілер бұлқылмыстық саясатты қайта қарауды немесе қылмыстық құқық бұзушылықтарға жұмсақ қарауды білдірмейтінін ерекше атап өтті. Керісінше, ең қауіпті қылмыстар үшін жауапкершіліктен қашу мүмкін емес деген қағидат сақталады.

Заң қылмыстық теріс қылықтар жасаған адамдарды, ауыр емес қылмыстарды, сондай-ақ нұқсан келтірілмеген не толық өтелген кезінде ауырлығы орташа жекелеген қылмыстарды жауаптылықтан не негізгі жазадан босатуды көздейді. Кейбір сотталғандарға өтемеген жазаның қысқартылуы қарастырылған. Сонымен қатар, рақымшылық сыбайлас жемқорлық, лаңкестік пен экстремизм, кәмелетке толмағандардың жыныстық қолсұғылмаушылығына қарсы қылмыстар, зорлау, сталкинг, соққыға жығу, азаптау, кісі өлтіру, мемлекеттік сатқындық және басқа да аса қауіпті қылмыстар жасаған тұлғаларға қолданылмайды.

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері алғаш рет енгізілген әкімшілік рақымшылық ең маңызды жаңашылдықтардың бірі болып отыр. Бұған дейін рақымшылық актілер тек қылмыстық салаға қатысты болса, енді азаматтарды, жеке кәсіпкерлерді, жеке нотариустарды, жеке орындаушыларды, адвокаттар мен заң консультанттарын орындалмаған әкімшілік айыппұлдардан немесе олардың қалған бөлігінен босату қарастырылған. Рақымшылық қолданылғаннан кейін тиісті атқару өндірістері тоқтатылады.

Әкімшілік рақымшылық қоғамдық қауіпсіздікке, азаматтардың өмірі мен денсаулығына, мемлекет мүддесіне қауіп төндіретін құқық бұзушылықтарға қолданылмайды. Осылайша, ұсынылып отырғантетік қоғамдық қауіпсіздік мәселелеріне әсер етпейді, керісінше, ең алдымен азаматтардың әкімшілік жүктемесін азайтуға және олардың экономикалық белсенділігін қолдауға бағытталған.

Рақымшылықты қолдану тәртібін цифрландыруға арналған түзетулердің бөлек жиынтығы қарастырылған. Осы мақсатта Әкімшілік құқық бұзушылықтар кодексіне жаңабап қосу ұсынылады, ол арқылы Біріккен әкімшілік өндіріс тізілімінде (БӘӨТ) рақымшылыққа ілінетін тұлғалардың тізімі автоматты түрде жасалып, шешімдер электрондық форматта қабылдануы мүмкін. Әзірлеушілердің пікірінше, бұл бюрократиялық рәсімдерді айтарлықтай қысқартуға, шешім қабылдауды жылдамдатуға және рақымшылық актілерді орындау тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Рақымшылық мәселелерінен бөлек, заң жобалары қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіруді қарастырады. Атап айтқанда, айыптау актісіне қойылатын талаптар, тергеу нәтижелерін рәсімдеу тәртібі және қылмыстық процесті аяқтау тетіктері нақтыланады. Бұл өзгерістер құқық қолдану тәжірибесінің біркелкілігін қамтамасыз етуге, процессуалдық құжаттардың сапасын арттыруға және қылмыстық іс жүргізуге қатысушылардың құқықтық кепілдіктерін күшейтуге бағытталған.

Естеріңізге сала кетейік, рақымшылық жаңа Конституцияны қабылдауға байланысты 2026 жылғы 17 наурызда Мемлекет басшысының бастамасымен жарияланған кешенді қылмыстық және әкімшілік рақымшылық шеңберінде жүзеге асырылып жатыр.

Abai.kz

0 пікір