Л.Н. Толстойдың ІІ Николайға хаты
1902 ж. 16 қаңтар. Гаспра
Ізгілікті бауырым!
Осылайша хабарласуды барынша орынды санауым, сізге патша ретінде емес, кәдімгі адам есебінде – бауыр тұтқандықтан. Оның үстіне ажалым жақындай түскесін, о дүниеден жазып та отырғандаймын.
Сізге егер де кәзіргі қызметіңіз қандай болуға тиісті екенін, осы бағытта кете берсе, миллиондаған адамдарға да, сізге де қаншалықты игілік әкелерін және де адамдарға да, сізге де қаншалықты зұлымдық келтіретіні жайында не ойлайтынымды айтып кетпей, өлгім де келмейді.
Ресейдің үштен бірі күшейтілген күзет жағдайында, яғни заңнан тыс өмір кешуде. Жасауылдар әскері – көрінетіні бар, жасырыны бар – барған сайын қаптай түсуде. Түрмелер, айдау орындары мен каторгаларға адам сыймауда, жүз мыңдағандар саяси қылмыскер есебінде қамалуда, бұларға енді жұмысшыларды да қоса бастады. Цензураның қисынсыз тыйымы жаманат асқынған 40-жылдарда да мұндай болмап еді. Діни қудалау кәзіргідей ешқашан жиі әрі қатал болмаған, енді барған сайын қатайып әрі жиілеп барады. Қала біткен, фабрика орталықтарында әскер шоғырланғанымен қоймай, шынайы оқпен халыққа қарсы аттануда. Көптеген жерлерде қандастардың қандары төгілгені аздай, барлық жерде одан әрі әзірлік қамдалуда, одан да зор қатыгез жайттың болары сөзсіз.
1902 ж. 16 қаңтар. Гаспра
Ізгілікті бауырым!
Осылайша хабарласуды барынша орынды санауым, сізге патша ретінде емес, кәдімгі адам есебінде – бауыр тұтқандықтан. Оның үстіне ажалым жақындай түскесін, о дүниеден жазып та отырғандаймын.
Сізге егер де кәзіргі қызметіңіз қандай болуға тиісті екенін, осы бағытта кете берсе, миллиондаған адамдарға да, сізге де қаншалықты игілік әкелерін және де адамдарға да, сізге де қаншалықты зұлымдық келтіретіні жайында не ойлайтынымды айтып кетпей, өлгім де келмейді.
Ресейдің үштен бірі күшейтілген күзет жағдайында, яғни заңнан тыс өмір кешуде. Жасауылдар әскері – көрінетіні бар, жасырыны бар – барған сайын қаптай түсуде. Түрмелер, айдау орындары мен каторгаларға адам сыймауда, жүз мыңдағандар саяси қылмыскер есебінде қамалуда, бұларға енді жұмысшыларды да қоса бастады. Цензураның қисынсыз тыйымы жаманат асқынған 40-жылдарда да мұндай болмап еді. Діни қудалау кәзіргідей ешқашан жиі әрі қатал болмаған, енді барған сайын қатайып әрі жиілеп барады. Қала біткен, фабрика орталықтарында әскер шоғырланғанымен қоймай, шынайы оқпен халыққа қарсы аттануда. Көптеген жерлерде қандастардың қандары төгілгені аздай, барлық жерде одан әрі әзірлік қамдалуда, одан да зор қатыгез жайттың болары сөзсіз.
Және де үкіметтің осындай барынша ширыққан әрі қатал қызметінің нәтижесіндей, диқан халық – әлгі Ресей қуатының арқай сүйейтін жұртшылығы – мемлекеттік бюджеттің кемерінен асып өскеніне қарамастан, жылдан жылға кедейлене түсуде, сол себепті де ашаршылық кәдуілгі құбылысқа айналды. Дәл солайша, барлық сословие тарапынан үкіметке деген наразылық пен жауығу да сондай құбылыс болып отыр.
Мұның бәріне себеп те ашық күндей айқын, ол: сіздің шабармандарыңыз халықтың қандай да бір қозғалысын тұншықтыру арқылы сол халықты игілікпен қамтамасыз ету һәм сізді мазасыздығыңыз бен қауіпсіздігіңіз қамтамасыз етіледі деп сендіреді. Алайда, жаратқан орнықтырған адамзаттың ылғи да алға ұмтылысына бөгет болғаннан гөрі, өзеннің ағысына бөгеу салған мүмкін болар. Осындай тәртіптен пайда табатын әрі іштей «apresnousledeluge» * дейтін адамдар сізді бәріне сендіре алады және соған міндетті де; бірақ барынша еркін, ештеңеге мұқтаж емес,парасатты да қайырымды адам бола тұрып, соларға сеніп әрі олардың сұмдық кеңестеріне еріп, зұлымдықтан қайырымға, түнектен жарыққа ұмтылған адамзаттың мәңгі қозғалысын тоқтату секілді орындалмайтын мұрат үшін соншама зұлым істерді істеу немесе соған жол беру қайран қаларлық.
* бізден соң топансу басса да мейлі (фр.)
Сіз барынша дөрекі, қатал да ақылсыз кейіптен мейлінше жұмсақ, адами әрі парасатты сипатқа көшкен бізге мәлім адамдар өмірі, экономикалық және қоғамдық, сондай-ақ діни әрі саяси өмір үлгілері турасында білмеуіңіз мүмкін емес.
Кеңесшілеріңіз сізге бұның шындық еместігін, орыс халқына православие мен самодержавие (жекетөлбилік) тән болса, кәзір де сол екеуі тән және өмірлерінің соңына дейін сол лайық, сондықтан орыс халқы үшін игілік ретінде бір бірімен байланысқан өмірдің осы екі формасын: діни наным мен саяси түзімнен қандай жағдайда да айырмау керектігін айтады. Алайда бұл екі есе өтірік әңгіме. Біріншіден, бір заманда орыс халқына тән болған православие бүгін де оған лайық деуге болмайды. Обер-прокурор Синодтың есептемесінен сіз зиян мен қатерге қарамастан халықтың барынша рухани дамыған адамдарының православиеден жырақтап, жылдан жылға секта аталатын топқа қосылуы молайып баратынын көре аласыз. Екіншіден, халыққа православиенің тән екендігі әділетті болса, онда нанымның бұл түрін күштеп таңып және оны теріске шығаратындарды сонша қаталдықпен қудалау соншалықты орынсыз.
Самодержавиеге келсек, егер де халық патшаның ешбір күнәсіз әрі ол халықты жеке басқаратын жер бетіндегі Құдай екендігіне сенген кезде тән болса, енді көпшілік немесе білімді бөлігі мынаны біледі – біріншіден, жап-жақсы патшаның «unheureuxhasard» * екендігі, ал патшалардың Иоанн IV, болмаса Павел сияқты оңбаған да, топас та болатынын және болғандығын, екіншіден, қандай жақсы патша болса да, бір басы 130 миллион халықты ешқашан да басқара алмайтынын, халықтың игілігінен гөрі қара бастарының қамын ойлаған патша сыбайластарының билейтінін. Айтыңызшы: патша өзіне адал да жақсы көмекші таңдай ала ма? Бақытсыздығы сол, патша мұны істей алмайды, өйткені, ол өз маңайына кездейсоқ немесе түрлі тіміскі жолдармен жуысқан және де өздерін алмастыратын өзгелерді жолатпауға тырысатын пысықайларды ғана біледі. Сол себепті патша көмекшілікке жекеге емес, жалпы іске ұмтылатын пысық,мықты да, нағыз білімділер мен адал адамдардың ішінен емес, Бомарше: "Mediocreetrampantetonparvient a tout" ** дегендердің қатарынан таңдайды. Егер де көптеген орыстар патшаға бағынуға даяр болса да, олар оның маңайындағы өздерін жек көретін әрі патша атынан халықты басқаратын адамдардың мазағына қатысты тырп етпестен бағына алмайды.
* кездейсоқ сәттілік (фр.)
** «Түкке тұрғысыз бол да құрдай жорғала – бәріне қол жеткізесің» (фр.). Толстой Бомаршені дәл ме дәл мәтелдеп отырған жоқ ( «Фигароны үйлендіру», 3-акт, Фигароның сөзі: «Құлдық ұру сүйегіне сіңгендер –бәріне де қол жеткізетіндер осындай». - Н. Любимовтың аудармасы).
Сізді Мәскеуде болмаса басқа қалалардағы кездесуде топталған жұрттың соңыңыздан «алақайлап» жүгіргені, шамасы, халықтың жекетөлбилікке деген ынтасындай сезіліп, сізді адастыратын болса керек. Бұған сізге деген шынайы берілгендік көрінісі екеніне сенбей-ақ қойыңыз, - бұлар көздеріне түсетін таңғажайыптарға дәл осылай есі кете жүгіретін әуесқұмар топ қана. Өзіңізге деген халық іңкәрлігіндей қабылдайтын бұл адамдар сізге деген сүйіспеншілігін көрсету міндеттелген көбінесе жасауылдардың жинастырып, әзірлеген тобыры ғана, мысалы ,Харьковте собор халыққа лық толғанда, олар бар болғаны қарапайым киінген жасауылдар болатын.
Егер де сіз патшалық сапар кезінде мен секілді теміржол бойына тартылған әскердің қалқасындағы шаруалар легінде жүре алсаңыз және де олардың әңгімесін тыңдасаңыз: көрші ауылдардан салқын мен лайсаң жерде нандарын қолтықтап,бірнеше күн бойы сізді күткен ағамандар (староста), жүздіктер, ондықтардың әңгімесінен, халықтың нағыз қарапайым өкілдерінен жекетөлбилік пен оның өкіліне деген наразылықты аңғарар едіңіз. Егерде 50 жыл бұрын Николай І кезінде патшалық билік барынша абыройлы болса, соңғы 30 жылда үзіліссіз түрде құлдыраумен келеді, сондықтан да үкіметтің жарлығын ғана емес, патшаның өзін де балағаттап,тіпті мазақ етуге ешбір қысылмайтын болды.
Самодержавие барған сайын білімі артып келе жатқан орыс халқының емес, дүниеден жырақ, әлдебір оңтүстіктегі Африка халқының талабына сай келетін, әбден тозған билік үлгісі. Сондықтан да осы билеу түрін қолдау мен оған қатысты православиені қолдау, кәзір қолға алынып отырғандай небір күштеудің арқасында: күшейтілген күзетпен, әкімшілік аластаумен, өлім жазасымен, діни қудалаумен, кітап, газеттерді тыйумен, тәрбиені бұрмалаумен және басқа да топас әрі қатыгез істермен ғана жүзеге асады.
Және де сіздің бұған дейінгі патшалығыңыз осылай болып келеді. Жұрттың аңсары ауған тілегін, Тверь депутациясына жауабыңызды айтам, сіздің «мәнсіз армандау» ("бессмысленные мечтания" *) атап, орыс қоғамын аңтаң қалдырғаныңыз, - Финляндия турасындағы барлық жарлығыңыз**,қытайлық басқын*** туралы, Гаага конференциясы бойынша жобаңыз, әскердің күшейтілуімен күзетіп жүруі**** - сіздің төл билігіңіздің осалдануы мен әкімшілік озбырлықтың өршуі, наным үшін қудалауды қолдауыңыз,шарап монополиясын бекітуге, яғни халықты улайтын үкімет тарапынан у саудасы бойынша бастамасына келісім беруіңіз, және де орыс халқын масқаралайтын мәнсіз де түкке тұрғысыз шараны көрсететін дәйектерге қарамастан, адам денесін қорлап жазалауға табан тіреуіңіз, - мұның барлығы сіздің жеңілтек көмекшілеріңіздің кеңесі болмаса мүмкін емес мақсатты – халық тіршілігін тұсауды былай қойғанда, оны бұрынғы тозығы жеткен қалпына келтіруді де ойға алмас едіңіз.
* Николай II өзінің земства мен дворянства алдында сөйлеген сөзінде «ішкі өзін өзі басқару ісіне қатысуды мәнсіз армандау» деп тұқыртқан және «самодержавияның негізін барынша күзететінін» мәлімдеген еді.
** Патшалық үкімет Финляндияда орыстандыру саясатын қатал түрде қолға алды. 1900 жылы орыс тілі ресми тіл болып жарияланды; 29 маусымда қабылданған жаңа заң бойынша финдер орыс әскеріне басыбайлы құлдық қызмет өтеуге міндетті болды.
*** Бұл жерде бірқатар елдер тарапынан (Германии, АҚШ, Англия, Франция, Жапония, Италия, Австро-Венгрия, патшалық Ресей) Қытайда 1900-1901 жылдары «бокс» ереуілін басып-жаншу желеуімен басып-кіру айтылып отыр.
**** 1899 жылы Ресей бастамасымен Гаагада бейбітшілік конференциясы шақырылған еді.Сонымен бірге патшақорлық қылық Қиыр Шығыста жаңа соғысқа әзірлікті де жүргізді.
Зорекерлік жасап халықты езуге болады, бірақ онымен басқару мүмкін емес. Біздің заманымыздағы халықты шынайы басқаратын жалғыз құрал - халықты зұлымдықтан қайырымға, түнектен жарыққа бағытталған қозғалыстың басында жүріп, оны осы қозғалыстың таяудағы мақсаттарына жеткізуге жетелеу. Оны атқару үшін бәрінен бұрын халыққа өз тілегін айтқызудан бастау керек, оның тілегі мен қажетін тыңдап алып, олардың ішіндегі бір ғана тапқа немесе топ талабына ғана сай емес, көпшілікке, жұмысшы жұртқа қажеттісін атқарған жөн.
Енді орыс халқы айтатын тілек, егер әрине оған мүмкіндік берілсе, меніңше мынадай болар еді. Бәрінен бұрын жұмысшы жұрт өзінің жағдайын ең төменгі тап – партияға айналдырып, өзге азаматтарға тән құқықты қолданудан шеттететін заңдардан құтылуды тілейтіні анық; содан кейін қозғалыс еркіндігін, оқу еркіндігі мен рухани қажеттілікке сәйкес нанымды еркімен ұстануды тілер еді; бастысы – 100 миллиондық халық бір дауыспен жер пайдалану еркіндігін, яғни жерге деген меншікті жоюды айтатыны рас.
Міне, менің ойымша, біздің заманымызда орыс үкіметі жерге деген жекеменшік құқығын жою арқылы таяуда жетуге тиісті мақсат пен жетістікті атқарғаны абзал.
Адамзат өмірінің әр кезеңінде өмірдің озат үлгілеріне сай келетін таяу сәттері болады. Ресей үшін осындай таяу сатылы сәт елу жыл бұрын құлдықты құрту болған еді.Енді біздің уақытымызда осындай саты – жұмысшылар мәселесі аталатын жайт - жұмысшы бұқараны аттөбелдей басынған билеушілерден босату.
Батыс Еуропада бұл мақсатқа жету зауыттар мен фабрикаларды жұмысшылардың ортақ қолданысына беру арқылы жүзеге асқан болып саналады. Бұлайша шешу дұрыс па, бұрыс па, және де Батыс халықтары үшін қол жетерлік пе, - бір нәрсе белгілі, ол Ресей үшін кәзіргі жағдайға қарағанда қолдануға жатпайды. Халқының орасан бөлігі енапат жерде еңбек етіп және ірі жер иеленушілерге басыбайлы Ресейде жұмысшылар еркіндігі, шамасы фабрикалар мен зауыттарды ортақ қолданысқа енгізумен шешіле қоймасы айқын. Орыс халқы үшін еркіндікке қол жеткізу тек қана жерге деген жекеменшікті жойумен және де жерді ортақ игілік ретінде мойындаумен ғана мүмкін жайт, - көптен бері көкейтесті орыс халқының тілегі осылай түзіліп келеді әрі оның жүзеге асуын халық орыс өкіметінен зарыға күтіп отыр.
Менің бұл ойымды сіздің кеңесшілеріңіз аса жеңілтектік пен мемлекеттік басқарудың бар ауыртпалығын сезінбейтін, шынайы өмірден тыс адамның сандырағы ретінде қабылдайтынын, әсіресе жердің жалпыхалықтық меншігі болуына қалай қарайтынын білем;бірақ та халыққа барынша қатал зорлықты үйіп-төге беруге мәжбүр болмас үшін бір ғана нәрсе бар, ол: өз міндетіңе халық тілегінің алдын орайтындай мақсат қою.Және де өкшелеген жүк тірсегіңді соққыламас үшін, - оны өзің көтергенің абзал, яғни өмірдің озат үлгісін жүзеге асыруда алдыңғы сапта жүру қажет. Ал мұндай мақсатқа Ресей үшін тек қана жерге деген жекеменшікті жою болуы ықтимал. Сонда ғана өкімет фабрика жұмысшылары мен оқушы жастарға амалсыздан қылып отырған жағдайға жол бермей, өз халқын үреймен емес, оны шынайы басқара алар еді.
Сіздің кеңесшілеріңіз жерге жекеменшікті қақысыз қалдыру қиял мен орындалмайтын нәрсе дейтіні рас. Олардың ойынша, жұмыртқадан әлдеқашан шығып, есейген 130 миллион халықтың өмір сүруін тоқтату немесе өлмелі ете отырып, шыққан қауашаққа қайта тыққыштау,- қиял емес, және орындалмайтын іс еместігі өз алдына, аса даналық әрі шынайы іс. Істеліп жатса да, ол жайында орындалмайтынын ұғу үшін, керісінше орындалмайтыны өз алдына, бірақ уақыт талабы және қажетті екенін, іс әлі басталмаса да байсалды ойласа жетіп жатыр.
Менің ойымша, кәзіргі уақытта жер меншігі 50 жыл бұрын болған крепостнойлық құқық секілді, шектен шыққан әрі айқын әділетсіздік.Меніңше, оны жою орыс халқын тәуелсіздіктің, игілік пен берекенің жоғары сатысына көтерер еді. Бұл шара, жұмысшылар арасында лаулап келе жатқан әрі халыққа да, өкіметке де зор қатер төндіретін әлеуметтік және революциялық қозуды құртатыны сөзсіз.
Алайда, мен қателесуім мүмкін, қалай болғанда да бұл мәселенің шешімін де, жауабын да халыққа беру керек, егер де әрине оның еркін білдіру мүмкіндігі болса.
Жалпы алғанда, өкімет алдындағы тұрған ендігі іс - халықтың тілегі мен қажетін айтуға кедергі ірік пен шірікті жою. Өзгенің игілігін өзгеге естіртпеу үшін ауызын буатын адамға жақсылық жасауға болмайды.Бар халықтың болмаса оның көпшілігінің тілегі мен қажетін біліп қана сол халықты басқаруға және оған қайыр тигізуге болады.
Қайырымды бауырым,бұл дүниеде сіз үшін бір ғана өмір бар, оны жаратқанның еркімен орныққан адамзаттың зұлымдықтан қайырымға, түнектен жарыққа ұмтылған қозғалысын тоқтатуға азаптанып та, болмаса өз өміріңізді халықтың тілегі мен қажетіне дендей кіріп,соның атқарылуына арнап, жаратқан мен адамдарға қызмет ету арқылы сабырмен әрі шаттана кешуге де болады.
Сіздің жауапкерлігіңіз патшалық құрған кезіңізде қаншама ұлы болса да, бұл уақыт ішінде қайырымды да, зұлымдықты да сонша көп істерсіз,бірақ сіздің жаратқан алдындағы жауапкерлігіңіз зұлым істерді орындатуға, болмаса, соларға араласуға емес, жаратқанның еркін орындауға қатысты мәңгі өміріңіздің қатыстылығымен Құдай алдында барынша жауаптысыз. Ал оның еркі зұлымдық істеуде емес, адамдарға қайырым қылуда ғой.
Бұл жайында адам алдында емес, Құдай алдында ойланыңыз және Құдай, яғни сіздің ар-ұятыңыз не айтса, соны қылыңыз.Және жаңа өмір жолына түссеңіз,кезігетін кедергілерге мойымаңыз. Егер де ол істі адами даңқ үшін емес, өз жаныңыз үшін,яғни Жаратқан үшін қылсаңыз, ол кедергілер өзінен өзі жойылады және оларды байқамай да қаласыз.
Сізді бұл хатымда байқамай мұқатсам, яки, ренжітсем, мені кешіңіз. Мені орыс халқы мен сізге деген ізгі тілек қана меңгерді. Оған қол жеткіздім бе, оны – менің көре алмауым мүмкін, болашақ көрсетер. Бар болғаны – мен өз парызым санаған нәрсені қылдым.
Сізге деген шынайы ізгілікті шынайы тілеуші бауырыңыз –
Лев Толстой.
Аударған – С.Әбдірешұлы
Abai.kz