Сейсенбі, 8 Қазан 2024
Билік 911 0 пікір 12 Қыркүйек, 2024 сағат 16:01

Ортақ экономикалық кеңістікті дамытудың маңызы зор!

Фото: Сенат

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев бастаған Қазақстан Парламентінің делегациясы Орталық Азия мемлекеттерінің II Парламентаралық форумына қатысты, деп хабарлайды Abai.kz BAQ.KZ.-ке сілтеме жасап.

Іс-шара «Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы Орталық Азия Парламенті мен өкілді билік органдарының рөлі» тақырыбына арналды. Сондай-ақ Палата Спикері Орталық Азия елдері Парламенті Палаталарының басшыларымен екіжақты кездесулер өткізіп, өңірдегі ынтымақтастықты нығайтуға қатысты өзекті мәселелерді талқылады.

Мәулен Әшімбаев Форумға қатысушыларға ілтипат білдіріп, өңірдің жалпы күн тәртібін талқылау, ортақ мақсаттар мен міндеттерді айқындау және оған бірлесіп қол жеткізу бағытында мұндай алаңның маңызы зор екенін атап өтті.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бауырлас елдеріміз арасында тиімді диалогты дамытуға және сындарлы өзара байланысты арттыруға үнемі баса мән беріп келеді. Бүгінгі кездесу бүкіл өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жолында парламенттік дипломатияның әлеуетін пайдалана отырып, өзара диалогты нығайтуға ықпал ететіні анық. Былтыр ақпан айында Түркістанда өткен алғашқы Форумнан кейін біз ынтымақтастығымызды арттыру ісінде айтарлықтай жетістіктерге қол жеткіздік. Түркістан декларациясы парламентаралық байланыстарды нығайтудың берік негізін қалап, өзара қарым-қатынасымызды одан әрі дамытудың негізгі бағыттарын айқындап берді. Соның аясында біз екіжақты сапарларды жандандырып, өңірдегі көпжақты өзара іс-қимылдың жаңа тетіктерін іске қостық. Хиуадағы бүгінгі Форум да парламентаралық ынтымақтастықты нығайтуға тың серпін береді деп сенемін, – деді Сенат төрағасы.

Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев қазіргі таңда жаңа сын-қатерлерді бірлесіп еңсерудің маңызды екеніне назар аударды. Нақты айтқанда, ол кездесуге қатысушыларды өңірдің экономикалық өсуі, Орнықты даму мақсаттарын іске асыру және адам капиталын дамыту жолында күш жұмылдыруға шақырды. Палата Төрағасы өңірді дамытудың маңызына да назар аударып, жергілікті өкілді органдар деңгейінде, сондай-ақ, цифрландыру және жасанды интеллект саласында ынтымақтастықты кеңейту қажет екенін атап өтті.

Дамудың интеграцияланған моделін қалыптастыру – баршамыз үшін ортақ міндет. Бұл жолдағы басты мақсатымыз Орталық Азия тұрғындарының өмір сүру деңгейін арттыру екені сөзсіз. Осыған байланысты бірлескен жұмысымызды бірнеше бағытта жалғастырудың маңызы зор деп есептеймін. Бірінші – экономикалық даму және ынтымақтастық. Ортақ экономикалық кеңістікті дамыту, сауда-саттықты кеңейту және өнеркәсіп кооперациясын күшейту үшін құқықтық база қалыптастыру ісін жалғастырудың берері мол. Екінші – Біріккен Ұлттар Ұйымының Орнықты даму мақсаттарын іске асыру. Су ресурстарын тиімді пайдалану – өңірдегі барлық ел үшін өзекті мәселе. Бұл ретте біз гидроэнергетикалық нысандарды бірлесіп салу және су-энергетикалық консорциумын құру жөніндегі бастамаларды қолдаймыз. Үшінші – адам капиталын дамыту. Аталған бағыт – мемлекеттеріміздің басшылары мақұлдаған Өңірлік ынтымақтастықты дамыту жөніндегі жол картасында айқындалған басым міндеттердің бірі. Төртінші – жергілікті өкілді органдар деңгейінде өзара іс-қимылды кеңейту. Бесінші – цифрландыру және жасанды интеллектті дамыту саласындағы ынтымақтастықты арттыру, – деді Мәулен Әшімбаев.

Abai.kz

0 пікір