Динара Зәкиева: Қопа мектебінде оқушылар бірін-бірі бопсалайтын жүйе бар
Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева 14 жастағы Нұржан Сыдықтың өлімінен кейін Ақтөбе облысының Қопа ауылына барды, деп хабарлайды Abai.kz Azattyq-ruhy.kz/--ке сілтеме жасап.
Зәкиева бұған дейін жергілікті әкімдік пен мектеп басшылығы, полиция өкілдері жоққа шығарып келген буллингті растады.
«Оқушы ұлдың өліміне қатысты жағдайды анықтау үшін және жалпы мектептегі жағдаймен танысу үшін Ақтөбе облысы Қопа ауылына бардым. Сол жерде мектеп психологы, мектептің әлеуметтік қызметкері мен кәмелет жасына толмаған балалардың ісі жөніндегі инспектордың жұмысымен таныстым. Ауданның прокурорымен бірге оқушылар арасында сауалнама жүргіздім», - дейді ол.
Осы сауалнама Қопа мектебінде үлкен сыныпта оқитын ұлдар өздерінен кіші ұлдарды ұрып-соғып, оларды тәрбиелеп, олардан ақша бопсалайтынын растаған.
«Мектепте оқушылары арасында үлкендер кішілерді «тәртіпке салатын жүйе» бар екені анықталды. Сондай-ақ, мектеп оқушыларының ақша бопсалайтыны туралы да мән-жайлар кездесті. Бұл мәселелерге шұғыл түрде назар аудару керек. Осының бәрін жазып, аудан әкіміне, мектеп басшылығы мен жергілікті полицияның қолына ұстаттым. Өйткені, кездесу барысында олар бұл мәліметтерді жоққа шығарды», - деп жазды Зәкиева.
Естеріңізге сала кетейік, Ақтөбе облысы Қопа ауылының 14 жастағы оқушысы Нұржан Садықты 15 оқушы бір сағат бойы қатігездікпен ұрып-соққан. Оны ұрған 10-11 сынып оқушылары баланы қанжоса күйінде далаға тастап кеткен. Оның өліміне қатысты істі Бас прокурор Берік Асылов өз бақылауына алды.
Abai.kz