Өз әлемі бар өзгеше қаламгер
Ойы жүйрік болмай, журналистің қаламы жүрдек болмайды. Біз білетін Серік Жанболат әр кез ұшқыр ойын біліммен суғарып, ізденістен іргесін ажыратқан емес.
Бұл күнде қылп еткенді қиырдан шалатын қыран Серікті балапан кезінен білетіндіктен, оның қанатын қатайтқан шығармашылық өрлеу жылдарының куәсіміз. Албырт жастық кезеңді бірге кешкен замандасы, әріптесі, ретінде айтайын, айналадағы әр құбылысқа сезімталдықпен қарайтын сергектігі мен серілік мінезі сол шақтан-ақ бар Секең сол кездің өзінде-ақ өнер мен шығармашылықты қатар алып жүрді.
Әуелі университет қабырғасында жүргенде Қазақ теледидарының жастар редакциясында студенттердің «Ақиқат» пікірталас клубының тізгінін ұстады. Осы кезден бастап ол кеңес үкіметі тұсында телеақпарат таратудағы әбден сіресіп қалған қасаң әдетті қақырата сөгетін жаңа жол іздеді. Жаңа идеясын жүзеге асырғанша жаны байыз таппайтын Серік университетті тамамдай салысымен Қазақ республикалық телевизиясының «Жастар» бағдарламасы редакциясына редакторлық қызметке келді. Ол жай келген жоқ, жасын мінезімен жарқ етіп, тележурналистикаға жаңа леп ала келді.
Бұл – Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары еді. Бодандықтан бойын енді жиған елге ауыр кезең болатын. Қаламы ұшқыр журналист, білікті маман Серік Жанболат еліміздің егемен телевизиясын, оның кейін ел мойындаған ұлттық бағдарламаларын қалыптастыруда, мемлекеттің бағдары мен әлеметтік-экономикалық даму саясатын халыққа жеткізуде аянған жоқ.
Серік Жанболат жасындай жарқ еткен «Ар жастар студиясы» осы күнге дейін ел есінде.
«Мұрагер» шығармашылық бiрлестiгiне бас редактор орынбасары болып тағайындалған тұсында қазақ телевизиясында үлкен бетбұрыс болған бағдарламалар жасады.
Серік миллиондар бас алмай қараған «Әншi балапан», «Сиқырлы қазан» сияқты елiмiздегi бiрiншi телерадиомарафон сияқты жобаларға үлкен үлес қосты.
Ол өзі авторы және ұйымдастырушысы болған «Жiгiттiң сұлтаны», «Үкiлi үмiт», «Тайбурыл» ат спорты және «Қазақтың Қажымұқаны», тағы басқа да тележоба түсірілімдері бүгінде еліміздің алтын қорына айналды.
Бұл тек саяси азаттық алған кезең ғана емес, еліміздің өз ақпараттық кеңістігін қалыптастыру кезеңі болатын. Яғни телеарналар кеңес заманындағыдай мемлекетке масыл болмай, нарыққа бейімделуі қажет еді. Қазақ теледидарын нарыққа бейiмдеу шарасы барысында «Бағдар» (түнгi ойын-сауық клубы) студиясы құрылып, білікті маман, жас әрі идеяшыл шебер журналист Серiк Жанболат «Бағдар» студиясының бас редакторының орынбасары болып бекiтiлдi.
Серік Жанболаттың басқа журналистерден айырмашылығы, тілі шұрайлы қаламгер ғана емес, ол – мықты аналитик. Оның бұл қырына қызметтес болған әріптестері қанық. Қандай да жобаны қолға алардан бұрын ол жан-жақты сараптап алғанды әдетке айналдырған. Секеңнің осы қасиетін мойындаған сала басшылығы «Ақшам» ақпарат бағдарламасының редакторы қызметіне тағайындады. Сол тәрізді «Гала» ТВ студиясы НЭП бағдарламасының жүргiзушiсi әрi тілшісі ретінде шақырғанда да озық аналитик маман ретінде көзге түсті.
Телевизия саласында әжептәуір тәжірибе жинақтаған, тележурналист ретінде толысқан Серік Жанболаттың «Хабар» телеарнасына «Сәлем, Қазақстан» таңғы ақпараттық-сауық бағдарламасының продюсерi қызметiне шақырылуы сол жылы ақпараттық бағдарламалар дирекциясына жүргiзушi, продюсер, «Жетi күн» ақпараттық-сараптау бағдарламасының редакторы әрi жүргiзушiсi қызметтерiн атқаруы оны кәсіби маман ретінде жаңа белеске көтерді. Ол еліміздегі ең танымал журналистер қатарынан көрінді. Тіпті ол осы кезеңде Мемлекет басшысының жұртшылықпен тiкелей эфирдегi екi сағаттық жүздесуiн жүргiздi.
Серіктің өз әлемі бар. Журналистік, продюсерлік, редакторлық қызметінен бөлек ол ел, жер тарихына, ұлттық руханиятқа қатысты іргелі істерге де белсене араласып, құндылықтарды құнттауға да өз үлесін қосты. Нақтырақ айтқанда, үкiмет тапсырмасымен Семей өңiрiнде Абай, Мұхтар, Шәкәрiм мұраларын жинау экспедициясын ұйымдастырды.
Бұдан бөлек, елге белгілі сазгер, Бүкілодақтық фестивальдердің лауреаты әкесі Мейрамбек Жанболат пен аймақтың күміс көмей әншісі ретінде танылған анасы Үміткен Жәлелованың ізімен 70-ке жуық әнді дүниеге әкелген әуесқой компазитор. «Шығысым менің!», «Семейім – еркем», «Шыңғыстау аруы» секілді және тағы басқа көптеген әндері үлкен сахналарда оындалып жүргеніне ел куә. Туындыларының қайсысын алсаңыз да, отаншылдықты оятатын ұлттық рухтағы дүниелер.
Серік Жанболат елге танымал баспасөз майталманы. Қазір қалай екенін білмедім, бұрын журналистер арасында «телевизия саласында қызмет еткен журналист газет журналисі бола алмайды, болған күннің өзінде газет журналисінің деңгейінде мақала жазуы, баспасөзге машықтануы неғейбіл» деген пікір қалыптасқан. Серік осы пікірдің тас талқаннын шығарды.
Ол қазақ баспасөзі тарихында тұңғыш рет күнделікті ақпарат таратататын «Айқын» республикалық қоғамдық-саяси газетiнiң іргетасын қалап, ұйымдастырып, жарыққа шығарды. Айналасы бір жылға толар-толмас уақыт ішінде «Айқын» газетін еліміздегі баспасөз айдынынан өз орнын ойып тұрып алған белді басылымға айналдыра алды. Қазіргі күні еліміздің бас газеттерінің бірі.
Көп ұзамай, «Алаш айнасы» республикалық қоғамдық-саяси ақпараттық газетінің редакциясын жасақтауға кірісіп, 2009 жылдың басында ақпарат айдынына шығарды. Аз ғана мерзім ішінде басылым еліміздің ақпарат кеңістігінде айрықша көзге түсіп, өз оқырмандарын тапты.
Бұдан бөлек Серік Жанболат жаңа заманда жаңғырған журналистиканың ІТ салаға өтуі бойынша да үлес қосып, tengrinews.kz және «Алаш айнасы» порталдарының қазақша нұсқасын жасады.
Еңбек елеусіз қалмайды. Ел мүддесі үшін жасаған ерен еңбегі еленіп, талмай iзденетiн талантты журналист, бiлiмдi маман, бiлiктi ұйымдастырушы ретiнде танылған Серiк Жанболат ҚР Президенті сыйлығының, «Құрмет» орденінің иегері, ҚР мәдениет қайраткері, Қазақстан Журналистері академиясының академигі атанды.
Бүгін 60-ты алқымдап отырған Серік Жанболат Тәуелсіз мемлекетіміздің заманауи баспасөзін қалыптастыруда үлкен еңбек сіңірген қаламгер, өзіндік қолтаңбасымен өміршең дүниелер туғызған тұлға.
Әділбек Қаба
Abai.kz