Жұма, 20 Қыркүйек 2024
Қылмыс 251 1 пікір 19 Қыркүйек, 2024 сағат 10:44

Ақтөбеде әріптесін атқан әскериге үкім шықты

Фото: ашық дереккөзден

Ақтөбе облысы «Қиялы» шекара заставасында әріптесін атып, қамауға алынған әскери қызметші сотталды. Сот оны 3 жылға бас бостандығынан айырды.

Қиялы шекара заставасының әскери қызметшісі Р.Байбақтинге алғашында Қылмыстық кодекстің «Адам өлтіру» бабы бойынша айып тағылып, тергеу жүрді. Кейін қылмыстық іс «Аффект жағдайында жасалған адам өлтіру» бабына сараланды.

«ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабының 1-бөлігімен, яғни, адам өлтірді деп сотқа берілді. Сотпен анықталғаны жәбірленуші жүйелі түрде Байбақтинге құқыққа қайшы беймаралдық іс-әрекеттер жасаған. Аталған мән-жайлар куәлардың жауаптарымен дәлелін тапты. Сонымен қатар іс бойынша Ақтөбе, Алматы және Астана қалаларында сот-психологиялық, психиатриялық сараптамалар жүргізіліп, сарапшылар Байбақтин қылмыс жасаған уақытта аффект жағдайында болды деген қорытындыға келді.

2024 жылдың 13 қыркүйегі күні сот үкімімен Байбақтин ҚК 101-бабы 1-бөлігінде көзделген қылмыстық құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, оған 3 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Жазаны қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемелерінде өтеуі белгіленді. Сотталғаннан моральдық зиян өндірілді. Сот үкімі күшіне енген жоқ», - деп хабарлады Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери соты.

Еске салсақ, оқиға былтыр желтоқсан айында болды. Мәртөк ауданындағы Қиялы шекара заставасында 22 жастағы Мәтжан Жанесенов көз жұмды. Ол – Ақтөбе облысы Байғанин ауданының тумасы.

Abai.kz

1 пікір