Сейсенбі, 24 Желтоқсан 2024
Алашорда 5709 0 пікір 23 Қыркүйек, 2024 сағат 14:07

Биік мақсат жолындағы күрескер хақында

Суретте: Бейбіт Қойшыбаев / Б. Қойшыбаевтың «Комиссар Жүргенов» романы

Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы 2023 жылды түркі елдері үшін «Жүргенов жылы» деп жариялағаны мәлім. Үлкен террор құрбаны болған айтулы қайраткердің 125 жылдығы құрметіне белгіленген Жүргенов жылының басталуына орай, өткен жылғы наурыз айының 15-ші жұлдызында Алматыда, іргетасын Жүргеновтің өзі қаласқан Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театры ғимаратында үлкен салтанатты жиналыс болды.

Салтанатты жиналысқа мәдениет министрі, шығармашыл интеллигенция және жұртшылық өкілдері, ТҮРКСОЙ Бас хатшысының орынбасары Біләл Чакыджы бастаған шетелдік меймандар қатысты. Кеш аса көрнекті мемлекет, қоғам, мәдениет қайраткері Темірбек Қараұлы Жүргеновтің өмірі мен қызметін арқау еткен  жазушы Бейбіт Қойшыбаевтың жаңа кітабын таныстырудан басталды.

Осы «Комиссар Жүргенов» романының таныстырылымы бұдан кейін, айтулы датаға орай Қызылордада сәуірде шақырылған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция үстінде, ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раевтың қатысуымен өтті. Романда бейнеленген тарихи қайраткер тағдыры күзге салым Ақтөбедегі республикалық  ғылыми-тәжірибелік конференцияда, күзде Петропавлдағы Темірбек Жүргеновтің 125 жылдығына арналған Қазақстан драма театрларының 29-шы республикалық фестивалі ауқымында Сәбит Мұқанов атындағы облыстық кітапхана оқушыларымен кездесуде, сондай-ақ әр кезде: Қызылордағы Қорқыт ата университеті арнайы өткізген оқушылар конференциясында, Алматы жоғары оқу орындары – Т. Жүргенов атындағы Өнер академиясында, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде, Қазақ ұлттық аграрлық университетінде және педагогикалық кітапханада болған  кездесулерде  әңгімеленді. «Комиссар Жүргенов» кітабы сол 2023 жылы түрік тіліне (тәржімеші Сағыныш Назарова) аударылып, Анкарада басып шығарылды, оны Бас хатшы Сұлтан Раев бастаған ТҮРКСОЙ өкілдері биылғы қаңтарда Астанада таныстырды.

Жыл бойы жұртшылық назарында болған осы «Комиссар Жүргенов» романын жазуға апаратын жолға жазушы Бейбіт Қойшыбаев Совет Одағындағы билеуші партияның қайта құру саясаты Қазақстанда шындап өрістей бастаған жылдары түскен болатын. Қайта құрудың бұлтарыссыз өрістеуі – бастапқы  кезеңдегі жариялы уәде бір жақты боп шығып, ұлт мәселесі бағзы бұрмалаулы стандарт ауқымында елеусіз қалдырылғандықтан да бұрқ еткен әйгілі саяси көтеріліс соңы «кіші 37-ге» ұласқанмен, артынша тегеуіріндеп ескен демократия желінің «алтын күрегі» арқасында – қасаң жүйені тұқыртып, біршама босаңсытқан-тын. Б. Қойшыбаевтың өзі де белгілі дәрежеде «кіші 37» қармағына іліккен (1986 жылғы 25 желтоқсанда өткен Жоғарғы Кеңес Төралқасы аппаратының партия жиналысында көтерілісші жастарды жақтап сыни сөз сөйлегені үшін партиялық тұрғыда қатаң жазаланып, қызметінен босатылған) еді. Содан «саяси қателік жасаған» деген желеу алдынан кесе-көлденеңдеп, Жазушылар одағының аппаратындағы бос орынға да, Одақтың мерзімдік басылымдарына да орналаса алмағандықтан, өзінің кітап және мұрағат қорларындағы ізденістерін тереңдетіп, негізінен еркін шығармашылық жұмысымен айналысуға ден қойды. Осы кезеңде ол тарихтағы «ақтаңдақтарды» зерттеу, 30-шы жылдары сталиндік қуғын-сүргінге ұшыраған, есімдері тарих қоқысына жасырылып, қоғам үшін ұмыттырылған аяулы азаматтардың өмірі мен қызметін жаңғырту істерімен түбегейлі шұғылдануға кірісті.

Жалпы сол шақта Б. Қойшыбаев, «Таң-Шолпан» журналында бертінде жарияланған «Менің құбылам» атты естелігіне қарағанда – көзқарасының өзіндік жүйесін айқындап жасап алған, қалыптасқан жұмыскерлік философиясы бар, тиісінше туындыларын не үшін жазатынын және оқырманына не айтқысы келетінін анық білетін қаламгер-тұғын. Сондықтан да тоталитаризмнің жұрт санасын жаппай тұмшалаған тұмылдырығын батыл сыпырысып, қасіретті кезеңдердің ащы шындығын айқара ашуға атсалысуды, сөйтіп оқырманына тарихтың қаралы қалтарыстарында қалған, халықтың жазықсыз жазаланған адал ұлдары хақында танытқыш материалдар ұсынуды басты мақсатына айналдырған-ды.

Ол саяси репрессия құрбаны болған  ұлт қайраткерлерінің өмірі мен қызметін алғашқылардың бірі болып зерттеді. Әуелде қазақ ұлт-азаттық қозғалысының жаңа тұрпатта өмірге келуін көрсеткен «1905 жыл» романын, кейінірек қозғалыстың 1917 жылғы автономия құрған жеңісті биігіне жеткенге дейінгі дамуын бейнелеген «Алашия» рисәләсін жазды. Жекелеген ұлт қайраткерлері жайындағы зерттеулерін мерзімді басылымдарда жария етіп, танымдық кітаптар («Бақытжан Қаратаев», «Әлихан Бөкейханов», «Сұлтанбек Қожанов», «Ұлт театры шаңырағын көтеруші», т.б.)  шығарды. «Әділет» тарихи-ағарту қоғамын құрысып, оның өз халқына қарсы террорлық шаралар жүргізген сталинизм қылмыстарын ашуды мұрат тұтқан бағдарламасына міндетті түрде қазақ тағдырында аса қасіретті орын алған ашаршылық мәселесін қосуды ұсынды. Қоғамның 25 жылдығына – «Әділет» туымен ширек ғасыр», 30 жылдығына – «Ұлттық апатты тану» публицистикалық хроника кітаптарын берді.

Ал Темірбек Жүргенов жайындағы алғашқы зерттеу мақаласы «Нарком Жүргеновті» Б. Қойшыбаев қайраткердің туғанына тоқсан жыл толатын 1988 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде жариялаған (ол 1990 жылы «Жазықсыз жапа шеккендер» жинағына енген болатын).  Содан бері Санжар Аспандиаров, Смағұл Сәдуақасов, Нәзір Төреқұлов, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мұстафа Шоқаев, Жаһаншаһ Досмұхамедов, Халел Досмұхамедов, саяси қуғын-сүргінге ұшыраған басқа да тұлғалар жайында жаза келе, ол Темірбек жөнінде қалам тербеуін тоқтатқан емес. «Ақ босаға – ар-ожданда» Жүргеновтің жұбайы Дәмештің «Отан опасызы отбасының мүшесі» (ОООМ, ЧСИР) ретінде сталиндік лагерьлер азабын тартып оралғаннан кейінгі ерін ақтатуға, тарих қойнауынан оның атқарған істері жайындағы деректерді тірнектеп жинастыруға арнаған тыныс-тіршілігін арқау етті. «Темір-халком» тарихи миниатюрасында қайраткердің еліне сіңірген еңбектерін көркем тәсілмен жаңғыртты. Жазықсыз жаладан қалай ақталғанын архив деректері негізінде көрсеткен зерттеуін, Қазақстанда атқарған, өз уақытында-ақ аңызға айналған істерін бүгінгі азат ой биігінен жаңаша бағалауын газет-журналдарда жазып, телехабарларда жария етті. Еліміздің дамуының әр кезеңінен «Тарихтағы қас-қағым сәт» деп белгіленген бөлімдерге жіктелген материалдары арқылы танымды мағлұматтар беретін «Өмір – күрес» атты тарихи миниатюралар жинағының жетінші бөліміне Жүргенов жайлы «Темірдей Темірбек» атты туындысын енгізді. Осылардан соң кезек тілге тиек болған романға келген еді...

Автордың оқырманға арнауында атап айтқанындай, роман «Темірбек Жүргенов атындағы қоғамдық қор» төрағасы Сәби (Сәпен) Әбдіқадырұлы Аңсат ақсақалдың тапсырысына орай жазылған екен. Қор төрағасы авторға тек тапсырыс берумен шектелмепті,  қаламгердің Жүргенов әулеті тарихын жақсы білетін туыстарымен кездесуіне, қорда жинақталған Темірбек Қараұлына қатысты естеліктермен, өзге де материалдармен танысуына, яғни қайраткердің туып-өскен ортасы, жан-жақты азамат ретінде қалыптасуына ықпалы тиген жәйттер жайында мейлінше толық мағлұматтар алуына барынша  мүмкіндік жасаған көрінеді. Және әр жазылып біткен тараудың бірінші оқырманы, кеңесшісі әм сыншысы болыпты. Жазушы Бейбіт Қойшыбаев осындай шығармашылық қызметтестік барысында, ел аузында сақталған қилы мәлімет пен естеліктерді және мұрағаттардан алынған тарихи деректерді ұтымды түрде көркемдеп, өзара үйлестіре пайдалану нәтижесінде Темірбек Жүргеновтің толымды бейнесін романда сенімді етіп сомдауға, әрі қайраткер өмір сүрген күрделі заманның нақты шындығын қаз-қалпында бере алуға қол жеткізген, бұл күмәнсіз солай.

Романда қаршадай Темірше оқырман көзіне алғаш рет әкесінің тізесіне жантайып, үлкендердің алқалы жиынындағы әңгіме-дүкенге мұқият құлақ түрген сәтінде түседі.  Ол тап осылай әр кезде әкесінің қолтығы астында отырып, игі жақсылардың сұхбаттасуы мен олардың алдында өнер көрсеткен небір әнші, күйші, жыршыны құмарта тыңдайтын. Құйма құлақ балақай бірде ауыл балаларына Бұхарадан оқу бітіріп келген мұғалім Тұрмағамбет Ізтілеуұлы шығыс ғұламалары жайында әңгіме айтып, соған қатысты сұрақ қойғанында іле жауап беріп,  өз қатарынан озық екенін танытады. Содан бала Тұрмағамбет шайырдың үлгілі шәкіртіне айналады. Төрт жыл бойы ауыл мектебінде үздік оқиды. Ұстазы оның парсы, түркі тілдерін қалай игеріп, белгілі дастандарды қандай ынтамен оқып жүргенін әрдайым әкесі Қараға ризашылықпен айтып жүрген. (Шығыстың жарық жұлдыздарымен бауырластырған Тұрмағамбет ақынды шәкірті кейін шолақ белсенділердің молда деп соңына түскен қыспағынан құтқарады да, Алматыға алдырып, атақты Фирдоусидің әйгілі «Шаһнамасын» тәржімелетеді). Мыңғырған мал иеленуші көшпенді бай ғана емес, өңірдегі халқына сыйлы, аузы дуалы, беделді ел ағасы Қара Жүргенов ұлы Темірше-Темірбектің қабілетін шайыр-ұстаздың жоғары бағалауын және өзінің ішкі ойымен үндесіп шыққан ұсынысын ескере келе, баласын бұдан әрі заман алға тартып тұрған орыс оқуына беруді мақұл көрді.

Аламесектегі бастауыш мектептен бастап, Перовскідегі орта білім беретін училищеде оқып жүрген жылдары орыс тілі мен әдебиетін тәп-тәуір меңгерген жасөспірім Он алтыншы жыл дүрбелеңіне орай өңірді аралай келген Түркістан өлкесінің генерал-губернаторы А.Н. Куропаткиннің алдында: «Тәртіпсіздік  – әділет болмаған жерден шығады», – деген тұжырымын батыл жария етіп, өзі оқитын оқу орнында көзі көрген оғаш оқиғаның, сондай-ақ осы үйезде орын алып тұрған ереуілдің түп себебі боп табылатын әділетсіздікті ымырасыз әшкерелеп сөйледі. Сонда ержүректілікпен тосын мінез көрсеткен әділетсүйгіш оқушыны өлке әкімі қолдаған, ал жиында бұл жәйтке куә болған жұртшылық оны ауыздан ауызға таратып аңыз еткен. Кітапта одан әрі ел ішіне әлеуметтік өзгеріс әкелген алапат дауыл соққаннан кейін Темірбектің қалай ашыла түскені жеңіл тілмен, қызықты да тартымды суреттеледі.

Петроградта Қазан төңкерісі, одан кейін Орынборда Екінші Жалпықазақ съезі  болған шақта Темірбек Уфадағы жер өлшеу училищесінде оқып жүрген еді.  Оқиғалардың өрбу барысы оны Орынборға алып келді. Мұнда ол соғыстың қара жұмысын істеген жігіттерді Батыс майдан шебінен елге бастап оралған Нәзір Төреқұловпен, совет үкіметі тағайындаған Торғай облысының әскери комиссары Әліби Жангелдинмен кездесіп, облыстық советтер съезін дайындау және өткізу жұмыстарына атсалысты. Сонымен қатар Нәзір екеуі «Қазақ мұңы» газетін шығарып тұрды. Орынборды ақтар алғаннан кейін Нәзір Түркістан өлкесіне – туыстары тұратын Қоқанға аттанды, ал Темірбек Дала өлкесінің комиссары лауазымына бекіген Әлібидің партизан жасағына қосылып, орталықтан Ақтөбе майданына қару-жарақ жеткізісті. Сосын Ырғыз аймағында болыстық, үйездік ревкомдар жұмыстарының бел ортасында жүріп, ауылдарда жаңа өкімет орнатуға атсалысты.

Жаңа өкімет құрылысына білімді мамандар керек, бұған Темірбек Қараұлының сенімі кәміл еді, сондықтан да ол  революциялық оқиғалар үзіп кеткен оқуын жалғастыру қажеттігін ойынан шығарған емес. Ақыры Орынборда ашылған рабфак – жұмысшы факультетіне келіп оқыды. Оны бітіріп, 1923 жылы Ташкентте шаңырақ көтерген Орта Азия мемлекеттік университетінің шаруашылық және заң факультетіне  түсті. Қазақ Республикасының үкіметі оған Қазақстанның Түркістан Республикасындағы толық өкілетті өкілі міндетін оқуымен қоса атқаруды тапсырды. Сол жылы Қарқаралыдан келіп, САГУ-дің медицина факультетіне оқуға кірген болашақ жары Дәмеш Ермековамен танысты. Осылай Түркістан өлкесі аумағындағы саяси оқиғалардың бел ортасында өткен, он жылға созылған белсенді қоғамдық өмірі басталды.

Алғашқы жылы Темірбек Жүргеновке бірден Қазақ Орталық Атқару Комитетінің төрағасы Сейітқали Меңдешевпен, Түркістан Орталық Атқару Комитеті төрағасының орынбасары Сұлтанбек Қожановпен иық тіресіп, Орта Азиядағы ұлттық-мемлекеттік тұрғыда жіктеп-межелеудің қызу айтыс-тартысты науқанына қатысуға, тағдыршешті оқиғаларға тікелей араласуға тура келді. Бертінге дейін жабық боп келген межелеудің құжаттары мен материалдарын автор бас кейіпкерінің бейнесін сомдау ретімен романға қилы әдеби амал-әдіс қолдана отырып тартқан. Сондай жолмен роман мәтініне енгізілген тарихи деректер арқылы сол заманғы өткір мәселелерге қатысты ұлт зиялыларының түрлі дәрежелі жиналыстардағы талқылаулар кезінде танытқан көзқарастарын қызғылықты суреттеген. Жүргеновтің Ташкент қаласын қазақ астанасы етуіне  өзбек қайраткерлерінің қалай қарайтынын зерттегені, Орынборға барып, Советтер сессиясында межелеу барысы жөнінде арнайы баяндама жасағаны жайында әңгімелей келе, жазушы оның әлі университеттің төменгі курсында оқитын студент екеніне қарамастан, өзін салиқалы мемлекет қайраткері деңгейінде сеніммен танытып келе жатқанын дәлелді түрде бейнелейді.

САГУ-дің соңғы курсына көшкенінде Жүргеновке қазақ үкіметі тарапынан тағы бір үлкен сенім артылып, Ташкенттегі арнайы орта білім беретін Қазақ ағарту институты (Киринпрос) негізінде ашылған тұңғыш Қазақ педагогикалық жоғары оқу орнының (Қазпеджоо, Казпедвуз) директоры (ректоры) лауазымына тағайындалды. Романда оның осында істеп жүрген кезіндегі ізденістері,  сондай-ақ болашақта өмірін қасіретке ұрындырған себептердің бірі тап сол шақта қандай адамның тарапынан қалай туғаны суреттелген. Жүргенов  диплом жұмысын үздік қорғап, университетке ғылыми қызметкер ретінде қалдырылған, алайда оны мұнда көп істетпей, партияның Орта Азия бюросы (Срезазбюро) 1929 жылы Тәжікстандағы статистика мекемесін басқаруға жұмсады. Осындағы қызметі барысында ол Тәжік автономиясын одақтық республика деңгейіне көтеру үшін құрылған комиссия құрамына енгізілді. Комиссияның тиісті қорытындысынан соң қабылданған шешімге сәйкес өткізілген құрылтайшы съезде Тәжік Республикасы Орталық Атқару Комитетінің мүшелігіне сайланып, республиканың алғашқы Қаржы халық комиссары лауазымына бекітілді. Одан 1930 жылы Өзбек Республикасына ауыстырылып, Ағарту халық комиссары болды.

Бұл кезде қазақ елінде жұртты қайғыға душар еткен солақай реформалар жасалып жатқан. Оның барысын Темірбек өзбек еліндегі қызметін атқара жүріп қинала қадағалаған-ды. Қазаткомның тиісті декретіне сәйкес, өзге байлар қатарында әкесінің де кәмпескеленгенін, отбасымен жер аударылғанын, ұжымдастыру науқанының халыққа жайсыз тиіп жатқанын, ағаларының көтерілісшілер қатарына қосылғанын естіді. Жұрт аштыққа ұшырады, шамасы жеткен көшпенділер босып, жан-жаққа кетті, өзбек пен тәжік еліне жеткендердің бірқатарына өзі де мүмкіндігінше қолұшын созды, алайда, шамалауынша, талайы жалпақ далада шыбынша қырылды. Ақыры Қазақ өлкелік партия комитетінің басшысы ауыстырылып, өлке өмірді  жаңаша құру жолына бұрыла бастады. Жаңа кадрлар жинақталды. Осы орайда жерлестері БК(б)П Орталық Комитеті арқылы өзбек еліндегі Жүргеновке де қолқа салған.

Ол он жыл бауыр басқан Түркістан өлкесінің бас қаласы Ташкентпен қоштасып, 1933 жылы жазғытұрым Қазақстанның сол кездегі астанасы Алматыға ат басын бұрды. Қазақ автономиялық республикасының Ағарту халық комиссары лауазымына тағайындалып, БК(б)П Қазақ өлкелік комитетінің бюро мүшелігіне сайланды. Содан тез арада Ағарту халкоматын мәдениет майданының бас штабына айналдырды. Алапат ашаршылықтан  әбден қалжыраған халықтың еңсесін, рухын көтеруді өзіне тізгінін сеніп берген мәдени революцияның басты міндеті деп білді. Осы мақсат жолындағы барша қызметтесіне, оқу-ағарту, мәдениет,  өнер адамдарына өз иланымын дарытып, оларды тың істерге жұмылдыра білді. Барлық шаруаның басы-қасында өзі жүрді. Әр жаңа лепке мемлекеттік көзқарас танытып, мән беріп отырды. Романда халкоматтың қандай қауырт жұмыстар жүргізуге кіріскені, халық комиссарына республика басшылығының қалай риясыз көмектесіп, әр бастамасын жан-жақты қолдап тұрғаны, нәтижесінде қандай нәтижеге жеткені әсерлі суреттелген.

Жүргенов бұл лауазымында төрт жыл қызмет атқарды. Алғашқы үш жылында жоқтан бар жасаған, аңызға айналған істер тындырды. Ең алдымен оқу-ағарту ісіне мән берді, сауатсыздықты жоюды, бастауыш білім беруді ғана емес,  жаппай орта білім беруді мақсат етіп қойды. Мектеп үйлерін салу, мұғалімдер даярлау, оқулықтар жазу міндетін алға шығарды. Қазақ тілі, терминологиялық мәселелер комиссариаттың ұдайы назарында болды. Арнайы орта және жоғары педагогикалық оқу орындарын, алғашқы университетті, тау-кен және журналистика институттарын ашты. Өнерпаздар байқауын өткізіп, ел ішіндегі халық таланттарын жұртшылыққа кеңінен танытты. Кәсіби өнер ошақтарының шаңырақтарын көтерді. Қазақ өнерінің көркемөнерпаздық деңгейде тұрып қалған мимырт тіршілігін оттай лаулатып, лапылдата жандырды. Күллі мәдениет жұмысын өрлеу жолына бет алған елдің рухына сәйкестендіріп, қайта құрды.

Романда Жүргеновтің Алматыға келген бетте әдебиет, мәдениет қайраткерлерін жинап алып, қазақ өнерін дамыту жолдарын әңгімелегені, қазақ топырағына жергілікті жұртқа бейтаныс та таңсық опера мен балет өнерін жерсіндіру қажеттігін айтқаны және бұл іске алғашқы табиғи дарындарды қалай жұмылдырғаны суреттелген. Халықтың музыкалық мұрасын мәдениетті өркендету қызметіне жаратуды алға тартқан комиссар әуелі музыка-драма техникумында қазақ ән-күйін зерттейтін ғылыми кабинет ашты. Ұзамай сол кабинеттің жанынан халық музыка аспаптарын жасайтын шеберхана ұйымдастырып, онда істейтін шеберлерді табуға да өзі тікелей араласты. Ахмет Жұбановтың домбырашылардан ансамбль құруына, оны ұлт-аспаптар оркестрі деңгейіне көтеруіне ұдайы қамқорлық көрсетіп отырды. Ұлттық өнер кадрларын баулитын ұстаздарды Мәскеу, Ленинград, Ташкенттен шақыртты. Хореография мектебін, қуыршақ театрын ашты. Театрларға арнап сценарий, пьеса, либреттолар жаздыруға ұйтқы боп, жазылған жұмыстарды талқылауға міндетті түрде өзі қатысты, тіпті талқылауларды өзі басқарып, қорытып отырды. Спектакльдерге қажет костюм үлгілерін қазақ тұрмысының, этнографиясының білгірі ретінде өзі түсіндіріп, тігілген киімдердің алғашқы сыншысы болды. Музыка студиясын ашып, аз уақытта оны музыкалық театр мәртебесіне жеткізді. Музыка театрының тұңғыш спектаклі «Айман – Шолпан» халықты асқан қуанышқа бөлеп, маусым бойы аншлагпен жүрді. Бірақ комиссар театрдың басшылығы мен жетекші артистеріне қатаң ескертпе жасап, орынсыз масаттанудан сақтандырды, репертуарды шұғыл байыту жөнінен орынды талап қойды. Ол әйгілі «Қыз Жібек» сынды  таза қазақ әндерінен жазылған алғашқы ұлттық операның дүниеге келуін тікелей өзі ұйымдастырып, ұдайы назарында ұстады.

Мәдени революция барысында жылт еткен әр жаңалықты Жүргенов өлкелік партия комитеті мен республика үкіметінің басшыларына шұғыл жеткізіп, бәрі бірге қуанатын. Қазақ еліндегі мәдениет құрылысының жетістіктері жайында өлкеком жетекшісі Л.И. Мирзоянның 1936 жылдың басында Бас хатшы И.В. Сталинге мақтанышпен жеткізген хабары жақсы қабылданып, ұзамай, орталық биліктің Мәскеуде қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігін өткізуді жоспарлағаны белгілі болды. Содан мамыр  айында болмақ  жауапты байқауға мұқият дайындалу мәселесі жедел түрде қолға алынды.

Қазақ елінде жасалған мәдени революцияның шырқау шыңы іспетті Мәскеу декадасы қазақ мәдениетінің айтулы мерекесіне, әрі одақтық көлемде тапсырған аса маңызды емтиханына айналды. Онкүндік қорытындысында қарт ақын Жамбыл Жабаев, әншілер Күләш Байсейітова, Құрманбек Жандарбеков, ақын және жазушы Сәкен Сейфуллинмен  қатар, қазақ мәдениетін, ұлттық опера өнерін  дамытуда сіңірген аса зор еңбегі үшін Темірбек Жүргенов Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды.

Мәскеуде өткен қазақ өнері алғашқы тарихи байқауының ешқашан ресми  түрде мәлім болмаған  нәтижесі хақында романдағы бірнеше эпизодта сөз етіледі. Солардың бірі  Кремльдің Үлкен сарайында өтіп жатқан Советтердің Төтенше бүкілодақтық сегізінші съезіндегі үзілістердің бірінде Файзулла Ходжаевтың аузымен айтылады. Өзбекстан совнаркомының төрағасы Ходжаев өзін  биік мінберден сөйлеген сөзімен құттықтай келген Жүргеновке: «Ең үлкен де зор алғыс сезімге сіз лайықсыз, Темірбек жолдас», – дейді. Ташкенттен еліне аттанар алдындағы қоштасқан сәтінде оған күш-жігерін автономиялық республикасын тәуелсіз социалистік мемлекет дәрежесіне көтеруде жемісті еңбек етуін тілегенін есіне салды. Өзінің Мәскеуде өткен онкүндік барысын жіті қадағалап тұрғанын айтып Темірбектің жүзіне тіке қарады да: «Сіз халқыңыздың рухын көтеруде өте ғажайып іс тындырдыңыз!» деді.  «Сталин жолдас сіздің еңбегіңіздің нәтижесінен ерекше күш-қуат алғандықтан да, осы талқыланып жатқан Конституция жобасын сеніммен жасап шықты деп ойлаймын» деген сүйсінісін білдірді. «...бұдан үш-төрт жыл бұрынғы жағдайды сіз де, мен де білеміз ғой» деп, қазақ еліндегі аштық жылдарды меңзеді. «Биылғы жемісті декададан кейін соны еске алып, қазақтың басында сондай қайғылы оқиға орын алған деп ешкімді сендіре алмас едік. Бұл, қайталап айтам, сіздің арқаңызда мүмкін болды. Сіз тарихи тұлғасыз, Темірбек жолдас!»  Темірбектің қысылуын елең қылмай, 1925 жылы «біздің өзбектің тәуелсіз республика болуына атсалыстыңыз» деп, Өзбек Орталық Аткару Комитеті мүшелігіне екеуінің бірге сайланғанын еске алды.  Ал 1929 жылы «тәжіктің біздікіндей тәуелсіз республика деңгейіне көтерілуіне сіз тікелей қатыстыңыз» дей келіп, енді, міне, биылғы «шуақты көктем күндері күллі жалпақ елімізге, Сталин жолдастың өзіне қазақтың тап сондай мәртебеге лайық екенін ғаламат өнер декадасы арқылы дәлелдеп, көз жеткіздіңіз» деді  ризашылықпен.

Туындыда тағы бір ойлы сұхбаттың Алматыда Мирзоянның кабинетінде өткені көрсетілген. Ол Жүргеновті қабылдауына шақыртып, қысқа амандық-саулық сұрасқан соң, кейінгі кезде үдеп бара жатқан арыз-шағым жайын әңгімеледі. Және олардың елеулі тобы, өкінішке қарай, біздің жетістіктерімізді кемсітуге бағытталғанын айтты. «Мен сіздің мәдени революция шараларын қалай жанқиярлықпен жүргізгеніңізді бес саусағымдай білемін ғой, жолдас Жүргенов, – деді. – Жасырмайын, мен, керек десеңіз, қазіргі таңдағы одаққұрушы республика дәрежесіне сіздің ерен еңбегіңіздің арқасында көтерілдік деп ойлаймын. Бұған, әрине, республикамыздың экономикалық дамуы, әлеуметтік жағдайының дұрысталуы сай болғанына күмән жоқ. Бірақ соны танытудағы өнердің құдіретіне ештеңе тең келмесі белгілі. Сіз қазақ өнерпаздарын керемет түлеттіңіз, оларды қазақ үшін мүлдем жаңа өнер саласын дамытуға жұмылдыра алдыңыз. Және қандай нәтиже көрсеттіңіздер!» Ол өзіне мұқият құлақ түрген Ағарту халық комиссары Жүргеновке: ешқандай музыкалық білім ордасында оқымаған далалық қыз-жігіттерден Темірбек Қараевич дайындаған «ғажап артистер, олардың ғаламат әндері, ғажайып табиғи дауыстары Сталин жолдастың өзін баурап алды» деген ойына жалғастыра, жолдас Сталин ескі құрылысты жеңген социализмнің мешеу, қараңғы қазақ халқын заманауи өркениет даңғылына алып шыққанына шәк келтірмегенін сеніммен аян етті.  Сондықтан да «ұлы Сталин өзіне тән ұлылығымен» біздің республикамызды өзі жасаушысы болған Конституцияға енгізіп, Советтік Социалистік Республикалар Одағын құрушылар қатарына мәңгі өшпестей етіп бекітіп қойғанын айтты. Дегенмен осы ұлы істегі сіздің үлесіңізді көре алмайтындар тоқтар емес, Темірбек Қараевич, әрине, мен сізді ренжітуге жол бермеймін, алайда өзіңіз де  сақ жүргейсіз деді. Жалақорларға тосқауыл қоюды ойлағаны сол, Жүргеновті сталиндік Конституцияға сай өзгерген үкіметтік құрылымдағы тиісті орнына қойып, қайта құрылған республика партия ұйымының Орталық Комитетіне және оның Бюросына мүше етіп сайлатты. Бірақ бұл әрекет, романда суреттелгеніндей, ұзақ қорған бола алмады, жүйеде белең алған қатерлі саяси ахуал, Жүргеновпен оның Ташкентте істеген кезеңінен жауласып келе жатқан Есенаманов секілді әсіретапшылдардың дәурендеуі мәселені жазалаушы органдар жүргізген репрессияға ұластырды. Солақай көзқарасынан айнымаған Есенаманов, тіпті, Дәмеш Жүргенова ерін ақтату шаруасымен ізденіп жүргенінде, мұндайға – өзі сонау «студенттік шағынан бері әшкерелеп келе жатқан алашордашыл тап жауы, халық жауы Жүргеновті» ақтауға – жол беруге болмайтынын айтып, тағы шағымданды. Романда бұлар шыншылдық тұрғыда жақсы суреттелген.

Қысқасын айтқанда, «Комиссар Жүргенов» романы тек мемлекет, қоғам, мәдениет қайраткері Темірбек Жүргеновтің өмірі мен қызметін көркемдік тұрғыда суреттеп қана қоймай, осынау тарихи тұлғаның сом бейнесі  арқылы оқырманға еліміздің қилы қасіретпен астасқан күрделі тарихын кеңінен ашып көрсетеді. Бүгінгі тәуелсіздігімізге дейінгі ұзақ жолдың қандай қиын-қыстау белестерден өткенін, олардың ішінде кітап қаһарманы Жүргеновтің егемен еліміздің тарихында қандай рөл атқарғанын айқын танып-білуге жәрдемдеседі. Үлкен террор құрбаны Темірбек Жүргеновтің халқына сіңірген ерен еңбегін әрқашан есте ұстау, кітаптың «Сөз соңы» тараушасында автордың атап айтқанындай,  бүгінгі ұрпақтың қасиетті парызы. Біздің өз тарапымыздан қосып айтарымыз – жазушы Бейбіт Қойшыбаевтың отаншыл ұрпақ тәрбиелеу сынды биік мақсатқа қызмет ететін «Комиссар Жүргенов» атты деректі, тарихи-танымдық көркем шығармасы әрбір оқырманның рухани мұқтаждықты өтейтін кітап ретінде мұқият оқып, үстелінен алыстатпай ұстауына әбден лайық.

Балжан Хабдина,

ҚР Баспа және полиграфия ісінің қайраткері

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1995