Сәрсенбі, 9 Қазан 2024
Аласапыран 1012 0 пікір 2 Қазан, 2024 сағат 15:25

Иран Израильді соққылады: Таяу Шығыс тағы қанға бөкті

Сурет: eadaily.com

Иранның Израильге жаңа зымыран соққыларын ой пайымынан өткізген әлемдік БАҚ-тар шабуыл екі елдің қарама-қайшылығында зор бұрылыс болды деген тоқтамға келіп, Таяу Шығысты одан кейін не күтіп тұрғаны белгісіз болып қалуда деген пікірді алға тартты.

Иран президенті Масуд Пезешкианға Израильге зымыран соққылары туралы хабар берілмеген. Бұл туралы The New York Times газетінің шолушысы Томас Фридман дереккөздерге сілтеме жасай отырып хабарлады. Олардың мәліметінше, зымыран шабуылын Иран Қарулы Күштерінің әскери-әуе күштері емес, Ислам революциясы сақшылары корпусының (ИРК, Иран Қарулы Күштерінің элиталық бөлімдері) әуе күштері ұйымдастырды.

Бұған дейін Пезешкиан Израильге зымыран соққысын еврей мемлекетінің агрессивті әрекеттерінен ұлттық мүдделерді қорғау деп атаған болатын.

Израильдің Бас штабы шабуылға жауап ретінде «уақыт таңдап» жойқын соққымен жауап қатуға уәде етті, ал Иранның жоғарғы көшбасшысы Әли Хаменеи Израильге шабуылдар одан да ауқымды болады деп иврит тілінде ескерту жасады.

Бұған дейін Израиль Қорғаныс армиясының (ЦАХАЛ) баспасөз қызметі Иранның Израильге 180-ге жуық зымыран атқанын, олардың көпшілігі тұтқындалғанын хабарлаған болатын.

Иран Израильге қарата 181 зымыран (балистикалық) ұшырды. Әуелді Иран БАҚ-тары: «Израильге қарсы 400 балистикалық зымыран атылды», - деп хабарлаған.

Израильдің көп мақталған «Темір күмбез» ӘҚК іске қосылған. Десе де Тель-Авивке дөп тиген зымырандар да аз емес. Иранның кейбір зымырандарын аймақтағы АҚШ әскери күштері мен Иордания Израильге жеткізбей қағып түсірген.

Иранның «Fars» агенттігі: «Иран зымырандарының 80%-ы нысанаға дөп тиді», - деп мәлімдеді. Иран зымырандары Израильге дөп тиген сәттер аз болған жоқ. Бірақ, сексен пайыз дегені сәл қисынға келіңкіремейді. Десе де, осы жолы көп мақталған «Темір күмбез» нөпір зымыранмен алысып үлгермей жатты. Иран шабуылынан зардап шеккендер жоқ. 3 адам жеңіл жараланған. 1 адам қаза тапқан. Мұны Израиль тарабы айтты.

ЦАХАЛ бас штабының бастығы Герци Халеви жауап соққы беру туралы шешім енді Израильде қабылданатынын мәлімдеді.

Ал Иран, егер Израиль арандатулары қайталанса, Иранның жауабы одан да күштірек болады деп, Израильді бұдан әрі агрессия жасамауға шақырды.

Guardian газетінің жазуынша, Иранның Израильге зымыран соққылары көпшілік ұзақ уақыт бойы қорқып келген аймақтық қақтығыстың ақыр соңында «өршігенін» білдіреді.

Нью-Йорк Таймс атап өткендей, қазір «Таяу Шығыстың қазіргі тарихындағы ең қауіпті кезең» орнығып, Иран мен Израиль арасындағы «баллистикалық зымыран соғысы» туындауы мүмкін.

Daily Mail Иранның Израильге зымыран шабуылын екі елдің «қақтығысының ең күрделі сәті» және Таяу Шығыстағы «кең ауқымды соғыстың катализаторы» деп атайды.

Француздық Figaro Иранның зымыран шабуылы «қақтығыстағы бұрылыс сәтін» білдіруі мүмкін деп санайды. Бұл ретте Иранның жоғарғы көшбасшысы аятолла Әли Хаменеи осындай шешім қабылдай отырып, Израильді белгілі бір деңгейде тізгіндеп ұстап тұруды қамтамасыз етуге тырысқанын атап өтті.

ЗЫМЫРАНДАР ЖӘНЕ ӘУЕ ҚОРҒАНЫСЫ

Жалпы арабтық «Аль-Кудс Аль-Араби» газеті Иранның шабуылын Израиль үшін «бұрын-соңды болмаған» деп атады және оның көптеген баллистикалық және гиперсоникалық зымырандарды жаудырған кезде «батыстың ӘШҚ-ның барлық түрлерінің», әсіресе америкалық «әлсіздігін» көрсеткенін атап өтті.

Газет жазғандай, зымыранның соққысы кезінде пайдаланылған қарулар Ирандағы ең заманауи зымырандардың бірі болуы мүмкін: мысалы, Ислам Республикасы соққы кезінде «Фаттах» гипердыбысты зымыранын пайдаланған.

ТЕҢГЕРІМДІ САҚТАУ

Guardian-дың пікірінше, Иран Израильге соққы ретінде өзінің аймақтағы салмақты ойыншы және «қарсыластың көшбасшысы» болып қала беретінін көрсеткісі келеді.

Британдық Independent Иранның жаңа зымыран соққыларының сипатын ескере отырып, Израильде оларға түбегейлі жауап бермей, «тепе-теңдікті сақтауға» тырысу мүмкіндігі бар екенін жазады. Бірақ, газеттің пікірінше, Израильдің Ливандағы операциясын ескерсек, Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху «қанатын кеңге жайғысы келеді».

«Әл-Құдс әл-Арабиде» шыққан мақаланың авторы мәлімдегендей, егер Израиль шабуылға жауап берсе, Иран сейсенбіге қарағанда, еврей мемлекетіне көп мөлшердегі жарылғыш зымырандармен соққы беруі мүмкін.

Осыған байланысты Independent, баллистикалық зымырандар соғысы кезінде егер барлық зымырандар әуде атып түсірілмесе, Израильдің инфрақұрылымына үлкен зиян келтіруі мүмкін, бірақ не боларын тек алдағы «уақыт көрсетеді» деген қорытындыға келді.

Abai.kz

0 пікір